Жақиянов олигарх Огайды Нью-Йорк сотына бергенін мәлімдеді
Белгілі саясаткер Ғалымжан Жақиянов олигарх Эдуард Огайды Нью-Йорк сотына бергенін мәлімдеді, деп жазады Zhasalash.kz сайты.
Жақияновтың айтуынша, Семей облысындағы Қаражыра көмір кен орнын олигарх Огай заңсыз тартып алған.
Нью-Йорк штаты заңдарын негізге ала отырып, Нұрбике Зарубекова екеуіміз Эдуард Огайға, оның жұбайына және бірқатар заңды тұлғаларға қарсы «Жауапкерлердің басқаның мүлкін заңсыз иелену және Талапкерлердің мүлкін алаяқтық жолмен беру арқылы негізсіз баю нәтижесінде келтірілген залалды өтеуді талап етіп», сотқа шағым түсірдік. Нақты айтқанда, мәселе Семей облысындағы (қазіргі Абай облысы) Қаражыра көмір кен орнын игеруші, маған және басқа да акционерлерге тиесілі компанияның мүлкі турасында, деп жазады саясаткер.
Оның сөзінше, 2002 жылы экс-президент Н.Назарбаев «Семей Көмір» компаниясын өз жақындарымен Огайдың отбасына берген.
Оқиға саяси реформаларды талап еткен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының құрылтайшысы және жетекшісі болғаным үшін қамалып, 7 жылға бас бостандығымнан айырылған кезімнен басталады. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың авторитар режимі саяси қудалаумен қатар «Семей Көмір» компаниясына және оның акционерлері мен басшылығына қарсы шабуылға жол ашқан. Нәтижесінде біздің заңды мүлкіміз Огайдың отбасы мен экс-президенттің маңайындағы өзге адамдардың қолына түсті.
Біздің пікірімізше, мүлкімізді тартып алуды және одан түскен кірісті заңдастыру операциясын (Нью-Йорк пен Калифорниядағы зәулім үйлерді сатып алумен қоса) ұйымдастырған – Огай. Оған Владимир Жұманбаев және басқа да «Қазақмыс» топтастығына жататындар, соның ішінде Назарбаевтың «оң қолы» Владимир Ни көмектесті деп есептейміз. Кезінде бұрынғы президенттің жақындары иеленген ел байлығының едәуір бөлігі әлі де осы кланның қолында шоғырланған. Енді осы қастандықтың мән-жайы, құжаттар мен куәлардың айғақтары белгілі болған соң, әділеттікке қол жеткізуге бел байладым, дейді Жақиянов.
Саясаткер өз мүддесін америкалық Pierson Ferdinand LLP заң фирмасы қорғайтынын айтады. Алайда, олардың кеңесі бойынша жүріп жатқан процесс туралы ашық айта алмайтынын мәлімдеген.