Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:15, 28 Мамыр 2024

Жала мен нала. Шатақ Шарлапаевтан шықты

Шарлапаев
Фото: Жас Алаш коллаж

Қазақ билігі тағы бір тығырыққа тірелді. Бұл жолы үкіметті утиль алымы мен алғашқы тіркеу ақысын жоюды талап еткен топ қыспаққа алып отыр.

Олар жариялаған петицияға 10 күнде 50 мыңнан аса адам қол қойыпты. Ереже бойынша мұнша қол жинаған петицияға үкімет назар аударуға міндетті. Арыз өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жолданды.  

 Утиль дауы бүгін ғана пайда болған проблема емес. Көп адам оған 2016 жылдан бері қарсылық көрсетіп жүр. Ұзақ уақыт бойы жұрттың жанайқайын елемей келген билік Қаңтар оқиғасынан кейін ғана бір табан артқа шегінуге мәжбүр болды. 2022 жылы мамырдан бастап алым мөлшерін 50 пайыз қысқартты.

Бірақ соның өзінде утиль сомасы өте жоғары. Атап айтқанда, жеңіл автомобиль үшін – 229 мыңнан 1 млн 828 мыңға дейін; жүк көлігі үшін – 536 мыңнан 3 млн 139 мыңға дейін; ауыл шаруашылығына арналған трактор, комбайндар үшін – 6 млн 891 мыңға дейін ақы төлеуге тура келеді.

Утиль алымы деген не, оған халық неге қарсы дегенді бұған дейін бірнеше рет жаздық. Оның үстіне адам ақылына қонбайтын осы алым-салық жайлы жұрттың бәрі біледі. Сол үшін алыстан орағытпай, осы жолғы дау жайлы айтайық.

Министр жалған ақпарат таратты ма?

20 мамыр елдің әр өңірінен жиналған жүздеген адам Астанада бас қосты. Олар шетелдік автомобильді елде есепке қойған кезде алынатын алғашқы тіркеу ақысы мен утиль алымын жоюды талап етті. Жиналған жұрт Қазақстанда осы төлемдердің мөлшері көліктің өз құнынан да жоғары екенін алға тартады.

Белсенділердің айтуынша, утиль алымы мен алғашқы тіркеу ақысы елде бәсекелестікті жойып, автомобиль бағасының өсуіне және көлікке қатысы бар қызметтердің қымбаттауына себеп болды.

Жиналғандардың алдына келген өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері мәселені шеше алмайтынын айтты. Бұған дейін дәл осы мекеме утилизация тарифі төмендемейтінін, тіпті оны қарастырып та жатпағанын хабарлаған.

Бұған ашуланған көпшілік «мәселе шеше алмайтын» министрлік өкілдеріне қайтуды бұйырып, министр Қанат Шарлапаевты шақырды. Тіпті Шарлапаев пен вице-премьер Роман Склярдың отставкасын талап етті.

Шарлапаев наразы топпен кездесуге келген жоқ. Ал кейін сенат кулуарында утиль алымы төмендемейтінін тағы айтты. Сондай-ақ утиль алымына қарсы шығып жүргендердің бәрі шетелден көлік әкеліп, сататындар екенін айтты. «Өз табысын мемлекет индустриясының дамуынан жоғары қоятын адамдардың сөзіне ерудің қажеті жоқ деп есептеймін», – деді министр.

Шарлапаевтың осы сөзі белсенділердің шамына тиіпті. Олар жалған ақпарат таратып, өздеріне күйе жаққан министрді сотқа береміз деп отыр.

«17 мамыр күні депутат Нартай Аралбай және Сайлаубай Наурызбен бірге бір топ белсенді министр Қанат Шарлапаевпен кездестік. Ол жерде вице-министр Олжас Сапарбеков және комитет төрағалары болды. Біз алғашқы тіркеу ақысы мен утиль алымын жоюды талап еттік. Әрі мұндай талапты не үшін қойып отырғанымызды дәлелдеп бердік. Бұларды жойса, ел экономикасына қандай пайда келетінін де түсіндірдік. Бірақ ешқандай мәмілеге келе алмадық.

Ал 20 мамырда 400-ден аса адам Астанада жиналдық. Адам бұдан да көп болар еді, кей өңірдегі белсенділерге қысым көрсетіліп, келе алмай қалды. Жиналысқа Сапарбеков пен өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев келді. Бірақ олар проблеманы шеше алмайтынын мойындады. Сол үшін халық олармен сөйлесуден бас тартып, министрдің өзін шақырды.

