Зеленскийдің сақтандыру полисі дайын болғанша...

18 тамызда Ақ үйде әлем жұртының басты назарында болған Трамптың Зеленский және Еуропа басшыларының кездесуі өтті. Бұл жолы Украина президенті Зеленскийдің Вашингтонға тыңғылықты дайындықпен келгені байқалды.
Бұрынғы сапарында сынға қалған әскери киімін қара пенжекке алмастырып, өзін салмақты ұстады. Трамп онысына назар аударып, мақтап та қойды. Саммит барысында Зеленский де, Трамп та көңілді жүрді. Екеуінің жеке кездесуінде ақпанда киіміне тиіскен журналист Зеленскийден кешірім де сұрады. Журналистер алдындағы кездесуден кейін екі ел басшысы жабық кеңеске кетті.

Жабық келіссөз қалай өтті?
BBC таратқан мәліметке қарағанда, жабық келіссөз бөлімі басталар алдында Ақ үйдің Сопақ кабинетінде Украина картасы қойылғаны туралы сурет тарады. Картада елдің шығыс бөлігі қызғылт түспен боялған – бұл аймақтар Ресейдің бақылауындағы аумақ ретінде белгіленген. Кейіннен Трамп пен Зеленскийдің осы карта алдында сөйлесіп тұрған суреті де жарияланды.

Жабық кездесуден кейін Трамп пен Зеленский Еуропа лидерлерімен кездесуге барды. Бұл жолы Зеленский мен Еуропа көшбасшыларының тактикасы анық байқалды. ЕО лидерлері алдымен Трампқа қажетті деңгейде құрмет көрсете отырып, қарсыластарына қысым түсіретін позиция ұстанды. Ерекше психологиялық қадам ретінде Зеленскийдің жары жазған хат АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трампқа табысталды. Бұл Аляскадағы Меланияның Путинге жолдаған «балаларды қорғау» туралы хатына ишара ретінде бағаланды. Батыс бақылаушылары мұны алдын ала жоспарланған мінсіз әрекет деп атап, мұндай символикалық белгі Трампты Киев жағына көбірек тартты деп есептеді.
Вашингтондағы кездесу Украина үшін жеңіс болмаса да, Аляскадағы саммитпен салыстырғанда еуропалық альянс айтарлықтай стратегиялық табысқа қол жеткізді. Ең бастысы – Трамп бұл жолы Украинаны қолдауда шын ниетті екенін көрсетіп, АҚШ әскерін енгізу мүмкіндігі барын мәлімдеді. Еуропа басшыларымен кездесу арасында АҚШ президенті үзіліс жасап, Путинмен 40 минуттай телефонмен сөйлесіп келді.

Жалпы айтқанда кездесуде бірнеше мәселе талқыланды. Ақ үй басшысы Украинаның НАТО-ға мүше бола алмайтыны бұрын да айтылғанын алға тартты. Соған қарағанда, Путиннің талабын орындауға дайын сияқты. Еуропалық лидерлер де бейбіт келіссөздің мазмұнына қатысты өз ұстанымдарын білдірді. Атап айтқанда, Макрон мен Мерц нақты бейбіт келісімге кіріспес бұрын Украина жерінде уақытша бітім орнауын қолдайтындарын айтты. Макрон болашақта кез келген бейбіт келісімге Еуропа тарапынан да қол қою қажеттігін, яғни Еуропа елдері де келісімнің бір тарабы болуға тиіс екенін білдірді. Дегенмен Ақ үйдегі жеке кездесуде Трамп бұл мәселеде көзқарасын өзгерткен тәрізді. Бұрын ол бітім идеясына қолдау білдірсе де, Путинмен сөйлескеннен кейін ұрыс қимылдарын тоқтатпай-ақ келіссөз жүргізе беруге болады деген Мәскеудің позициясын қабылдады. Бұл мәселеде пікірлер әртүрлі болғанымен, жалпы еуропалық көшбасшылар Ақ үйдегі кездесуден көтеріңкі көңіл күймен шықты.
Ал Трамптың өзі Вашингтонда өткен саммитті «өте жемісті» деп бағалап, оның нәтижесінде Зеленский мен Путиннің жеке кездесуіне дайындық басталатынын мәлімдеді. Еуропа басшылары мен Украина президенті де АҚШ-тың Киевке қауіпсіздік кепілдігін беруге дайын екеніне қанағаттанған. Трамптың айтуынша, кепілдікті Еуропа елдері ұсынады, ал АҚШ оларды ұйымдастырып отырады. Егер екіжақты кездесу сәтті өтсе, Трамп кейіннен өзі ұсынған үшжақты саммитте (АҚШ-Ресей-Украина) тараптарды қайта жинап, бейбіт келіссөздердің нақты басталуына дәнекер болады. Ақ үй мәліметінше, мұндай үшжақты форматқа Путин де қарсы емес, тіпті осы ретпен (алдымен екіжақты, содан кейін үшжақты) келіссөздер жүргізу идеясын телефон әңгімесінде Путиннің өзі ұсынған екен. Бұл Киев пен оның одақтастары үшін тағы бір дипломатиялық жеңіс ретінде қабылданды. Себебі мұндай кездесу Путиннің Зеленскийді заңды мемлекет басшысы ретінде мойындауын білдіреді.

Вашингтон кездесуінде қандай келісімдер болды?
Алдымен қауіпсіздік кепілдігі туралы уәде берілді. Трамп Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде АҚШ Кәрі құрлық елдерімен бірлесіп кепілдік беруге дайын екенін мәлімдеді. Бұл – Вашингтон бұрын-соңды ресми түрде мойындамаған жаңа міндеттеме, яғни НАТО құрамына кіру мүмкін болмай тұрған шақта Украинаға балама қауіпсіздік қолдауы көрсетілмек. Содан кейін Еуропамен бірлескен ұстаным талқыланды. ЕО көшбасшыларының біртұтас позициясы Трампқа әсер етіп, ол қауіпсіздік кепілдігін тек АҚШ атынан ғана емес, жалпы Еуропа атынан да ұсынуға келісті.

Германия канцлері Фридрих Мерц саммиттің нәтижесі «күткеннен де жоғары» болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Путин мен Зеленскийдің кездесуі алдағы екі апта ішінде өтуі керек.
Зеленский болса АҚШ-тың Украинаға қауіпсіздік кепілдігі туралы Трамптың сөзін «маңызды қадам» деп атады. Оның сөзінше, кепілдіктің алғы шарты он күн ішінде жасалуы тиіс. Украина қауіпсіздік кепілдігі пакетінің бір бөлігі ретінде АҚШ-тан ауқымды қару-жарақ алуды көздейді. Зеленский келіссөз барысында Украина шамамен 90 миллиард доллар сомасына АҚШ қару-жарағын сатып алуға ұсыныс бергенін айтты. Бұл пакетке негізінен ұшақтар мен әуе қорғаныс жүйелері сияқты заманауи қару түрлері кіреді. Сонымен бірге, Украина мен АҚШ алдағы уақытта украиналық дрон өндірісін дамыту бойынша серіктестік орнатпақ. Бұл ұсынылған жоба құны 50 миллиард долларға жуық деп бағаланған. ЕО елдері де бұл бастамаларды қаржыландыруға атсалысуы мүмкін.
Ең басты мәселе – Украинаның оккупацияланған аумақтары Ақ үйде талқыланған жоқ. Зеленский бұл мәселеге байланысты «территория жайын жеке өзім Путинмен талқылаймын, ол сұрақ біз екеуміздің арамызда қалады» деп мәлімдеді, демек, әзірге Украина жерінен бас тарту немесе оны бөлу туралы ешқандай алдын ала шарт жоқ. Киев атысты тоқтату шартын да қоймай, келіссөзге әзір екендігін көрсетті. Бастысы, Ресей келіссөз үстеліне келген соң ғана территория мәселесін талқыламақ ниеті бар.
The Telegraph-тың бағалауынша, дүйсенбі күнін Украина «дипломатиялық жеңіс күні» ретінде белгілей алады. Кейінгі апталарда алғаш рет Путин қысым астында қалды. Егер ол мұндай жағдайға жауап ретінде келіссөздерді бұзса немесе бітімнен бас тартса, халықаралық қауымдастық алдында өздерін бас бұзар ретінде көрсетіп алуы ықтимал. Мұндай жағдайда Ақ үйдің қысымына тап болуы да ғажап емес.

Путин мен Зеленский кездесуі қайда өтуі мүмкін?
Батыс басылымдары Зеленский мен Путиннің ықтимал кездесу орнын да атады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, екі президенттің келіссөзі Венгрияда өтуі мүмкін. Мұны Путиннің өзі ұсынған. Кремль неге бірден Венгрияны таңдады дегенге сарапшылар бірнеше себеп келтіреді. Негізгісі – Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның ұстанымына байланысты болуы мүмкін. Орбан Мәскеумен байланысын үзбеген санаулы еуропалық көшбасшылардың бірі. Оның энергетикалық саясаттағы прагматизмі Будапешті Мәскеуге жақындатты. Тағы бір себеп – Будапештің «бейтарап имиджі» де болуы мүмкін. Венгрия – ЕО мен НАТО мүшесі болғанымен, кейінгі жылдары Украинаға қатысты қатқыл қадамдарға бармады. Бұл елді Мәскеу үшін қолайлы диалог алаңы етеді. Тағы бір себеп – орналасуы жағынан Венгрия Шығыс пен Батыстың арасындағы «көпір» іспетті. Бұл да Ресейге географиялық жағынан қолайлы. Алайда келіссөздердің Венгрияда өту ықтималдығы халықаралық қауымдастықта түрлі реакция туғызды. Кейбір сарапшылар мұны Мәскеудің дипломатиялық жеңісі деп бағалап отыр.
Бір күннен соң тағы екі мемлекеттің аты аталды. Женеваны Франция президенті Эмманюэль Макрон ұсынды. Швейцария билігі Путинге кепілдік беруге әзір екенін айтты. Рим және Ватиканды – Италия премьері Джорджа Мелони атады. Sky News дерегінше, Зеленский мен Трамп Ватиканға бейіл болса, Путин Женевада кездесуге құлшыныс танытқан. Дегенмен сарапшылар Путиннің бұл келісімін уақыт ұту амалы ретінде де қарайды. Егер Кремль тек дипломатиялық маневр жасап, келіссөздерді созу арқылы ұрысты уақытша тоқтатуға қол жеткізсе, соны пайдаланып, өз әскери күшін қайта толықтыруы мүмкін деген қауіп бар. Сондықтан Украина мен Батыс елдері үшін келіссөз процесінде Ресейдің шынайы ниетін аңдап, кез келген келісімді бұзу әрекетіне дайын болу өте маңызды болмақ.

Украина жеріне 10 ел әскер кіргізбек
Украинаға берілуі ықтимал қауіпсіздік кепілдіктерінің нақты мазмұны алдағы күндері жан-жақты талқыланбақ. Кездесуден кейін бірден еуропалық елдер өкілдері келесі күні өзара жиналып, осы кепілдік барысын пысықтауға кіріскені хабарланды. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Еуропаның шамамен 10 шақты елі Украина жеріне өз әскерін бейбіт келісім аясында енгізуге дайын екенін білдірген. 19 тамыз күні еуропалық ресми өкілдер британ және француз әскерін Украинаға орналастыру жоспарын талқылап, олардың нақты санын және қай өңірлерге баратынын анықтау жайында да кеңескен. Яғни егер Ресей мен Украина арасында бейбіт келісімге қол қойылып, соғыс тоқтайтын болса, Еуропа елдері Украинаға қайталануы мүмкін агрессияның алдын алу үшін бітімгерлерді жіберуді көздеп отыр.
Мұндай халықаралық миссияның алғашқы кезеңінде шетелдік әскер тікелей майдан шебінде емес, Украина аумағындағы қауіпсіз тылда орналасып, жергілікті әскерді оқыту, қайта дайындықтан өткізу және қорғаныс қабілетін нығайту міндетін атқарады деп жоспарланған. «Кепілдіктердің» тағы бір бөлігі ретінде АҚШ тарапынан барлау мәліметтерімен бөлісу, Украина шекараларын бақылау, қару-жарақ жеткізу және әуе шабуылынан қорғаныс жүйелерін қолдау шаралары ұсынылған.
Әрине, мұндай халықаралық күшке Мәскеу тарабы қарсы. Ресей сыртқы істер министрлігі «Украина жеріне НАТО елдерінің әскерін кіргізуге мүлдем жол берілмейді» деп мәлімдеген еді. Бұған дейін Кремль бейбіт келісім атымен Батыс әскерінің Украинаға орналасуын өз қауіпсіздігіне қатер санайтынын ашық аңғартқан. Алайда сарапшылар бұл мәлімдемені Мәскеудің алдын ала саудаласу амалдары ретінде қабылдап отыр.
Тағы бір назар аударарлық жайт – Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері тек Еуропа мен АҚШ шеңберінде ғана емес, әлемдік деңгейде талқыланып жатыр. НАТО-ның жаңа Бас хатшысы Марк Рютте кейінгі айларда 30-ға жуық ел, оның ішінде Жапония мен Аустралия бар, Украинаны ұзақ мерзімді қорғауға арналған кепілдіктердің жаңа концепциясын әзірлеп жатқанын хабарлады. Бұл кепілдер Украинаның болашақта қол жеткізуі мүмкін бітім немесе толық бейбіт келісім күшіне енген кезде жүзеге аспақ. Мәселен, Жапония премьер-министрі Сигэру Исиба Токионың да Украинаға қауіпсіздік кепілі тұрғысынан белгілі бір үлес қосуға дайын екенін айтқан.
Дегенмен мұның бәрі әлі жүзеге аспаған жоспар ғана. Ең бастысы, Путиннің шын ниеті қандай? Егер Ресей бұл келіссөздерді тек уақытша күш жинау үшін пайдаланып, кейін қайта соғыс ашса, онда жағдай тіпті ушыға түспек. Бірақ дәл осы себепті Вашингтондағы саммитте қабылданған қауіпсіздік кепілдіктері маңызды рөл ойнамақ – ол болашақта Ресейдің кез келген басқыншылығын бірден халықаралық реакциямен тоқтатуға бағытталған сақтандыру полисі іспетті болмақ.
Вашингтондағы жоғары деңгейлі кездесу Украинаға толық жеңіс әкелмесе де, соғыс барысындағы стратегиялық бастаманы айтарлықтай Украина жағына алмастырды. Халықаралық қауымдастық алғаш рет осыншалық бірауыздықпен Киевке қауіпсіздік қолдауды рәсімдеуге кірісті. Алдағы бірнеше аптада өтеді делінген Зеленский-Путин кездесуі Украинаның, тіпті Ресейдің өзінің де тағдырын айқындайтын бетбұрыс сәттердің бірі болады.
Тұрсынбек БАШАР