Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
22:26, 14 Сәуір 2022

Жайылым жерлер халыққа қайтарылуы тиіс

None
None

Соңғы жылдары мемлекеттің жерге қатысты ұстанымы өзгерді. Жерді жаппай сату, шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту туралы заңның күші жалпыхалықтың наразылықтардың нәтижесінде, жойылды.

Бірақ бұл жер саласында проблеманың бәрі осымен шешілді деген сөз емес.

Егістіктердің тозып кеткенін былай қойғанда, бұл салада «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер көп. Соның бірі – жер телімдерінің, оның ішінде, жайылымдардың заңсыз жекешеленіп кетуі. Оның зардабын ауылдағы мал баққан қарапайым халық тартып отыр.

Былтыр қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жайылым мәселесіне қатысты бірқатар тапсырма берді. Мемлекет басшысы жайылым, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керектігіне тоқталып, жергілікті шенеуніктердің бұл саладағы жұмыстарды дұрыс жүргізбей келе жатқанын сынға алды.

– Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтардың иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 млн гектар жайылым жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтаруды тапсырамын, –деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Түркістан облысының ауызға алынуы тегін емес, әрине. Расында да соңғы жылдары халқы тығыз қоныстанған өңірде жерге қатысты өзекті мәселелер көп. Жер мәселесіне қатысты шиеленісті жағдайлар да көбейген. Тіпті жерге таласудың ақыры, адам өліміне апарап соққан жағдайлар да кездесті. Қайбір жылдары жер үшін көршісі көршісін, ағасы інісін атып тастаған жайттар жұрттың жағасын ұстатқан-ды.

Жайылымдарды жергілікті бай-бағландар меншігіне алып, өзгелерден қызғыштай, қорудың ақыры, жұртшылықтың жаппай наразылығын тудыруда. Былтыр облыста кәсіпкерлердің жекеменшік жайылымына өзгелерді өткізбеу үшін айналдыра ор қазып, сол орға малдардың құлап өлгені туралы мәліметтер ақпарат құралдарында көп айтылды. Кейіннен шектен шыққандарға сот қаулысымен әкімшілік айыппұлдар салынды.

Жер кодексі бойынша халықтың ортақ жайылымы, суаттар сатылмауы тиіс. Алайда бұл саладағы заңдылықтардың бәрі орындалады, деп айту қиын. Мұның арғы жағында сыбайлас жемқорлықтың барын да жасыруға болмайды. Бұған дәлел ретінде соңғы жылдары парамен ұсталған ауыл әкімдерінің ісі негізінен, жерге қатысты екендігін айтсақ да жетіп жатыр. Облыста «жерімізді қалталылар тартып алды, мал жаятын жайылым жоқ», деген арыз шағымдар, дау-дамайлар жетіп артылады.

Осыған байланысты президенттің тапсырмасын орындау үшін Түркістан облысында бірқатар іс-шаралардың жоспары бекітілді. Пайдаланылмай жатқан және заңсыз алынған жайылым жер алқаптарын қайтару және түгендеу жұмыстары күшейтілді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен арнайы жиын өтіп, тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді.

Мамандардың айтуынша, бірінші кезекте, ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу жұмыстары жүргізілді. 2019-2021 жылдар аралығында космомониторинг арқылы «Гринпойнт» жүйесімен облыстағы 1874,1 мың гектар алқапқа түсірілім жасалды. Оның нәтижесіне қарағанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 87,2 мың гектар жер игерілмеген.

Облыстық жер қатынастары басқармасының мәліметтері бойынша былтыр өңірде 131,1 мың гектар пайдаланбай жатқан жер телімі анықталып, 46,5 мың гектар жер арнайы жер қорына қайтарылды. 61,2 мың гектар жерді қайтару жөнінде нұсқамалар берілді. Былтыр облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ортақ жайылыммен қамтамасыз етудің қадамдық алгоритмі бойынша 133 елді мекенге 135,8 мың гектар жайылым жер бекітіліп берілді.

– Биыл түгендеу және қайтару жұмыстары арқылы тұрғындар жалпы, 618,8 мың га ортақ жайылыммен қамтамасыз етіледі, деп жоспарланып отыр. Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде, жалпы облыстағы жайылым қажеттілігі үш есе төмендеп, 1054,5 мың гектарды құрайтын болады, – дейді аталған басқарманың басшысы Ерғали Тілеген.

Жиында Өмірзақ Шөкеев жайылымдарды қайтару жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

– Әкімдер бос жатқан жайылымдар кімнің атында екенін жасырмай, айтулары керек. Жайылымдар ел игілігі үшін қолданылуы тиіс. Бос жайылымдарды қайтару, түгендеу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Түркістан облысының әкімдігі таратқан мәліметтерге қарағанда,  жайылымдарды қайтару жұмыстары аудандарда арнайы жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Мәселен, Түлкібас ауданында биыл меморандум арқылы мал жаюға 23000 гектар жайылымдық жер телімін беру жоспарланды. Жергілікті ауыл әкімшілігі мен осы салаға жауапты мамандардың ортақ жұмысының нәтижесінде, 17890 гектар жер телімдерінің иелерімен меморандум түзілген. Ал қалған 5238 гектар жайылымдық жер телімі сәуір айының 20-сына дейін меморандум арқылы мал жаю үшін елге беріледі.

Дәл осындай жұмыстар Ордабасы ауданында да жүріп жатыр. Ордабасы ауданы әкімдігі мен Ордабасы ауданы прокуратурасы бірлесе отырып, аудан көлеміндегі Бадам, Бөржар, Қажымұқан, Жеңіс, Қараспан, Төрткөл ауыл округтеріндегі елді мекендердің іргесінде орналасқан жалпы көлемі 4515,61 гектар жайылымдық жер учаскелерінің 20 жеке және заңды тұлғаға тиесілі екендігін анықтаған. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі жер иеленушілермен келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде, жалпы көлемі 490 гектар жайылымдық жер учаскесі Ордабасы ауданы әкімдігінің қаулысымен ауданның арнайы жер қорына қайтарылды.

Тегтер: