Жайсыз отбасылар азаймай отыр
Жамбылда жыл басынан бері кәмелетке толмаған 172 баланы үйінен кету дерегі бойынша полицейлер іздеген.
Бұл ретте, 50 бала жоғалып немесе адасып кеткендіктен дер кезінде үйлеріне қайтпаған болса, 56 бала ата-анасымен бірге тұрғысы келмегендіктен, бастары ауған жаққа кеткен. Тағы 27 жасөспірім ата-ана, туыстарымен арадағы ұрыс-керістің салдарынан қашып кетсе, қалған 19 жасөспірімнің бесіктен белі шықпай жатып, қаңғыбастық пен қайыр сұрауға бейімдігі белгілі болған.
Баланың үйден кетуін отбасында болып жатқан жайсыз жағдайларға наразылық білдіруінің бір түрі деуге болар. Талдау көрсеткендей, мұндай жасөспірімдердің көбі 15-17 жас шамасында және олардың 80 пайыздан астамы толық отбасында тәрбиеленіп жатқандары анықталыпты.
Әрине, отбасындағы дау-жанжал, ұрыс-керіс баланың психикасына әсер етері анық. Олар мұндай күйзелістерге дайын болмауы мүмкін. Сондықтан мамандар жасөспірімдердің үйден кетуін қылмыстық іс-әрекеттің белгісінен гөрі отбасылық және тұлға аралық қатынастың әлеуметтік-психологиялық аспектісіне жатқызады.
Жалпы, жыл басынан бері полицейлердің рейд жүргізу барысында әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 6,5 мыңға жуық жамбылдық жасөспірім ұсталған. Оның 15-і спирттік ішімдік ішкені, 47-сі бұзақылық жасағаны үшін ұсталса, оқудан қашып жүрген, қайыр сұрап жүрген 489 жеткіншек полиция бөліміне жеткізілген. Сонымен қатар, 5,5 мыңнан астам жасөспірім түнгі уақытта жүргені үшін ұсталған. Бұл ретте кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 503 жасөспірім орналастырылған.
Бүгінгі таңда ішкі істер органдарында 386 жасөспірім мен 251 жайсыз отбасы есепке алыныпты. Бірнеше рет құқық бұзушылық жасағаны үшін кәмелетке толмаған 16 жасөспірім девиантты мінез-құлықты, жалпақ тілмен айтқандар арнайы мектепке ауыстырылса, 61 ата-ана құқығынан айырылған. Ал арнайы есепте 263 жасөспірім тұр.
Өңірде арнайы оңалту орталықтарын паналаған ана мен баланың көбейгені, үйінен қашқан жасөспірімнің азаймай тұрғаны алаңдатады.