Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:33

Зеленский Трамптан Мәскеуге дейін жететін Tomahawk зымырандарын сұраған — БАҚ

Tomahawk
Фото: ашық дереккөз

Украина басшысы Дональд Трамп осы өтінішке жағымды көзқараспен қарағанын айтты.

Украина президенті Владимир Зеленский Нью-Йоркте Дональд Трамппен жасырын кездесуде Мәскеудегі нысандарға шабуыл жасауға мүмкіндік беретін Tomahawk қашықтықтағы қанатты зымырандарды сұрағанын британдық The Telegraph газеті жазды.

Басылымның мәліметінше, Зеленский Ақ үй басшысына жоғары технологиялы қару-жарақ Ресей президенті Владимир Путинді бейбітшілік келіссөлі үстеліне келуге мәжбүрлеуге көмектесуі мүмкін екенін айтқан.

Газетке бірнеше дереккөз хабарлағанына қарағанда, бұл өтініш БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында екі ел басшылары арасындағы кездесу кезінде айтылған және өте оң қабылданған.

Кездесуден кейін берген сұхбатында Зеленский Трамп оның ұзақ қашықтыққа ұша алатын қанатты зымырандарға сұрау жасағанына ықыласпен қарағанын жеткізді.

«Президент Трамп біледі — мен кеше оған бізге бір нәрсе қажет екенін айттым. Бұл бізге қажет, бірақ бұл біз оны пайдаланамыз деген сөз емес. Себебі егер мұндай мүмкіндік болса, менің ойымша, бұл Путинді келіссөз үстеліне отыруға қосымша қысым жасайды», — деді Украина президенті Трамппен кездесуден соң.

Мақалада Зеленскийдің Tomahawk зымырандарын алу талпыныстары сәтті болатыны нақты емес делінген.

Tomahawk қанатты зымырандары 1 250-ден 2 500 километрге дейінгі арақашықтықты қамтиды. Олар қарсыластың тылындағы нысандарға ұзақ қашықтықтан жоғары дәлдікпен соққы беру құралы болып саналады.

Бұған дейін АҚШ мұндай зымырандарды Украинаға беруден бас тартқан.

Тегтер: