Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 16 Тамыз 2024

Зергердің көзі – алмас, қолы – алтын

Берік Әлібай
Фото: Берік Әлібай

Астанадағы Ұлттық музейде қазақ мәдениетінің қолөнер байлығын әлемге паш етіп жүрген белгілі зергер, «Фаберже» орденінің иегері Берік Әлібайдың жеке көрмесі өтті.

 «Ұрпаққа мұра» атты көрмеге зергердің 160-қа жуық авторлық туындысы қойылды. Сал-серілердің бұйымдары мен асатаяқ, ер-тұрман, қару-жарақ сынды дүниелер көрсетілген көрмені «Жас Алаш» тілшісі өз көзімен көріп қайтты.

Көрменің ашылуына келген өнерсүйер қауым залға әрең сыйды. Зергердің өнерін құрметтейтін әріптес-дос шәкірттері мен алыс-жақын ағайындарынан бөлек, ондаған мемлекеттің елшілік өкілдері мен шетелден келген қонақтар да болды. Оның авторлық жұмыстары еліміздің музей қорлары мен шетелдік галереяларда сақтаулы тұр. Жиында алдымен Берік Әлібайдың «Зергер» кітабының тұсауы кесілді, кейіннен мерейлі 60 жасына орай ауылдастары шашу шашып, көрме залына өтті. Күмбірлеген күй ойнаған залдың сәнін шебер мен шәкірттерінің ұлттық нақыштағы бұйымдары келтіріп тұр. Қонақтармен суретке түсіп, көрмеге қойылған бұйым тарихын айтып жүрген Берік Әлібайды сөзге тартып, қолданбалы өнер туралы шағын әңгімелестік.

1

Әлібай әулеті қолөнерді атадан балаға мирас етіп келе жатқан зергерлер династиясы. Зергер бала кезінен суретші болуды армандаған.

«Атам Әлібайдың інісі Әлімбай атам ұста болған кісі. Ол кісінің көзін көрдім, кішкентай кезімде шеберханасында болып, шарығын бұрап, білезіктерін жасағым келіп жүретінмін. Мектепте суретші болдым, қабырға газеттерін шығаратын едім. Суретке деген қызығушылығым ауылда – сонау Мәскеуден келген Хамза деген суретші кісіге еліктеуден басталған. Мектепті бітіргеннен кейін Алматыда Гоголь атындағы көркем сурет училищесінде «Металды көркемдеп өңдеу» деген зергерлер мен ұсталарды дайындайтын бөлімге оқуға түстім. Сол 1981 жылдан бастап зергерлікпен айналысып келемін. Ұл-қызым, ағайындарым мен ауылдастарым зергерлікпен айналысады. Еліміздің түкпір-түкпірінде шәкірттерім көп. Өзім дүниеге келген Жамбыл облысы Меркі ауданы Қызылсай ауылында 70 түтін болса, солардың өзінен отыздан аса зергер шықты. Әлі де қолымда туған бауырларым, туысқандарым зергерлікпен айналысады. Астанадағы музейіме «зергер болайын деп едім, осы өнерді үйретіңіз» деп іздеп келушілер бар. Зергерлік төзімділікті талап ететін өнер, ар жағында машақаты көп болған соң екінің бірі шыдай бермейді. Сондықтан болар, бұл екінің біріне қона бермейді», – деді Берік Әлібай.

1

Қазақ әшекейлерінің философиялық мәні

Студент кезінен бастап түрлі бұйымдарды коллекциялаумен айналысатын шебердің Астана қаласында жеке музейі бар. Музейге мектеп оқушылары, шетелдік қонақтар арнайы ат басын бұрып барады екен. Қазақтың әр бұйымының тарихын, өзіндік философиясын терең білетін шебер тек күміспен жұмыс істейді. Алтын, гауһар, маржан, зүбаражат, лағыл тастарды безендіру барысында ғана пайдаланады.

«Күмістің адам денсаулығына пайдасы көп.Ат әбзелдердің өзі күмістен жасалған, күмістің құрамында 400-500 микробты жоятын қасиеті болған. Аталарымыз қолында күміс жүзігі болмаған адамның қолынан тамақ ішпеген деседі. «Алтын сәндікке, күміс емдікке» деген сөз содан қалған ғой. Адамның өз күші бойында жүруі үшін білегіне қос білезік таққан. Адамның қан қысымы жоғарылаған кезде, күміс қарайып, өзіне тартады. Зергерлік өнер сонау – сақ, сармат, ғұн заманынан келе жатқан көркем өнер. Қазақтың бұйымдары тек сәндік үшін ғана жасалмаған, олардың әрқайсысының мағынасы, философиялық мәні бар. Құдағи жүзік, құс тұмсық жүзік, отау жүзіктің мағынасын шетелден келген қонақтарға айтсам, «Ойпыр-ай, не деген құрмет, қандай тамаша дәстүр?!» деп таңғалып жатады. Мәселен, құдағи жүзік – жігіттің анасына отбасылы болғаннан кейін бір жылдан кейін ғана қыздың анасы келіп тағатын жүзік. Осы бір жыл аралығында ол екі жастың отбасының мығым болуына үлес қосып, тату-тәтті өмір сүрулеріне тілеулес болғанының көрінісі. Құс тұмсық жүзікті қыздар таққан, сол жүзік арқылы «мына қыз әлі құстай еркін екен ғой, ұзатылмаған» деп тұрмыс құрмағанын біліп, жігіттер айттырған. Ұзатылғанда қыз жаңағы жүзікті өзімен әкеткен, барған жерінде бақытты болып, риза ғұмыр кешсе, жүзікті ата-анасына қайтарып жіберген екен. Әке-шешеcі де жүзіктің келуін күткен, ол жүзік келгенде ағайынын, көрші қолаңын жинап кішігірім той жасаған. Кейіннен ол жүзікті сіңлілеріне қалдырып қойған. Үкіаяқ солтүстіктің қазақтарына тән. Үкіні қазақ атпаған, киелі құс деп қадірлеген. Үкіні қолда ұстап, қауырсынын, тұяғын бесікке, есікке, керегеге байлап қойған. Үкі тышқан, құрт-құмырсқа аулайды, жаңағы қауырсыннан үкінің иісін сезген жәндіктер үйге жоламай қашқан. Қазір үкіаяқты көзден сақтасын деген ниетпен алқаға, сырғаға тағамыз», – деп атап өтті.

1

Шебердің бұйымдарын президенттер мен корольдер тағады

Берік Әлібайдың қолынан шыққан туындылары – Нұрсұлтан Назарбаевқа, Малайзия короліне, Армения президентіне, Түркияның бұрынғы мемлекет басшысы Сүлеймен Демирелге, Йордания патшайымы Ранияға, Франция президенті Макронның жарына сыйға тартылған. Коллекциясындағы бұйымдардың құны – жасалу мерзімі, өзіндік тарихы мен әшекейленген тастарына орай.

«Гауһар, зүбаражат, ақық, маржан тастармен көмкерілген бұйымдардың бағасы жоғары. Бір гауһар тастың өзі он мың доллардан асып кетеді. Ер тұрманның құны 25 миллион теңге, бірақ 20 миллионға сұрағандар болды. Көрмеге қоямын деп бермей қойдым. Бағасы 5 млн теңгені құрайтын бұйымдар бар. Олардың бағасы қандай заттан жасалғанына және оған қанша уақыт кететініне байланысты. Ең қымбат жұмыстар – гауһар тастармен әшекейленген белдік пен асатаяқ», – деді зергер.

1

Қолөнершілерге қандай көмек керек?

Қолөнер қаржыдан бұрын, шабыт пен талантты талап ететін хас өнер. Сала мамандары қолданбалы өнерге мемлекет тарапынан салықтық жеңілдік, шетелдік көрмелер кезінде кеденде құқықтық қорғау қажет екенін жеткізді.

«Әртүрлі мемлекеттерге конкурсқа қатысқан кезде біздің қолөнер туындылары жоғары бағаланып, алғашқы орындарды аламыз. Себебі бұйымдар дизайн жағынан ерекше, көлемді. Өңіржиектер, білезіктер қандай көлемді. Отыз жыл тәуелсіздікте «бірінші экономика, содан соң мәдениет» деп кеттік. Мәдениет қашанда бірінші кезекте тұру керек. Мемлекет қолөнерге қолдау көрсету керек. Мәселен, көршілес Өзбекстан елінде қолөнермен айналысатын адамдарға салық салмайды. Себебі сен болашақ үшін, мәдениет пен өнер үшін қызмет етіп жатқан адамсың. Бізде бұл тұсы кемшін, қанша басшылықтағы азаматтарға құлаққағыс етіп айтып жатырмыз. Онымен биліктегі азаматтар айналысып, мектептерде қолөнерге қатысты үйірмелер ашуы керек. Бәріміздің қызығушылығымыз сол еңбек сабағынан басталды ғой. Бәрі шебер боп кетпесе де, ұлттық бұйымдарды көріп, танып, біліп өссе артық болмайды», – дейді Берік Әлібай.

Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, өнертанушы, қолөнер саласын зерттеп жүрген сарапшы Раушан Қарғабекова да қолөнерге мемлекет тарапынан құқықтық қолдау жетіспейтінін алға тартты.

«Ерекшелігі – бұл көне көздің, дәстүрді бағалағаны, түрлі әдістерді жоғары деңгейде меңгергенін айтуға болады. Зергерлердің арасында ағамыз ұмыт болған бұйымдардың қыр-сырын біліп, жаңғыртып, тарихын жақсы білетін бірден-бір маман. Әлемдік зергерлер арасында ең жоғары сапа белгісі «Фаберже» атағы бар. Қазақстанда бұл деңгейдегі атақ екі ғана зергерде бар. Халық арасында зергерлік өнер жалпы төмен бағалануда. Бұл өкінішті жағдай. Бізде басқа елдің брендтерін сатып алуға құмарлық басым. Меніңше бұл жағдайды өзгертуге әбден болады. Мемлекеттік тұрғыда қолдау көрсету керек. Зергерлерді, қолөнершілерді заңмен қорғау жұмыстарын жүргізу, қолға алу өте маңызды. Көрші елдерде бұл жұмыстар зерттеу институттарында ғалымдардың көмегімен, меценаттар, туристік кластердің қолдауымен жүргізіледі. Мысалы, көрмеге қатысқанда зергерлер шекарада көп азап көреді, себебі әрбір затқа, бұйымға рұқсат алу үшін эксперттерге жүгінеді, оның бәріне қаражат қажет. Бағалы метал болғандықтан (драгметалл) көбіне өткізбейді және тарихи антиквариат деп тартып алатын жағдайларда бар. Сондықтан олар көрмелерге сирек шығып жүреді. Қолөнер шеберлеріне заңды түрде ешқандай қолдау жоқ. Біздің шеберлерге немқұрайлы қарайды. Тек осындай үлкен жиындарда іздестіріп, бір сәттік қолдайды да, іс-шара біте сала ұмытып кетеді. Мысалы, өзбектерде шеберге атақтан басқа қолдау көрсету – салықты төмендету, кейде хас шебер деген атағы бар болса салықты мүлдем алып тастайды. Оларға көмек – шеберхана, сатуға арналған орын-маркеттер беріледі. Буклет шығару, ғалымдармен байланыс, мақала жаздыру, шетелге паш ету сияқты көптеген жұмыстар атқарылады. Өкінішке қарай, осы жұмыстар көңіл толарлықтай атқарылмайды», – деді Раушан Қарғабекова.

Қаламгүл Әділова

Тегтер: