Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:27, 17 Қазан 2024

Жадраевтың жеңісі, Айқабақтың шабысы және 14,9 млрд теңге

1

Барлық әлем елдері секілді Қазақстан да спортқа, спорт мәдениетін дамытуға көңіл бөледі. Осы салаға қатысты мемлекет немесе жауапты министрлік қандай тапсырма берсе де оны орындап, нәтиже шығаруға жауапты – жергілікті басқармалар мен бөлімдер.

 Негізгі бағыт-бағдар беруші мен қадағалаушы да аталған органдар. Осы орайда спорт саласы бойынша Алматы облысындағы жағдаймен танысу үшін спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабековпен тілдестік. Еңбек жолын бөлім қызметкері ретінде бастаған басшы барлық структуралық ерекшеліктер мен спорттағы стратегия туралы тарқатты. 

Сегіз айда 3254 спорт шарасын өткіздік

Спорт – денсаулық кепілі. Бізді осылай өсірді. Сондықтан ең алдымен дені сау ұлт тәрбиелеу, жастарды спортқа баулу, бұқаралық спортты дамыту, осының бәріне қолайлы жағдай жасау деген мақсатта жұмыс істейміз. Әрине, өз кезегінде Ұлттық құрамаға спорттық резерв әзірлеуге, чемпиондар тәрбиелеуге де күш саламыз. Байқап отырсақ, небір дүлдүлдер ауылдан шығып жатыр. Халықаралық дәрежеде, әлемдік деңгейде намысымызды қорғап жүрген спортшыларымыздың дені ауылдан шыққан дарындар. Сондықтан облыстық басқарма ретінде бөлімдермен тығыз жұмыс істеп, дарындыларды анықтауға тырысамыз. Осы мақсатта қолдан келгеннің бәрін жасап, мүмкін нұсқалардың барлығын да пайдаланып жатырмыз. Соның ішінде әртүрлі спорт шараларын ұйымдастырамыз. Мәселен, биылғы жылдың бастапқы сегіз айында-ақ 3254 спорт шарасын өткіздік. Соның ішінде халықаралық, республикалық чемпионаттар да бар. Атап айтқанда, екі рет Азия чемпионатын, 20 республикалық турнир, 12 республикалық чемпионат, 4 халықаралық, 86 облыстық деңгейдегі сайысты ұйымдастырдық. Оған қоса аудандық шараларымыздың да қатары мол. Мұның бәрі де тұрғындарды қызықтыруға, ынталандыруға оң ықпалын тигізеді. Нәтиже де жаман емес. Бүгінде облыс халқының мың адамға шаққандағы 40 пайызы спортпен шұғылданады. Бұл көрсеткішті жоспарлы түрде арттыра бермекпіз.

Ал спорт түрлеріне келсек, спорттың ойын түрлері сұранысқа ие. Соның ішінде футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі де бар. Жастардың да, үлкен-кіші жастағы тұрғындарымыздың да осы спорт түрлеріне деген ынтасы, бейімі жақсы. Әуесқойлар өз алдына, кәсіпқойлар қатары да артып жатыр. Бұл орайда, мықтыларды іріктеу, анықтау мақсатында спорт сайыстарын көптеп өткіземіз. Әр ауданның немесе елді мекеннің өз клубтарын құруды қолға алдық. Яғни клуб бір ғана спорттан емес, футбол, волейбол, баскетболдан команда шығарып, командалық есепте Алатау лигасында бақ сынасады. Мұның өз мәні бар. Мысалы, бір ауыл тек футболдан мықты болуы мүмкін. Бірақ олар жарысқа қатысу үшін тағы волейбол мен баскетболдан команда жасақтап әкелуі тиіс. Осылайша, команда жинау арқылы көп адам спортқа тартылады, ауқымы кеңейеді. Алдағы уақытта үстел теннисін де қосамыз. Әрине, мұны кейбіреулер түсінбей жатады, қабылдай алмай қалады. Сондықтан бастапқыда қиындықтар кездесті. Бәрін реттеп, біртіндеп алға жылжып келеміз. Болашақта клубтардың жұмысы мен олардың өзара сайысын дәстүрлі негізде өткізсек деген жоспарымыз бар.

Ұлттық спорт назардан тыс қалған емес

Елімізде де, облысымызда да ұлттық спорт жағына баса мән беріледі. Оның өз мықтылары мен көрермен-аудиториясы бар. Жанкүйерлері көп. Әрі ұлттық құндылық ретіндегі рөлі мен орны да салмақты. Жергілікті жұмыстармен басқармамызға қарасты Ұлттық спортты дамыту дирекциясы айналысады. Негізінен, бәйге, садақ ату, көкпар, жамбы ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, саятшылық өнерлері жақсы қарқынмен дамып келе жатыр.

