Зеленский Трампқа Украинаның қауіпсіздік кепілдігін 50 жылға дейін ұзартуды ұсынды
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен өткен келіссөздер барысында Украинаға берілетін америкалық қауіпсіздік кепілдіктерін 30-50 жылға дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыруды ұсынғанын мәлімдеді.
Бұл туралы The Insider басылымы хабарлады.
Зеленскийдің айтуынша, қазіргі келісімдерде қауіпсіздік кепілдіктері 15 жылға есептелген және ұзарту мүмкіндігі бар. Алайда украин тарапы қақтығыстың ұзаққа созылғанын ескере отырып, мұндай мерзім жеткіліксіз деп санайды. Президент бұл пікірін журналистердің сұрақтарына берген дауыс хабарламаларында жеткізген.
«Соғыс бізде шамамен 15 жылға жуық уақыттан бері жалғасып келеді. Сондықтан қауіпсіздік кепілдіктерінің әлдеқайда ұзақ болғанын қалаймыз. Мен 30-40-50 жылдық нұсқаны ұсындым. Бұл тарихи шешім болар еді»,- деді Зеленский.
Оның сөзінше, Трамп бұл бастаманы ой елегінен өткізуге уәде берген.
Сонымен қатар Украина басшысы Трамптың Ресей президенті Владимир Путинмен 20 тармақтан тұратын бейбіт жоспарды егжей-тегжейлі талқылағанын айтты. Зеленскийдің пікірінше, Мәскеу белгілі бір қадамдарға дайын екенін мәлімдегенімен, Киев бұл уәделерге сақтықпен қарайды және нақты әрекеттермен бекітілуін талап етеді.
Зеленский АҚШ-тың Ресей бейбіт келісімнен бас тартып, соғыс қимылдары жалғасқан жағдайда да Украинаға қолдауды жалғастыруға дайын екенін атап өтті. Ал бейбіт жоспар алдағы уақытта референдумға шығарылуы мүмкін екенін мәлімдеді.