Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 22 Маусым 2023

Жай тартқыш. Бұл Арыстанбек кім еді?

None
None

«Бюджет қаржысын жымқырды» деген айыппен Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Зонада» ол сегіз жылдың бес-ақ жылын өткеретін болар. Өйткені ол түрмеде былтырғы мамыр айынан бері отырғандықтан, ондағы әр жылы бір жарым жыл мерзімге бағаланып, кесілген үкімнің үш жылдан астамын алып тастаймыз.

Сонымен бұл Арыстанбек кім еді?

Әрине, елдің бәрі оның бір кездегі мәдениет министрі екенін, оған дейін президент оркестрін басқарып, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры болғанын да біледі. Өнер саласындағы басқа да біршама қызметтерді атқарып тастаған. Президент әкімшілігі де бұл үшін «бір төбе» болған, бір кездері. Қолына кісен салған шақтағы қызметі – Ұлттық музейдің директоры. Тағылған айып та осы музейдегі былықтарына қатысты. Қарап отырсаңыз, Мұхамедиұлының атқарған қызметтері түгелімен өнер саласында. Өзі де өнерсіз (!) емес. Арыстанбек игерген «өнердің» нәтижесі –  кешегі сегіз жыл. Бұл мақалада оның не ұрлап, не жегенін түгендеп жатуды міндет қылған жоқпыз. Іздемпаз оқырман ол туралы бізсіз де хабардар болар. Айтпағымыз басқа.

Арыстанбектің аты Рахат Әлиевке (Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі) қарсы кампания басталған тұста «айғайлап» шықты. Өйткені ол да сол тұста «Әлиев» болатын. Атасының атынан бас тартып, содан бері «Мұхамедиұлы» болып кеткен. Назарбаевқа Арыстанның бұл «тышқан тірлігі» ұнаса керек, «бір күні керек болып қалар» деген пиғылмен мұны қызмет сатысында көтере бастады. Іле-шала, 2008 жылдың наурызында Алматыдағы өнер академиясын басқарып шыға келді.

Алматының «театралкасында» Арыстанның заманы орнады. Өзіне де құдай берді – әдемі қыздардың бәрі сонда емес пе? Оның «ондай» қылықтары туралы небір кезбе әңгіме жетерлік. Менің өзім де куә болған бір оқиға да бар. Бірақ оны бұл жерге қыстырмай-ақ қояйын. Сол кездері ол академияда жұмыс істегендер өнер ордасында парақорлықтың қалай шарықтап кеткенін әлі күнге жыр қылып айтады. Өнердің болашағы болатындар емес, болашақта өнерді «майшелпекке» айналдыратындар қаптап кетті дейді білетіндер.

Аузына ғана емес, аяғына да ие бола алмай қалатын (қызыл кілем үстінде Назарбаевпен қатар жүрем деп күлкіге қалған) Мұхамедиұлының «жақсы аты» қай кезде де елдің аузында жүрді. Бірақ оның болмысы актер Тұңғышбай Жаманқұловпен тартыста жарқырай ашылды. Екеуінің арасындағы тартыс академиядағы кезінде тұтанған. Халық әртісі кейіндеу белгілі порталдардың біріне берген сұхбатында ректор Арыстанбек берген 11 адамның тізімінен екеуін ғана қабылдағаны үшін оның кәріне ұшырағанын айтады. Екеуара кикілжің кезіндегі әңгіменің желісін аңдасақ (Т. Жаманқұловтың айтуы бойынша), бұрынғы мәдениет министрінің тіптен «мәдениетсіз» екенін байқаймыз.

Әрине, Мұхамедиұлының, ол кезде, Жаманқұлов тәрізді «жарға» тісі бата қойған жоқ. Кегін қайтарудың ебін министр болып өскенде тапты. Ол түсірмекші болған фильмдерді қаржыдан қақты. Ақша «жеп қойды» деген айып тақты. Сөйтіп, 2017 жылы Тұңғышбай Жаманқұлов өзі продюсерлік жасаған «Феникс» фильмі өндірісінің дайындық кезеңінде 69 миллион теңге шамасындағы қаржыны ұрлады деген айыппен, 3,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Жағдай былтырғы қанды қаңтардан кейін күрт өзгерді. Енді Арыстан емес, оның өзін аулай бастады. Өзі торға тоғытылды, үйінде, қызмет орнында тінту жүрді. «Экс-министрдің үстінен арыз жазған мен едім» деп, Жаманқұлов та мойындады. «Маған Жаманқұлов жала жауып жатыр» деп, түрмеден Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы да Тоқаевқа хат жолдады. Жаманқұлов болса, «бұрын да талай арыз жазғанбыз,… бірақ ол ана кісінің қамқорлығында болғаннан кейін бәрі қорықты. Әділетсіз үкім шығарды, әділетсіз тергеу жасады. Енді қазір дүние өзгерді», – деді.  

«Ана кісінің» өзі әлі «кете» қоймаса да,  қадірінің қашқаны рас. Рас, ел алдында ғана. Билік биігінде дәурені тая қоймаған болар деп топшылаймыз. «Ескі Қазақстаннан» айырмасы жоқ бүгінгі «Жаңа Қазақстандағы» жағдай сондай ойға жетелейді. Ал олай болса, өзі мәпелеп, өзі өсірген «күшігін» неге қорғамайды дейсіздер ғой?

Мәселе оны «не үшін өсірді?» дегенге саяды. «Еркек тоқты – құрбандық». Оның үстіне, атасының атын аттап кеткен ұстанымсыз адамды кім аясын? Бағанағы «бір керек болып қалар» дейтін күн туған сияқты. Өйткені халықтың коррупцияға қарсы күрес туралы талабын да «орындау» керек. Дариғаны, болмаса, Болатты талатып қоймайды ғой? Клебановты да бере салмайды. Ол үшін «арыстанбектер» бар емес пе? «Екі туып, бір қалғаны» емес. Өсірді, ішкізді, жегізді, семіртті. Алдына ас қойды, екі қолын, ұятын бос қойды. Енді соны ақтасын. Жай (найзағай) тартқыштың рөлін атқарсын. Яғни «ана кісі» емес, мына кісі соны «қорғап» қалып отыр. Арыстанбектің оқиғасы елдің аптығын басады. Әділдік бар екен ғой деген, жалған да болса, сенім ұялатады. Жиған-тергенін де аударып алу қиын бола қоймас.

Арыстанбек соттағы соңғы сөзінде «қандай да болмасын жазаға дайынмын, тіпті атып тастасаңыздар да. Тек ештеңе ұрлағам жоқ», деп мәлімдеді. «Ештеңе ұрламаған», тек Тәуелсіздіктің… және Назарбаевтың арқасында «бақытты кезде өмір сүрген» Мұхамедиұлы аттан түспей тұрған шағында бірнеше рет өзінің шығармашылықпен, оның ішінде әдебиет пен философияға қалам тартып жүргенін айтқан. «Бетховен, Моцарттар кедейлікте өмір сүрді, бірақ ұлы шығармалар тудырды», деп, өнер адамдарының аз жалақы алғаны жөн екенін дәлелдеп берген Мұхамедиұлының өзі де музыкант, композиторлығы да бар (Астана туралы атақты әнін ұмыта қойған жоқ шығарсыздар). Барынан айырылған Мұхамедиұлы енді өмір бойы мемлекеттік қызмет атқара алмайды. Демек, өзі айтқандай, йогамен ғана емес, шығармашылықпен де айналысатын шығар. Оған 60 жасын абақтыда қарсы алған Мұхамедиұлының мүмкіндігі де, уақыты да жеткілікті.

Тегтер: