Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:57, 03 Наурыз 2023

Жайылым халықтың жанайқайына айналып отыр!

None
None

Соңғы кездері еліміздегі жайылым тапшылығы жиі айтыла бастады. Жыл басындағы әкімдердің халықпен кездесуінде де халық тарапынан ең көп сұралғаны жайылымдық жердің жетіспеуі болған екен.

Ал статистикаға сенсек, жер көлемі бойынша біздің ел әлемде  9-орында, жайылым жердің көлемі бойынша 5-орында екенбіз. Сөйте тұра елімізде малын жаятын жер таппай отырғандар көп.

Осы орайда атап өтер жайт, бір кездері елімізде мал басы күрт азайып, жұртшылық ала таяққа сүйеніп қалатын деңгейге жетсе де, кейін ауыл қазағы малдан асқан күнкөріс жоғына көзі жетіп, мал басын көбейтуге ден қойды. Қазір мал басы жылдан-жылға өсіп келеді. Алайда шаруалар жайылым жер таппай отыр. Қазақтың өз күнін өзі көруге бет бұрған қадамын қолдап, ең болмаса жайылым тапшылығы мәселесін шешіп беретін үкімет те болмай тұр.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтың дерегінше, жеке қосалқы шаруашылықтарда жайылымға жататын 5,7 млн шартты бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар екен. Кеше ғана министрдің орынбасары «Дәл қазір 17 облыстың 15-інде жайылым тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстары мал жаярға жер таппай отыр. Өткен жылы мемлекетке 5,35 млн гектар пайдаланылмаған және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылған болатын. Ғарыштық мониторинг деректері бойынша, 2023 жылғы 1 қаңтарға тағы 12,9 млн гектар пайдаланылмай жатқан және 8,1 млн гектар ұтымсыз пайдаланылған алқаптар анықталды» – деді. Сондай-ақ биыл тағы 5 млн гектар жерді мемлекеттік меншікке қайтару көзделіп отырғанын жеткізді. Бір кездері көзі тоймаған латифундистер жерді ашкөздікпен жекешелендіріп алды. Алайда игере алмай, күтімсіз қалған жерлер тез тозып кетті. Осыны түсінген мемлекет жанталасып, ол жерлерді кері қайтаруда. Әйтсе де қайтарылған жер жетерлік болғанымен «Аспаннан шұға жауса да кедейге ұлтарақ бұйырмайдының» кебімен шаруалар әлі жайылымдық жерге жарымай отыр. 

Әйтпесе осы жайылымдық жер мәселесін өткен жылы үкімет басшысы Әлихан Смайылов көтеріп, пайдаланылмай, бос жатқан ауыл шаруашылық жерлерін жұмыс жасайтын шаруаларға беру туралы айтқан болатын.

Тіпті мемлекет басшысы Тоқаев та екі жыл бұрын: «Жайылымдар, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Жайылымның 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылым бос жатыр. Үкіметке бас прокуратурамен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын» деген болатын. Әйтсе де әлі күнге жайылымдық жер шаруаларға қолжетімсіз болып отыр. Президент те, үкімет басшысы да жайылымдық жер жетіспей отырғанын мойындады. Бірақ әлі күнге мәселе шешімін табар емес. Яғни сонша жер қайтарылғанымен әлі шаруалар малын жаятын жер таппай отыр.

Айтпақшы, желтоқсан айында мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов мыңдаған гектар жер мемлекет игілігіне берілді деп жағымды есеп берген Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке шүйлігіп: «Ербол Шырақбайұлы, сіз жаңа баяндама жасадыңыз. Бірақ сіздің айтып жатқан мыңдаған гектар жерді мемлекетке қайтарып жатырмыз деген сөзіңізге қатысты елдің сәлемін жеткізгім келіп отыр. Жақында елден келдік. Қай облысқа бармасаңыз, жолдың оң және сол жағы да әкімнің жері. Қайтып жатқан жер жоқ. Мал ұстап, егін егіп отырған кісілер жерге зәру болып отыр. Мына жердің иелерін тақтаға жазып қоюға не кедергі? Өскеменге барсаңыз, жердің бәрі Даниал Ахметовтікі, ал Павлодарға барсаңыз Бақауовтікі. Астананың маңайында Өмірзақ Шөкеевтікі. Оны айтуға бәрі қорқып отыр. Алайда сіздің баяндамаңызда айтылған мыңдаған гектар жер қайтарылды деген сөз – өтірік. Халықтың бәрі наразы болып отыр. Мал бағып отырғандарға жер жетпей жатыр. Сіздер осы әдемі баяндаманың орнына осыны қашан қолға аласыздар. Аты-жөнін жазыңыздар, жердің иелерінің. Тақтаға іліп қоюға неге ұяласыздар? Бұрынғы отырған байлар солай отыр» деген болатын. Расында да сол жерлер шынымен қайтып жатыр ма өзі?! Қайтарылса қайда, халық әлі неге жер жетпей қиналып отыр?!

Шыны керек осыған дейін құнарлы, шұрайлы жерлердің көбі бай-бағлан мен әкімқараның, ірі-ұсақ шенеуніктердің қолында болғаны белгілі. «Шөп қорыған иттің» кейпінде не өздері пайдаланбай, не жұртқа бермеген  латифундистердің пиғылын таныдық. Солардың кесірінен, жерге шынайы мұқтаж азаматтар не жайылымға, не шабындыққа жарымай, байлардан әртүрлі жолдармен, тіпті күмәнді жағдайда иеленіп алған жерін жалдап, шөбін сатып алып, мал өсіруге мәжбүр болып келді. Ендігі жерде халықтың,  қазақтың меншігі өзіне қызмет етсе екен...

Тегтер: