Жадыра ШАМҰРАТОВА. Бейуақта ашылған құпия
Бейуақта ашылған құпия(Хикаят)[caption id=«attachment_17381» align=«alignnone» width=«643»]

Фото: Жадыра Шамуратова. Фейсбуктегі парақшасынан алынды.[/caption]Дөңгелегін санап айналдырғандай, кежегесі кейін тартып, өзін өзі қыстағандай әрең жүріп келіп тоқтаған автобус ішіне иін тірескен жұртпен араласып кірген бойда қалтасынан ұялы телефонын алып уақытты қарап жатып, «кешегідей тағы кешігіп жүрмесем жарар еді» деп ойлады. Күндегі көрініс. Бала кезден таныс өзіне. Кейде жалықтырады, кейде адамдарды сырттан бақылау әдеті көңілін бөледі. Бірінің аяғын бірі басып, бірінің сөмкесінің шығыршық темірі бірінің су жаңа киімін іліп кетіп, қабақ шытысқан әйелдер арқасындағы дәу рюкзагымен елдің бәрін түйіп ығырын шығарған жирен жігіттің өзінен-өзі айналып, ойнақшыған көзі мен ашулы жүзіне қарайды да әлдене деуге бата алмайды, аялдамадан асып барып тоқтаған жүргізушіге айқайлаған қарттың қалпағы желкесіне қарай ысырылып кетіпті, аялдаманы хабарлауға ерініп, бар есі-дерті елден ақша жинаумен болған кондукторға дүрсе қоя берген кемпір біреу-міреу орын бере ме деп айналасына үмітпен қарап тұр, екі құлағын шұбатылған ұзын сымдармен бітеп алған жастар терезеге қарап қалғыған түр танытады, күндегідей сапырылысқан тірліктің арасында екі өкпесі қысылып бұл да кетіп барады.Көп қабатты үйдің көлеңкесінде, күн шуағынан тысқары қалған аялдамада ұзақ тұрғанда бойы тоңази бастап еді, ал үлкен қаланың мәйітханасының ауласы әлден-ақ қапырық екен. Қарсы жақтан жел соқса бұдан сарайың ашылып жарытпайды, керісінше, әлдебір сасық иіс айналаны көміп кетеді де, сол сәтте айналаның бәрі көнетоз тартып, кірмей жатып кері бұрылып шыға жөнелгің келеді. Ауланың ахуалы да қашанғыдай көңілсіз, ортаға қойылған стол ғана о баста өзінің ерекше міндет үшін жасалғанын білетіндей үстіне қанша рет табыт қойылса да сыны қашпай-ақ, кілемге оралған мүрделердің бәрін көтеріп үйренген сыңаймен нық тұр. Ауланың шыға беріс жері бұдан кеңірек. Осы жерден кілемге не ақ жаймаға оралған мүрдені катафалкаға тиеп алып кетеді. Әдетте қалалық паталогоанатомиялық орталыққа түскендер әбден қартайып не жазылмайтын аурудан қайтыс болғандар.Сағат 10 болар-болмастан қаралы киім киген, жүздері сынық адамдардың жақындарының мүрдесін алып кетуге келіп тұрғанын көрді. Осы жерде жұмыс жасаған бір жарым жылдың бедерінде нешетүрлі адамды көрді, кейде бұған шын қайғыратындары үйде қалып, терісі қалыңдарын әдейі осындай жерге жіберетін сияқты көрінеді, бұл жерден елден ұят болмасын деп қана қайғырған түр көрсететіндерді де немесе күнде осы жерден өлік алып кетіп жүргендей бедірейген сазбеттерді де, тіпті ала таңмен ішіп, қызғын күйде келіп шу шығаратындарды да көруге болар еді. Сырттағылар сағат қарағыштап, күрсініп, шыдамсызданып, телефонын дамылдатпастан телефонның ар жағындағы адаммен шаршаған, таусылған дауыспен сөйлесіп, өздерінен өздері зілдей болып тұрған кездерінде іште санитарлардың қара терге түсіп, жан алып, жан беріп жатқанын білмейтін. Мүрдені ашқаннан кейінгі қайта тігіп шығу, жуындыру, киіндіру, егер қажет болса гримдеу солардың мойнында. Осы кезде сәулеті ескірген, о бастағы сарғыш бояуы оңа бастаған ғимараттан тәуір киінген орта жастағы ер адам шықты да әлдекімнің фамилиясын атап, «табытты әкеліңіздер» деді. Аздан соң манағы дауыстың «алып кете беріңіздер» дегені естілді. Кіреберісте бұжырбет кісі даусы қатты-қатты шығып, қолдарын сермелеп ренішін айтып жатыр. Осы тұрысында бойын ақ халат киген қызметкерді сабап тастайтындай ыза кернеген. Онша назар аудармаса да бұл шудың неден шыққанын іші шамалайды. Өз басы мүрдені ашқызу не ашқызбау қайтыс болған адамның еркіне, діни сеніміне байланысты шешілуі керек дегенге миы жетпейді, миының қуыс-қуысы өздерінің жастай оқуға түскен кезден сіңіріп алған қағидаларымен толып қалғаны сондай, мүрде ашылып, ол адамның өліміне әкелген не жағдай екенін, қандай ауру, қай органның жұмысынан ақау кеткенін біліп, тірі жүрген басқа адамдарға диагноз қоюда, емдеуде осының бәрі көмектесуі керек деп есептейді. Зерттемесең, білмесең қалай қорытынды жасайсың, тәжірибе жасалмағасын, нақты диагноз қойылмағасын медицинаның сапасы бола ма? Талай рет алдына келген мүрдені зерттегенде оның дәрігер қойған аурудан емес, мүлде басқа аурудан өлгеніне көзі жеткен. Бұндай күнде болып жатыр. Бұл да айқай шығарып жатқан адамның қасына тұра қалып, осының бәрін айтып түсіндіргісі келді де, бұл ойынан со бойы айнып шыға келді, өзінің осы біртоға қалпын бұзғысы келмеді, сөйлемейтін «клиенттермен» тыныштықта жұмыс істеп үйренгендіктен әңгімеден бойын тартып ұстайды.***Сабылыстың бәрі бірінші қабатта, ал екінші қабат түгелімен зертханалардан, қосымша орындардан тұрады. Бұл кіргенде студент бала да санитар болып жақында орналасқанына қарамастан алдындағы мүрденің басының астына кірпіш қойып өзіне ыңғайлап алып, бар ынта-шынтасымен жұмысқа кіріскен екен. Осылай етсе мүрде доға тәрізденген қалыпқа түсіп, оны сою да жеңілірек екенін біледі. Жас баланың кейде өзінен өзі мұңайып қалатынын да байқайды. Студент бала үшін тірісінде киімнің жақсысын киіп, басына құс жастықты салып еркелеп жүретін адам баласы өлген бойда басына кірпіш жастанатыны оның ойламаған жерден жазым болғанынан да аянышты көрінетін болу керек. Дегенмен, студенттің осы бір ауыр жұмысқа үйренгені жазыңқы қабағынан байқалады. Денені кесіп, ішкі мүшелерді шығарып, дәрігердің тексерісінен кейін оларды орнына салып, сол тілген жерді мұқият тігіп, арнайы техникамен грим жасап, мүрдедегі дақтар мен бозарғанын жасырып, ақыр соңында тірі адамдай киіндіретін ең лас жұмысты атқару жас жігітке қайдан оңай болсын, бәрі күнкөріс үшін, бұл жердің табысы да мардымсыз, әрі жұмыс болсын, әрі тәжірибе деп жүргені. Бастапқыда кеңсірікті қыспаса да қолайсыздық тудыратын осы иіске жүрегі лоблығанын жасыра алмай қабағы кіржиіп жүретін. Шыдамы қай уақытқа дейін жетерін кім білсін, әйтеуір, осындағылардың қолдары қалт етсе әлсін-әлсін темекі тартып келетін әдеті оған да жұққан. Осылай күніге жарты қорап темекіні түгеседі, бұл жағымсыз иістен сәл де болса қашуға сеп болады деп есептейді.– Тағы да ақ жайма керек!Студент әлдекімге дауыстады. Ақ жайма тең-теңімен әкелінсе де ұзаққа жетпей қалады. Кім екені анықталмаған мүрделер өртелуге не арнайы молаға жөнелтіледі. Туған туысқандары мен үй-күйі жоқтар әдетте киіндірілмейді, оған арнайы қаражат бөлінбеген. Бұл дұрыс емес деп есептейтін қызметкерлер оларды қандай дінде екеніне қарамастан ақ жаймаға орайды, олар арнайы сандар қатарымен жерленеді.Жұмыс бөлмесі қашанғыдай таза, ауадан спирт иісі шығады. Мұның патологоанатом ретіндегі күнделікті жұмысы аурудың тарихымен танысып, маркаланған органның бөліктері мен тканьдерін зерттеуден басталды. Мектепте жүргенде аналитикалық есептерді шығарғанды жақсы көретін, кейін ткань үлгілерін зерттеп, ауру тарихын қарау, рентген қорытындыларын салыстыра отырып диагноз қою оны шабыттандыратын болды, құдды өзін детектив ретінде елестетеді. Клиницист дәрігерлердің мұның қойған қорытындысын күтіп отырғаны оған шабыт береді. Өзі бір көрінбейтін жұмыс болса да, осы қиын жұмбақты шешкен сайын өз ішінде әлдебір қанағаттанушылық сезім пайда болады.Осы жерге келгенде жұмыс жайын өзіне үйреткен Саша ағайды жиі еске алады. Қашан көрсең де қалжыңдап, кейде адамның ойына келмейтін нәрсені айтып еріксіз күлдіретін Саша ағайдың қалжыңбастығын кейін барып түсінді. Адам жағымсыз әсерден қорғанудан амал табуы керек, әйтпесе өзіне қиын. Ал өзі мүрденің ішіне үңілгенде басқа ойды жиып қойып, диагноз қою керек дегенді ғана ұстанады. Алдындағы ауру тарихының өзі қысқа жазылған болса да басқа адам оқыса бойы тітіркенер еді, ал, ішкі мүшелері алынып, іші опырайып қалған мүрдені көрген бейсауат адамның жүрегі ұстап қалуы ғажап емес, өзіне ондай қаңғыған қорқыныш сезімі жат, алдындағы мүрдеге биологиялық материал деп қарайды. Егер алдына келген әрбір «клиентіне» қайғырып, өзінің эмоциясын білдіретін болса онда өзінен түк қалмайтынын біледі.Материалдың езіліп-босаңсуын қайтару үшін формалинге салып қойды. Осылайша тканьнің қалдығы бірнеше рет өңдеуден өтіп, арнайы парафинге құйылады. Бөлек-бөлек шыныларда өт, ісіктің бөлігі, хирург операция кезінде кесіп алған басқа да тканьдер салынған. Жасушаны микроскоппен анық көру үшін тканьдерді арнайы сұйықтыққа салып бояп алды, сол кезде қанға боялған орган сұр түске, ал өте жіңішке тіндер ашық түске енеді. Бірнеше шыныны былай алып қойды. Осының бәрін ештеңе ойламай отырып жайбарақат жасап жатты. Биопсияны зерттеуге әдетте 2-4 күн беріледі, ал нақты диагноз қоюға оншақты күн керек. Енді бүгінгі жұмысы бойынша акт толтырып, қорытынды жасау қалды. Тыныштықты клавиатураның тық-тық еткен дауысы ғана бұзып тұр. Принтер шулап, бірінші акт дайын болды. Ол екіншісіне кірісті. Осы отырғанда өзінің бүкіл «клиенттерін» танитын секілді.***Бүгін демалысы еді, бойы тоңази бастаса да көзін ашпай жата берді. Кезінде анасына жұмыс орнынан берген бір бөлмелі жатақхананың ішінде көз тоқтатып қарайтын да ештеңе жоқ. Дипломын енді алатын кезде жалғыз қалды. Енді бұл кешіксе «Балам, сені күтіп отырмын» деп телефон шалатын да, перзентхананың күнделікті өмірі туралы әңгіме айтатын да шешесі жоқ, жалғыз бөлме құлазып тұр. Аяқ астындағы кілемшенің қағылмағанына да көп болыпты, қақса қанша шаң шығар екен. Көз алдына кілемшеден бұрқ-бұрқ шыққан шаңды елестетті. Бұрыштағы үстіне су төгіле-төгіле беткі қабаты ісініп көтеріліп кеткен ескі тумбоның үсті де үйге келе жатып жол-жөнекей сатып алған пиццаның қорабы, кока-коланың ыдысы, донердің орама қағазынан ыбырсып кеткен. Ерте кетіп, кеш келетін бойдақтың жатағы не оңсын. Бөлмені жақсылап жинап алу керек деп ойлады. Кешелі-бері ойынан шықпай жүрген шаруасына да үлгеруі керек. Анасы қайтыс болғалы жалғыз бөлме де бар жылуынан, бар сәнінен, тіпті жағымды иісінен де айрылған. Анасы бұл жұмыстан қарны ашып келеді ғой деп иісін бұрқыратып борщ не самса пісіріп қоятын, ішіне махаббатын салып пісірген сол асты ішіп отырған бұған бүгінгі күні қалай өткенін айта бастар еді. Жүрегім ауырады деп шағымданып көрмеген анасын енді қайтып көре алмайтынына еш сене алмайды, әлі жұмыста Рая апайдың не Машаның кезекшілігін атқарып жүрген секілді. Содан бері жанын мұң құрсап алып жібермейтін, әлденені күтумен, әлденеге алаңдаумен өтіп жатқан күндерінің не өңі, не түсі екенін болжап болмастай күйде жүрген өмірінен өзі де жалыға бастаған. Айя кездеспесе түбі қанды қарасу секілді тұңғиық өзіне тартып кетер ме еді. Айяның кездескені қандай жақсы болды. Бәрібір шешесінің орны үңірейіп тұр. Жаны мұңнан әбден босап, жоғалту сезімі көмескіленгеннен кейін шешесінің немерелі болу туралы арманын орындасам дейді. Келешекте көрінер баласы қыз боларына және сол сәбидің әжесіне ұқсайтынына өзі кәдімгідей сенеді. Сол кезде әжесі періште болып қорғап жүретін шығар дейді. Шешесінің кішкене қоңыр көздерінде мейірім тұнып тұратын. Даусы үнемі бір қалыпты. Күн сайын шешесін есіне алады, оның күлгені, бірдеңеге қабақ шытқаны, даусы, киінгені бәрі көз алдында. Шешесін әлі қасында, бірақ қашанғыдай жұмыста жүр дегенге өзін иландырғысы келеді. Миымен шешесімен өткен күндерді оралту мүмкін еместігін сезіп тұрса да, жүрегі қас-қағымда болып өткен жағдайды қабылдар емес. Күн сайын анасы секілді ерте тұрып өзіне ботқа пісіреді, бірақ, онысы да анасыныкіндей дәмді болмайды. Шешесінің жақсы адам болғандығынан шығар, перзентханада бірге жасайтын әріптестері ұлынан басқа ешкімі жоқ жалғызілікті әйелдің ауыртпалығын көтерісті.Адамдары әр қиырдан жиналған бұл қалада туыс дегеннен шешесінің жақын сіңлісі ғана бар еді. Оны да өткен жылы білді емес пе. Бұрын өзінің сіңлісі бар екені жайында тісінен бір сөз шығармаған шешесі қайтыс боларынан екі ай бұрын ғана «қалайда сол нағашы апаңды тауып ал» деген. Мекен-жайын да берген. Бұрыннан біле ме, әлде біреулер арқылы тапты ма, ол жағы жұмбақ болып қалды. Сіңлің бар екенін бұрын неге айтпадың деп те сұрап үлгермеді. Интернеттен аты-жөнін іздегенде нағашы апасының жас кезде ауызға іліккен, ең атақты сыншылардың жоғары бағасын алған актриса екенін білді. Бәрі аяқ астынан, тез болғаны сондай, шешесі қайтыс болғанда нағашы апасына хабарласу да ойға келмепті. Өз қайғысымен жүріп ол туралы тіпті ұмытып кеткенін қарашы. Өміріңде көрмеген, естімеген адамды туыс деп қабылдау, іздеп табу жалғызбасты әйелдің өзімен өзі өскен жалғыз ұлына үйреншікті дағдыға айналмағаны тағы бар… Шешесінің қолымен жазылған телефон номерлерін тере бастағанда іштей қобалжу болды.***Нағашы апасын іздеп келіп, есіктің ашылуын біраз күтті. Жалғызбасты адам қанша дегенмен бұрын көрмеген адамына есік ашуға қорқасоқтайтын шығар деп ойлады. Жасы елулерден асқан сұңғақ бойлы, әдеміше, толықша келген әйел біраздан соң барып есікті ашты да мұны кіргізісімен тез жауып, бірнеше жерден сарт-сұрт еткізіп кілттеп жатты. «Сырт киіміңді мына жерге іл. Қалтаңда не бар? Осы жерде бол». Үйге келген адамды бұлай қарсылағанды бірінші көруі. Қалтасына қару салып жүретін күмәнді біреуге ұқсап тұр ма екен?Қаланың шет жағындағы уақытында жалғызбастыларға берілген жатақханадан басқаны көрмеген адам үшін үлкен аппақ диван қойылған кең холл тым абажадай болып көрінді. Тор көздері көп витражды терезенің қасындағы аппақ креслода адаммен бірдей аппақ аюды отырғызып қойыпты. Тық-тық еткен дыбыс шыққан жаққа бетін бұрғанда қолына сабалақ жүнді ақ ит ұстап алған нағашы апасы басқа бөлмеден келе жатыр екен. Үйдің ішінде жүрсе де аяғында ақ туфли. Осы тұрғанда бір жақтан келіп не бір жаққа жиналып жатқан адамға ұқсайды. Шашын ішіне қарай бұйралап, қасын сәндеп бояп, құлағына үлкен дөңгелек сырға тағыпты. Үстіндегі блузасының әппақтығы әйелдің таза киінетіндігін байқатады. Етегі жер сызған ұзын гүлді юбкасы қозғалған сайын тербеліп, қымбат әтірдің иісі мұрынға келеді. «Актриса екенін ұмытпайды екен» деп сүйсінді жас жігіт ішінен. Өзінің анасын есіне алды. «Ол қарапайым еді, ыңғайлы деп шалбар мен футболкасын тастамайтын. Мүмкін, басқа киім алуға ақшасы да жетпеген шығар, қас қылғандай мұның медицинаны таңдағанын қарасайшы, бақандай жеті жыл оқытты. Сөйткен шешесі мұның диплом алғанын да көре алмай кетті». Бір сәтке шешесі есіне түсіп мұңайып қалған жігіт нағашы апасына қарап отырып, мұның шешесіне мүлде ұқсамайтынын байқап іштей қатты таңғалды. Салыстырудың өзі артық, қиыннан қиыстырып ұқсатайын десең де еш ұқсамайтын. Нағашы апасы мұның қасына келіп отырар, аман-саулық сұрар деп күтіп отыр.Қайда қараса да аппақ түсті көрді, нағашы апасы ақ түсті ерекше ұнатады екен, тіпті итіне дейін ақ екен, көрмеймісің! Тұмсығы үшкір, ұзын құлақтары бетіне салбырап тұрған әппақ пудельдің жүндері жатыңқы, жуындырған соң мұқият тарағаны көрініп тұр. Иттің көзі қара түйме секілді, түймедей көздерін бұған сенімсіздікпен қадап үре бастады.Нағашы апасы бұған біртүрлі суық, адамға онша назар салмайтындай көрінді. Тіпті өзінің әпкесінің қайтыс болғанын естігенде де көзіне жас алмай бедірейіп отыра берді. Сұрағы да оғаш көрінді.– Рактан кетті ме?– Жүректен.– Перзентханадағылар түгел келді ме?– Ия. Бәрі келді. Жерлеуіне де көмектесті.– Көп ауырды ма?– Жоқ. Тіпті ауырмаған сияқты. Әлде маған білдірмеді ме.– Тез кетсе мамаң бақытты екен.Жігіт тосылып қалды. Ол не дегені, өмірден тез кету бақыт па? Жалғыз баласын өсіріп, оқытып, енді қызығын көрем дегенде бір туысы жоқ үлкен қалада жалғыз тастап кете барғанын қалай бақытқа балайды? Мына кісі қызық екен.Нағашы апасы басқа ештеңе сұрамады. Ас үй жақта стакандардың шылдыры естілді. Бұл отырған үлкен бөлменің бір қабырғасын нағашы апасының жас кезіндегі сұлу бейнесі алып тұр. Неткен сұлулық! Нағашы апасының көркі расымен де ақындар жыр жазып, суретші қылқаламын ыңғайлайтындай-ақ екен. Жиегі шілтерлі ақ шляпа киген ару ақ көйлегінің етегі желбіреп көк шалғынды жалаң аяқ кешіп барады. Ұштары қайрыла толқынданған шаштарын жел алып қашып ойнаған ерекше әсерлі сәтті кәнігі фотограф мүлтіксіз көшірген. Жанары қандай аялы еді! Өмірді бетінен қақпай еркелетер әкесіндей көріп барынша сеніп, еркелеген түр. Болар-болмас ашылған еріндерінде сол өзі сенген дүниеге іңкәрлік тұнып қалған. Жаймен ғана нағашы апасына көз салды. Ана суреттегі қасы қиылған талдырмаш ару мен алдындағы етжеңді, көзінің асты күлдіреген, шаршаңқы әйелді бір адам дегенге көзі жетіп тұрса да көңілі сенуі қиындау. Бірақ, шындық сол, адам бейшара өзгермеймін деп ерегісе тырмысқан сайын айтса нанғысыз түрге енеді, уақыт аямайды.Нағашы апасы сыртында өзінің сұлу бейнесі салынған бокалға құйып қара кофе берді. Кофені қайнатып жатқан кезде ауаға таралған жанды еліктірер иісінен-ақ күнде өздері жұмыста ішіп жүрген арзан кофе емесін шамалаған. Беті көпіршіген кофеге бір шақпақ қантты салып, алтын жалатқан қасықпен бұлғап отырып кеткенше асықты. Нағашы апасы үстелге ыстық тамақ түгілі басқалай тіскебасар ештеңе қоймады, мұнысы шетелден үйренген әдеті ме, болмаса өзін жаратпағаннан құр кофе қайнатты ма, ол жағын біле алмады. Тіпті келген қонаққа мезіреті үшін қасында отырмағаны да біртүрлі көрінді. «Кеш түспей кетейін» деп жинақтала бастаған. Басын үлкен жасыл орамалмен тұмшалап байлап тастаған нағашы апасы бетіне әппақ қылып әлденелерді жағып алып, ақ диванның үстінде тырнақтарын әрлеп отыр екен.– Кетесің бе?– Ия, қайтуым керек, ертең жұмыс.– Ия, жұмысқа кешікпеу керек. Айтпақшы, кім болып істейсің?– Паталогоанатом. Білетін шығарсыз…Нағашы апасы басын көтеріп алды:– Адам соясың ба?– Солай десе де болады, – деп қипақтап қалды бұл. Негізгі жұмысымыз зерттеу. Материалды зерттейміз.– Жарайды, сау бол. Көбіне үйде бола бермеймін. Жылына бір-екі хабарлассаң жетіп жатыр.Бұл тағы біртүрлі болып қалды. «Сонда бұл келме, мазамды алма дегені ме? Нағашы апаңды тауып ал дегесін келдім ғой, әйтпесе… нем бар?» Өкініп тұрып аяқ киімін ілді. Соңынан сарт-сұрт еткізіп есікті кілттеп жауып жатқан дыбыстан тезірек аулақ кеткенше асықты. Енді қайтып келмеспін, бүйткен нағашы апасы бар болсын деп кеткен. Сол оқиғадан кейін мұны білімін жетілдіруге басқа қалаға жіберді, қайтып келіп жұмысына кірісіп, өз тірлігімен жүргенде бұл дүниеде нағашы апасының бары есінен шығып кеткендей де еді. Бір күні мұның телефонына «Келіп кет, Джектен айрылдым» деген хабарлама келді. Нағашы апасының үйіне барғанда әппақ жүндері сабалақтанып тұратын ойыншық тектес итінің аты Джек екенін шамалады. «Джек деп тұрқы үлкен иттерге қоятын, ал ойыншық тектес итке ол үйлеспейтінін нағашы апасы білмеген бе?»Телефонмен алдын ала хабарлап алса да, әуелі есікті ашып болмады. Ішкі жақтан көзшеден бақылап тұрғанын іші сезеді. Есікті ашқан бойда алдыңғы жолғыдай тез жауып, сол бойы кілттеп алған әдетіне бұл жолы мән бермеді. «Сырт киіміңді сол жерге шеш, қалтаңда не бар, осы жерде бол» деген сөздерге де таңырқаған жоқ. Бір байқағаны нағашы апасы бұл жолы жылыұшырай қарсы алды, өзі өткен жолғыдан гөрі қартайыңқырапты, ұйықтамаған ба, көзі кіртиіп, қабағы ісініп тұр. Аяғын сылти басады. Бұл жолы туфли кимеген. Ойық жағалы, үстіңгі жағы жасыл, етек жағы қара көйлегі туфлимен әйбат жарасар еді. Гүлді тәпішке кигеннен бе, бойы да аласарып кеткендей. Дегенмен, көңіл-күйі жаман емес көрінді. Итінің өлер алдында өмірді, иесін қимағанын, иттің көзі ерекше аянышты болатынын, иті өлгелі өзінің де ештеңеге зауқы жоқ екенін, тіпті өзінің сырқатына қажетті инсулинді әкелуге де көңілінің хошы келмей отырғанын мұңайып айтты. «Көп жылдан бері серігім еді, Джек деп үлкен иттердің атын қойып едім. Өзі кішкентай болса да осы үйдің азаматындай болды. Джек десе Джек еді». Нағашы апасының сөздері бір жағынан аяныш сезімін тудырса, бір жағынан шошыта түседі. Бұл шешесінің қайтыс болғанын естігенде өзіне еш қатысы жоқтай бедірейген адам қайдағы бір иттің өлгеніне соншама күйзелгенін қабылдай алмай отыр. Өмір бойы жалғыз тұрып келе жатқан жалғызбасты әйелдің итті бала қылып алған, оған бауыр басып кеткен қылығы қала баласы үшін шошитын да нәрсе емес шығар. Бірақ, дәл осындай кейіпкерлер әлдебір арзан оқиғаға құрылатын нашар фильмдерде ғана болатын сияқты еді. Қалай болғанда да, нағашы апасының алғашқыдай емес, өзін кәдімгідей хабарлама жіберіп шақырғаны, мұңын шаққаны ішін жылытты. Адам ерте ме, кеш пе, туыстың қадірін біледі екен ғой…Әпкесі мұздатқыштан шығарған төрт жұмыртқаның үшеуін бұған қуырып берді де, біреуін өзі қайнатып жеді. Жатар-тұрар асы осы екенін іші сезіп отыр. Өзінің жатағына қайтып, жолдан самса сатып ала кету керек.– Сен өзің үндемейтін жігіт екенсің. Әңгіме айтсаңшы. Мамаң мен туралы не айтты саған?– Ештеңе.– Солай ма? Менің актриса екенімді, ұзақ жыл шетелде болғанымды, ол жақта беделім бар екенін айтпады ма?– Жоқ.Нағашы апасы бір сәтке ашуланып қалғандай көрінді.– Мен қайтайын.– Бар, бар, үйіңе жетіп алғаның дұрыс.Шыға бергенде апасы қолына оралған әлденені ұстатты.– Жолай қоқысқа тастай салшы, Джектің итаяғы мен бөстегі ғой. Көзіме түссе көңілім босай береді.Нағашы апасын жалғыздықтан қажыған адам деуге аузы бармайды, керісінше келген адамнан құтылғанша асығатын сияқты. Сонда мұны не үшін шақырып алды. Итті көму үшін бе, әлде оның итаяғы мен бөстегін қоқысқа лақтырту үшін бе… Қызық адам…***Жігіт қызға бұл жолы да гүл сыйлады. Гүл болғанда қандай! Осындай ерекше безендірілген гүлді алғашқы айлығын алған кезде өзінің анасына сыйлаймын деп ойлайтын, ешуақытта ешкімнен гүл алмаған (өзі көрмегесін солай ойлайтын) анасы қуанар еді. Бұған білдірмей көзіне іркілген жасын сүртер еді. Бірақ, шешесіне ақыры гүл алу бұйырмады. Ол ұлының жұмысқа тұрғанын да, айлық алғанын да күте алмады.– Сенің сыйлаған гүлдеріңді суретке түсіріп үлгере алар емеспін. Инстаграмға салсам болды, құрбыларым лайк басып үлгермей жатып, сені мақтай жөнеледі. «Нағыз ханзада! Нағыз ер жігіт» деп. «Бір күні көлігіңнің үстіне гүлден жүрек салады, бір күні ең әдемі раушандарды жұмыс орныңа курьерден беріп жібереді. Ақ раушан, қызыл, алқызыл… Осындай жігітің бар, қандай бақыттысың!» дейді. Іштері күйіп жатқандар бар шығар. Өзімді ханшайым сияқты сезінем.– Қызықсың. Менің орнымда басқа жігіт болса да сөйтер еді. Басқа жігіт менің қолымнан келмейтінді де жасауы мүмкін.– Басқа жігіт? Олай деуге қалай аузың барады? – Қыз еркелеген күйі жігітті аппақ қолдарымен ұрғылай бастады.– Ол мысал ғой. Сен сияқты қызға барлық жігіт гүл сыйлағысы келеді. Бірақ…– Ия, не айтқың келді, бірақ…– Бірақ, ешкім сені мен сияқты жақсы көре алмайды. Себебі…Жігіт әдейі ойланып қалғандай түр танытты.– Ия, айта түс. Маған ұнай бастады. – Ерке қыз екі қолымен бүйірін таянып, басын бір жағына қисайтып жымия күлді.– Себебі, сен ақымақ қызсың. Ақымақ болғасын осындай сұрақтар қоя бересің.– Ах, солай ма? Жігіт орнынан тұрып жүгіре жөнелді, қыз болса сазайын бермек болып артынан қуып барады.***Әлдеқашан сыйқы қашқан күзгі бақтағы үйреншікті орынға жайғасқан қыз бен жігіт дәл бүгін бақтағы бар жапырақ төбелерінен жауып жатса да, оны айтасыз, көзді ашып-жұмғанша күз өтіп, жер-әлем ақ қарға бөгіп, айнала ақбоз дүниеге айналып жүре берсе де елейтіндей емес. Ақшаның ғана салтанаты жүріп тұр, ақша болса махаббатты да, адамды да сатып алуға болады деп есептейтіндер, сенбесеңіздер, келіп көріңіздер, жігіт қызға ғана, оның тазалыққа іңкәр жанарына ғана қарайды, ынтазар жүрегінің ғана үнін естігісі келеді. Қыз болса екі көзі жігіттің ойлы жанарына арбалған күйі көңілі көкпен жалғанғандай ұйқылы-ояу күйде. Қос ғашықтың есін алған шарап-шәрбатын татып көрмедіңіз бе? Дүниеде бір тамшысы таңдайыңа тисе-ақ бүкіл жұлын-жүйеңе тарап, көңіліңе шәйі орамалдай жұмсақ тиіп, құштарлықтың мөлдір тамшыларын себезгілеп, көптен шаң басып көмескі тартқан кеудеңе шам жағып, ғажап күйге бөлейтін шәрбат жайында білгіңіз келсе көктемде ернеуінен асып-төгіліп, өткел бермес өзендей бұла сезімі тұла бойын тасытқан жас жігіттен сұраңыз; алабұртқан көңілі әр нәрседен секем алып, үлбіреген жүрегі мазасынан айрылған бойжеткеннен сұраңыз; қыстың ызғарынан жүрексінбей, бірақ үп еткен желден майыса жаздап, ақыры бойын тіктеп барып ерте көктемде бүр жарған бәйшешектей нәзік, ессіз жел еркін кезген маң далада қурай сыңсытып салған саздай әсерлі сөздерді бір-біріне үнсіз арнап, күллі дүниені ұмытып тұрып жанарымен ғана аймаласқан ғашықтардан сұраңыз. Бір тамшысы таңдайыңа тисе-ақ бүкіл жұлын-жүйеңе тарап, көптен шаң басып көмескі тартқан кеудеңе шам жағып, құштарлықтың мөлдір тамшыларын себезгілеп тұрып есіңді алар ғажайып шәрбат туралы солар ғана айта алады…– Өзім хабарласам, – деді жігіт қызды шығарып салып тұрып.Дәл осы шақта, дәл қазір өзінің осы қыздан басқа қуанышы жоқ еді. Жігіттің үйіне келе сала қызбен қайта сөйлесуге аңсары ауды. «Жоқ, мазасын алмайын, демалсын, ертең де күн бар. Мен жалғыз болғаныммен оның үйінде ата-анасы бар, оларға да уақыт қалсын. Шешем марқұм тірі болса осы бөлмеде кірпік ілместен мені күтіп отырар еді, мен оған Айя туралы айтқанымда әрі қуанып, әрі толқыған анам тіпті дегбірінен айрылып, ертесіне құрбыларына ұлының көп ұзамай келіншек әкелетіні жайлы сыр ғып айтар еді», деп ойлады ертеңгі жұмысқа киімдерін әзірлеп жатып.***Қанша енді бармаймын, көрмеймін десе де, Айяның «ата-анам сенің туыстарыңмен танысқысы келеді» деген сөзінен кейін ойына бірден нағашы апасы оралды. Одан басқа кімі бар? Шешесі тірі болса қызым деп бауырына тартып, Айяны жақсы көріп кетер еді. Мүмкін, Айяның туыстары менің нағашы апамды актриса ретінде танитын шығар. Тіпті танымаса да кезінде гүлдей құлпырған өнер адамы оларға естен кетпес ерекше әсер қалдырып, мен үшін тырысып көрер. Сонда менің не әкесі жоқ, не шешесі жоқ тұлдыр жетім екендігім еленбей кетпей ме? Нағашы апама одан басқа салмақ салмасым анық қой. Осыдан екі жақ келіссе өз алдымызға отау тігіп, өзімізше өмір сүріп кетер едік. Айяны ұнатар ма екен? Ал, Айя оған қалай қарайды? Айтқандай, нағашы апасына соңғы рет қашан телефон шалып еді. Дәл қай күні екенін есіне түсіре алмады. Онда да нағашы апасының қарлығыңқы даусын ести алмаған. Телефоны көбіне жабық тұратынын біледі, сондықтан секем алар реті жоқ. Дегенмен, бармаса болмас деді ішкі ойы. Өз шешесі бұ дүнияда сірә да жоқ, бұл апайы да қанша дегенмен бөтені емес қой. Туған нағашы апасы. Бірақ, Арысты осы апайының біртүрлі күдікшілдігі, секемшілдігі таңғалдыратыны бар. Тіпті көңіл аудармайын десе де…Созалаңдай көтеріліп орнынан тұрды. Терезені ашып еді, көнетоз жабын желмен ойнай бастады. Жұпынылау ауқатын ішіп отырып, нағашы апасына барып келейін дегенге шын бекінді. Нағашы апасына сыйлық алса да болар еді. Бірақ, ақшалы адамға не аларсың. Оның үстіне әйел адам, жай әйел емес актриса болған.Аялдамаға тоқтаған автобустардың әйнектерінің кірі де мұның жатақханасының терезе көзіндегіден кем түспейді. Сырты көптен жуылмаған болса да ортаңғы және артқы есіктеріне «выход» деп жазып алған автобустар паң, аялдамада сарылған халықтан өзін әжептәуір жоғары ұстайды, ыңыранып жүріп, міндетсініп тоқтайды. Тоқтағаны бар болсын, тек алдыңғы есікті ашады. Бір-бірін киіп-жара алға ентелеген жұртпен жағаласа алдыңғы тар есіктен бұл да енді. Жаңа ережеге «үйретілген» жұрт қалталарынан, сөмкелерінен карталарын шығарып валидаторға басып жатыр. Тыңқ деген дыбыс естілгенде өздерін ұлы міндетті атқарғандай сезінетін жұрттың соңын ала бұл да салонның ортасына қарай жылжыды.Дүниеде сүйетін ісі – автобустағылардың бет-әлпетін, қимылын бақылап, киген киімдеріне назар аудару. Көзіндегі қап-қара көзілдірігінің арқасында, әсіресе, қыз-келіншектердің мүсініне көзін армансыз суаратыны бар. Әлденеге ызалы, әлденеге ашулы жүздер, шаршаған, жалыққан жанарлар, ойсыз, мағынасыз көзқарастар мұны шаршатпайтын. Танымақ тұрмақ, өмірінде бір мәрте көріп тұрған сол адамдармен өзінің табиғаты да, өмір сүру салты да бірдей болғанынан ба, тіпті солармен алыс туғандардай сезінеді өзін. Автобусқа мінгендердің бәрі бірдей өзі секілді жұмыстан кеш қайтып, асығыста қытай кеспесін талғажау етіп, құлазыған, кірі баттасқан жатақхананы паналап, о бір жылғы көне пиджагін үстіне жапсырып жүргендер емес, олардың арасында тұрмыстары әжептәуірлері бар болса да, салонның атмосферасы сондай ма, жолаушының бәрінен өздерінің осы күніне риза болмаушылық пен осыған әлдекімді кінәлаушылық аңғарылып тұрады. «Сонда олар неге риза емес? Өздерінің бай болмағанына ма, осы салонға мен секілділермен қатар отырғанына ма? Болмаса жақсы тұрмыс іздеп келгенде бәрі өзі ойлағандай керемет болып кетпегеніне ме»?– Сіз я ары тұрыңыз, я былай шығыңызшы! Кедергі келтіріп тұрсыз тіпті.Өзіне сөйлеген даусы ызбарлы әйел баласының кірпігінің ұзындығы мен қалыңдығынан бір қарағанда ұйқысы келіп тұрғандай көрінеді екен. Сол ұйқысы келіп тұрған көздер тесірейіп суық қарайды. Кейін ысырылып, салоннан шыққалы тұрғандарды өткізіп жібергенде тура қасынан бұрқ еткен қолаңса иісі аузы-мұрнын шарпып кетті. Тіпті өзі жұмыс істейтін мүрдехананың иісі мұндай емес еді. «Жасанды қас пен кірпік, тырнақ жасатам деп жүріп қолтығын жуатын сабынға ақшасы жетпей қалды ма екен», деп ойлады жиіркеніп тұрып.Екі автобус ауыстырып жеткен ауданы аялдамадан тым қашықта. Кілең байлар жүйткіген көлігімен қатынайтын болғасын аялдаманы жақындатуға қажеттілік тумағаны көрініп тұр. Екі жағынан жағалай ағаш егіп тастаған тақтайдай тегіс жолдан анда-санда қымбат көліктер ағындап өте шығады. Әдемілігі бірінен бірі өткен қуыршақтай үйлердің әрқайсысынан талай түндер сызбасы сызылып, талай күндер бойы құрылысы салынған қажырлы еңбек көрінеді. «Мынаған қанша ақша кетті екен?» Сыртындағы қоршалған дуалының өзі күйдірілген кірпіштен өріліп, ауыр қақпасының сырты күміс түспен айқыш-ұйқыш өрнектелген биік, сәулетті үйді көркем туынды десе болғандай. Қақпадан жартылай көрінген үш қабатты үйдің сквері ғана емес, терезелерінің жан-жағы ерекшеленіп гипспен әдіптелген. Құрылысшы болмаса да оның бәріне қанша тер төгілгенін шамалап келеді. Әдетте мұндай үйлердің ауласы кішігірім стадиондай болып келеді және міндетті түрде бассейні болады. «Шіркін, осындай үй салсам, Айяны қазір болмаса да кейін осындай үйге кіргізсем ата-анасы да риза болар еді. Менің мамам да тірі болса ұлының азамат болып, үй салғанына жүрегі жарыла қуанар еді. Қуанғаның не, тіпті үйдің жарты жұмысын қоймай жүріп өзі тындырар еді-ау. Шаршамайтын еді ғой мамасы...» Жан-жағын еркінше тамашалап келе жатып, нағашы әпкесінің үйіне де келіп қалды.«Мен сізге келіп едім» деп хабарлауы керегі есіне түсті. Нағашы апасының телефоны мүлдем байланыста жоқ. Бір жаққа кетті ме екен? Бірақ, соңғы жылдары апайы ешқайда шықпағанын біледі. Уақытында айналасындағы үйлердің алды болып, алыстан ерекше көрікті болып көрінетін үйдің қақпасы ғана оңа бастапты, айналасы жым-жырт. Қызылкүрең есіктің астына қарай үңілгенімен ол жердегі саңылау бар болғаны оншақты сантиметрлік екен, ештеңені көріп жарытпады. Жоғары жағына қарады, қақпаның үстіне қадалған басы үшкір темірлер істік тәрізді, аспанға шаншыла қарап тұр. Қақпа есігінің кілттік салатын жері де тым кішкентай болып шықты. Қайтып кете берсем бе деп ойлады. Мен келдім дегенмен де құшағын жайып қарсылайтын нағашы апасы болса, қане. Онша жаратпағаны қабағынан аңғарылып, шаршаңқырап тұрып есік ашар еді.Ауласы мынау, не ауыз, не мұрын жоқ, қарапайым үй болса терезесінен қаға алмасаң тас жіберер едің, болмаса иті шабалана үрсе иесі де шығар еді, ал мынадай тас қамал секілді бедірейген үйге ұры да түсуге ойланатын шығар. Мысалы, мен қақпадан түссем ше? Анау найзадай болып тікірейіп тұрған сүңгі қарныма кіріп кететін шығар. Ойбау-ау, тіпті сол қақпаға өрмелеуді айтсайшы, табан тіреп, өрмелеп шыға қоятындай емес, жып-жылтыр, теп-тегіс. Көзімен өлшеп көріп биіктігі үш метрге жуықтайтынын шамалады. Бұрын қалай кіруші еді? Е-е, телефон бар екен ғой, ал енді… не тұрыс. Екі қолын қалтасына салып кері бұрылып жүре берді де кілт тоқтады. Соңғы жылдары сырқаттанып жүрмін демеп пе еді, нағашы апасына бір жағдай болып қалса ше? Ол да мүмкін ғой. Бірақ, апасы қартайып тұрған ештеңесі жоқ, бар болғаны 57 жаста.***Полиция «жедел жәрдемнен» бұрын келіп жеткенге дейін мұның ойына не келіп, не кетпеді, «бекер дүрліктірдім бе, мүмкін, нағашы апам жай басқа жаққа қыдырып кеткен шығар, өзі жоқта үйін бұздырғаным қалай болады» деген ойдың шырмауынан шыға алмады. «Ал егер телефонын қолданбай өзі қашанғыдай бетіне крем жағып, көлйектерін киіп қарап жүрсе ше, ренжиді-ау. Ренжіп қана қойса ештеңе емес, заң бойынша солай деп сотқа беріп жүрмесін». Манадан бері өзіне алынбас қамалдай болып міз бақпай тұрған қақпаның сіресіп тұрған есігін лезде ашу арнайы құралдары бар епті жігіттерге бұйым болмады. Неше жылдан бері күтім көрмеген ауланың ішін белге жететін шөп басып кетіпті. Қаланың мүсіншілерін шақырып арнайы жасатқан мүсін – сыбызғышы жігіттің басы торғайдың саңғырығынан көрінбейді. Қураған жапырақтар ұшып келіп шатырлы тапшанның ішіне үйіліп қалыпты. Ең алғаш келген кезде бұл аула тап-тұйнақтай болып, бір бұрышта сары райхан, қақпаға таяу жерде астра деп аталатын гүл көздің жауын алып, айналасына жұпар шашып тұратын. Ақындардың кітабында айтылатын Иран бағы деген осындай болған шығар деп ойлаған ішінен. Енді қарасаң ондай сұлулық бұл аулада мүлдем болмағандай. Алдына гранит төселген еңселі темір есікті полицейлер қанша қақса да ар жақтан дыбыс болмады. Биіктігі біршама болатын бірінші қабаттың терезелерін таяқпен ұрғылап та көрді. Өзара әлдене деп күбірлескен полицейлер есікті сындырып ашуға көшті. Есікті ашқан бойда мұрынға сыз иісі мен әлдебір күлімсі иіс қатар келді. Бұл жерде төбеден еденге дейін айна қойылған еді, оның беті күл-парша болған, керісінше әдемі ақ былғарыдан қапталған ақ пуфиктерге ешқашан адам отырмағандай жаңа күйінде. «айнаның быт-шыт болып сынуына қарағанда жалғызбасты әйелге қарақшылар шабуыл жасап жүрмесін» деп ойлап үлгерді. Едендегі тақтатас үстімен де бұрын-соңды адам жүрмегендей. Бір қарағанда көңілге күдік келтірердей ештеңе байқалмады. Бірақ, қолқаны қауып тұрған өткір иіс бір сұмдықтың болғанын әйгілейтіндей. Мұрнын басқан полицейлердің соңынан бұл де ере берді.Нағашы апасы жатын бөлмесінде екі кісілік төсегінде жатыр екен. Өзін сақа полициялардың қасында ширақ полиция ретінде көрсетуге тырысып, едел-жедел қимылдап жүрген шегір көз жас жігіт кеңсірігін удай ашытқан адам шыдамас әлемтапырық иіс пен аза бойын қаза қылған көріністен таңертеңгі ішкен асының жұқанасы асқазанынан тік көтерілді ме, еріксіз лоқсып жіберді. Көзі жартылай ашылып төбеге қарап жан тапсырған әйелдің үстіндегі әдемі қызыл көйлегінің етегі кереуеттің бір жағынан салбырап түсіп жатыр. Бұл өзін осы уақытқа дейін барлық жағдайды салқынқанды қарсы алатын адаммын деп есептейтін. Осы жолы жүрегі өрекпіп, бойын діріл биледі. Әсілі туыс деген ұғым тегін емес. Тіпті толық танып үлгермесе де туыстың қайғысына адам шыдамас. «Неткен сормаңдай едім», деп ойлады. Жалғыз шешесінен кейінгі жақынын енді таптым дегенде табыспай жатып көз жазып қалғаны ма? Мүрденің ісіне бастағанына қарағанда жатып қалғанына үш-төрт күн болған-ау. Оның үстіне дене қолдырай бастапты. Барлық табиғи тесіктерден сасық иісті сұйық нәрсе ағып, жан-жаққа жайылып кетіпті. Талай мүрдені көріп, аза бойы қаза болар оқиғаларды естіп, қарапайым адамның жаны түршігер ауру тарихын жазып жүрген кәнігі маман болса да бұл жолы өзін ұстай алмады. Кеудесі әлдебір өткір запыранға толып, ішін кернеп, лықсып сыртқа шыққанша жанталасады. Екі иығы селкілдеген бойы екі қолымен бетін басқан күйі үнсіз жылап тұрды. Адам деген бейшараның іріп-шіріп кеткенін көргені бұл емес еді, оған нағашы апасының жалғыздықта, даңғарадай үйде жападан-жалғыз жатып қалғаны қатты батты. Жалғыздық… Адамы шұбырған үлкен қалада жалғыз болудан өткен қасірет бола ма өзі? Алқымына өксік тығылды. Осының бәріне өзін кінәлі сезінгені-ай. Неге ертерек хабарласпады? Сонда нағашы апасымен телефон арқылы тілдесер еді. Сол кезде ертерек келер еді, қасында болар еді. Диабеттің ауыр түрінен кейін ая
Тегтер:
Сайт әкімшілігі
13.08.2020, 12:56
Тығырыққа тірелген Тұғыл
11.08.2020, 15:58
«Мәдени астана» аясында 7 шара өтеді
11.08.2020, 15:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 15:53
Әкім сұрақтарға онлайн жауап берді
11.08.2020, 15:50
«Шәмші аллеясы» жаңарып жатыр
11.08.2020, 15:47
Коронавирустан 3 мыңнан астам адам емдлеліп шықты