Оның айқын көрінісі ретінде қыркүйекте өткен бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойындарын атап айтуға болады. Бұл дәстүрлі этноспорт түрлерін және мәдени мұраны сақтап, дамытуға бағытталған ірі халықаралық спорттық шара. Әлемнің 89 елінен қатысушылар келген дүбірлі додаға 2 430 спортшы қатысып, 21 спорт түрі бойынша 97 медаль сарапқа салды. Өздеріңіз білесіздер, жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орынды иеленді. Қырғызстан спортшылары екінші орынға жайғасып, Өзбекстан үздік үштікті түйіндеді. Соның ішінде облысымыздың 14 спортшысы бәйгеге ат қосып, біразы қанжығалары майланып оралды. Үшеуі көкпарға барып, екеуі жүлделі қайтты. Тағы бір спортшымыз көкбөріге қатысып, екінші орын алды. 11 сәйгүлігіміз бәйгеге барды. Атап өтетіні, аламан бәйгені ұтып алған Айқабақ Бақанас ауылынан шыққан тұлпар. 18 шақырымға топ бәйгеге шапқанда да Алматы облысының сәйгүлігі бірінші орын алды. Құнан бәйгеде де алдыңғы қатардан көріндік. Демек, ұлттық спорттағы жетістіктер басқа спорт түрлерінен аз емес. Оған қолдау да жетерлік. Бұл жетістіктер бір күнде келе салмайды. Балалар кішкентай күнінен муляжбен дайындалып, алдын ала бейімделеді. Мәселен, серкені жерден алып көтеру, жамбы атудың теориясы о бастан үйретіледі. Сондай қажырлы еңбектің арқасында спортшыларымыз алдыңғы қатардан көрініп жүр.

Ең қызығы, ұлттық спорт, басқа да спорт түрлерімен қатар, киберспортқа да мән беріп жатырмыз. Бұл компьютерлік спорт немесе электронды спорт деп те айтылып жүр. Аты айтып тұрғандай, видео ойындарға негізделген командалық немесе жеке жарыс түрі. Біз аталған екі бағытта да арнайы секцияларды арттыру үстіндеміз. Облысымыздың өз клубы да бар. Жылына бірнеше рет облыстық чемпионат өткіземіз. Әлемде дамып келе жатқан тренд спорт болғандықтан, оны тастап кете алмаймыз. Оның үстіне, бұл ойында ұтқыр, дарынды балаларымыз да бар. Әр баланың физиономиясы басқаша, қызығушылықтары бөлек. Сондықтан әрбірін қолдауға міндеттіміз. Әрі техника заманында коллаборация да керек. Оған бейімделмей қалуға болмайды. Әсіресе әлем елдері дамытып жатқанда біз де ол бәйгеге ат қоса алатындай деңгейде болғанымыз дұрыс, қапы қалмағанымыз жөн.

Тағы бір айта кетерлігі, мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше күтімді қажет ететін балаларды да спортқа баулу, оларға қолайлы орта жасау ісі де аса маңызды. Бүгінде өңірде 77 спорт секциясында 4 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты түрде жаттығады.

Инфрақұрылым жетіспеушілігі үнемі болады

Қай спорт түрін дамытамын десең де, оның бәріне салалық инфрақұрылым қажет екені белгілі. Жаттығу жұмыстары үшін арнайы ғимараттар мен құрал жабдықтар керек. Алайда оның жетіспеушілігі барлық өңірлерде бар, үнемі болады да. Себебі халық саны жылдан жылға артуда. Демографиялық өсім динамикасы жоғары. Әлбетте, біз де қарап қалмай, тиісті инфрақұрылымды дамытуға күш салып жатырмыз. Әкімдік тарапынан, жеке кәсіпкерлер мен инвесторларды тарту жағынан жұмыстар тоқтаған емес.

Бүгінде облысымызда 1821 спорт нысаны бар. Алдыңғы жылы жаңадан үш спорт кешені ашылып, толық жабдықталды. Соның көпшілігі шет ауылдарда. Енді бапкерлер мәселесімен, балалар санын арттыру жағын жолға қойдық. Бұлардың бәрі де мемлекеттік мекеме ретінде толықтай тегін қызмет көрсетеді. Онда тек жасөспірімдер емес, зейнет жасындағы кісілер де жаттығу жасайды. Жұмыс барысында, нысандарды аралау кезінде оны өзім де жиі байқаймын. Бұдан не түсінуге болады? Бар болса, қолжетімді тұрса, халық спортқа да, жаттығуға да жақын. Уақыт табады, көңіл бөледі. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар тек артады.

Кейбір аудан орталықтары үшін бір спорт кешені аздық етеді. Халқы көп, мектептер тапшы. Оның үстіне, аудан орталықтарына сырттағы ауылдан келіп жаттығатын балалар да жетеді. Сондықтан екінші ауқымды спорт кешендерін ашуға да назар аударып отырмыз. Жақында Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарында осындай жұмыстар жүргізілді. Шелек ауылында шынықтыру-сауықтыру кешені, Қаракастек ауылында спорт кешені пайдалануға берілді. Дәл қазір Райымбек ауданы Сарыбастау ауылында 70 орындық, Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылында 50 орындық спорт кешендерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Екеуін де осы жылдан қалдырмай аяқтауды көздеп отырмыз. Одан бөлек, тоғыз спорт нысанының жобалық-сметалық құжаттамасы дайын тұр. Қаражат көзін реттеп жатырмыз. Соның ішінде, Қонаев қаласындағы көпфункционалды спорт кешенін атап айтуға болады. Тағы бес жоба бойынша ЖСҚ қорытындысын аламыз. Бұдан бөлек, бесеуінің ЖСҚ-сы жасалып жатыр.

Спорттық инфрақұрылымның осындай қарқынмен дамып жатқаны қуантады. Бұрындары шалғай ауылдарда спорт мектебі деген болмайтын. Балалар қапқа құм құйып жаттығып, даланы айналып жүгіретін. Тәуелсіздік алған соң халықтың әл-ауқатын көтеруге көп мән берілді. Шешілуі тиіс мәселелер реттілігі, приоритеттегі мақсаттар болды. Қиын-қыстау күндер өтті. Қажетті тұстарға күш салып, бір жүйеге келе бастаған соң өз жолымен, жоспарымен спортқа да назар аударыла бастады, ресурс артты. Жағдай оңалғаны да айқын. Қазір ең алыс, шалғай деген ауылда кем дегенде бір футбол алаңы бар немесе жаттығу жасайтын стрит-воркаут алаңдар тұр. Осының өзі оң өзгерістердің көрінісі.

Алдағы олимпиадада үш медаль алсақ деген мақсат қойдық

Осыншама күш пен ресурстың өз нәтижесін көрсететін кезеңдері де болады. Көріп отырғандарыңыздай, облысымыздан олимпиада чемпиондары шығып жатыр. Биыл өткен төрт жылдықтың додасы Францияның астанасы Парижде болды. Оған облысымыздан бес спортшы лицензия алды. Әуел баста солай жоспарлаған едік. Бәрі өз сәтімен болып, үш спорт түрінен бес лицензия иелендік: стенд атудан – Әсем Орынбай, Эдуард Ещенко, Дмитриенко Мария; оқ атудан – Чирюкин Никита; грек-рим күресінен – Демеу Жадраев. Негізі, 14 спортшы жеті спорт түрінен лицензияға үміткер болған, арасындағы ең үздіктері жолдама алды. Ал олимпиаданың өзінде Демеу Жадраевтың өнерін, шеберлігін, жеңісін барша қазақ болып тамашаладық. Облысымыздың спортшысы республикамызға күміс әкелді. Бұл – үкен еңбек, маңдай тер, жаттығулар мен күш-жігер. Дәл осылай, өзге де мықтыларымызды Ұлттық құрамаға дейінгі жолда дайындауды жалғастырамыз. Оқу-жаттығулар мен витаминизацияға күш саламыз. Бапкерлерге көңіл бөлеміз. Осылайша, ендігі Лос-Анджелес олимпиадасына дейін төрт жыл дайындаламыз. Уақыты келгенде 10 лицензия мен 3 медаль алсақ деген мақсатымыз бар.

Қаржыландыру жағына тоқталар болсам, осы жылы облысымызда дене шынықтыру мен спортты дамытуға 14,9 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде халықаралық жарыстарда намысымызды қорғап жүрген үздік спортшыларды ынталандыру мақсатында 239 спортшымызға 51-500 мың теңге аралығында стипендия берілуде. Бұл сома өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өсім көрсетіп отыр. Соған сай, жетістіктер де артуда. Мәселен, «Азия балалары» халықаралық спорттық ойындарында екі күміс, екі қола медаль иелендік. Олимпиада мен көшпенділер ойындарын жоғарыда айттық. Ал жалпы медаль саны – 1684. 29 спортшымызға «ҚР спорт шебері», 746 спортшымызға ҚР спорт шеберіне үміткер, 3 спортшымызға ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері атақтары берілді.

Ақжол МЕЙІРБЕК

Алматы облысы