Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:16, 29 Қазан 2024

Жақыпова енді ардагерлермен күрес бастамақ

Светлана Жақыпова
Фото: ашық дереккөз

Тәжік-ауған, Ирак және Таулы Қарабақ соғысының бір топ ардагері редакциямызға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың отставкаға кетуін талап етіп, шағыммен хабарласты.

 Ардагерлердің айтуынша, оларды мәртебесінен айырмақшы екен. Ардагерлер одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Мұхамеджанов министр ханым берген уәдесін орындамай отыр деп есептейді. Олардың сөзінше, министр тек Ауған соғысының қатысушыларын ғана ардагерлер мәртебесінде сақтап қалмақшы. Қазір министрдің сөзінен кейін Ауған соғысы ардагерлері мен басқа ардагерлер арасында алауыздық туған.

Министрдің ардагерлерді алауыздыққа әкелген сөзі

Дауға себеп болған министрдің сөзі 18-қазан күні ардагерлер тобының чатында тараған. Өз сөзінде министр ханым «ардагерлер туралы заңды біз қайта қараймыз. Ауған соғысына қатысушылар сол мәртебеде қалады да, өзге ардагерлерді басқа мемлекет аймақтарында соғысқа қатысушыларға теңейміз» дейді. Ардагерлердің айтуынша, «Ардагерлер» туралы заңды қайта қарап, алып тастауға болмайды. Ондай күш жоқ, тек ол заңды жақсартуға ғана болады. Жақыпова видеода Иракта, тәжік-ауған және Таулы Қарабақтағы соғыста болған ардагерлердің мәртебесін төмендететінін айтқан. Сол үшін басқа ардагерлер оның сөзіне наразылығын білдіріп жатыр. Ардагерлер «ауғандықтардың» неге бұлай жасап жатқанының артында қаржыға байланысты мәселе бар деп есептейді. Олардың айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлер өте аз қалған. Енді олардың орнын Ауған соғысы ардагерлері басып, соларға берілетін жеңілдікті алғысы келеді. Ал барлық ардагерге берейін десе бюджетке салмақ түседі. Алайда басқа ардагерлер ауғандықтардың Екінші дүниежүзілік соғысы қатысушыларының орнын баса алмайтынын айтады. Біріншіден, екі соғыс сәйкес келмейді. Екіншіден, Ауғанстан не КСРО-ға, не Қазақстанға шабуыл жасамаған.

Бітімгерлік әскері
Фото: kazpravda.kz

Өзге елдегі соғысқа қатысушылар деген кімдер?

Оқырманға түсінікті болу үшін басқа елдегі соғысқа қатысушылардың кім екенін қысқаша айтып өтейік. Басқа елдегі соғысқа қатысушылар деп 2020 жылғы «Ардагерлер» туралы қабылданған заңға сәйкес, Ұлы Отан соғысына, 1979-89 жылғы Ауған соғысына, 1992-2001 жылдарда тәжік-ауған шекарасын қорғауға, 1991 жылғы Таулы Қарабақтағы қақтығысқа және 2003 жылғы Ирандағы соғысқа қатысқандар есептеледі. Олардың өз мәртебесі және 4,8 АЕК мөлшерінде жәрдемақы, жерге, үйге жеңілдіктері бар.

1992-2001 жылдар аралығында Қазақстанның жеке құрама атқыштар батальоны тәжік-ауған шекарасын қорғады. КСРО тарағасын Тәжікстанда азаматтық соғыс басталды. Сол кезде Тәжікстан мен Ауғанстанның шекарасын қорғауға біздің елден де әскер аттанды. 9 жылдың ішінде 46 сарбаз қаза тапты. Олардың көбі қаза тапқаннан кейін марапатталды.

Таулы Қарабақтағы қақтығыс 1991 жылдары басталды. Оған елімізден де сарбаздар бітімгерлік орнату үшін қатысқан. Сол кезде КСРО тарап, әр ел өзінің егемендігін алып жатқан уақыт еді. Әзербайжан мен Армения Қарабақ жеріне таласып қалады. Жалпы бұл дау бұрыннан бар болатын. Себебі сан жағынан армяндар көп болып, бүкіл бір округті өз иеліктеріне қалдырғысы келгенімен, әзербайжандар бұл біздің жеріміз деп есептеді. 1991 жылы Таулы Қарабақ Әзербайжан құрамынан шығатынын жариялайды. Осы кезден бастап дау өршіп, соңы 30 мың адамның өлімімен аяқталған соғысқа әкеліп соқты.

2003 жылы 22-мамырда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Ирак халқына елді қалпына келтіруде көмек көрсетуге шақыратын қарар қабылдады. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің үндеуіне жауап беріп, Ирак халқына көмек көрсету үшін инженерлік бөлімше жіберу туралы шешім шығарады. 2003 жылғы 30-мамырда жалпы 290 сарбаздан құралған «ҚАЗБАТ» бітімгершілік батальонының инженерлік бөлімі бітімгершілік іс-шараларына қатысу үшін Иракқа жіберілді. Бұл елде сарбаздарымыздың негізгі міндеті жарылмаған оқ-дәрілерді іздеу және жою, суды тазарту және жергілікті халыққа медициналық көмек көрсету болды.

«Министрдің күйеуі – «афганец» пе?

Jas Alash тілшісі аталған дауға байланысты бірнеше ардагермен сөйлесті. Олар министрдің не үшін бұлай айтқанын түсінбей, дал болып отыр. Көбісі бұл жерде лоббизм, яғни министрдің жеке қызығушылығы бар деп есептейді. Ардагерлерге жеткен хабарларға қарағанда Жақыпованың күйеуі не бауыры ауған соғысына қатысқан болуы мүмкін. Сондықтан ардагерлер министр ханым жеке мүддесі үшін бірнеше елге қатысқан соғыс ардагерлердің құқығын таптағалы отыр ма деп алаңдайды.

Ардагерлер одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Мұхамеджанов тәжік-ауған шекарасында өздерінің соғыс қимылдарына қатысқандарын айтады. Сондықтан тәжік-ауған шекарасындағы соғысқа қатысушыларды бітімгерлік емес, жауынгерлік тапсырмаларды орындаған әскерилер деп есептейді. Ол министрдің жоғарыда жазып кеткеніміздей, жеке мүддесі үшін басқа ардагерлердің мәртебесін төмендетіп отыр ма деп қауіптенеді.

Мұрат Мұхамеджанов
Мұрат Мұхамеджанов. Фото: Мұрат Мұхамеджанов

«2020 жылы қабылданған «Ардагерлер туралы» заңның 3-бабына сәйкес аталған заңда: Ұлы Отан соғысы мен басқа мемлекеттерде ұрыс қимылдарына қатысқандар, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және еңбек ардагерлері дейтін 4 категория бар. Яғни қолданыстағы заңнамада әскери әрекеттерге қатысқан жауынгерлер деген термин жоқ. Бұл заңға қайшы. Министрдің айтып отырғаны біздің мәртебемізді төмендетеді. Біз тәуелсіз елдің ардагерлеріміз. Бізді мемлекеттің маңызды күні – Республика күнінде мәртебемізді төмендетпекші. Тек ауған соғысына қатысқандарды қалдырмақшы. Мен бұған түбегейлі қарсымын! Министр бұл мәлімдемесі арқылы ардагерлер ұйымдарының мүдделерін зерттемейтінін, қазіргі жағдайды, қолданыстағы заңнаманы және халықаралық шарттарды білмейтінін көрсетті. Сонымен қатар мұндай әрекеттер ардагерлер ұйымдарының жікке бөлінуіне әкеп соғады. Бұл болашақта ұлттық қауіпсіздікті әлсіретуге әкеледі. Жақыпова қазіргі күрделі геосаяси жағдайда мұндай сөзді айтпау керек еді. Жоғарыда айтылғандарға байланысты, Жақыпова осы сөзімен мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. Оның күйеуі – «афганец» (Ауған соғысына қатысқан – ред.). Жұбайыңды осылай да сүюге болады, түсінемін. Бірақ басқа ардагерлерге зияныңды тиігізбеу керек. Бұлай істеу дұрыс емес», – дейді Ардагерлер одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Мұхамеджановтың бұл сөзін Ақмола облысы Қарабақ соғысы ардагерлері ұйымының басшысы Асқар Әкпаров та қолдайды. Оның айтуынша, министрдің Ауған соғысы ардагерлерінің құрылтайында айтқан сөзі басқа ардагерлерге бомба жарылғандай әсер еткен. Себебі қандай да бір аудан немесе облыс емес, Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріауғандықтардан бөлек басқа ардагерлерді мәртебесінен айыратынын айтқан. Әкпаров заң алдында ардагерлердің статусы бірдей екенін айтады.

Асқар Әкпаров
Асқар Әкпаров. Фото: Асқар Әкпаров

«Енді министр ханым «Біздің мәселе міне-міне шешілгелі тұр. Біз қажет жерлерге ұсыныс тастадық. Ауған ардагерлері ардагер статусында қалады, ал қалғаны «остаетесь участниками военных действий», яғни әлі де әскери іс-қимыл қатысушысы қалпында қалады» деп отыр. Шындығында, ауғандағы соғыс алаңының Қарабақтағы майданнан еш айырмашылығы жоқ. Бәрі бірдей басын тікті. Мен, Асқар Әкпаров, Ақмола облысы Қарабақ соғысы ардагерлері ұйымы басшысы ретінде министр Светлана Жақыпованың бұл әрекетіне риза емеспін. Менің ұйымымның ардагерлері бұған бей-жай қарай алмайды. Неге статусы бірдей, тек түрлі аймақта соғысқан ардагерлер арасынан «ауғандықтарда» ғана бұл статус сақталатын болып отыр? Әлде министрдің не жолдасы, не ұлы, не басқа бір туысы осы соғыс ардагері ме?! Ал біреуінің ғана статусы сақталатын болса, ол неге Қарабақ ардагерлері емес? Мұндай әділетсіздіктің түсіндірмесі бар ма? Бұл жерде «мен аталған мәселенің шешімін жыл соңына дейін табамын» деген министрдің сөзінде нақты осы соғыс ардагерлерінің ғана ығына жығылар мәнердің болуы күмән тудырады. Бәлкім, жемқорлық сипаты да бар шығар. Өз сөзімнен қорықпаймын. Заңгермін, сондықтан сырттағы сөзге еріп, министрдің бір туысы ауған ардагері болғаны үшін оларға үстемдік беріп, қалғанын ол статустан айырғалы отыр деп те нақты айта алмаймын. Бірақ оның жасап отырған әрекеті сондай күдікті ойға жетелейді. Оның әрекетінен лоббизм, яғни Ауған соғысы ардагерлерінің ырқына жығылу байқалады», – дейді Ақмола облысы Қарабақ соғысы ардагерлер ұйымының басшысы.

Тәжік-ауған соғысы ардагерлері одағының Қостанай облысындағы төрағасы Асхат Мырзахметов те майдандастарымен бірге тәжік-ауған шекарасын күзеткен жауынгерлердің бірі. Ол – 1994 жылы Душанбеге 15-сәуір күні ұшып барып, екі тәуліктен кейін тәжік-ауған шекарасын қорғауға аттанған.

Асхат Мырзахметов
Асхат Мырзахметов. Фото: Асхат Мырзахметов

«Барған кезімізде азаматтық соғыс болып жатты. Біз екі жақты да қолдаған жоқпыз. Тәжік халқын бейбітшілікке шақырдық. Күнделікті алатын бұйрығымыз шекараны бандыдан, есірткі тасымалдаушылардан қорғау болды. Сондықтан бітімгер әскеріне жатпаймыз. Біз шекараны қорғап тұрғанда Ауғанстан шекарасы жағында шабуыл болып, 9 жыл ішінде 46 офицер мен сарбаз қаза тапты. Қазір өзіңіз де білесіз, біздің жерге көз алартып жатқандар бар. Интернетке шығып та жатыр. Бір жағынан Украинадағы соғыс қалай болады екен деп алаңдаймыз. Әр қазақтың жүрегінде үрей бар. Болашағымызға алаңдаймыз. Осындай қиын кезеңде Светлана Жақыпованың бізді ардагерлер санатына жатқызбай, бөлеміз деп жатқаны қабырғамызды қайыстырып, жүрегімізге қатты батты. Жақыпованың айтқан сөзі үй ішінен үй тіккенмен бірдей. Себебі 2020 жылы президент ардагерлер туралы заңға қол қойды емес пе? Ол президентке қарсы ма, білмеймін. Неге бізге қарсы шығып жатыр, түсінбейміз. Біз Ауған соғысына қатысқан ағаларымызбен бірге әскеріміздің абыройын көтеру үшін жастар арасында бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Осындай кезде министр ханым бір сөзімен бір ардагердің абыройын көтеріп, екіншісін түсіріп, бізді қырықпышақ қылып қойды. Енді олар бізге көзін алартып, біз оларға қырын қарап жүрміз. Жақыпова ардагерлер ұйымының арасына май құйып, от тұтатып жіберді», – дейді ол.

«Жас Алаш» тілшісі Ирак ардагерлер одағының төрағасы Марат Қанатовқа хабарласқан еді, ол да министр Жақыповаға наразы екенін білдірді. Қанатовтың айтуынша, одақтағы барлық өкілдер министрдің бұл сөзіне алаңдаулы. Ал Ауған соғысы ардагерлерінің әрекеті де адамгершілікке жатпайды.

«2020 жылы «Ардагерлер» туралы заңға қол қойылғаннан бері Ауған соғысы ардагерлерінің оған деген интригалары толастамай келеді. Біз аға есебіндегі ауғандықтардың басқа ардагерлерге қарсы интрига тудырмай, керісінше, көмектесуі керек деп есептейміз. Себебі ауғандық ағаларымыз үнемі арандатуға әкелетін мәселелер туындатып жатады. Министр ханымның Ауған соғысы ардагерлерін жинап шара өткізген видеосын көріп қалдым. Сол шарада неге Жақыпова бұлай айтады?! Қазір интернетте ардагерлер ұйымдарының еңбек министрінің отставкаға кетуін талап етіп жатқанын білемін. Бірақ біз бұл мәселелерді шешпейміз, Ирак ардагерлері одағы саясатқа араласпайды. Біз жастармен, әскери-патриоттық тәрбиемен жұмыс істейміз. Кімнің министр болуы, кімнің отставкаға кетуі біздің құзырымызға жатпайды», – дейді Ирактағы жауынгерлік және бітімгершілік операциялары ардагерлері одағының төрағасы Марат Қанатов.

Ардагерлер мұнымен тоқтап қалмаймыз дейді. 29 қазан күні осы мәселеге қатысты жиналып, Астанада құрылтай өткізбекші. Сол жерде де Жақыповадан ауғандықтар құрылтайында айтқан сөзіне түсініктеме беруін талап етпек. Ардагерлер президентке министр ханымды қызметтен алып тастау бойынша үндеу жолдаған. Бұдан бөлек, олар премьер-министрге, бас прокурорға, ішкі істер министріне, қорғаныс министрлігіне, ҰҚК және т.б жауапты тұлғаларға арыз жолдаған.

«Жас Алаш» та Жақыпова басқаратын ведомствоға хабарласып, ардагерлердің наразылығына қатысты пікір сұраған. Министрлік өкілдері ресми сауал жолдауымызды сұрады. «Жас Алаш» өткен бейсенбіде ресми сауал жолдаған, газет беттелгенше жауап келген жоқ. Келіп жатса, алдағы нөмірлерде арнайы тоқталамыз. 

Тұрсынбек БАШАР