Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:15, 24 Шілде 2025

Зеленский Трамптың 50 күнін тыныш өткізе алмады

Украина
Фото: БАҚ

22 шілде, сейсенбі күні Украина президенті Владимир Зеленский өз халқы мен тұтас Еуропа жұртын тіксіндірген тосын заңға қол қойды.

 Жаңа заң бойынша Ұлттық антикоррупция бюросы (НАБУ) мен Арнайы антикоррупция прокуратурасы (САП) Бас прокуратураға бағынышты болады. Бұл өзгеріс Украинадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ең маңызды құрылымдарының тәуелсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін. Яғни экс-президент Петр Порошенко дәуірінен бері президентке де, прокуратураға да тәуелді болмай, жұмыс істеп келген антикор қызметі орталыққа бағынып, бар құзыретінен айырылмақ. 

Бұл қауіпті украин халқы жақсы түсініп отыр. Киев, Львов, Днепр, Одесса қалаларында жүздеген адам жаңа заңға қарсы шығып, наразылық білдірді. Митингіге қатысушылар «Біз автократияны емес, Еуропаны таңдадық», «Менің әкем осы үшін соғысып, өлген жоқ» деген сияқты плакаттар көтеріп шықты. Қарапайым халық қана емес, жемқорлыққа қарсы қос органның (НАБУ мен САП) басшылары да Зеленскийге үндеу жасап, заңға қол қоймауды сұраған. Бұл Ресейдің шабуылы басталғаннан бергі ең ірі үкіметке қарсы наразылық болды.

Бұрынғы сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба бұл шешімді сынап, «президенттің алдында екі таңдау тұр – халықпен бірге болу немесе халыққа қарсы тұру» деп жазды. Ол бұл наразылық «адамдардың әділ елде өмір сүруге деген ұмтылысы» екенін айтты.

Украина президентінің бұл қадамы Еуропа елдеріне де ұнаған жоқ. Әсіресе Ресеймен соғыста қолдау білдіріп келе жатқан батыстағы одақтастары Зеленскийді қайта ойлануға шақырды. Антикоррупция жүйесін құру Батыс елдерінен көмек алудың және олармен байланысты нығайтудың басты шарты екені белгілі. Еурокомиссия Киев билігі қабылдаған жаңа заңға алаңдаушылық білдіріп отыр. Еурокомиссия өкілі Гийом Мерсье сыбайлас жемқорлықты жою Украинаны Еуроодаққа қабылдау-қабылдамау мәселесіндегі маңызды шарт екенін еске салды. Батыс саясаткерлері Украина ЕО-ға кіруге ниет білдірсе, антикоррупция органдарының тәуелсіздігін сақтауы қажет деп санайды. Financial Times басылымы Еуроодақ Украинаға қаржы бөлу үшін Киевтен «ашықтық, сот реформасы және демократияны» талап етеді деп жазды.

Ресей шабуылы үдеп, Батыстан келетін көмек сиреп, әсіресе АҚШ президенті Дональд Трамп мың құбылып тұрған қиын кезеңде Зеленский неге бұлай отпен ойнап жүргені түсініксіз. Еуроодақ елдерінің қолдауынан айырылса, Киев Кремльдің агрессиясына төтеп бере ала ма?..

Владимир Зеленскийдің бұл мәселеге қатысты өз айтары бар. 23 шілдеге қараған түні сөйлеген сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тиімсіз жұмыс істеп жатқанын алға тартты. Сондай-ақ ол елдің антикоррупция органдарында ресейшіл адамдардың ықпалы басым деген күдігін айтып жүр. «Антикоррупция жүйесі жұмысын жалғастырады, бірақ оны Ресейдің ықпалынан тазарту қажет» деді украин президенті. Ресми Киев осы күдіктің жетегінде жемқорлыққа қарсы органның бірнеше қызметкерін ұстағаны белгілі болды.

Зеленскийдің осы қадамы өзіне де, еліне де абырой әпермейтін сияқты. Біріншіден, мұндай шешім Ресеймен соғыста оны қолдап, Украинаға көмек беріп келген Батыс мемлекеттеріне ұнамайды. Екіншіден, Ресейден қол үзіп, Еуропаға жақындау үшін үш жыл бойы қан кешіп соғысып жатқан украин халқы да осы мәселеде президентіне наразы. Бұл Зеленскийдің «украин қаһарманы» деген образына нұқсан тигізуі мүмкін. Владимир Путин бастаған қарсыластары оның президент сайлауын өткізбегенін алға тартып, билігінің легитимділігіне күмән келтіріп жүргенде, мына дау жығылған үстіне жұдырық болуы мүмкін. Зеленскийдің президенттік өкілеттігі 2024 жылы мамырда аяқталған. Соғыс жағдайына байланысты Украинада президент сайлауы өткен жоқ.

Ұрыс ушығып тұр

Украина билігі іштен жау іздеп, ресейшілдерді тазалап жатқанда, сыртқы жауы күш алып барады. Ресей дрондары мен зымырандары ел астанасы – Киевті күнде нысанаға алып, тұрғындардың тынышын алып тұр. Кей дерек бойынша биыл жыл басынан бері әуе шабуылынан Киевте 78 адам қайтыс болып, 400-ден аса адам жараланыпты.

Оның үстіне Кремль шабуылды күннен-күнге үдетіп жатыр. Кейінгі бірнеше күнде Ресей Украина аумағына кем дегенде 550 дрон мен зымыран атқан. Киев қаласынан бөлек, Днепропетровск, Сумы, Харьков, Чернигов және Киев облыстарына соққы жасалды. Тұрғындар жаңбырша жауған дрондардан бас сауғалап, метро станцияларын жағалап, жарылыстардан жасырынуға мәжбүр. 22 шілдеге қараған түні Мәскеу Украинаға 42 дронмен шабуыл жасаған. Донецк облысындағы Краматорск қаласында әуе бомбасы көпқабатты тұрғын үйге түсіп, 10 жасар бала қаза тапқан, тағы бес адам жараланды.

Украина үкіметі таратқан ақпараттарға сүйенсек, Ресей шабуылының көбі тұрғын үйлерге, емхана, демалыс орындары сияқты азаматтық инфрақұрылымға нұқсан келтірген. Мәскеу бейбіт нысандарға шабуыл жасағанын мойындаған емес. Бірақ нақты фактілер Кремльдің уәжін жоққа шығарады. Мысалы, 22 шілдеде Сумыға жасалған әуе шабуылы салдарынан бес көпқабатты үй, 18 автокөлік және сауда орталығы бүлінген. Үш адам, соның ішінде бір бала жараланды.

Ал 23 шілдеге қараған түні Ресей Украинаға 71 дрон ұшырды. Украина қарулы күштері оның 27-сін атып түсірген, тағы 18-і нысанаға тиген жоқ. Днепропетровск облысындағы Кривой Рог қаласының мэрі Александр Вилкулдың айтуынша, дрон шабуылынан қалада алты көпқабатты үй, жеке тұрғын үй, кәсіпорындар, білім беру мекемесі, әкімшілік ғимарат, шіркеу және спорт кешені зақымданған.

Әрине, Украина да қол қусырып қарап отырған жоқ. Пилотсыз дрондармен Ресей аумағындағы әскери нысандарға шабуыл жасап жатыр. Мысалы, Тула облысының губернаторы Дмитрий Миляев 23 шілдеге қараған түні түнде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі Украинаның 12 дронын атып түсіргенін хабарлады. Ал Ресей қорғаныс министрлігінің есебінше, сәрсенбіге қараған түнде елдің 6 аймағында жалпы 33 дрон атып түсірілген. Ростов облысы губернаторының міндетін атқарушы Юрий Слюсар түнде Новочеркасск қатарлы бірнеше ауданға Украина шабуыл жасап, үш адам зардап шеккенін мәлімдеді. Облыс аумағына 11 дрон шабуылдаған. Сондай-ақ Нижний Новгород және Калуга әуежайында дрон шабуылы қаупіне байланысты ұшуға шектеу қойылды.

Ресей мемлекеттік думасы жыл бойы әскерге шақыру туралы жаңа заң жобасын мақұлдады. Бұл заң азаматтарды армияға баяғыдай жылына екі мәрте шектеулі мерзімде ғана емес, жыл бойы шақыруға мүмкіндік береді. Яғни Ресей армиясына солдат дайындау кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Мамандардың есептеуінше, 2022 жылдың ақпанынан бері Ресей әскерінің шығыны – жараланғандар мен қаза болғандарды қосқанда бір миллион адамға жетіп қалған. Кремль қабылдағалы отырған жаңа заң осы есептің растығын дәлелдейтін сияқты.

Трамптың ультиматумы мен Путиннің бейқамдығы

АҚШ президенті Дональд Трамп шілде айының басында Путинмен де, Зеленскиймен де телефон арқылы сөйлесті. Екеуара әңгімеде Ресей басшысы өз мақсатынан бас тартпайтынын ашық айтқан көрінеді. Оның бұл ұстанымы Трампқа ұнамай қалған. Дереу Зеленскиймен сөйлесіп, Ресей шабуылының үдеп кеткеніне байланысты көмек көрсететінін айтты. Әңгіме 40 минутқа созылған. Трамп Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс қаруын бермек, бірақ алысқа ұшатын шабуылдаушы қару беруге қарсы болып отыр. Сондай-ақ ол журналистерге берген сұхбатында Мәскеуге соққы жасауды қолдамайтынын айтты.

Былтырғы «соғысты бір тәулікте тоқтатам» деген уәдесі орындалмаған Трамп жақында осыған ұқсас тағы бір мәлімдеме жасады. Бұл жолы ол Ресейге Украинамен бейбіт келісімге келу үшін 50 күн уақыт беріп отыр. Осы мерзім ішінде Путин келісімге келмесе, Мәскеуге қатаң баж салығын енгізбек. Тіпті Ресейдің өзіне ғана емес, онымен одақтас елдерге де 100 пайыз қосымша тариф енгізетінін айтты. Сондай-ақ Киевке Еуропа арқылы қару-жарақ жеткізіп бермек.

Трамп бұл сөзді 14 шілдеде айтқан. Одан бері де 10 күн уақыт өтті. Майдан даласында ештеңе өзгере қойған жоқ. Қалған 40 күн де осылай өте шығуы мүмкін. Вашингтон айтты екен деп алған бетінен қайта қоятын Кремль жоқ. Мұны 23 шілдеде Түркияда өткен Украина мен Ресей арасындағы бетпе-бет келіссөздің үшінші раундынан-ақ байқауға болады. Киев тарапы қарсыласын келіссөзге шақырып, жоғары деңгейлі кездесу өткізуді сұрап жүр. Олардың ұсынысы – Путин мен Зеленский және АҚШ пен Еуропа елдері басшылары қатысқан кездесу өткізу, жиында стратегиялық мәселелерді талқылау.

Бірақ бұл ұсыныс Мәскеуге ұнамайтын сияқты. Екі ел делегациясының бетпе-бет кездесулеріне ірі саяси тұлғаларын қатыстырмай жүр. 16 мамырда, 2 маусымда және 23 шілдеде өткен 3 кездесуге де Ресей делегациясын Путиннің көмекшісі Владимир Мединский бастап барды. Бұл Кремльдің бейбіт келіссөзге жүрдім-бардым қарайтынын білдірсе керек. Өйткені Мединский – соғысты тоқтату, бітімге келу сияқты маңызды мәселелерді талқылауға мандаты жетпейтін адам. Ол бірінші раундта Киевтен Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарының қолдан кеткенін мойындауды талап етсе, екінші жиында Украина делегациясының ұсыныстарын мысқылдап, мазаққа айналдырды.

Мәскеу мен Киевтің соғысты тоқтату жөніндегі шарты мүлде сәйкес келмейді, тіпті арасы жер мен көктей десек те болады. Украина Ресейден соғысты шартсыз тоқтатуды, басып алған жерлерді босатуды, соғыс шығынын төлеуді талап етеді. Ал Ресейдің ойы мүлде бөлек: «Украина НАТО-ға қосылмай, бейтарап саясат ұстансын, Қырымды Ресей жері деп мойындасын, Мәскеу басып алған Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарынан бас тартсын, Батыстан қару алмасын, қарулы күштерін әлсіретсін, елдегі орыс тілділердің құқығын қорғасын».

Демек дәл қазіргі жағдайда екі елдің бейбіт келісімге келуі мүмкін емес. Біріншіден, Кремль буынсыз жерден пышақ салып, орынсыз шарт қойып отыр, Украина өз жерінен бас тартып, Ресейге бермесі анық. Екіншіден, соғыс әлі қызу жүріп жатыр. Яғни бомба жауып жатқанда бейбіт келіссөз жүргізу мүмкін емес. Мұны ресейлік шенділер ашық мойындайды. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, қазірше тұтқын алмасу және мәйіттерді қайтару бойынша келісімге келудің өзі – жетістік болмақ.

Осыларды ескерсек, Трамптың 50 күндік ультиматумы тағы да бос сөзге айналатын сияқты. Кем дегенде 50 күнде бейбіт келісім жасалмайтыны анық. Мұндайда таяқтың бір ұшы Қазақстанға да тиюі мүмкін. Трамп Путин бейбіт келісімге келмесе, оның одақтастарына да 100 пайыз салық саламыз деп отыр. Ал «Путиннің достары» тізімінде біз де бармыз. Өйткені Кремльмен ЕАЭО, ҰҚШҰ, ШЫҰ сияқты бірқатар ұйымға ортақ мүше болып отырмыз. Ресей – Қазақстанның сыртқы саудадағы басты серіктесі. Оның үстіне Батыс елдерінің басты жауы саналатын БРИКС ұйымымен жақын жүргеніміз бар. Трамптың «Кремльдің досы – Вашингтонның жауы» деген мәлімдемесі шыға салып теңгенің долларға шаққандағы бағамы рекордтық деңгейде әлсіреді.

Украина мен Ресей кездесуінің үшінші раунды әдеттегідей Чираған сарайында өтті. Ыстамбұлға Ресей делегациясының жетекшісі Мединскийдің Putin Team деген жазуы бар шолақ жең жейде киіп барғаны Мәскеудің бұл келіссөзге аса мән бермейтінін аңғартқандай болды. Кейін ол Украина делегациясының басшысы Рустем Умеровпен кездесті, кездесуге Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан да қатысты деген ақпарат бар. Жиналыс алдында Зеленский Украина делегациясы екі ел президенттерінің тіке кездесуін ұйымдастыруды ұсынатынын айтқан. Бұған дейінгі бетпе-бет келіссөздерге кеңесшісін ғана жіберіп жүрген Путин бұл ұсынысқа келісер ме екен?..

Қуаныш Қаппас