Зеленскийдің көңілсіз «Жеңіс жоспары». Трамп тангоға кімді шақырмақ?
Украина президенті Владимир Зеленскийдің сапарын демократ һәм республикашыл боп бөлінетін АҚШ саяси элитасы екі тарапқа тартып, әркім өзіне ыңғайлы формада пайдалануға тырысты.
Әзір ел тізгінін қолда ұстап отырған Ақ үйдегі демократтардың аяғына Конгрестің өкілдер палатасында салмағы басым республикашылдар тұсау салып әлек.
Алдағы қараша айында өтетін президент сайлауында экс-президент Дональд Трамптың жеңіліп қалуы мүмкін екенін Батыс сарапшылары мен баспасөзі жиі айта бастады. Түрлі сауалнамаларға қарағанда да қазіргі вице-президент Камала Харристің көрсеткіштері 2-3 пайыз жоғары. АҚШ халқы мен саяси топтарына қазір осы тақырып маңызды. Украина президенті Владимир Зеленскийдің өткен аптадағы АҚШ-қа сапары елдегі осы саяси тартыстың қатты қызып тұрған шағына дөп келді.
Зеленский Америка сапарының алдында кемі бір ай бұрын Ресейді қалай тізе бүктірудің амалы барын, оны 1Жеңіс жоспары1 деп аталатын құжатқа түсіргенін, ал құжатты ең алдымен АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден мен қарашадағы сайлауда оның орнын басуға мүмкіндігі жоғары екі кандидат – Камала Харрис пен Дональд Трампқа таныстыратынын мәлімдеген. Сарапшылар да, Батыс баспасөзі оның қандай жоспар екенін білуге ынтықты және кездесулердегі негізгі әңгіме де осы жоспарды талқылауға арналады деп күтті. Бірақ шынайы жағдай ондай болмай шықты. Қалтарыста қалмаса да сапар барысында «Жеңіс жоспары» баспасөз бетінде бас тақырып боп көп тұрмады. Керісінше, Зеленский онсыз да бірін-бірі жіті бақылап, әрбірінің әрекетін қалт жібермей қадағалап отырған демократ және республикашыл партияның арасында сонау атам заманнан келе жатқан дауды ушықтырып кетті. Тіпті Конгрестегі өкілдер палатасының спикері, республикашыл Майк Джонсон Украина президентіне «АҚШ-тағы елшіңді ауыстыр» деп қатаң талап қойып, ашық хат жазды.
«Жеңіс жоспарын» құшақтап, бұл құжатына көп үміт артып, АҚШ-қа қыркүйектің 22-сі күні алып ұшып жеткен Зеленский жұмысын ең алдымен Пенсильвания штатындағы Скрэнтон деген қалада танк, зеңбірек сынды ауыр артиллерияға оқ-дәрі өндіретін зауыттан бастаған. Зауытты аралап, жұмысшыларымен кездесіп, бәріне алғыс айтқан Зеленский тіпті зеңбіректің бір снарядына қолтаңбасын қалдырған. АҚШ қоғамындағы саяси тартысқа дендемеген, қарапайым адамға бұл оқиғаның пәлендей жаңалығы да жоқ. Соғыс қызып жатқан майдан шебіне талай барған Зеленский үшін оқ-дәрі өндіретін зауытты аралаудың еш қиындығы да жоқ. Жұмыс барысында жиі кездесетін, қатардағы көп оқиғаның бірі ғана. Алайда АҚШ билігіндегі республикашылдар Украина президентінің сапарды осы штаттан бастауынан секем алып қалған. Өйткені Пенсильвания штаты – АҚШ президенті сайлауында «құбылмалы» штаттардың бірі. Тарихта Пенсильвания бірде – демократ, бірде – республикашыл кандидатты таңдап, нақты бір тарапқа түгел берілмей келе жатқан штат. Сондықтан қазіргі екі кандидат Камала Харрис пен Дональд Трамп қалайда Пенсильвания жұртының көңілінен шығуға тырысып бағады. Сөйтсе, Скрэнтон зауытында Зеленскийді күтіп алып, жанында еріп жүрген АҚШ билігі адамдарының арасында бірде-бір республикашыл саясаткер болмапты. Штат губернаторынан бастап бәрі демократ екен. Сайлау емес, жай кез болса, бәлкім, бұл «мәселе» елеусіз қалар ма еді? Бірақ күдікшіл республикашылдар бұны «АҚШ сайлауына араласу» деп атап үлгерді. Спикер Майк Джонсонның елші Оксана Маркарованы «жұмысын дұрыс істемеді, екі тарапқа бірдей қарамады» деп кінәлап, Зеленскийге жазған хатында да осындай тіркес бар. Яғни «сендер демократтарды бізден артық көрдіңдер» деген ауыр айып жатыр. Джонсонның хатына Украина билігі ресми жауап бермеді, елші Маркарованы да жұмыстан шеттетпеді. Есесіне, Зеленскийдің экс-президент Дональд Трамппен күні бұрын келісіп, уағдаласып қойған кездесуіне қауіп төнді. Джонсон хатынан соң Трамп «кездесуге уақытым жоқ» деп жалт бұрылды және сайлауалды үгіт-насихат жиындарында Украина президентін «әр келген сайын миллиардтап ақша алып кетеді, көпес, саудагер» деп сөгіп, неше түрліні айтты. Трамптың бұл әрекеті Украинаға АҚШ-тан ұзақмерзімді жәрдем күтетін Зеленскийді тығырыққа тіреді. «Кездеспесең өз еркің» деп қол сілтеп кете салатын жер емес. Зеленскийдің абыройынан Украинаның егемендігі жоғары. Сайлауда Трамп жеңіп кетсе қаражат, қару-жарақ сұрап, бәрібір оның алдына талай баратынын ойлаған Украина президентінің командасы амалсыз Трамп штабына қайта-қайта хат жазып, қоңырау шалып, кездесуге шақырды. Сапар аяқталмай тұрып жүздесіп қалуға барын салды.
Протокол бойынша Зеленский 26 қыркүйек, бейсенбі күні Конгрестің қос палатасы – сенат пен өкілдер палатасының жетекші мүшелерімен жолықты. Алдыңғы жылғыдай түгел емес, кездесуге билеуші екі партияның негізгі адамдары ғана қатысқан. Оның құрамында бір күн бұрын ғана «елшіңді әкет» деп хат жазған өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон да болған. Бірақ ресми ақпаратқа қарағанда, Джонсон кешегі хатындағы «елшіні ауыстыру» және «сайлауға араласу» секілді тақырыптарды көтермеген. Тым сыпайы ғана қарым-қатынас жасап, Украинаның Ресейге қарсы соғыста жеңіп шығуға тілектес екенін білдіріп, қолдау көрсеткен.
Конгрестен көңілді шыққан Зеленский түс ауа Ақ үйде отырған қазіргі президент Джо Байденге барған. Байден оны әйгілі «доғал бөлмеде» қабылдады. Мерзімінің аяқталуына санаулы ай қалған кәрі президент «Украинаны қанша қажет болса, сонша қолдаймын» деген әдеттегі сөзін қайталады. Сөзіне тірек етіп, 2,4 миллиард доллар әскери көмек пакетін де ұсынды. Биыл көктемде АҚШ конгресі мақұлдап қойған қаражаттан қалған 8 миллиард доллар жәрдемді өзі Ақ үйден шыққанша, яғни 2025 жылдың 20 қаңтарына дейін түгел жеткізіп беруге уәде етті. Ал Зеленскийдің «Жеңіс жоспарын» оқығанын, ұнатқанын айтты және қазан айының 12-сі күні Германияға сапары кезінде құжатты Еуропадағы өзге әріптестерімен талқылайтынын жеткізді. Германиядағы Рамштайн деп аталатын АҚШ-тың әскери базасында өтетін ол кездесуге Украина басшысы да қатысуы мүмкін.
Байденнен соң вице-президент Камала Харристің қабылдауына кірген Зеленский одан да қолдау сөз көп естіді. «Қайталап айтайын, Украинаға көзқарасым өзгерген жоқ және оның жеңісі үшін керек көмекті беру жолында аянып қалмаймын» деді Харрис Зеленскийдің арқасынан қағып. Ол Украина президентінің «Жеңіс жоспары» деп атаған құжатын көргенін, екеуара әңгімеде кейбір тұсын талқылағанын айтты.
Харрис пен Зеленскийдің баспасөз конференциясы аяқтала сала Дональд Трамп Украина президентімен жұма күні, таңертең кездесетінін әрі «Зеленскиймен пікірлес емесін, оны бетіне айтатынын» мәлімдеді. Ресми жиындар мен дипломатиялық протоколға негізделген жаттанды сөздерден жалыққан батыс баспасөзі «ноқтаға басы сыймайтын» Трампты шоу көрсетеді деп күткен болуы керек, кездесуді асыға күтті. Алайда бұл жүздесу де журналистер ойлағандай қызық болмады. Зеленскийді өзінің жекеменшік Trump Tower бизнес ғимаратында қарсы алған экс-президент оғаш қылық көрсетпеді. Украина президентін сыртынан «саудагер», «көпес» деп қанша айтса да, бетпе-бет көргенде ондай әдепсіздікке бармады. Жылы қарсы алып, жымиып шығарып салды. Сөзінше, Зеленский екеуі бір сағат сөйлескен. «Сайлауда жеңсем, соғыстың соңын әділетті түрде аяқтай алар едік. Шын мәнінде жылдам шешемін. Бұны тоқтату керек. Президент Зеленский де тоқтатқысы келеді. Путиннің де соны қалайтынына сенімдімін. Сондықтан бәріне қолайлы, әділ шешім табатынымызға күмәнім жоқ» деді АҚШ-тың экс-президенті. Ол сөзінің арасында Зеленскиймен де, Путинмен де жақсы қарым-қатынаста екенін айтты. Бұған Украина президенті: «Сіз екеуміздің арамыз жақсырақ деген үмітім бар» деп әзілдеп көріп еді, Трамп: «Тангоға екеу ғана керек» деп, қалжыңмен жауап қатты.
Украина президентінің АҚШ-қа сапарын Батыс басылымдары қалт жібермей, қадағалап отырды. The Washington Post газеті Зеленскийдің сапары майдандағы ахуал өте ауыр сәтте өтіп жатқанын жазды. Оның президент Джо Байден мен вице-президент Камала Харристі Ресей аумағын қанатты зымырандармен атқылауға көндіру әрекеті сәтсіз аяқталды. Украина алдағы апталарда майдандағы ахуалды өзгерте алмаса, Ресейдің Донбасс аймағында алға жылжыған әскеріне тойтарыс беру қиындап кетуі мүмкін екенін болжаған. «Мәскеу Украина шығысында ілгерілеп келеді. Өткен айда украиналықтар басып алған аумақты Ресей қайтарып алуға жақын. Демократтар Трамптың алдағы ықтимал президенттігіне дейін Украинаға көмектесіп қалуға тырысады. Ал республикашылдардың пікірі бұл мәселеде екіге жарылған, бірақ барған сайын қарсылардың қатары көбейіп келеді» дейді The Washington Post. Америкалық тағы бір беделді басылым The New York Times газеті соғыс ұзаққа созылған сайын Зеленскийдің АҚШ қоғамы мен саяси элитасының алдында абырой-беделі бұрынғыдай емес, құлдырап бара жатқанына назар аударған. Екі жыл бұрын Украина президентін Конгресс мүшелері аяғынан тік тұрып, қол шапалақтап қарсы алған. Бұл жолы Зеленский тұтас Конгрестің емес, санаулы өкілдерімен ғана кездесті әрі ол өте тыныш, сән-салтанатсыз өтті. «Соғыс ұзаққа созылған сайын Зеленскийдің Вашингтонда беделі түсіп, жұлдызды шағы бәсеңдеп барады. Бұл АҚШ-тың болашақта Украинаға беретін әскери көмегіне айтарлықтай кері әсер етуі мүмкін. Қару-жарақ таусылса, Украинаның тағдыры тағы да Конгрестің қолында болмақ» дейді газет. Расында да солай. Зеленский соғысты алғашқы жылы АҚШ-қа келгенде Конгресс айрықша ілтипат танытқан. Бәрі бір ауыздан келісіп, Украинаға 50 миллиард долларды бөлген. Бірақ одан кейін, 2023 жылы Байденнің 64 миллиард доллар көмек жөнелту туралы құжатына Конгресс қол қоймай, ұзақ күттірген. Бұл Украинаға аса ауыр соққы боп тиген еді. Қаражат 2024 жылдың көктеміне дейін кешігіп, майданда атарға оқ таусыла жаздаған. Келесі жылы қалай болары бір Құдайға аян. Трамп жеңіп кетсе көңілі құбылмалы Конгресс ақша бермеу үшін тағы нендей себеп-сылтау ойлап табарын ешкім білмейді. Жалпы, соғыс басталғалы АҚШ Украинаға әскери әрі гуманитарлық мақсаттағы жәрдемнің бәрін қосқанда 175 миллиард доллар жұмсаған.
The Wal Street Journal басылымы Зеленскийдің «Жеңіс жоспарына» АҚШ саяси элитасының көңілі толмағанын жазды. Басылым: «АҚШ пен Еуропа саясаткерлері майданда орыс әскерінің қарқыны күшейгеніне, ал Украина жоспарында нақты стратегия жоғына қынжылады» – деген. Politico басылымы Ақ үйдегі құпия дереккөздерге сілтеп, «АҚШ әкімшілігі Зеленскийдің негізгі өтініші – америкалық қанатты зымырандармен Ресейдің аумағын атқылауға рұқсат беруге дайын емес» деп жазды. «Сайлау жақындап келеді. Трамп жеңіске жетсе, АҚШ Украинаға қолдау көрсетеді дегенге күмән көп. Байден де осыдан қауіптенеді. Демократтар мен республикашылдардың арасындағы бұл саяси қайшылық Путиннің күш алуына, майдан даласында орыстардың басым түсуіне әкеп соқтырады» дейді Politico.
Зеленскийдің АҚШ-та көп шу шығарып, дау тудырған сапарын сәтті не сәтсіз деп кесіп айтуға келмейді. Маңызды кездесулердің көбі жабық есік жағдайында өткеніне сілтеген сарапшылар іште қандай уәделердің айтылғаны белгісіз екенін айтып, нәтижесін уақыт еншісіне қалдырады.
Айгүл Баба