Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
22:28, 08 Желтоқсан 2022

Жәкішевтер несіне жылмаң қағып жүр?

None
None

Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауынан кейін екі аптадан астам уақыт өтті.

Ендеше, «Жаңа Қазақстанды» құру жұмыстары басталған болар.

Күні кеше Арманжан Байтасов пен Мұхтар Жәкішев Алматыда қара-құрым адам жинап, «Парасат» деген бизнес-клуб ашатынын жариялады. Бұл клуб жаңа бизнес-элита құруға негіз қалайды депті. Соның көмегімен Назарбаев кезінен қалған ескі бизнес-элитаның көзін құртамыз дегендей айтыпты.

Анығын айтсақ, бұлардың өздері ескі қулар емес пе еді дейді журналист Ибраш Нүсіпбаев.

– Бұл Жәкішев, Байтасов, Смағұлов, Әбілов, Әблязов, Жақиянов секілді бизнесмендер жиырма жыл бұрын Рахат Әлиевтің көзін құртып, бюджет қазанының қақпағын өз қолына алып, халықтың көл-көсір байлығын өз қалауымен сапырмақ болған. Бірақ сол кезде бұлар Әлиевтен жеңіліп қалған. Әблязов пен Жақиянов түрмеге отырғызылды. Әбіловті түрмеден Сара Алпысқызы құтқарып қалды. Сары бала «Бутя» соның «любимчигі» болғанын несіне жасырайық. Ал Смағұлов пен Байтасовты қудалаудан Назарбаевтың «кассирі» Өтемұратов қорғап қалған. Ол кездері Өтемұратов «31 телеарна» мен «Астана Моторс» деген алып холдингтің қожайыны еді, – дейді ол.

Енді қарасақ, бұлар «Қазақстанға мықты, еркін экономика құру керек», «Қазақстанның барша халқын бай қылуымыз керек» дегендей жалған патриоттық ұрандармен тағы да бюджет ақшасына ұмтылуға талпынып жатыр.

Ашығын айтқанда, қазіргі жағдайы мен, қазіргі күйімен Қазақстанда әділетті, қуатты экономика құру мүмкін емес. Бұған қатып қалған ескі әкімшілік жүйе мен әлі жетілмеген заңдарымыз жол бермейді. Қазақстан экономикасын тек саяси жолмен жөнге келтіруге болады. Ол үшін Жәкішев пен Байтасовтарға бизнес-клуб емес, кәдімгі саяси партия құру керек. Сосын өз идеяларын халыққа жеткізіп, мәжіліс сайлауында жеңіп, сосын жаңа заңдарды қабылдау арқылы экономиканы дамытуға қолайлы жағдай жасауы керек. Сонда ғана Қазақстан халқын өздері айтып жүргендей, бай-бақуатты, бақытты етуге болады.

Бірақ Жәкішев пен Байтасовтың партия құратын ойы жоқ. Неге десеңіз, олардың өздері үшін еліміздегі қазіргі саяси жағдайымыз бен қазіргі заңдарымыз өте ыңғайлы. Соның арқасында бюджет ақшасының басы-қасындағы тұлғалар халықтың ақшасын өз қажеттеріне қарай бақылаусыз жұмсай алады. Сол үшін Жәкішевпен оның қу достары елдегі саяси құрылымды өзгертуді емес, бюджет басында отырған қазіргі бизнес-элитаны қуып жіберуді ғана көксейді. Жәкішев өз сөзінде бұл туралы ашық айтып қалды: «Парасат» клубының негізгі міндеті – егер ертең біздің президентіміз өзі уәде берген реформаларын жүзеге асыра алмайтынын түсінсе, ол қаламын бір-ақ сермеп, ескі команданы толығымен жаңа адамдарға ауыстыра салады», – депті.

Шындығында, қазір жалмаң қағып шапқылап жүргендердің арасындағы ешкімнің ешқандай да «Жаңа Қазақстан» құрғысы жоқ. Олар бар-жоғы Назарбаев құрып кеткен, бюджет есебінен қара басың мен алыс-жақын туыстарыңды шексіз байытуға өте ыңғайлы саяси жүйеге кіріп, жайлы жерлерге орналасып алғысы келеді. Өйткені «ескі Қазақстан» деген жүйе миллиардтаған теңгелерді еш бақылаусыз, еш жауапкершіліксіз ұрлай беруге жақсы. Ондай жүйеде ұрлықпен ұсталған күннің өзінде не амнистиямен, не шартты жазамен құтылуға болады. Тіпті болмаса, аса жайлы жағдай жасалған түрмеде бір-екі жыл жатып, мерзімнен бұрын бостандыққа шығып кетуге әбден болады.

– Ал Қазақстан халқы құқық пен тәртіп аясынан шықпай-ақ не істей алады? Жалғыз жол ғана бар. Ол алдағы жылы өз қатарынан ең адал, таза адамдарын мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына шығара алады. Мемлекет пен халықты тонауға негізделген, Назарбаев құрып кеткен бұл жүйені жөндеу үшін алдымен оның ішіне кіріп алу керек болады. Оны іштен шайқап, құлатудан өзге амал аз, – дейді сарапшы.

Тегтер: