Жайылым таппай сенделіп
Ауыл шаруашылығына арналған жерлерді тиімді пайдалану жөнінде түрлі мінбелерде сөз қозғалып жатқанымен, төрт түлігін қайда жаярын білмей, зар қақсап жүрген шаруалардың мәселесі шешімін табар емес.
Шу ауданына барып, шаруалармен тілдескенімізде де қолдағы малына жайылым таппай, сенделіп жүрген жұрттың көп екенін білдік.
Мәселен, Шу ауданындағы бірнеше шаруа қожалығы жылда «Қосқұдық» орман шаруашылығымен бір жылға келісімшартқа отырып, олардың иелігіндегі жерді жайылым ретінде пайдаланады екен. Орман қорының жерінде отырған шаруалар мемлекеттен ешқандай көмек ала алмайды, тіпті, үй соғуына да болмайды. Яғни, «вагон апарып, қамыс қора тұрғызып, мал бағасың», – дейді шаруалар.
«Атай» шаруа қожалығының жетекшісі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Сәкен Атаев орман қорындағы ол жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алып, шаруаларға беру керек дейді.
– Мен негізінен, мал шаруашылығымен айналысқаннан кейін осы саладағы өзімізге белгілі көкейкесті мәселелерді айтайын. Бірінші кезекте, жайылымдық жер. Мәселен, тауда бір жерді кезінде «Смарт Қарқара» деген компанияға беріп жіберген. Қаншама жылдан бері ол жерге не егін екпейді, не мал ұстамайды. Мұндай игерілмей, бос жатқан жер біз жақта көп. Тиісті орындарға оларды анықтау аса бір қиын шаруа емес. Бір кісінің атында 5 мың гектар жайылым жер болса, ЖСН-і бойынша ИСЖ базасына кірсе, керекті мәліметтер атып шығады. Талапқа сәйкес келмейтіндердің жерін созбалаңға салмай дереу мемлекетке қайтарып, жұмыс істеп тұрған шаруаларға беру керек. Егін де сондай.
Келесі мәселе іргеміздегі «Шатыркөл» кен орнының шаруаларға зияны жөнінде. Олар жер астынан күніне бірнеше тонна руда алып жатыр. Оның орнын сумен толтыруда. Соның кесірінен, кен орнының айналасындағы қаншама жайылымдық жер сусызданып, тозып, жарамсыз болып барады. Қылтақ өсіп, тікенек басып кетті. Сосын, субсидия жөнінде айтар болсам, аудан бойынша қазіргі күнге 457 миллион теңге берілмей, резервте тұр. Шаруаларға деп бөлінген қаржыны шырылдатып, ырың-жырыңын шығармай, беру керек, – дейді Атаев.
Сонымен қатар, жергілікті азаматтар аудандағы сонау сексенінші жылдары салынған, содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, әбден тозығы жеткен каналдарды тазалап беруді сұрап отыр. Арналарының бәрі бітеліп қалған, жолдағы тоспалардың тозығы жеткенін айтқан шаруалар «Маусым кезінде су жетпей, айқай-шу көбейеді», – дейді.