Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:15, 06 Қараша 2024

Жақыпбек Алтаев: Қайырымды қоғамды қалыптастыра алмадық

Жақыпбек Алтаев
Фото: ашық дереккөз

Әл-Фарабидің мемлекеттік құрылым және мемлекет басқару теориясын зерттеу – қазіргі демократиялық қоғамның дамуындағы өзекті мәселелердің бірі.

Әл-Фараби философиясында мемлекетті басқаруға, оның құрылымына баса мән беріледі. Бірнеше ғасыр бұрын ізгі мемлекет пен қайырымды қоғамның сипатына терең үңілген ойшылдың көзқарасы бүгінде өзектілігін жойған емес. Әл-Фараби антикалық мұралардың әрбір саласына назар аударып, әсіресе гректердің классикалық философиясының өкілдері – Платон мен Аристотель және басқа да ойшылдардың еңбектерін араб тіліне аударып қана қоймай, оларға түсіндірмелік (герменевтикалық) талдаулар жасап, адамзат руханиятындағы философиялық ой танымның сабақтасуына ықпал етті. Әрине, өкініштісі, ойшыл-ғұламаның 200-ден артық ғылыми трактаттарының, бізге келіп жеткені тек жетпіс шақты. Ал бізге жетпей, әлі де қазақ тіліне аударылмай жатқаны қанша. Демек, біз – данышпанның көзқарастарын індете зерттедік десек те, әзірге, оның рухани болмысының тек үштен бірін ғана тануға мүмкіндігіміз бар деген сөз. Әл-Фараби мұраларын зерттеп, оның идеяларын қайта жаңғырту, ұрпақтарымызға үлгі-өнеге ретінде әйгілеу – баба рухы алдындағы парызымыз ғана емес, түркі руханияты мен ілім-білімінің сабақтастығын әлемге паш етумен, ғылым дамуындағы оның орнын айшықтап, идеяларын қазіргі заман тұрғысынан таразылаумен сабақтасып, жалғасын табады. Бүгінде фарабитануда айтарлықтай еңбек етіп жүрген ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаевпен сұхбат құрдық.

– Жақыпбек аға, әл-Фараби «қоғамның беріктігі, тұрақтылығы, күштілігі имандылықтан, жаратылыс құдіреті туралы адамзаттың дұрыс танымынан, ілімнен бастау алмақ» дейді. Ал бүгінгі қоғамның беріктігі неде? Әңгімемізді қазіргі қоғамдағы құндылықтар эволюциясы туралы ойдан бастайықшы.

– Әл-Фараби «Азаматтық саясатта» адам қоғамдарын талдауды қаладан бастаса, «Нақыл сөздерде...» ойшыл бұл мәселені ең кішкене ұядан, яғни отбасыдан немесе үйден бастайды. Аристотель сияқты ол үйді бірнеше бөлікке – ері мен әйелі, қожайыны мен қызметшісі, ата-анасы мен баласы, мүлкі және иесі деп бөледі. Үйдің өзіне тән мақсаты болады, бірақ каланың бір бөлшегі болғандықтан, ол қала белгілейтін ортақ мақсатқа қызмет етуге арналады, сөйтіп бұл арада адамның өз басының мүдделерін қоғам мүдделеріне бағындыру туралы пікір айтылады. Бұл жерде Фарабидің қала дегенін мемлекет деп түсіне отырып, оның ойларынан үлкен азаматтық гуманизмнің биік көріністерін табамыз. Мұнда тек жеке басының мүдделері ғана емес, қоғам мүдделерін жоғары санауы үлкен бір азаматтықтың, адамгершіліктің қасиетті көріністері деп білеміз. Әл-Фараби адам міндетті түрде адал ниетті болу керек деп есептейді. Өйткені жақсы істер істеп, мұның өтеуін күтсе, бұл жамандыққа айналғаны. Жетік философ теориялық ғылымдарды да білуге, бұл ғылымдарды басқа ғылымдарда да қолдана білуге тиіс. Платон мен Аристотель нағыз философқа әкімнің міндеттері жүктелуге тиіс деп санады, бірақ Платонның пікірінше, философ өзгермейтін ақиқаттарды меңзеп, мемлекетті басқаруды жоғары мақсатқа жетуге бөгет жасайтын ауыртпалық деп есептейді, ал әл-Фараби, керісінше, тіршілік істерден бойын аулақ салмайды, қайта адамдардың ақиқатқа жету жолына түсуіне көмектесуге тырысады. Бұл арада әл-Фараби дін мен философияны салыстырады. Оның пікірінше, дін-философияның ұқсасы: екеуі де жоғары принциптерге бар заттардың бастамаларына түсінік береді. Бірақ философия дәлелдеуді, дін сенуді керек етеді. Фараби мемлекетті философтар басқару керек дейді. Заң шығарушы өте жақсы пайымдаудың арқасында адамның мүдделеріне сай келуге тиіс заңдарды дұрыс жүзеге асыра алады.

– Оның үстіне, жаһандану процесі мен ақпараттардың толассыз ағыны адамгершілік моральдың алмасуына алып кеп жатыр. Осындай қақтығысқа толы заманда өз «меніңді» қалай сақтаса болады? Әсіресе нарықтық қатынаста өзіңнің ұлттық бірегейлігіңді сақтап қалудың қандай да бір жолдары бар ма?

– Әл-Фараби еңбектерінде «адамгершілік кемелділік» пен «ақыл-парасатты дамыту» үлкен мәнге ие. Оның пікірінше, адам өз бойында адами қасиеттерді, білімге құштарлықты, моральдық тазалықты қалыптастырғанда ғана шынайы «менін» сақтап қала алады. Жаһанданудың әсерінен болып жатқан өзгерістер мен нарықтық қатынастардың қысымына қарамастан, әр адам ішкі рухани кемелділікке ұмтылу арқылы өзінің бірегейлігін сақтай алады. Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» еңбегінде адамды «қайырымды» және «қайырымсыз» түрлерге бөледі. Оның пікірінше, қоғамда қайырымды адам болып қалыптасу үшін, әр адам өзінің рухани негізін түсінуі және дамытумен айналысуы керек. Нарықтық қатынастарда ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне келетін болсақ, бұл жерде екі бағытта жұмыс жасау маңызды: біріншісі – ұлттық құндылықтарға негізделген экономикалық іс-әрекеттерді қолдау, мысалы, отандық өнімдер мен қызметтерді таңдау; екіншісі – іскерлік қатынастарда ұлттық мораль мен адамгершілікті басшылыққа алу. Сонымен қатар біздің қоғамға ұлттық идеология керек-ақ. Жаһандану барысында түрлі мәдениеттер мен құндылықтардың тоғысуы бір жағынан мүмкіндіктер есігін ашса, екінші жағынан ұлттық ерекшеліктер мен құндылықтарға қауіп төндіреді. Мұндай кезеңде ұлттық идеологияның рөлі ерекше маңызды бола түседі, себебі ол халықтың мәдени бірегейлігін, өзіндік рухани әлемін сақтаудың негізгі жолы ретінде қарастырамыз. Жастар жаһандық мәдениеттің әсеріне тез бейімделеді, бірақ осындай ортада өздерінің ұлттық болмысын сақтауы қиынға соғады. Сондықтан ұлттық идеологияның басты міндеті – жастарға өздерінің мәдениетін, тілін, тарихын түсінуге көмектесу және осы арқылы олардың рухани жетілуіне жол ашу. Әл-Фараби айтқандай, қоғамның дамуы әрбір адамның жеке кемелдігіне байланысты. Ұлттық идеологияның күші жастарға сыртқы ықпалдарға қарсы тұруға және ұлттық болмысын нығайтуға мүмкіндік береді. Жас ұрпақ өздерінің ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, жаһандық аренада өзіндік орны бар, рухани және адамгершілік құндылықтары бай тұлға ретінде қалыптаса алады. Жаһандану заманында ұлттық идеология ұлтты біріктіретін, оның түпкі құндылықтарын сақтай отырып, заманауи әлемге ашық болуына мүмкіндік беретін күшке айналады. Бұл – ұлттық болмыстың жаһандық үрдістерден ерекшеленіп, өзіндік дауыспен сөйлеуін қамтамасыз ететін, адамның ішкі әлеміне негізделген құндылықтар жиынтығы.

Әл-Фараби әлемдік деңгейдегі ғалым, ойшыл ретінде ғылым, білім және руханияттың маңызын ерекше атап өткен. Оның үстіне, ислам философиясының негізін қалаушы тұлға есебінде де Фарабиді қарастырамыз. Ал бүгінгі қоғамда дін мен ғылымды қарсы қоятын сыңаржақ пікірлер жиі айтылып жүр. Оның үстіне, соңғы кезде жастардың жаппай дәстүрлі емес діни ағымға түсуінің салдарынан ұлттық келбетіміздің бояуы кетті. Бұл туралы не айтасыз?

Шынымен-ақ, дұрыс айтасыз, бүгінгі таңда дін тақырыбы қоғамда қызу талқыланып жүргені жасырын емес. Біз де философ ретінде бұл тақырып төңірегінде қашаннан сөз қозғап келеміз. Біздің тарихымызда қасиетті ислам дінінің алар орны ерекше. Ал Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз ешуақытта дін мен ғылымның арасына сына қақпайды. Керісінше, дінді ғылым ретінде зерттейді. Ендеше, ғұламаның дін мен философия туралы жазғандарын зерделей, ойымызды жалғастырсақ. Әл-Фараби өз заманының жан-жақты білімді адамдарының бірі болған, бірқатар шет тілін меңгерген және өзінің философиялық ойлары мен іс-әрекеттерінде қайшылықтар болдырмауға тырысқан. Әл-Фараби бойынша философиямен тек өз бойын өшпенділік, сараңдық сияқты жаман қасиеттерден аулақ ұстап, жан тазалығын сақтаған адам ғана айналыса алады.

Әл-Фарабиді маңызды екі мәселе толғандырды:

1) Платон мен Аристотель философиясы арасындағы қайшылықтарды жойып, оларды үйлестіру;

2) Исламдық дүниетаным мен ежелгі грек философиясы арасындағы көзқарастар қайшылығын жою.

Сол замандағы грек философиясына қарсы айтылған сыни пікірлердің бірі – Платон мен Аристотельдің бір-бірімен қарама-қайшылығы еді. Егер философия жалғыз ақиқатты тануға жол ашатын болса, екі ең ірі философиялық жүйе көзқарастары бір-біріне қарсы бола ала ма? Егер екі жүйе де адамды ақиқатқа жетелейтін болса, оларда ешқандай қарама-қайшылықтар жоқ; егер қарама-қайшылықтар бола тұра, екі философиялық жүйе де дұрыс деп танылса, бұл философияның толық жетілмегендігін, ақиқатқа жол аша алмайтындығын меңзейді. Сол заман философиясына қарсы айтылған пікірлердің мазмұны осындай сыни мағынада болған. Бұл сынға жауап ретінде әл-Фараби «Аль-джамам бейт рай аль-хакимейн Ефлятун аль-лияхи уа Аристо» еңбегін жазады («Екі философ – Қасиетті Платон мен Аристотельдің көзқарастарын ортақтастыру»). Бұл еңбегінде әл-Фараби Платон мен Аристотельдің айырмашылығы тек қана әртүрлі тілдік стильдерді қолдануында және өмір салтында екенін көрсетеді, ал қос ойшылдың философиялық көзқарастары ортақ болғанын айтады. Кітаптың басында әл-Фараби философияның пәні жайлы айтып, ғылымдардың классификациясын келтірген, одан әрмен Платон философиясының қысқаша мазмұнын берген, ал кітаптың соңғы бөлімінде Аристотель философиясының негізгі сипаттамаларын атап өтіп, екі ойшылдың көзқарастарының ортақтығы мен үндестігін көрсетеді. Әуелде III ғ. Александриялық мектеп өкілдері Амин мен Порфирий де екі гректің философиясын ортақтастырумен айналысқан, бірақ әл-Фарабидің көздеген мақсаты өзгеше еді. Әл-Фарабидің ойынша, философия – ақиқат және сол ақиқатқа жету жолы, яғни барлық ұлы ойшылдар мен философтар ұзақ ой-толғаулар нәтижесінде бір нәрсеге келеді; осы тұрғыдан алып қарағанда, олардың барлығы дерлік ақиқатты іздеуші бір мектеп өкілдері, сондықтан әртүрлі философтар арасындағы айырмашылықтар баршаға ортақ ақиқатты әртүрлі жолмен көрсетуінде. Әрине, әл-Фарабидің осы әрекеті қаншалықты нәтижелі болғаны туралы сөз таластыруға болады, сонымен бірге бұл әдістің ислам әлемінің кейінгі ойшылдарына айтарлықтай ықпал еткені сөзсіз. Мәселен, әл-Фарабидің қалыптастырған гректік философия негізіндегі философиялық ойлау институтын оның ізбасарлары болған мұсылмандық философ-перипатетиктер грек философиясының белгілі бір өкілін алға тартса да (Мысалы, ибн Сина – Платонды, ибн Рушд – Аристотельді), әл-Фарабиден кейін қалыптасқан перипатетикалық философияның шегінен шықпаған.

– Әл-Фараби Аристотель мен Платон тұжырымдарын қалай бір-бірімен сабақтастырды, сондай-ақ кереғар пікірлерді қалай түсіндірді?

