Жақсылық Омар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды – прокуратура
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты шыққан үкімге түсініктеме берді.
Бұған дейін Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жақсылық Омарға қатысты қылмыстық істі қарады. Ол ірі көлемде алаяқтық жасау және ірі көлемде пара алу бойынша айыпталған.
3 сәуір күні сот үкім шығарды. Жақсылық Омар кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оның мүлкі тәркіленіп (соның ішінде Toyota Camry автокөлігі), өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Прокуратураның түсініктемесі
ШҚО прокуратурасының мәліметінше, Жақсылық Омардың әрекеттері сыбайлас жемқорлық қылмыстары санатына жатады және мемлекеттік қызметтің негіздері мен қоғам сеніміне нұқсан келтіреді.
Айыптаушы тарап істің қысқартылған тәртіпте қаралғанын ескере отырып, заңда көзделген ең жоғары жазаны сұраған.
Прокуратура мәлімдегендей:
«Қолданыстағы қылмыстық заң талаптарына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған тұлғаларға амнистия актілері мен шартты түрде мерзімінен бұрын босату нормалары қолданылмайды».
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Іс материалдарына сәйкес, эпизодтардың бірінде шамамен 13 миллион теңгеге бағаланған автокөлік туралы сөз болған. Тергеу нұсқасы бойынша, көлік «көмек» ретінде рәсімделгенімен, кейін айыпталушының иелігіне өткен.
Екінші эпизодта 20 миллион теңге көлемінде сұралған қаражаттың 6 миллион теңгесі берілгені айтылған.
Айта кетейік, 13 ақпанда әлеуметтік желілерде Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Сол кезде облыс әкімдігі бұл туралы нақты мәлімет жоқ екенін мәлімдеген. Сонымен қатар әкімдік «әкім орынбасары денсаулығына байланысты уақытша демалыс алған» деп хабарлаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚҰЛАҒАН КӨПІР, ЛАСТАНҒАН ҚАЛА ЖӘНЕ «БЛОГЕР ӘКІМ»
Былтыр 1 қыркүйекте Өскемендегі Шнайдер көпірі құлады. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Бұл жағдай қала тұрғындарының ашу-ызасын тудырды, өйткені көпір 2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың наурызына дейін күрделі жөндеуден өткен еді. Жөндеуге бюджеттен 600 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Көп өтпей жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Данияр Уахитовның қамауға алынды.
Шнайдер көпірінің апаты бола сала БАҚ беттерінде бұрынғы қала әкімі, қазіргі облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың 2 жыл бұрын көпірді жөндеу жұмыстары кезінде алдында тұрып сөйлеген сөзі шыға бастады. Видеода ол көпір жұмыстары қашан аяқталатынын алға тартып, барлығы өзінің бақылауында екенін көрсетеді. Алайда Ж.Омар жарнамалаған көпір көп өтпей құлап, ол тағы да жұрттың сынына қалды.