Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:52

Зеленский тұтқынға алынған КХДР сарбазынан жауап алынып жатқан видеоны жариялады

Тұтқындағы КХДР сарбазы
Тұтқындағы КХДР сарбазы. Фото: Telegram / V_Zelenskiy_official

Дүйсенбіде, 20 қаңтарда Украина президенті Владимир Зеленский өзінің Telegram-арнасында украин тергеушілерінің Ресейдің Курск облысында тұтқынға алынған солтүстік кореялық әскери қызметкерден жауап алып жатқаны бейнеленген видео жариялады.

«Тұтқынға алынған Солтүстік Корея сарбаздары мен СБУ тергеушілері арасындағы байланыс жалғасып жатыр. Мұндай сарбаздардың Ресей аумағына келуі олардың дайындығы және толық ақпараттық оқшаулануы туралы барлау ақпараты тұтқындардың сөздерімен расталады», - делінген постта.

Бейнежазбада көрсетілген жас жігіт аудармашы арқылы украин барлау қызметкерлерімен сөйлескен. Бұл видеоның қай жерде және қашан түсірілгені көрсетілмеген.

«Кейбір Солтүстік Корея сарбаздары ресейлік ауыр қаруды қолдануға үйретілген, бірақ мен өзім мұндай дайындықтан өткен емеспін», - дейді ол.

Сарбаз барлау батальонында қызмет еткенін айтады. Тергеуші Ресейге әкелген кемеде қанша солтүстіккореялық сарбаз болғанын сұрағанда, ол: «Жүзден астам» дейді. Оның айтуынша, мәлімет әскери кеме туралы емес, ресейлік жүк кемесі туралы болып отыр. 

Жауап алынған жауынгер Ресейге соғысқа қатысатынын білмегенін айтты. Оның үстіне кіммен соғысып жатқанынан да бейхабар болған. Жас жігіттің айтуынша, ол 17 жасында мектептен кейін бірден әскерге келген және Солтүстік Кореядан тыс әлем туралы өте аз білген.

ISW: Украина жақын арада Курск аймағындағы КХДР әскерін жояды

Солтүстік Корея сәуір айының ортасына қарай Курск аймағындағы Ресей жағындағы шайқастарда өзінің бүкіл әскери контингентін жоғалтуы мүмкін, деп 16 қаңтарда Украина мен Оңтүстік Кореяның барлау қызметіне сілтеме жасай отырып, Американың соғысты зерттеу институты (ISW) хабарлады.

Оңтүстік Корея мен Пентагон барлау қызметінің мәліметінше, Пхеньян қазан айында Курск облысына 10 мыңнан 12 мыңға дейін әскер жіберген, бір айдан кейін олар Украина қарулы күштерімен алғашқы шайқастарын бастаған. Қаңтар айының басында Оңтүстік Кореяның барлау қызметінің мәліметі бойынша, Солтүстік Кореяның 300 сарбазы қаза тауып, тағы 2700-і жараланған.

Украина президенті Владимир Зеленский 3800 сарбаздың қаза тапқанын немесе жараланғанын айтты. Осылайша, ISW сарапшыларының есептеулері бойынша, солтүстік кореялықтар күніне 92 адамнан айырылуы мүмкін.  Жараланған солтүстік кореялық сарбаздардың майданға оралуы белгісіз.

Тегтер: