Жабылған есік, өшірілген микрофон... АЭС «құрылысы» алалаудан басталды
20 тамыз күні Астанадағы Redisson қонақ үйінің мәжіліс залында АЭС құрылысына қатысты 20-сыншы жария талқы өтті.
Таңғы сағат 9-да басталып, 11-де аяқталған талқылауға кейбір белсенділер кіре алмады. Кіреберісте шу шығарған соң, біраз азаматты тікелей трансляция көрсетілетін қосымша залға өткізді. Сұрақ-жауап барысында да қарсы пікір айтқан тарапқа екі минут уақыт берілсе, АЭС құрылысын қолдап, сөз сөйлегендердің уақыты шектелмеді.
Жиынға атом саласының сарапшылары, мемлекеттік органдардың, азаматтық сектордың өкілдері және қарапайым азаматтар қатысты. Іс-шараны Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева мен Астана қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы, саяси ғылым докторы, доцент Зулфухар Гаипов жүргізді.
АЭС құрылысы екі облыста жүргізіледі
АЭС құрылысының тиімділігі туралы айтқан «Қазақстандық атом электр станциясы» АҚ директоры Тимур Жантикин бірінші станция Балқаштағы Үлкен ауылының ауданында салынуы керегін айтты. Айтуынша, АЭС құрылысы барысында 8 000 жұмыс орны және пайдалануға берілгеннен кейін 2 000 жаңа жұмыс орны құрылады.
«2018 жылы атом станциясын салудың техникалық-экономикалық негіздемесінің бірінші бөлімін әзірледік, онда екі өңірде станция салу мүмкіндіктері қарастырылған. Біріншісі – қазіргі Абай облысындағы Курчатов қаласы, екіншісі – Алматы облысы Балқаш маңындағы Үлкен ауылы. АЭХА ұсынымдары бойынша кең ауқымды зерттеу жүргізілді, атап айтқанда, қауіпсіздік, қуатты ядролық нысандарды орналастыру шарттары бойынша және Қазақстан Республикасында қолданылатын нормативтер негізінде жүргізілді. Екі аудан да жарамды деп танылды. Оңтүстік Қазақстан – электр энергиясын тұтыну орталығы. Оңтүстік негізгі генерация болып саналатын Солтүстікте шығарылатын энергияны тұтынады, яғни бұл ядролық көзді орналастырудың оңтайлы орны. 2019 жылы маркетингтік процедураларды жүргізіп, жетекші сатушылардан техникалық және коммерциялық ұсыныстар сұрадық, бізге 13 жоба ұсынысы берілді. Энергетика министрлігімен бірге критерийлер жүйесі әзірленді, ол бойынша біз Қазақстанда құрылыс үшін ең перспективалы 4 жобаны таңдадық. Бұл – Қытай, Корея, Ресей және Француз компаниялары. 2022 жылы осы төрт жобалық ұсыныс үшін деректерді өзектендіру жүргізілді. Француз консалтингтік компаниясымен бірге бағалау критерийлерінің жүйесі жетілдірілді. Қазіргі уақытта осы жобалық ұсыныстарды егжей-тегжейлі зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Жантикин.
Ел энергиясының 70%-ы көмір станцияларында өндіріледі
ҚР энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова Қазақстанда электр энергиясының 70%-ы көмір станцияларында өндірілетінін, олардың орташа тозуы 70%-дан асатынын алға тартты. Мұрсалованың сөзіне сенсек, бұл станциялардың кейбірі келесі 10 жыл ішінде пайдаланудан шығарылады. Қазақстан шекаралас елдерден электр энергиясын жоспарлы түрде сатып алады. Ал елімізде электр энергиясын тұтынудың жыл сайынғы өсімі шамамен 3%-ды құрап отыр.
«2023 жылдың қорытындысы бойынша тұтынылған 115 млрд кВт/сағ энергияның 2 млрд кВт/сағатынан астам көлемі Ресей Федерациясынан жоспарлы түрде сатып алынды. Болашақта бұған жол бермеу үшін біз қазірдің өзінде тиісті шаралар қабылдауымыз керек. Қазіргі уақытта көптеген елдер АЭС салып жатыр. Қытайда 26 реактор салынып жатыр, Беларусь пен Біріккен Араб Әмірліктері өзінің алғашқы атом электр станцияларын салды. Ал көршіміз – Өзбекстан шағын атом станциясының құрылысы туралы жариялады. Жаңартылған энергия көздері туралы айтып жатыр, елімізде 2035 жылға дейін 26 мың Гбайт қуаттылығы бар станциялар жоспарланған. Оның ішінде қуаттылығы 10 мың Мбайтты құрайтын жел электр станциялары, күн электр станциялары бар. Экологиялық жағдайға байланысты көп станцияларды сала алмай жатырмыз, бізге жасыл энергетика керек», – деді Гүлмира Мұрсалова.
Жиыннан белсенділер шеттетілді
Спикерлердің баяндамасынан кейін жиынға қатысушылар өз сұрақтарын қойып, талап-тілектерін білдірді. Негізгі залға АЭС құрылысына қарсылық танытқан кей қоғам белсенділері сол бойы өте алмады. Қарсы пікір айтып, эмоцияға берілген қала тұрғындарына 2 минут қана берілсе, қолдау пікірін білдірген депутаттар мен мемлекеттік орган өкілдері көсіле сөйледі. АЭС құрылысының тиімсіздігі туралы баяндама әзірлеп келген петропавлдық белсенді Ернар Рахымжанов жиынға кіре алмағандықтан, қонақ үйдің кіреберісінде өз пікірімен бөлісті.
«Сауд Арабиясы АЭС құрылысына небәрі 2 млрд доллар жұмсады. Ал біз 15 млрд доллар құртпақшымыз. Не үшін деген сұрақ туындайды. АЭС ескінің қалдығы, жаңа Қазақстанның аяқсыз қалатын кезекті жобасы. АЭС бастапқыда 1940 жылдары салынды. 1978 жылы Аустрия АЭС-тен бас тартты. Біз Германияның бас тартқанын көрдік. Біздің елде мұндай ірі жобалардың абыроймен аяқталғаны жоқ. Спутник ұшырып көрдік, табылмай қалды. LRT құрылысын бастадық, аяқталмай тұр. Бізде тек ұрлауды біледі, азаматтық қоғам мен белсенділердің сөздеріне құлақ түрмейді. Тағы келіп: «Жаңа Қазақстан құрайық» дейді. АЭС құрылысына Ресей таңдалып қойғаны анық, бірақ Ресей әлемдік қауымдастық алдында агрессор ел. Құрылыс жұмыстары 10 жылға созылады, Францияда АЭС құрылысына 17 жыл кеткен. Шығыны – 12,7 млрд еуро болып, бастапқы жоспардан төрт есеге өскен. Қазақстанда жарықпен проблема жоқ. Әлемде 200 мемлекет болса, соның 32-інде ғана атом электр станциясы бар. Экологтар да АЭС-тің зияны туралы дабыл қағып келеді. Бірақ билік бізсіз де бәрін шешіп қойған. Осы жиынға eOtinish арқылы жіберілген баяндаманы дайындадым. Енді оларға сұрақтарымды қояйын десем, бізді залға өткізбей тұр. Осыдан кейін қалайша ашық қоғам, қоғамдық талқы дейміз?» – деп ашынды белсенді.
АЭС құрылысын жақтаушылардың негізгі дені ЖОО мен колледж студенттері. Олар залдың әр бұрышында қолдау лозунгтерін көтеріп, сұрақ қою кезінде де кезекке тұрып, АЭС-тің пайдасы туралы айтты. Ал «ертеңгі ұрпаққа қиянат жасап жатырсыздар» деп Семей мен Байқоңырды сөз еткен белсенді Нағызхан Төлеубаев залға айқай-шудың арқасында ғана өткенін айтып өкпеледі.
«Бұл мәселені ел президентінің өзі ашық талқыға салыңдар деді емес пе, мұнда жас балалар желкемізде тұр. Халық емін-еркін талқылайық. Сіздер кеше бүкіл әлемге әйгілі болған Семей, Байқоңырды ұмытып кеттіңдер ме?! Семейдің зардабын ел әлі тартып жатыр ғой. Неге осы мәселені айтпайсыздар. Ертеңгі ұрпаққа қай бетімізбен қараймыз? Бүгін бес-алты мың адам жұмыс істейді, оның зардабын жүздеген жыл өткен соң қарапайым халық тартады. АЭС-ті салдырмаймыз. Бұл жиын өтірік, халыққа істеп жатқан қастандыққа тоқтау салайық», – деген Төлеубаевтың микрофоны сөндірілді.
Екі сағатқа созылған жиын қорытындысыз аяқталды. 2023 жылғы 1 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты жолдауында жалпыұлттық референдум өткізу арқылы атом электр станциясын салуға бастамашы болған. Маусым айында Тоқаев АЭС салу бойынша референдум биыл күзде өтетінін мәлімдеді.
Айтпақшы, АЭС құрылысы туралы талқылау қайта қыза бастаған тұста әлеуметтік желілерде халық «20 мың теңгелік блогерлер» атап кеткен желі қолданушылары белсене бастады.
Екі сағатқа созылған жиын қорытындысыз аяқталды. Тоқаев референдум өтеді дегелі АЭС құрылысына қатысты ашық талқы республикадағы облыстар мен ірі қалалардың барлығында дерлік өтті. Бірақ ол талқыларда АЭС құрылысына қарсы тарапқа сөз берілмей, азаматтардың құқы өрескел бұзылған жағдайлар жиі кездесіп жатты. Алматыда өткен жиында да белсенділерге біресе уақыт, біресе микрофон жетпей қалды. Тіпті тұрғындар арасында орындық үшін дауласып, залдың назарын өздеріне аударып жатқан жағдайлар да бар. Одан бөлек, қоғамдық талқылардың уақыты тек жұмыс күндеріне қойылды. Демалыс күніне қойылған болса, халық саны көп болатыны айтпаса да түсінікті. Ашық талқыға қатысқандардың жартысы студенттер болса, жартысы квазисектор, әкімдік қызметкерлері. Барлық жерде халыққа басу айтып, жаңа жұмыс орны ашылатынын сүйіншілеген Елнұр Бейсенбаев сынды депутаттар қатар жүр. Мейлі ғой, жүре берсін, тек көзін ашар-ашпастан өзі де сенбейтін, сезінбейтін тақырыптағы жиындарға барып, «Ат – ер қанаты, атом – ел қанаты» деп ұрандатып жүрген біздің Жаңа Қазақстанның студенттеріне жаның ашиды...
Айжан Қалиева