Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 20 Қаңтар 2022

Жәйремдіктердің жанайқайы:«Мемлекеттік бағдарламамен берілген үйдің сиқы осы»

None
None

Қаражал қаласының Жәйрем кентінде үш ай бұрын пайдалануға берілген үйдің сапасы сын көтермейтін жағдайға жеткен.

Көп қабатты үйде 85 пәтер бар. Күздің ортасында қоныстарына  кірген тұрғындар қыс ішінде дірдек қағып отыр. Пұшайман күйдегі қараша   мердігердің  жауапсыздығының құрбаны болған.    

— Естуімізше, мердігерлер құрылыс жұмысына ауылдағы балаларды жеккен. Белі қатпаған жасөспірімдер қиын істің қиюын қайдан білсін?  Мердігерлер  оларға күніне мың теңгеден ақша төлеп тұрған деседі. Енді шалағай шаруаның кесірін біз көріп отырмыз. Үйде қабырғаға жабыстырған кафельдер опырылып түсіп жатыр. Жуын бөлмедегі еденге төселген плиткалардың желімдері ұстамай сынып қалды.  Әктелген  жерлер қабықшықтанып жарылып тұр. Оның үстіне,  ескірген кәріз құбырын орнатқан,-дейді тұрғын Раушан Ахмет.

— Үйдің сапасына өкпеміз қара қазандай. Еденнен азынап соққан жел пәтердің жылуын далаға жібереді.  Бөлмелердің қабырғасы көгеріп кетті, үнемі дымқыл тартып тұрады. Көктің иісінен тынысымыз тарылады. Балаларымның кеудесінде сырыл  пайда болып, жөтелден арыла алмай қойды,-деп күйзелді көп балалы ана Айдана Рақымжанова.

Елді әбігерге салған үй  көптен қараусыз  тұрған баспана болған.  Ал, қалыпқа келтіріліп салған үйдің сиқы осындай.  Мемлекеттік «Нұрлы жер»  бағдарламасы аясында қалыпқа келтіруі тиіс үйге бюджеттен 520 млн теңге қаржы бөлінген. Кейбір тұрғындар оған 10 жыл пәтер кезегінде тұрып қол жеткізген көрінеді. Жергілікті әкімдіктің мамандары өрескел кемшілікке жол берген мердігерлерді жауапкершілікке шақырдық дейді. Қаражал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сауытбаев мердігер компания ақауларды  кесілген мерзімге дейін жөндемесе, мәселені сот қарауына жолданатынын жеткізді. Оның айтуынша, барлық ақауды жою үшін  қаңтардың 24 не дейін  уақыт берілген. Айта кетейік, қазірге дейін облыста өз ісін салғырт атқарған 7 мердігер компанияның ісі соттың қарауында жатыр.

Тегтер: