Жағымпаздыққа қойылған ескерткіш
Сонымен, парламент «Тұңғыш президент –Елбасы туралы» Заңның күші жойылды деп таныды.
Жаңылыспасақ, заң жобасына сенат пен мәжілістегі депутаттар 100 пайыз дауыс берді. Олардың арасында 2019 жылдың 19 наурызында парламент палаталарының отырысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың:
— Біздің елордамыз тұңғыш президенттің атымен «Нұрсұлтан» деп аталуы тиіс. Барлық облыс орталықтарындағы басты көшелер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен аталуы керек, – деген сөзінен кейін орындарынан ұшып тұрып, ду қол шапалақтаған депутаттардың біразы бар.
Бұл енді пенделік пе, тарихи әділдік пе, әлде қателікті қалпына келтіру ме, ол жағын өзіңіз біліңіз. Әй, бірақ өзімізге де обал жоқ-ау. 2010 жылдың 13 мамырында сенат Н.Назарбаевқа «Елбасы» деген мәртебені беруді заңдық тұрғыдан бекітіп берді. 3 маусымда Назарбаев заң жобасына қол қоюдан бас тартты, бірақ оған вето қойған жоқ. Ал тәртіп бойынша президент вето қоймаған заң жобасы 30 күннен кейін күшіне енеді. Соған сәйкес, 14 шілдеде Нұрсұлтан Назарбаевқа «Елбасы – ұлт көшбасшысы» мәртебесі ресми түрде берілді. Осы заңға сәйкес, Елбасы мен оның отбасы мүшелері ешкімде жоқ супер артықшылықтар мен құзыреттерге ие болған еді. Назарбаевтың қарсылығына қарамастан, қабылданған заңның ақыры, міне, осындай масқарашылықпен аяқталды.
Айтпақшы, «Тұңғыш президент – Елбасы туралы» Заңның күшін жою жөніндегі бастаманың басы-қасында жүрген мәжіліс депутаты Ерлан Саировтан журналистер «елде Назарбаевтың атын иемденген көшелер мен нысандардың тағдыры не болады?» деп сұраған екен. Депутат бұл мәселені жергілікті әкімдік пен мәслихат шешетінін алға тартыпты. Яғни енді шенеуніктер мен депутаттардың «назарбаевсыздандыру» науқанына кіріспесіне кім кепіл?! Тұңғыш президенттің атындағы нысандарды, көшелер мен саябақтарды, орталықтар мен ескерткіштерді енді не күтіп тұр?
Жалпы, Назарбаевтың тас, қола мүсіндері елімізде 2015 жылдан кейін пайда бола бастады. 2016 жылы Алматы облысының орталығы Талдықорғанда тұңғыш президенттің еңселі ескерткіші ашылды (бұл ескерткіштің ғұмыры 6 жылға да жетпеді. Қаңтар оқиғасы кезінде оның талқандалғаны, кейін қайта қалпына келтірілмегені белгілі). 2021 жылы елбасының ескерткіші түркі әлемінің рухани астанасы атанған Түркістанда бой көтерді.
Бұған дейін де жазғанымыздай, сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Назарбаевқа ескерткіш қою операциясына әкімдікті, «Нұр Отанды», шенеуніктерді араластырған жоқ. «Тұңғыш президентке Түркістанда ескерткіш қою керек» деген сөз алдымен Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен онлайн конференцияда «ТҮРІКСОЙ-дың бас хатшысы Билал Чакыджи деген азаматтың аузымен айтылды. Іле-шала әлеуметтік желіде «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтың, осы партияның белсендісі, мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның Елбасы ескерткішінің фонында түскен суреті жарияланды. Кейін ескерткіш қою жөніндегі идея авторларының бірі, уақтысында облыс әкімінің орынбасары болған, соңғы жылдары тасы өрге домалаған бизнесмен Болатбек Әлиев фейсбуктегі парақшасында мәселенің мән-жайын түсіндіріп, ағынан жарылды.
– Оның осындай құрметке лайық адам екендігінде дау жоқ, бұл менің шешімім, мен бізде осындай тұлғаның бар екенін мақтан тұтамын, мырзалар батылырақ қимылдаңыздар, – деп жазды кәсіпкер. Осы кездері Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай:
– Елбасы бұл идеяны және осыған дейін көтерілген өзге де бастамаларды қолдаған жоқ. Оған ескерткіш орнату, сәулет нысанының атауын өзгертумен байланысты мұндай «сыйлықтар», әсіресе бұл «сыйлықтар» жергілікті шенеуніктер ұйымдастырса, мүлдем ұнамайды, – деген мәлімдеме таратқан еді. Алайда Назарбаевтың ұнатпағанына қарамастан, 2021 жылдың 6 шілдесі қарсаңында тұңғыш президенттің ескерткіші Түркістандағы жаңа орталықта, облыстық әкімдіктің алдында еңсе көтерді. Айтпақшы, Түркістанның төрінде Елбасыға арнап ескерткіш орнатылған кезде шенеуніктер жұртшылық арасында арнайы сауалнама жүргізгендерін, оған қатысушылардың 93 пайызының ескерткішті қою идеясын қолдағандарын атап өтті.
Назарбаевтың мүлдем ұнатпағанына қарамастан, жағымпаздар қойған, дәлірегі жағымпаздыққа қойылған ескерткіштің ендігі тағдыры не болады?