Зейнетақыны енді пластикалық отаға пайдалануға болмайды
Қазақстандықтар енді зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пластикалық операцияларға пайдалана алмайды.
12 желтоқсаннан бастап enpf-otbasy.kz платформасында реконструктивті және қалпына келтіру (пластикалық) оталарға өтінім қабылдау ресми түрде тоқтатылады.
Бұл шешім азаматтардың БЗҚ қаржысын мақсатсыз қолдану қаупінің күрт өсуіне байланысты қабылданған. Бұған дейін стоматология мен офтальмологияға өтінім қабылдау тоқтатылғаннан кейін, қазақстандықтар жаңа бағыт ретінде пластикалық операцияларды жаппай таңдай бастаған.
Отбасы банкінің деректеріне сәйкес:
-
Бұрын айына орта есеппен 16 өтінім түсетін;
-
Қыркүйекте – 123 өтінім;
-
Қазанда – 1 844;
-
Қарашада – 3 878;
-
Желтоқсанның алғашқы сегіз күнінде ғана – 2 093 өтінім тіркелген.
Бұл әдеттегі айлық көрсеткіштен 130 есе көп. Желтоқсан айындағы өтінімдердің жиынтық сомасы 1,8 млрд теңгеге жеткен.
Отбасы банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, пластикалық оталарға деген қызығушылықтың күтпеген жерден артуы — БЗҚ қаражатын мақсатсыз пайдалану қаупін көрсеткен.
«Қазір кейбір азаматтар зейнетақы ақшасын делдалдар арқылы заңсыз шешіп алуға тырысып жатыр. Нәтижесінде пайда көріп отырған – делдалдар. Біздің міндет – зейнетақы қаражатының нақты мақсатына жұмсалуын қамтамасыз ету», - деді ол.
Қазіргі уақытта пластикалық операцияларға берілген 6 294 өтінім қаралу үстінде. Банк олардың барлығын қолданыстағы тәртіпке сәйкес өңдейтінін мәлімдеді.
Сонымен бірге азаматтарда зейнетақы жинағының бір бөлігін маңызды және қымбат ем түрлеріне пайдалану мүмкіндігі сақталады. Оларға мыналар жатады:
-
сирек (орфандық) ауруларды емдеу;
-
радионуклидтік және радиойод терапиясы;
-
радиохирургиялық ем;
-
протондық терапия.
Сондай-ақ зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттауға болады: баспана сатып алу, ипотеканы өтеу немесе Отбасы банкіндегі депозитті толықтыру.
Айта кетейік, бұған дейін банк зейнетақы қаражатын тіс емдеуге және көз ауруларын емдетуге пайдалану мүмкіндігін де тоқтатқан болатын.