Шарлапаев онда келген жоқ. Онымен қоймай, БАҚ-та бізді заңсыз кәсіппен айналысып жүрген «перекупщиктер» деп айыптады. Мұнысы өтірік, мысалы, мен өзім 1994 жылы шыққан Mitsubishi Galant мініп жүрмін. Бұл халықты арандату деп білеміз. Сол үшін оны сотқа беруді жоспарлап отырмыз. Министр жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы қажет. Белсенділерге бұдан өзге де ақпараттық шабуылдар жасалып жатыр. Желіде боттар бізге криминалды топпен қатысы бар немесе салафиттер деп айып таққанын байқадық», – дейді белсенді азамат Еркебұлан Құлбасов.

Расында, 50 мың адам қол қойған петиция тұрғанда утиль алымына ат төбеліндей аз ғана топ қарсы деу ақылға қонбайды. Салафиттерді ауызға алу арқылы қоғамның назарын соларға аударғысы келген сияқты. Бәлкім, «сақалдылар» десе қазақ қоғамы басқа әңгімені ұмытып кетеді деп есептеген болар...

Билік өнеркәсіпті бәсекемен емес, монополиямен дамытпақ

Қажетті мөлшерде дауыс жинаған петиция Шарлапаев басқаратын министрлікке жолданды. Енді мекеме оны 40 жұмыс күні ішінде қарауға міндетті. Ол үшін министрлік арнайы комиссия құрады. Оған мүдделі тараптар, мемлекеттік орган және қоғамдық бірлестік өкілдері кіреді. Біз сөйлескен белсенділер қалай да осы комиссияға кіруіміз керек деп белсеніп отыр.

Қанат Шарлапаевтың екінші уәжі – отандық өнеркәсіпті және сонда жұмыс істейтін жұмысшыларды қорғау. Министрдің отандық өнеркәсіп деп отырғаны – 7 жылдан бері мемлекеттік субсидия мен утиль алымынан түскен ақшаға «семірген» екі монополист «автоөндіруші». Министр жатса да, тұрса да осы екі зауыттың қамын жейді. Ол басты міндеті – аталған екі зауытты ғана емес, елдегі тұтас өнеркәсіпті дамыту екенін, автозауытта жұмыс істейтін 10-15 мың адамды ғана емес, жалпы 20 миллион халықты ойлау екенін ұмытып кеткен сияқты.

Монополист зауыттар шетелден әкелінген дайын бөлшектен машина құрастырып, «Қазақстанда жасалған» деген атпен сататыны ешкімге жасырын емес. Соған қарамастан «Қазақстанда жасалған» автомобиль шетелден кіргізген көліктен қымбат. Мысалы, Кореяда шығатын Hyundai Elantra өз елінде 6,3 миллион теңге тұрады. Қазақстанға әкеліп, барлық алым-салықты төлеп есепке қойғанда бағасы 8,5 миллион болады. Осы машинаның Қазақстандағы бағасы – 11-14 миллион теңге. Осы жерде өзімізде шыққан машина өзгедегіден әлдеқайда қымбат болса, сонша қаржы жұмсап, оны елде құрастырудың қажеті қанша деген сұрақ туындайды.

Бірақ Қазақстан үкіметі ерке баласындай болған екі автозауытты қорғаштауды қоймай отыр. Отандық өндірісті дамытамыз деген желеумен әділ бәсекелестікке мүмкіндік бермейді. Барлық жеңілдік соларға жасалған, жаңа машина соларда ғана бар, солардың саудасын жүргізу үшін түрлі тәсілмен сырттан көлік кіргізуге кедергі жасап бағады. Басқаша айтқанда, билік өнеркәсіпті бәсекемен емес, монополиямен дамытқысы келеді. Бірақ бұл нарықтық экономика заңдылығына қайшы. Әділ бәсеке болмаған жерде сапа да, даму да болмайтынын біздің шенділер ескермейтін сияқты.

Алым мөлшерін кім, қалай белгіледі?

«Әләуләйімі бітсе, хәләуләйімі тағы бар» дегендей, утиль алымының жыры бітсе, алғашқы тіркеу ақысының дауы шығады. Оның да мөлшері аз емес. Шыққанына 3 жылдан асқан техниканы елде бастапқы тіркеуге қою үшін 1 млн 846 мыңнан 9 млн 230 мыңға дейін ақы төлеуге тура келеді. Бірақ халық мұнша ақшаны не үшін төлейтінін және бұл соманы кім, неге сүйеніп белгілегенін білмейді.

«Алғашқы тіркеу ақысы мен утиль алымы сомасын кім есептеді, қандай калькуляциядан шықты, неге сүйеніп осылай белгіледі дегенге ешкім жауап бере алмайды. Бейне бір жеребеден шыға келгендей немесе біреу отырып-отырып осынша сома болсын деп ойына келгенін айта салған сияқты. Ешқандай себебі, есебі жоқ. Ешкімге есеп бермей жұмыс істеген «ӨКМ операторын» жапты да, орнына «Жасыл Дамуды» ашты. Ол да дәл солай жұмыс «істеп» жатыр. Одан өзгерген ештеңе жоқ.

Осы мәселені көтеріп жүрген белсенді азамат ретінде Қанат Шарлапаев, Роман Скляр, Нұрлан Смағұлов немесе Андрей Лаврентьевтің кез келгенін ашық дебатқа шақырамын. Халық алдында дебатқа шықса, оларға жұрттың талабы орынды екені, ал олардың істеп отырғаны жөнсіздік екенін дәлелдеп беремін», – дейді Еркебұлан Құлбасов.

Үкімет отандық өндіріс жайлы жиі айтады. Бірақ дамып жатқан өндірісті көрген жоқпыз. Елде құрастырылған машиналардың локализациядан жұрдай екенін айттық, олардың саны да көп емес, 2023 жылы 148 885 автомобиль конвейерден түскен. Қазақстанда қазір 5 миллионнан аса көлік құралы бар екенін ескерсек, елде құрастырылған машинаның тым аз екенін байқаймыз.

Оның үстіне бізде құрастырылған жаңа автомобильдер жыл сайын қымбаттап барады. Мысалы, Қазақстандағы ең арзан көліктердің бірі – Chevrolet Cobalt седаны 2021 жылдың басында 4.2-5.2 миллион теңге тұрса, қазір оларды 6.5-7,5 миллион теңгеге аласыз. Ал Hyundai Palisade кроссовері 2023 жылы 24-27 миллион теңгеге бағаланса, биыл 28-31,5 миллион теңге сұрап тұр.

Мұндай өсім ауыл шаруашылығы техникаларына да әсер етті. Біздің елде жақсы танымал «Беларусь-80» тракторы 2019 жылы 5,9 миллион теңге болса, қазір ол 8,7 миллион теңге тұрады. Ал John Deere S 760 комбайнын 2019 жылы 170 миллион теңгеге алатын шаруалар қазір 270 миллион төлеуге мәжбүр.

Демек, толықтай шетелдік бөлшектен жиналған, саны аз, бағасы көп автоөндіріспен мақтанудың еш жөні жоқ сияқты. Шарлапаев шыр-пыр болып қанша қорғаса да, елдегі екі автозауыт утиль алымы мен алғашқы тіркеу ақысын жинауға себеп бола алмайды.

Утиль алымы – шетелден әкелінген автомобильді болашақта жою үшін алынады. Оның мөлшері көлік қозғалтқышының көлеміне байланысты. Мамандар осы шешімнің өзі түсініксіз екенін айтады. Өйткені қозғалтқыш көлемінің үлкен-кішілігі машинаның утилизация барысына еш әсер етпейді. Керісінше, алымды көліктің көлемі мен салмағына қарап есептесе кішкене қисынды болар еді. Өйткені машина қанша үлкен әрі ауыр болса оны утилизациялау сонша қиынырақ болады. Басқаша айтқанда, утиль алымының мөлшері көлікті утилизация жасау құнына тең болуы керек. Бірақ бізде алым мөлшері жұмыс құнынан бірнеше есе жоғары.

Түйін. Астанадағы жиналысқа Маңғыстаудан барған Ақыт есімді белсенді азамат талаптарының орындалатынына сенбей отыр. Өйткені наразы топпен кездескен үкімет адамдары бұл проблеманы ешкім шеше алмайтынын айтыпты. Мұны Қанат Шарлапаев та бірнеше рет қайталады. Ол тіпті бұл мәселені қарастырмаймыз деп отыр.

Осы тұста есімізге 2021 жылы күздегі жағдай түседі. Жыл аяғына қарай елде жанармай жылдам өсе бастады. Жұрт билікке бағаны бақылауға алуды ұсынды. Бірақ сол кездегі энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев пен вице-премьер Роман Скляр бұл мүмкін емес деп отырып алды. Мұның соңы неге ұласқанын бәріміз білеміз. «Отын құнын бір тиын түсіре алмаймыз» деп қасарысқан үкімет Қаңтар оқиғасынан кейін газ бағасын – 50 теңге, АИ-92 бензинін – 182 теңге деп белгіледі. Тіпті сол бағаны бірнеше жыл ұстап тұрды. Бірақ бұл жеңілдік 238 адамның қанымен жасалды.

Утиль дауында да үкімет «алымды төмендетпейміз» деп айтқанынан қайтпай отыр. Әрине, жамандық шақырудан аулақпыз. Бірақ асқынған даудың аяғы неге соғарын көрдік. Бізбен сөйлескен белсенділер де осыны жиі қайталады. Олар «Қаңтар оқиғасын айту билікті қорқыту емес, сақтандыру» дейді. Біздің ойымызша, Шарлапаев Мырзағалиевтің қателігін қайталамағаны жөн.

Қуаныш Қаппас 

 

 

Тегтер: