Зеленскийдің ұшағын Ирландияда белгісіз дрондар бақылаған
Ирландия билігі Украина президенті Владимир Зеленский мінген ұшақтың жанында беймәлім дрондардың болғанын растады.
Алайда бұл оқиға мемлекет украина президентінің сапар бағдарламасына өзгеріс енгізуге себеп болмады. Қазіргі таңда дрондардың қайдвн келгені анықталып жатыр.
Украина президентінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Дмитрий Литвин 5 желтоқсанда ирландиялық ақпарат құралдары таратқан мәліметті растады.
«Қауіпсіздікке қабылдаушы тарап жауап береді. Олардың деректеріне сәйкес, дрондар расымен болған, бірақ бұл сапарға әсер еткен жоқ және бағдарламаға ешқандай өзгеріс енгізуді талап етпеді», - деді ол.
Дрондар президент бортына жақын ұшқан
Ирландиялық The Journal басылымының хабарлауынша, Зеленскийдің ұшағы 1 желтоқсанда Дублинге қонар алдында оған жақын маңда төрт белгісіз дрон байқалған. Дереккөздер дрондардың ирланд астанасының солтүстік-шығыс аймағынан көтеріліп, президенттік борттың жанынан ұшып өткенін, кейін біраз уақыт Ирландия әскери-теңіз күштерінің кемесінің үстінде қалықтап тұрғанын жазды. Бұл кеме Зеленский сапарына байланысты құпия түрде алдын ала теңізге шығарылған.
Ирландия билігі әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын қолданбаған, ал кеменің қаруы дрондарды атып түсіруге жеткіліксіз болған.
The Irish Times газетінің дерегінше, Украина президентінің ұшу маршрутына жақын маңда бес дрон анықтаған. Басылымның мәліметіне қарағанда, дрондар Дублиннің Хоут маңынан ұшып шыққан, сол сәтте ол жер арқылы Зеленскийдің ұшағы өтуі тиіс болған. Алайда президент борты жоспардан ертерек келгендіктен, қауіп тумаған.
Ирландияда тергеу жүргізіліп жатыр
Ирландия полициясы дрондардың жерден ұшырылғанын не жақын маңдағы кемеден жіберілгенін тексеріп жатыр. Тергеуге елдің әділет министрлігі мен қорғаныс министрлігі де қосылған. Куәгерлер дрондардың әскери типтегі құрылғыларға ұқсайтын болғанын айтады.
Зеленский сапары кезінде Дублин әуежайы маңында уақытша ұшуға тыйым салынған аймақ енгізілді. Украина президентінің Ирландия басшылығымен және парламент депутаттарымен кездесулері сәтті өтті.
Еуропадағы белгісіз дрондар толқыны
Күз айларында Еуропаның бірнеше елінде – Дания, Швеция, Германия, Бельгия, Польша және Румыния әуежайлары мен НАТО базаларының маңында белгісіз дрондар бірнеше рет тіркелген.
Зеленскийдің айтуынша, мұндай арандатушылықтардың артында Ресей тұр, ал дрондар «көлеңкелі флот» танкерлерінен ұшырылады. Ол Батыс елдерін Балтық және басқа теңіздерді ресейлік кемелерге жабуға және қатаң санкциялар енгізуге шақырған.