Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:30, 19 Қараша 2023

Жақыпова мән бермейді, Жамаубаев пайда ойлайды

яндекс такси
Фото: из открытых источников

Қазақстанда жұмыссыздық мәселесі асқынып тұрғаны рас. Екі қолға бір күрек таппаған азаматтарымыз шетел асып, нәпақа табуға мәжбүр. 

Елде қалғандарының өзі таксист немесе курьер болып жүр. Тіпті оның өзі бұйырмай қан базарда қара күшін сатып, күндік азығын күнде тауып жүргендер де аз емес.

Ел билігі мұндай түйткілді түйінді түбегейлі шешуге тырыспайды. Шенділердің қолынан келері – «жұмыссыздықты жойдық» деп жалған статистика жасау ғана. Ол үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарын көбейтеді. Әдетте жеке кәсіпкерлерді өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деп жүрміз. Билік енді осы қатарға таксистерді қоспақ. Мұның жолын да тауып қойыпты. Ол үшін Yandex.taxi, InDrive сияқты платформада нәпақа тауып жүрген жүргізушілерді сол платформаның өзінде жұмысқа орналастырады. Таксист жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Жақында мемлекеттік кірістер комитеті «Яндекс.Таксимен» бірлесіп, жобаны Астана мен Алматыда сынақ ретінде іске қосты. Алда жобаға Glovo, Wolt, InDrive сияқты компаниялар да қосылады. Демек, таксистер ғана емес, курьерлер де өзін өзі жұмыспен қамтыған жеке кәсіпкер атануы мүмкін.

Яндекс такси
Фото: liter.kz

Бұдан мемлекет не ұтады? Ең алдымен статистика агенттігінің көңілі жайланады. 2022 жылғы ақпарат бойынша, елімізде «Яндекс» сияқты қосымшалар арқылы жұмыс істейтін адамдар 500 мыңнан асқан. Демек, жоба жүзеге асса, осы жарты миллион тұрғын ресми жұмыспен қамтылғандар тізіміне енеді. Статистика комитеті жоғары-төменге еш қысылмай «елде бәрі жақсы, бәрі тамаша» деп есеп береді. Екіншіден, жаңағы «жеке кәсіпкер» атанған азаматтар мемлекетке салық және әлеуметтік алымдарды төлейді. Бұл бюджеттің бүйірін толтыруға пайдалы. Әрине, жұмыс істеген адам салық төлеуге міндетті. Бірақ азамат салық төлеу үшін, мемлекет оны жұмыспен қамтып, жағдай жасау керек. Биліктен қайыр болмаған соң бөтенге жанын жалдап, жұмыс істеп жүрген жандарға амалын тауып, алым-салық салу аса көреген шешім емес.

Таксистерге қандай пайдасы бар? Мемлекеттік кірістер комитеті бұл жүйе жүргізушілерге өте пайдалы екенін айтып жатыр. Біріншіден, таксопарктің делдалдық қызметін жойып, ақша үнемдеуге және оны салық пен әлеуметтік төлемдер төлеуге пайдалануға мүмкіндік алады. Жүргізуші агрегатормен тікелей жұмыс істеп, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысады. Екіншіден, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу жеңілдейді. Салық органына бармай-ақ «Яндекс» платформасы арқылы жеке кәсіпкерлікті тіркеуге болады. Үшіншіден, салық ретінде жалпы табыстың 1%-ын ғана төлейді, ал қызметкерлер табысының 10%-ын төлеп жүр. Төртіншіден, жүргізуші келісімімен салық пен әлеуметтік төлемді «Яндекс» арқылы ұстайды. Әлеуметтік төлем таксистің табыс көлеміне қарай белгіленеді.

Бір қарағанда екі жаққа да тиімді шешім сияқты. Екі жеп, биге шығатын жоба болса, неге қолдамасқа?! Бірақ бұл жерде мемлекет пен халықтан да көп пайда табатын біреу бар. Ол – «Яндекс» сияқты қосымшалар. Бүгінгі сөз таксистер туралы болғандықтан, басқаларды қоя тұрып, «Яндекс.Такси» туралы жазайық. Ресейлік платформа Қазақстан нарығына 2016 жылы кірген. Біздің елде компанияның тасы өрге домалап, қазір нарықтағы нағыз монополиске айналды. Оны тәубесіне түсіретін бәсекелес, тәртіпке шақыратын үкімет жоқ. Компания ойына келгенін істеп жүр деуге болады, жүргізушілермен еңбек келісімшартын жасамайды, әлеуметтік тұрғыда қолдамайды. Оның үстіне кейінгі он жылда елде такси қызметінің бағасы 5-6 есе өсіп кеткен. Numbeo статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда такси бағасы 1 шақырымға 0.32 доллар (152.35 теңге). ТМД елдері арасында Әзербайжанда ғана такси бағасы бізден қымбат екен.

Көп таксист өз көлігімен жүреді, машинасына өзі жанармай құяды, техникасы бұзылса өзі жөндетеді, көліктің күтіміне де өзі жауапты. «Яндекс» бұған мойын бұрмайды. Жүргізуші ауырып қалса немесе жол апатына түссе де компания жауап бермейді. Сөйте тұра әр тапсырыстың 21%-ын (16,9%-ы компанияға, 4,3%-ы таксопаркке) комиссия ретінде қалтаға басады. Мамандар бұл комиссия өте жоғары екенін айтып жүр. Табыстан осынша мол үлес алып отырса да, «Яндекстің» еш жауапкершілік арқаламайтыны қызық. Мысалы, бірер жыл бұрын Ұзынағашта таксисті біреулер пышақтап кетті, бұған компания мән берген жоқ. Жәбірленуші төлем ала алмады.

«Тапқан табысымның 21%-ын «Яндекс» қағып алады. Бұл өте көп. Кезінде Uber комиссиясы 14% еді, кейін оны «Яндекс» өзіне қосып алды. Бұған құзырлы орган неге назар аудармайтынын түсінбеймін. Мысал үшін бір тапсырысымды айтайын. Клиент 1 810 теңге төледі. Оның 78 теңгесі таксопаркке, 306 теңгесі компанияға комиссия ретінде кетті. Менде қалғаны 1 420 теңге ғана. Егер бір күнде осындай 10 тапсырыс орындасам, «Яндекске» 4 мың теңге түседі. Ыстық-суыққа қарамай, көлік жүргізіп тапқан табан ақымның осынша бөлігін шетелдік компания алып отыр. Жарайды, маған тапсырыс тауып беріп отыр дейік, комиссиясы соған сай болу керек қой. Мынау көпе-көрінеу тонау деп білемін. Таксопарктен де бізге еш пайда жоқ, шаршасаң демалатын орын, шай-су ұсынады деп естігенмін, бірақ ондайды көрмедік. Жай сөз сияқты. Тіпті кей таксопарктің офисі де жоқ көрінеді. Соған қарамастан, олар да 4,5% комиссия алып отыр. Жұмыс істейтін біз, пайда көретін компания болып тұр. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі дегенді естідім, бірақ әлі нақты түсіне алмадым. Қалай болатынын көрейік, ал әзірге қазіргі жүйемен жұмыс істей беремін, осыған үйреніп те қалдым», – дейді алматылық таксист Фархат Әбдімәліков.

Халық такси бағасы мен қызмет көрсету сапасына шағымданса, билік бірден жүргізушілердің жағасына жармасады. Бар кінәні жүргізушілерге артуға дайын. Сонау 2017 жылы еш жерде тіркелмей, жеке көлігімен жолаушы тасығандарға айыппұл саламыз деп шықты. Бұл сол кезде елге енді келіп жатқан «Яндекстің» сойылын соғумен бірдей болды. Яғни, жол бойынан адам тасығандарды қуғындап, ресейлік агрегаторға ақ жол ашып берді. 2019 жылдан бастап таксистерге салық саламыз дегенді шығарды. Бірақ оның да ретін келтіре алған жоқ. Ал биыл арнайы заң қабылдап, таксистерді әкімдік реестріне тіркеуді ұсынды. Ол бойынша таксиге арнайы белгі тағу, машинаны техникалық тексерістен, жүргізушіні медициналық тексерістен өткізбек болған. Машинаны жыл сайынғы техбайқаудан WhatsApp-тағы фотоға қарап өткізетін елде мұндай қатаң тексеріс заңды жолмен жүреді дегенге сену қиын. Мұның бәрі өз күнін көріп жүрген азаматтарға әурешілік тауып беру ғана.

Таксистерді тіркеу, лицензия беру негізі орынды қадам. Дамыған елдерде бұл жүйе бұрыннан бар. Мысалы, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында 1969 жылдан бері бір түсті таксилер қызмет атқарады. Ал Ұлыбританияда 2021 жылдан бері Uber жүргізушілері оның штатты қызметкері саналады. Олар жыл сайынғы еңбек демалысын ала алады. Тіпті көрші Ресейдің өзінде 2011 жылдан бері ресми тіркелмеген адам Іndriver, Yandex.Taxi және басқа сервистер арқылы тасымал қызметімен айналыса алмайды. Бұл ең алдымен – жолаушылардың қауіпсіздігі үшін маңызды. Екіншіден, жүргізуші әлеуметтік пакеттің игілігін көре алады. Бірақ біздің елде бұл жүйені енгізу оңай болмайды. Екінің бірі жұмыстан кейін жолаушы таситынын ескерсек, АҚШ-тағы бір түсті такси немесе Британиядағы штатты таксист жобасы Қазақстанға қазірше жете қоймайтын сияқты.

Мемлекеттік кірістер комитеті байланыс орталығының бас сарапшысы Гүлмира Фазылова жаңа жобаның басты мақсаты таксистерді «көлеңкеден» шығарып, тәртіпке шақыру екенін айтты.

«Жүргізуші «Яндексте» жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Компания жеке кәсіпкерге платформасын жалға береді. Табыстың бәрі «Яндекске» түседі, жеке кәсіпкер одан өз пайызын алады. Бұл оның нақты табысы болады. Сол табыстан салық төлейді. Мұның қазіргі жүйеден артықшылығы, мемлекет салаға бақылау орната алады. Мысалы, қазір таксистер табысты өз қалтасына салады, одан салық төленбейді. Жаңа жүйе бойынша «Яндекске» тіркелген жеке кәсіпкер туралы ақпарат бізге онлайн түрде келеді. Таксистердің жеке табысы ашыққа шығып, зейнетақы және басқа әлеуметтік төлемдерді төлейді. Жүргізушілердің ресми табысы расталады. Қандай да бір оқыс жағдай болса, әлеуметтік сақтандыру қорынан көмек ала алады. Сөйтіп, такси жүргізушілері жұмыссыздар қатарынан шығады. Енді таксист пен «Яндекс» арасында жұмыс беруші мен жұмысшы қарым-қатынасы орнайды», – дейді маман.

Мемлекеттік кірістер комитетінен жаңа жүйе туралы толық ақпарат алу үшін сауал жолдаған едік. Мекеме өкілдері сөзбұйдаға салып жүріп, соңында сұрағымызды жауапсыз қалдырды.

яндекс такси
Фото: 5koleso.ru

Таксистерді «төпештеуді» ғана білетін, БАҚ-қа жауап бермейтін мемлекеттік кірістер комитетінің «Яндекске» тісі батпайтын сияқты. Олар дайындаған жобада «Яндекстің» қызметін жақсарту, комиссиясын төмендету жайлы бір ауыз сөз жоқ. Қазақстан билігі ресейлік алпауытты жөнге салудың жолын таба алмай отыр. Ол тіпті «суға салсаң батпайтын, отқа жақсаң күймейтін» компания болып тұр. 2021 жылы Yandex.Taxi қазақстандық G-taxi компаниясының патент құқығын бұзды деп танылып, оның еліміздегі қызметін бұғаттау туралы сот үкімі шыққан. Бірақ көп өтпей апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойды. Ал биыл БАҚ-та «Яндекс» компаниясы такси қызметін пайдаланатын шетел клиенттерінің мәліметін Ресейдегі серверде сақтайды деген ақпарат таратты. Демек, жүргізушілер мен жолаушылардың жеке бас мәліметіне Ресей арнайы қызметі қол жеткізуі мүмкін. «Яндекстің» Қазақстандағы бөлімшесі бұл ақпаратты жоққа шығарып, «Ресей заңнамасының Қазақстандағы сервиске құзыры жүрмейді» деп мәлімдеді. Бұл мәлімдемеге халық сенбегенімен, ел билігі ақпараттың шын-өтірігін анықтап, «Яндексті» тексеруге тырысқан да жоқ.

«Яндекс» өз елі Ресейде курьерлер мен таксистердің бар жағдайын жасап отыр. Олар ауырып қалса, күніне 800 рубль төлейді. Ал біздің елде бәрі керісінше. Биыл шілдеде Қазақстанда «Яндекс» курьерлері ереуілге шығып, компания комиссиясының тым жоғары екеніне наразылық танытты. Олардың мәселесіне компания да, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де бас қатырған жоқ. Ерұлан Жамаубаев басқаратын қаржы министрлігі таксистерден жеке кәсіпкер жасауға құлшынып отыр, ал Светлана Жақыпова курьерлерді көзге ілмейді.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: