"Жабылған жала": Бишімбаевтың ата-анасы сотта жеңіп шықты

Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы Қайрат Кемеловке қарсы сот ісін ұтып, оның бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында айтқан сөздері жала екенін дәлелдеді.
Бұған дейін Валихан Бишімбаев пен Әлмира Нұрлыбекова Қайрат Кемеловке қарсы азаматтық арыз түсіріп, елордалық сотқа ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы талап қойған еді. Қайрат Кемелов - Бишімбаевтар отбасының туысы әрі сот-медицина сарапшысы Тахир Халимназаровтың әріптесі.
Іс материалдарына сәйкес, Қайрат Кемелов 2025 жылғы 14 қаңтарда “Айран” YouTube арнасында тікелей эфирде сұхбат беріп, 2023 жылғы 9 қарашада – Салтанат Нүкенованың қайғылы қаза тапқан күні – Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы одан мәйітханаға барып, ұлының пайдасына қорытынды беруді сұрағанын айтқан. Тіпті, осы мақсатта BAU мейрамханасын беруге дайын болған деген мәлімет те айтылған еді. Қайрат Кемеловтың айтқан екі сөйлемі Бишімбаевтар отбасының абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін деп танылды. Сот шешіміне сәйкес, Кемелов сол платформада бұл мәлімдемелерді теріске шығаруға міндетті. Моральдық шығын әр ата-анаға 100 мың теңгеден (жалпы 200 мың теңге) бағаланды. Бұл ретте, талап арыздарында ата-аналар әрқайсысына 8 миллион теңгеден, яғни жалпы 16 миллион теңге моральдық өтемақы талап еткен еді.
Сот Қуандық Бишімбаевтың ата-анасының талап-арызын жартылай қанағаттандырды.
Енді Қайрат Кемелов өз сөздерін “Айран” арнасында ресми түрде жоққа шығарып, талапкерлердің әрқайсысына 100 мың теңгеден, жалпы 200 мың теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Өкілдік шығындар мен мемлекеттік бажды қоса есептегенде, Кемелов Бишімбаевтардың ата-анасына барлығы 610 мың теңге төлеуі тиіс.