Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:10

Жақыпова үйі жоқтарды тентіретіп жібермек пе?

Светлана Жақыпова

Осыдан біраз уақыт бұрын сала мамандары «Қазақстанның әлеуметтік сақтандыру қоры дефолт алдына тұр» деп дабыл қаға бастаған.

 2024 жылы бұл қор өзіне түскен түсімнен асыра жәрдемақы төлеген. Былтыр мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударым ретінде 637,5 млрд теңге түссе, жәрдемақы төлеміне 958,3 млрд теңге жұмсалған. Яғни, 320 млрд теңгеге артық төлем төленген. Мұның бәрі тегін болмай шықты.

Кіріс пен шығыс арасындағы мұндай айырмашылықтың неден туындағанын түсіндіргісі келген Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі шығынның өсуіне негізгі себеп жас аналарға төленіп отырған төлемдердің артуы деп салған. Министрліктің мәлімдеуінше, былтыр 790 млрд теңгеге жуық қаражат декреттік жәрдемақы мен бала күтіміне байланысты төлемдерге жұмсалған.

Қорда біршама қиындықтар болып жатқанын айтып жүрген министрлік биылдан бастап Әлеуметтік кодекске өзгерістер ұсынған. Биыл жылдың басында-ақ еңбек министрлігі ережені өзгертіп, бұдан былай декреттік төлемдерге қатысты берілетін төлем 7 ең төменгі жалақыдан аспайды деп бекітті. Еңбек министрлігінің бұл шешімі біраз аналардың шамына тиген.

Енді декреттік төлемдерден бөлек, қазақстандықтардың кейбіріне жәрдемақы мен зейнетақы төлеу де тоқтатылмақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылғы жылдың соңына дейін Әлеуметтік кодекске осындай өзгерістер енгізуді жөн көріп отыр. Аталмыш министрлік «ҚР Әлеуметтік кодексіне міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын да әзірлеп қойды.

Жақыпованың кәріне кімдер ілінді?

Ведомствоның мәлімдеуінше, қазіргі кезде мемлекеттік көмекке зәру 100 мыңнан астам адам тұрақты тіркеуге тұрмаған, олардың тіркеу туралы мәліметтері ақпараттық жүйелерге енгізілмеген. Тағы 28 мыңнан астам әлеуметтік төлем алушының жалдап тұратын үйінде уақытша тіркеуі ғана бар болып шықты. Министрлік енді заңға өзгеріс енгізу арқылы осы адамдарды шөміштен қақпақ. Осыған байланысты жаңа заң жобасында тіркеуі жоқ азаматтарға зейнетақы және жәрдемақы төлеуді тоқтата тұру қарастырылған. Егер азаматтар жәрдемақыны немесе зейнетақыны қайта алғысы келсе, нақты бір үйде не пәтерде ғана тұрақты және уақытша тіркеуге тұруға тиіс.

Бұдан бөлек, министрлік интернаттарда, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында (АӘҚКО) стационар жағдайында тұратын қарияларға, тура осындай орталықтарда тіршілік етіп жатқан мүгедектігі бар адамдарға және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандарға да төленетін әлеуметтік төлемдерді қысқартуды ұсынып отыр. Светлана Жақыпова басқаратын министрлік бұл адамдарға заңмен тиесілі төлемнің енді тек 30 пайызын ғана жеке мақсатқа жұмсауына қалдыруды жөн санайды, ал қалған 70 пайыз төлемін бюджетке алып қоюды ұсынды. Яғни, аталған санаттағы тұлғалар толығымен бюджет есебінен қамтылады. Ал оларға зейнетақы немесе жәрдемақы төлеу «қосымша қаржыландыру» болып есептеледі.

Министрліктің бізге берген мәліметінше, бұған қатысты арнайы талдау жүргізілген. Сонда көрсетілгендей, стационарлық үлгідегі АӘҚКО-ны ұстап тұру жергілікті бюджеттерге жылына 92 млрд теңгеден астам шығын әкеледі. 2025 жылғы мәлімет бойынша АӘҚКО-да тұратын зейнетақы және жәрдемақы алушылардың саны 21,2 мың адам. Сондай-ақ 1,6 мың зейнетақы және жәрдемақы алушы адам қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатыр. Олардың бақылау шоттарына жіберілген зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерінің жалпы көлемі 1,2 млрд теңгені құраған.

Айта кету керек, бұған дейінгі енгізілген заңнамалық түзетулерге сәйкес, қарттар үйлеріндегі қарияларға зейнетақысының тек 70 пайызын төлеу талабы бекітілген. Енді шенділер оларды одан да айырып, зейнетақысының тек 30 пайызын қалдыруды көздеп отыр. Мұндай қадамға аталмыш министрлік әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мақсатында барып отырмыз дейді.

Алайда бұл жерде зейнетақы мен жәрдемақыдан тек Қазақстанда тұратын азаматтар ғана қағылатын түрі бар. Өйткені жаңа заңнамалық түзетулерде Қазақстан азаматтығы мен Қазақстанда тұрақты тіркеуі болса болды. Ал, шын мәнінде, басқа елде тұратын азаматтар бар. Заң жобасын талқылау барысында қоғам белсенділері осыны да мысал еткен. Мәселен, Ресейде өз атына тіркелген баспанасы, басқа мүлкі бар. Көрші елде жұмыс істеп, соның күшеюіне үлес қосады. «Бірақ Қазақстанның азаматтығын алып, қазақстандық тұрақты тіркеуге отырып алған, ай сайын қазақстандық зейнетақыны да шешіп алып, өз білгенінше және өзге елде жұмсайтындарға қандай жаза бар?» деген сауалдар да қойылған. Еңбек министрлігі ұсынылып отырған өзгертулердің мұндай азаматтарға қатысы жоқ екенін айтты.

Жаппай қысқарту проблеманы шешпейді

Қазір бұл жаңашылдықтар қоғамда қызу талқыға салынып жатыр. Қоғам белсендісі Гүлжанар Құрмашеваның пайымдауынша, зейнетақы мемлекеттің берген сыйлығы емес, оны азамат өмір бойы еңбек етіп, тірнектеп жинайды. Сөйтіп тапқан зейнет жинағын қартайған шағында кез келген жағдайда пайдалануы керек. Қазақстан Конституциясының 28-бабында: «Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде оған ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшерінде әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі» деп нақты жазылған.

«Ата Заңда бұл кепілдікті иелену үшін міндетті түрде тұрақты тіркеуге тұрсын» деген талап та жоқ дейді белсенді. Сол себепті қоғам белсендісі егер еңбекмин әзірлеген осы өзгертулерді Парламент қабылдайтын болса, Конституциялық сотқа шағым түсіруге болатынын айтады.

Ал әлеуметтанушы-ғалым Меруерт Молдабаева министрліктің ұсыныстарын нақты деректермен салыстырып, қай тұстары қоғам игілігіне сәйкес келмейтінін көруге болады дейді.

«Министрлік «қаржылық тұрақтылық» дейді, бірақ бұл дәлел емес. Осы уақытқа дейін «қаржылық тұрақтылық орнатамыз» деп қаншама жоба, қаншама бағдарлама жасалды, оның бірінен де пайда болған жоқ. Енді келіп зейнетақы мен жәрдемақыдан кейбір азаматтарды қағуды өз басым құптамаймын. Министрлік «жалған схемаларды» тоқтату керек дейді. Бірақ «жалған схема» жүйесін пайдаланатын шағын топ үшін басқа азаматтарды жазалау дұрыс емес. Бұл арада шынымен тұрақты тіркеуге тұра алатындай жағдайы жоқ, не баспанасы, не тұрақты тіркеуге отырғыза қоятын туысы жоқ, бірақ шынымен сол көмекке мұқтаж адамдар барын ұмытпауымыз керек. Меніңше, төлемді қиып тастаудан гөрі, балама жолын ұсыну керек еді. Мысалы, әлеуметтік төлемдерді қысқарту орнына ақпараттық бақылау, цифрлық аудит күшейтілсін. Сол арқылы өзге елде жылжымайтын мүлкі бар, сол елде тұратын, бірақ біздің азаматтықты алып алып, Қазақстанның зейнетақысын алып жүргендердің әрекеті әшкере болып, оларға да заң жүзінде талап қойылсын. «Жалған схемалармен» күрес жаппай қысқарту жолымен емес, нақты заңбұзушыларды анықтау арқылы жүргізілсін. Төлемдерді қысқартпай, орта тапты нығайту бағдарламаларына басымдық берілсін. Сол кезде мәселе өзінен-өзі шешіледі», – дейді әлеуметтанушы.

Маманның ойынша, төлемдер жүйесін халыққа әділ және түсінікті ету үшін төлемдерді есептеудің бірыңғай, ашық калькуляторын енгізу керек. Себебі қазір төлемдер күрделі формулалармен есептеледі де оны халық түсінбейді. Бұдан соң түсіндіру платформасын іске қосып, әр төлем туралы қысқа, қарапайым видео-нұсқаулар қажет. Қағазбастылықты азайтып, автоматты төлемдер үлесін көбейту керек.

Үйі жоқтың түгі жоқ

Ал «Аналитик» талдау және сараптау орталығының маманы, экономист-сарапшы Дәурен Арынның ойынша, әлеуметтік төлемге қатысты жалған аударымдарменжасанды жәрдемақы төлеуді анықтау үшін ІТ жүйесін жетілдірсе жетіп жатыр. Заң бұзғандарға таңдамалы санкциялар, ал адал азаматтарға жеңілдіктер тәсілін қолдану керек. Әрбір шешімнің негізін онлайн түсіндіріп беретін жүйе іске қосылып, онда «неге сіздің төлеміңіз өзгерді?» деген сауалға толық жауап берілуі тиіс.

«Бұдан соң азық-түлік және коммуналдық шығындарды ескеріп, әлеуметтік төлемдер инфляцияға байланысты индексациялануы керек. Қазір әлеуметтік төлемдер инфляцияға ілесе алмай қалды. Осыған байланысты төлемдерді ай сайынғы нақты инфляцияға автоматты индексациялауды ұсынар едім. Бұл әсіресе кедейлік шегінде өмір сүретіндерге көмектеседі. Сосын ауыл тұрғындарына арнайы пакет жүйесін енгізгенді жөн санаймын. Ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік теңсіздік өте жоғары. Министрлік осыған қатысты ауылдық аймақтарға арналған жеке әлеуметтік пакет жасау керек (жолдың қиындығы, жұмыссыздық, инфрақұрылым тапшылығы). Ауыл әйелдеріне бала күтімі мен декреттік төлемдерге жеңілдетілген талаптармен жұмыссыздыққа қарсы ауылдағы микро-гранттардыкеңейту қажет. Тіпті әділетті төлем жүйесін қалыптастырғысы келсе мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділікті арттырсын. Мүгедектік рәсімін жеңілдетіп, «жыл сайын дәлелде» жүйесін алып тастасын. Балалар мүгедектігіне байланысты отбасының табыс деңгейін есептеп отыру да артық. Мен, керісінше, тұрақты тіркеуі жоқ азаматтардың зейнетақысын тоқтатқанша, баспанасы жоқ, тұрақты тіркеуі жоқ, табысы төмен азаматтарға қосымша мемлекет тарапынан төлем беру керек деп есептеймін. Барлық төлемдер, «мәртебе+индексация+құжат»бір мобильдік қосымшада болсын. Алгоритмдер арқылы әр адамға автоматты ұсыныс беріліп,
«Сіз мына төлемге құқылысыз, өтінім бересіз бе?» деген сауалнамалар жүргізілуі тиіс. Бұл бюрократияны күрт азайтады. «Жалған схеманы» да жояды»,
– дейді экономист-сарапшы Дәурен Арын.

Ал министр Жақыпова зейнетақы мен жәрдемақыны қию әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттырады деп есептейді. Ол бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – азаматтардың әлеуметтік құқықтарын шектеу емес, керісінше, төлем жүйесін әділ, ашық және нақты қажеттілікке сай ету деп сенімді сөйлеп отыр. Бір жағынан, министрлік «жалған схеманы» қиып тастау арқылы бюджеттің қаражатын үнемдедік деп те «үлгі» көрсеткісі келетін болар...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