Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 30 Тамыз 2024

Жаһандық төтенше жағдай: Маймыл шешегі және біз

маймыл шешегі
Фото: иашық дереккөз

Енді маймыл шешегі тіркелген елге барып-келгендер бақылауға алынады. Бұл туралы арнайы қаулыда айтылған. 

Маймыл шешегі туралы ақпараттар легі көбейіп тұр. Дақпырт та аз емес. Соңғы кездері ел ішінде Қазақстанда маска режимі енгізіледі екен деген де сөз шыға бастады. Дегенмен ресми ештеңе айтылмаған соң, қоғам онша мән бермей тұрған. Ақыры, бұл жұқпалы індетке байланысты бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің міндетін атқарушы Нұрқан Сәдуақасов маймыл шешегінің таралуына қатысты қаулы қабылдады.

Қаулы бойынша, маймыл шешегі ауруына күдікті адамдарды анықтауға, эпидемиологиялық анамнез жинауға, байланыста болған адамдарды оқшаулауға, емдеуге, медициналық бақылау бойынша меншік нысанына қарамастан денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлеріне арнайы оқыту жүргізіле бастады. Сондай-ақ шетелдік студенттерді, оның ішінде соңғы 21 күн ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған тізімге сәйкес маймыл шешегі тараған елдерден келген Қазақстан азаматтары медициналық бақылауға алынады. Қажет болған жағдайда көлік министрлігі жолаушылардың көптігін ескере отырып, дене температурасын қашықтан өлшеу жүйесін орнатады. Көлік құралдарында антисептиктердің, дезинфекциялау құралдарының болуын бақылайды. Ішкі істер министрлігі маймыл шешегі ауруына күдікті науқас анықталған жағдайда халықаралық әуежайлардың, халықаралық теміржол түйісу станцияларының, теңіз порттарының аймағына бақылау бекеттерін орнатады, т.б.

Қаулы бойынша жүктелген міндет тастай. Ал енді нақты іс жүзінде осы бір «аты жаман» ауруға дайынбыз ба?!

Дүниежүзіліқ денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) маймыл шешегі әлемнің 116 елінде тіркелгенін мәлімдеді. Аталмыш ұйымның дерегінше, дерт қазірдің өзінде адамзат баласының 50 пайызына қауіп төндіріп тұр. 14 тамызда ауру Конго аймағында өршіп, көрші елдерге тарала бастағаннан кейін ДДСҰ маймыл шешегін жаһандық төтенше жағдай деп жариялады. Қазір Африка елдерінде аурудан қайтыс болғандардың саны күн сайын артуда. Бір аптаның ішінде 2000-нан астам жаңа инфекция тіркелді.

Қазақстан қоғамында да әдеттегідей, дабыра ақпараттар өріп жүр. Мысалы, қазірчаттар мен әлеуметтік желілерде «15 қыркүйектен бастап елімізде бетперде тағу режимі енгізіліп, оқушылар қашықтан оқуға жіберіледі екен» деген хабарламалар тарап кетті. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, білім және ғылым министрлігі бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеген. «Маска тағу режимі тек медициналық ұйымдардың қызметкерлеріне енгізіледі» делінген мәлімдемеде.

Дайындығымызды нөлдік шкаламен бағалауға болады

Медицина саласының маманы, отандық дәрігер Қайырғали Көнеев маймыл шешегі жай әшейін желшешек емес екенін, ДДСҰ тектен-текке ескерту жасамайтынын айтады. Ал бұл дерттің алдын алуға қатысты біздің дайындығымыз өте төмен. Отандық медицина маманы үкіметтің осыдан үш-төрт жыл бұрынғы коронавирус пандемиясынан сабақ алғанына күмәнмен қарайды.

«Маймыл шешегін тарқатып айтар болсақ, бұл ауру әлемге қауіп төндіріп отыр. Вирусты жұқтырғанда адамның иммунитеті өздігімен күресуге тырысады. Алайда вирус штамдары тез өзгеріске ұшырап отырса оның зияны орасан зор. Білесіз, біздің елге ковид ең алғаш келгенде көрші Қытайдан келген жоқ, Швеция мен Германиядан келді. Сол тәрізді маймыл шешегі де қазір Швецияға барды. Егер ол елдің билігі онымен күресті игере алмаса, біз, тіптен осалдығымызды көрсетеміз. Әзірге Швеция үкіметі бұл дертті ауыздықтай алып тұр. Әзірге біздің дайындығымызды нөлдік шкаламен бағалауға болады. Білесіз, ковид тараған кезде бізде оған қарсы вакцина болған жоқ. Ол кезде ковидтің тек симптомдарымен ғана күрестік. Бұл жолы да солай амалдауға тура келеді. Себебі бұл дерт біздің тәжірибемізде мүлде кездеспеген. Оның штамдары қалай өзгеретіні белгісіз», – дейді дәрігер.

Бұл ауру әдетте жеңіл өтеді. Бірақ кейбір жағдайларда бөртпелер іріңдеп, ол адамның денесіне тарала бастаса, мұндай асқынулар өлімге апарып соқтыруы да әбден мүмкін.

Медицина ғылымының кандидаты Айсері Белгібаев та әріптесінің сөзін жоққа шығармайды. Оның айтуынша, жыл басынан бері Африка елдерінде маймыл шешегін жұқтырған 18 мыңға жуық дерек тіркелсе, соның ішінде 517-сі қайтыс болған. Қазір маймыл шешегінің Африкадан тыс дерегі –Щвецияда, Пәкістанда, Таяу Шығыстың Мардан қаласында тіркелген. Маманның сөзінше, маймыл шешегінен әсіресе балаларды қатты сақтандыруымыз керек.

«Маймыл шешегіне қатысты әлі ресми анықтама берілген жоқ. Оның адамға жануардан жұғатыны, адамның дене қызуы көтеріліп, басы қатты ауырып, бұлшық еттері, лимфа түйіндері іситіні, терісі бөртетіні айтылады. Бір ескеретіні, балаларда желшешек кезінде де тура осы жағдай қайталанады. Сондықтан аталмыш дерттен балаларды сақтандырған жөн.

Бізде коронавирус кезінде бекітілген хаттама бар, соған сүйену қажет. Үкімет медицина мекемелерін, медицина мамандарын арнайы вирустан қорғайтын медициналық киімдермен жабдықтап отыруға тиіс. Біз ковидтің кезінде қалай абдырадық?! «Жаман айтпай, жақсы жоқ», вирус тарай қалған жағдайда ауруханалар қанша адамды қамтиды, дәрі-дәрмек қоры, протокол жайы, бәрі дайын болуы керек. Ойын-сауық орталықтары, әуежайларда дене қызуын өлшейтін тепловизорларды бұрынғыдай қайта орнатқан дұрыс. Пандемия бар ма, жоқ па, ол маңызды емес. Маңыздысы, біздің әлдеқандай жағдайға дайын болуымыз. Егер аталған дерт елге жетіп, оған біз дайын болмасақ, медицина мамандарына қиындық тудырады», – дейді А.Белгібаев.

Тіпті маман ковидтің қаупі де әлі сейілмегенін айтып, жекелеген азаматтарды әлі де жеке бас гигиенасын сақтауға, ковидтің кезіндегі сақтық шараларын ұмытпауға шақырып отыр.

«Маймыл шешегіне қатысты сақтық шараларын күшейтіп, дәрігерлердің шетелдік дәрігерлермен онлайн тәжірибе алмасуына, арнайы оқыту курстарынан өтуге жағдай жасау керек. ДДСҰ тектен-текке ескерту жасамайды. Бұл вирустың не екенін, қандай екенін отандық вирусологтар да зерттеп көрмеген. Өйткені ол бізде жоқ, тәжірибемізде болмаған», – дейді А.Белгібаев.

Айтпақшы, вирус төңірегінде бірнеше вирусолог ғалымдарға да хабарласып көргенбіз. Расымен де олардың дені маймыл шешегіне қатысты ғаламторда көрсетілген ақпараттарды ғана жіктеп айта алды. Ал ол вирустың штамдары қалай өзгеретінін, оның әсері қандай болатынын әзірге ешбір отандық вирусолог зерттеуге қызығушылық таныта қоймаған. Қазіргі цифрлық технология дамыған заманда біздің отандық вирусологтардың бірде-бірі шетелдегі әріптестерімен байланысқа шығып, дерттің жай-жапсарын зерттеуге талпынбапты. Аты-жөнін жария етуге үзілді-кесілді қарсы болған қайсыбір вирусолог ғалымның пікірінше, «Ой, ол шешек бізге келмейді. Елді босқа даурықтырмаңдар».

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