Жабық келіссөздерде Қазақстан Ресейдің АҚШ-қа өз еркімен берген аумағы деп көрсетілген
АҚШ-та Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Буш арасында 2001, 2005 және 2008 жылдары өткен жабық келіссөздердің құпия стенограммалары жарияланды. Бұл құжаттарда айтылған кейбір мәлімдемелер халықаралық қоғамдастықтың ерекше назарын аударды.
Атап айтқанда, 2001 жылғы алғашқы кездесуде Владимир Путин посткеңестік кеңістіктегі бірқатар елдерді, соның ішінде Қазақстанды, Украинаны және Кавказ аймағын «Ресейдің өз еркімен берген аумақтары» деп атаған. Оның айтуынша, Кеңес Одағының ыдырауы нәтижесінде Ресей «мыңдаған шаршы шақырым жерінен айырылды», ал мұны ол «естен танарлық жағдай» деп сипаттаған.
Сол әңгіме барысында Путин бұл жағдайға кеңестік партия басшыларының қателіктері себеп болды деп мәлімдеген. Ол Қазақстан туралы сөз қозғап, бұл елдің «ғасырлар бойы Ресейдің бір бөлігі болғанын» айтып, оның жоғалуына өкініш білдірген. Бұл пікірлер Ресейдің жаңа әлемдік тәртіптегі орны мен НАТО-ның кеңеюі мәселелері талқыланған тұста айтылған.
Ал 2008 жылғы келіссөздерде Владимир Путин Украинаны Кеңес Одағы кезінде құрылған «жасанды мемлекет» деп атап, Ресей бұл елдің НАТО-ға кіруіне жол бермеу үшін «проблемалар тудыруға дайын» екенін ашық ескерткен. Құжаттарда Ресей президентінің НАТО-ның кеңеюін ел қауіпсіздігіне басты қатер және ұзақ мерзімді қақтығыстардың көзі деп бағалағаны да көрсетілген.
Осы мәлімдемелер Ресей басшысының посткеңестік кеңістікке және Батыспен қарым-қатынасқа қатысты көзқарасы 2000-жылдардың басында-ақ қалыптасқанын аңғартады.
Сонымен қатар, бұған дейін Мәскеуде өткен мемлекеттік сапар барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Қазақстандағы орыс тілінің маңызын атап өткен болатын. Ресей президенті қазақ әріптесіне орыс тілін ілгерілетуге бағытталған халықаралық ұйым құру бастамасы үшін алғыс айтып, Қазақстандағы білім беру саласында орыс тілінің кеңінен қолданылатынын жоғары бағалады.