Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:25, 20 Маусым 2024

Жақиянов айырылған «Қаражыра» – Огайдың олжасы

Эдуард Огай мен Ғалымжан Жақиянов
Фото: Жас алаш коллаж

Белгілі саясаткер Ғалымжан Жақиянов Нью-Йорк штатының Жоғарғы сотына олигарх Эдуард Огайдың үстінен шағым түсірді.

Сәуір айының соңында Жақияновтың арызына негізделген «Олигарх АҚШ-та құны 100 миллион доллардан асатын жылжымайтын мүлік сатып алу үшін ақша ұрлаған» деген тақырыппен The Daily Beast мақала жариялады. Бұл материалда Жақиянов пен басқа да акционерлерден «Қаражыра» көмір кенішін тартып алған Огайдың кім екені, кеннен тапқан табысына АҚШ-тан қандай мал-мүлік алғаны егжей-тегжейлі баяндалған. 

1

Жақиянов көмір кенішінен қалай айырылды?

Ғалымжан Жақиянов 1990 жылдары алғаш рет кенде барлау жұмыстарын жүргізіп, бір жылдан соң көмір өндіруді бастаған. Кенге жергілікті атауға байланысты «Қаражыра» деген ат берген. Кеніште мыңнан аса жұмыс орны ашылып, 1993 жылы алғаш рет 1 млн тонна көмір өндірілген. Сол кезде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келген. Сөйтіп ол Жақияновқа Семей облысының әкімі қызметін ұсынған. Бұл лауазымда 4 жыл отырған Жақиянов 1997 жылы тағы да 4 жыл Павлодар облысының әкімі болды. Ал 2001 жылдың қарашасында Ғалымжан Жақиянов Ораз Жандосов, Төлен Тоқтасынов және Мұхтар Әблязов сынды бірқатар үкімет мүшелері, парламент депутаттары және еліміздің жетекші кәсіпкерлерімен бірге «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) республикалық қоғамдық бірлестігін құрды. 2002 жылы бірлестіктің төрағасы болып сайланды. Міне, осы кезден бастап оған билік қырын қарап, отставкаға кетті. 2002 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307 және 308-баптары бойынша қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Халықаралық Хельсинки Адам құқықтары федерациясы халықаралық құқық қорғау ұйымдары Жақияновты саяси тұтқын деп таныды. Жақиянов ұстала салысымен көмір кенішіне түрлі органдардан тексеру келіп, бірнеше заң бұзушылықтарды анықтаған, басшысын қамаған. Сол кездегі БАҚ беттерінде тергеушілер «Семей-Көмір» компаниясын көмірді жоғары бағамен сатты, салдарынан «Өскемен жылу желілері» кәсіпорнына 79 миллион теңге көлемінде шығын келді» деген сынды айыптар таққан. «Қаражыра» кеніші сол жылдары, мысалы – 2001 жылы 4,2 млн тонна, 2002 жылы 3,2 млн тонна көмір өндірген. Жақиянов акционер болып тұрған кезде компанияның табысы 15 млн доллар көлемінде болған.

Сөйтіп Шығыс Қазақстан облыстық соты «Семей-Көмір» кәсіпорнына 3 миллиард 903 миллион теңге лицензиясыз қызметтен түскен кірісті мемлекет кірісі ретінде өндіру туралы шешім шығарыпты. Содан кейін компания банкрот деп танылған. Алдымен кеніш аукционға қойылған. Оған Огайдың АҚШ-та құрылған Demex компаниясы қатысып, сатып алған. 2016 жылға дейін кеніштің 80 пайыз акциясы осы кәсіпорынға тиесілі болды. Тек 2020 жылы ғана оның 49,9 пайыз акциясы Элина мен Владислав Огайға өткен.

Ғалымжан Жақиянов
Ғалымжан Жақиянов. Фото: ашық дереккөз

Ал Жақиянов мұның бәрін рейдерлік деп есептейді.

«Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың авторитар режимі саяси қудалаумен қатар «Семей Көмір» компаниясына және оның акционерлері мен басшылығына қарсы шабуылға жол ашқан. Нәтижесінде, біздің заңды мүлкіміз Огайдың отбасы мен экс-президенттің маңайындағы өзге адамдардың қолына түсті. Біздің пікірімізше, мүлкімізді тартып алуды және одан түскен кірісті заңдастыру операциясын (Нью-Йорк пен Калифорниядағы зәулім үйлерді сатып алумен қоса) ұйымдастырған – Огай. Оған Владимир Жұманбаев және басқа да «Қазақмыс» топтастығына жататындар, соның ішінде Назарбаевтың «оң қолы» Владимир Ни көмектесті деп есептейміз. Кезінде бұрынғы президенттің жақындары иеленген ел байлығының едәуір бөлігі әлі де осы кланның қолында шоғырланған» деп жазды саясаткер әлеуметтік желідегі парақшасына.

Қазіргі күнде Жақияновтың мүддесін америкалық Pierson Ferdinand LLP заң фирмасы қорғайды. Trellis сайтындағы арыздың мәтінінде де Ғалымжан Жақиянов пен оның бұрынғы бизнес серіктесі Нұрбике Заурбекова Эдуард Огай мен Марина Огайға және бірқатар Demex LLC, 240 Riverside 6A LLC, 1965 Broadway 28EF LLC, Hacienda Estate, Royal Oak Place LLC сынды компанияларды сотқа бергені жазылған.

 

«Қаражыра» АҚ қандай компания?

«Қаражыра» акционерлік қоғамының тарихы өткен ғасырдың 90-жылдарынан басталады. АҚ 30 жылдан аса уақыт ішінде атауын «Семей көмірлері», «Семей, «Семей Көмір» және «Қаражыра ЛТД» деп бірнеше рет өзгерткен. Компания ресми сайтында өз тарихын 1960 жылдардан бастаған. «Қаражыра көмір кені 1967 жылы Қазан төңкерісінің 50 жылдығына орай ашылып, осы оқиғаға орай кен орны «Юбилейный» деп аталды. Көмір өндіру 1990 жылы шағын көлемде басталды» делінген. Компания тарихына байланысты көмір өндіру үшін 100 шақырымға жуық теміржол рельстері, электр желілері, басқа да қажетті коммуникациялар салынғаны туралы айтқан, бірақ Ғалымжан Жақиянов туралы бір ауыз сөз қоспаған. Ал ARA MEDIA youtube арнасына берген сұхбатында Жақиянов мұның бәрін өзі салғанын, темір жолды қалай тартқанын, алғашқы көмір өндіретін техникалар токпен жұмыс істейтін болғандықтан электр желісін кенішке әкелгені туралы баяндап береді.

«Қаражыра» кеніші 1993 жылы алғаш рет 1 млн тонна көмір өндіргенін жоғарыда жаздық. 26 жылда, яғни 2019 жылға дейін көмір өндіру 112,7 млн ​​тоннадан асқан. 2018 жылы кеніш бір жылда 8,155 млн тонна көмір өндіріп, тарихында рекорд орнатқан. Бүгінде компания 2023 жылғы рейтинг бойынша елдегі ең ірі 50 компанияның ішінде 44-орынға ие болған. Қазіргі күнде «Қаражыраның» көмір қоры 1 млрд тоннадан асады.

1

Біз акционерлік қоғамның табысы қанша, басшысы мен құрылтай құрамында кімдер бар, мемлекеттен қандай келісімшарттар алғанын білу мақсатында Әділет министрлігіне сұрау салдық. Сонымен: «Қаражыра» акционерлік қоғамы Семей қалалық тіркеу және жер кадастры бөлімінде 2016 жылы, 10 маусымда тіркеуден өткен. Директоры – Низамов Ильяр Салкинович. Құрылтай мүшесі бес адам. Олар: Эдуард Огай (20,1%), оның ұлы Владислав Огай (24,95%), қызы Элина Абдрахманова (24,95%), тағы бір олигарх Владимир Жұманбаев (20%) және экс-мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің егізі, экс-депутат Ерлан Нығматулин (10%). Мекенжайы – Семей қаласы, Боранбай би көшесі, 93.

Кәсіпорынның 2023 жылғы қаржы айналымы 93 613 987 842 теңге. Алайда бұл кейінгі 8 жылда кеніштің ақша айналымы ең азайған кезі. Компанияның қаржысы 2015 жылдан бері 200 млрд теңге көлемінде болған. Мысалы, 2022 жылғы ақша айналымы 195 900 070 578 теңге. Мемлекеттік кірістер комитеті АҚ-ның қанша салық төлейтінін көрсетпеген. Statsnet қызметінің мәліметінше, былтыр 1 778 665 769 теңге салық төлеген. Осы уақытқа дейін мемлекет қазынасына 27 874 420 445 теңге аударған. Мемлекеттен алып орындаған тендерлерінің саны – 2227.

Қазақстандық Forbes басылымының мәліметінше, АҚ-ның былтырғы кірісі 56,98 млрд теңге. Таза пайдасы 9,3 млрд теңге. Кәсіпорын тек елімізге ғана емес, Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Өзбекстанға да көмір сатады.

Эдуард Огай
Эдуард Огай. Фото: ашық дереккөз

Эдуард Огайдың қандай бизнестері бар?

«Қаражыраның» иесі болып тұрған Эдуард Огай – Қазақстанның биылғы ең бай 75 кәсіпкері арасында 13-орынды иеленген олигарх. Жалпы байлығы –800 млн доллар. Kazakhmys Holding Limited»компаниясының ірі акционері. «Қазақмыс Көмір» АҚ және «Қазақмыс Корпорациясы» кіретін Kazakhmys Copper АҚ-ның 30 пайыз акциясын иелік етеді. Бұдан бөлек, балаларымен бірге «Қаражыра» АҚ-ның 70 пайыз акциясына иелік етіп отыр.The Daily Beast басылымы Огайдың Трамптың зәулім үйінен Сауд-Арабия сұлтаны Абдул-Азиз Аль Саудқа тиесілі пәтерін 75 млн долларға сатып алғанын жазады. Бұдан бөлек, Огай жоғарғы Вест-Сайдтан 16 млн долларға тағы бір үй, 40 млн-ға Беверли-Хиллзден 10 жатын бөлмелі 16 ванна бөлмесі бар тағы бір сарай сатып алған. Бұрын бұл үй итальяндық хоккей аңызы Уэйн Грецкиге тиесілі болған. Айтпақшы, Огай бұлардың барлығын жоғарыда біз жазып кеткен «Демикс» компаниясы арқылы жүзеге асырған. Қысқаша айтқанда, Огайды басылым Назарбаевқа қатысты ірі кәсіпкер деп есептейді. Расында да біз де Kazakhmys Copper-дің Назарбаев қорына қатысы барын бұған дейін талай жаздық.

P.S. Қазіргі күнде тергеуге байланысты бар мәліметтер осы ғана. Жақиянов Огайдың ұрланған қаражатқа сатып алған мүлкін жою үшін сенімгерлік басқаруға беруді қалайды және сот арқылы анықталатын шығын мен өтемақы өндіруді сұраған. Себебі Жақиянов көмір кенішінен түскен табысқа Огай және оның отбасы АҚШ-та бірнеше жылжымайтын мүлік алып тастаған деп есептейді. «Жас Алаш» тілшісі саясаткердің өзіне де осы іске қатысты бірнеше сауал жолдады. Жауап берсе, саясаткердің уәжін газеттің алдағы санына жариялайтын боламыз. 

Тұрсынбек БАШАР