Әл-Фарабидің Аристотель мен Платон философиясын сабақтастыруындағы тағы бір мақсаты – Аристотель философиясының исламдық дүниетанымға қайшы келетін тұстарын Платон философиялық ілімімен «толықтыру» еді; бұл жерде александриялық неоплатонизм мектебінің философиялық зерттеулері маңызды рөл атқарды. Бірақ нәтижесінде әл-Ғазали әл-Фарабидің бұл әрекетін сынға алады. Аристотель философиясы бойынша терең білімі мен керемет философиялық қабілеті, тіл білімі, математика, астрономия және сол заман ғылымының өзге де салаларындағы жан-жақты білімінің арқасында әл-Фараби мұсылмандық Шығыста «аль-муа`ллим ас-сани» «екінші ұстаз» деген атаққа ие болады. Философия жайлы айтқанда, әл-Фараби гректік «фәлсафа» сөзін немесе араб тілінің «хикмет» (даналық) сөзін қолданған. Әл-Фараби Платон мен Аристотель философияның ойлау жүйесін даналық пен құдіретті жаратылыс идеясымен байланысын қалпына келтіруге, шынайы философияны құдіретті даналыққа қайшы келмейтінін көрсетуге тырысқан.

Сонымен әл-Фараби еңбектерінің маңыздылығы бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпаған, ол философияны/ақыл-ойды сеніммен/дінмен үйлестіру мәселесін қарастырған.

Әл-Фараби дін мен философия арасындағы байланысты үш тұрғыдан қарастырады:

1) Жаратушыға деген қатынас. Исламда Құдай ұғымы басты, ұйытқы ұғым болып табылады; ал Аристотель үшін Бірінші себеп түсінігі негізгі емес.

2) «Вахий» ұғымы – «шынайы сенім», бұл ұғым грек философиясында кездеспейді.Осы себептен әл-Фараби пайғамбарлық, оның таңғажайып кереметтері мен сырлары жайлы бірқатар түсіндірмелер ұсынған.

3) Философияға қабілеті жоқ қарапайымдылар («а`ввам) мен таңдаулылар болып табылатын философтар арақатынасы. Әл-Фараби бұл мәселені жалпы педагогикалық тұрғыдан талдаған, ал шын мәнінде бұл философия мен дінді ортақтастыру мәселесімен байланысты болған. Грек философиясы дүниеге деген детерминистік қатынаспен ерекшеленеді, сол себепті жалғыз Жаратушының бар екенін мойындай алмайды. Ежелгі гректік дүниетанымы бойынша болмыс әуелде хаос түрінде болған, әрмен келе Демиург-Құдай оны жүйелі қалыпқа (космос) келтірген. Аристотель Жаратушы жайлы айтқанда, оны дүниені бар етуші және қозғалысқа келтіруші «Алғашқы түрткі» ретінде сипаттайды. Ислам бойынша, Жаратушы-Аллах бүкіл әлемді бар етуші, болмыстағы барлық құбылыстар мен өзгерістер тек Құдайдың еркімен және құдіретімен болады. Аллахтың еркінен тыс ешнәрсе жаратылмайды және ешқандай өзгеріс болмайды. Дәл осылай Аллах үнемі шариаттың қағидалары мен заңдары арқылы дүниені басқарып отырады. Аллах өзін адамның әлеуметтік, рухани, саяси өмірінде тіпті күнделікті тұрмысында танытады. Жаңа платоншылдықта қалыптасқан «Жалпыға ортақ» ұғымын исламдағы «таухид» («бірқұдайлық») ұғымымен ортақтастыру, әрине, өте қиын мәселе болған. Неоплатондық «Бірегейлік» ұғымы мұсылмандарға, еврей философтарының ықпалына ұшырап жетті, олар бұл концепцияны еврейлік Торадағы Жалғыз Құдай ұғымымен сабақтастыруға ұмтылған. Әл-Фараби жаңа платоншылдық жолымен жүріп, «эманация» теориясын құрастырған. Осы көзқарас тұрғысынан қарасақ, Құдай Платон мен Аристотельдің және неоплатониктердің түсінігінше бірегей, дүниедегі барлық нәрселер Құдайдан таралады. Демек, Жаратушы – өзін және өз болмысын ойлай алатын ақыл-парасат. Ақыл-парасат, ақыл-парасатпен танушы, ақыл-парасат арқылы танылған осы үшеуі тұтас нәрсенің аспектілері, Жаратушының мәні болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, білім, танушы, танылған нәрсе ортақ болады, ал Жаратушы әр нәрсенің түпкі және жалғыз себепшісі. Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындары туралы» еңбегінде өзінің парасат туралы концепциясын ары қарай дамытып, Жаратушы мен оның жаратылыстарының арасында жеке сана, тұлға мен функцияларға ие аралық күштердің бар екенін атап өткен. Сонымен, осы жолмен әл-Фараби исламдық діни ілім мен философияны үндестіруге ұмтылған. Шындығында әл-Фарабидің эманация туралы концепциясы Аристотельдің мәңгілік әлем концепциясынан көп ерекшеленбеген. Материя толықтай Құдайға тәуелді, бірақ әл-Фарабидің ойынша, ол Құдай арқылы жаратылғандықтан, мәңгілік сипатқа ие болуы әбден мүмкін. Эманация теориясының іргелі идеясы бұл – Жаратушының өз болмысын білетіндігі туралы идея. Бұл білім дүниенің жаратылысының түпкі себебі мен алғашқы мақсаты болып табылады. Сонымен, эманация теориясы онтология тұрғысынан алып қарағанда, үздіксіз қызметтің нәтижесі.

– Әл-Фарабидей ұлы ойшылдар шыққан ислам елдерінің не үшін бүгінде шырқы бұзылып, мазасы кетті? Қазіргі ислам мемлекеттері секілді іштен іріткі туып, бүлінбеу үшін қазақ қай жағынан сақтануы керек деп ойлайсыз?

– Иә, расында бұл өте өкінішті мәселе. Өзіңіз айтып отырған алауыздық пен ішкі іріткі әл-Фараби көксеген қайырымды қоғамның әлі де болса қалыптаспай отырғандығының белгісі. Егер ғұлама айтқан қайырымды қоғамға ұмтылып, жаһанның жаңарған ғылымын тереңінен ұғына білсек, Ислам әлемі тарихи міндетін атқарар еді. Алтын ғасырға баланған Орта ғасырлар кезеңінде бүгінгі бүлініп отырған Ислам елдері көшбасшы мемлекеттердің рөлін атқарған болатын. Әлі де болса ол орнына көтеріледі ғой деген сенім жоқ емес.

– Жалпы мемлекет деген кезде – саяси ахуал туралы сөз қозғау шарт. Әл-Фарабидің саяси және моральдық идеяларының өзектілігі туралы айтыңызшы. Бүгінгі күннің саяси құрылымдарына ойшылдың идеяларын қолдану мүмкін бе?

Әрине, әл-Фараби идеялары бүгінгі таңда толық орындалар болса, тіптен ғажап болар еді. Мінсіз жабық мемлекеттің қатаң үлгісін құрастырған Платон да, мемлекет құрылуы мен адам жетілуінің мәселелерін нақты және практикалық тұрғыдан қарастыратын Аристотель де Әбу Насыр әл-Фарабиді қызықтырып, бұл ойшылдардың идеяларын талдауға арналған материал ретінде ғана емес, сонымен қатар қайырымды қаланың өз тұжырымдамасын құру үшін пайдаланды. Макиавеллидің танымал жұмыстары еуропалық қоғамдастықтардың тағдыры туралы дискурстарға негізделген сияқты Ұлы Даланың тумасы Әл-Фарабидің ілімі де Азиядағы саясаттың дамуының заманауи трендтерін біліп тануда көпір болып табылады. Әл-Фарабидің Кеңес дәуірінде аударылған еңбектері, сөзсіз, мұқият тексерілуі керек, себебі ойшыл халифатта өмір сүріп, ислам дінін ұстанды. Мәселен, егер Фараби қайырымды қала –мемлекеттің билеушісі бір уақытта имамда болуы керек деп жазса, бұл сөзбе-сөз қабылданбауы керек. Бұл жерде билеушінің бойында үйлесімді болуға тиіс ниетінің, жаны мен тәнінің тазалығы туралы айтылады. Эстрадалық орындаушы Григорий Лепс: «... ең жақсы күн кеше келді» деп ән салатындай, басқаша айтқанда, ойланушы адам алға жылжу үшін әрдайым бұрын болған оқиғаларды талдауға бейім болады. Координаттарды дұрыстау үшін бидайды бос қабықтан айырғандай, өткеннің сабақтарын, билеудің әртүрлі формаларының тарихын білу маңызды. Қазіргі заманғы өркениетті қоғам үшін мемлекет басшысының идеалы қандай, оның басымдылық қасиеттері қандай болу керек? Жауаптар Екінші ұстазда бар. Әл-Фарабидің даңқы мұсылман әлемінде және одан тыс жерлерде кеңінен танымал болған «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету туралы», «Мемлекеттік қайраткердің афоризмдері» атты еңбектерімен шыққаны белгілі. Әл-Фараби жалпы ережесін жазып кеткен қайырымды мемлекет құру – бүгінгі таңда кез келген дамушы елдің алдында тұруы керек маңызды құрылым.

Сұхбаттасқан

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