Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:15, 31 Қаңтар 2025

Жала жаба алмады, күйе жаға алмады

Мағауин
Фото: magauin.com

Қазақ қаламгерлерінің өзара текетіресі бізге дейін де болған, бізден кейін де бола бермек. Осыдан жиырма жыл бұрын елге рухани демеуші, әдеп пен әдеттің қайнар бұлағы саналатын, ақыл-ойдың көзі делінетін қаламгерлер арасында бәсекелестіктің өршіп тұрған шағы еді.

 Әсіресе атақ-даңқ биігіне шыққандар ортасында. Олар өліспей беріспеуге, жанталаса қаралауға, реті келсе жала жабуға, жалған намыс арқалап топ құруға әуес болды. Олардың пайымында иілу – жеңілу, үнсіздік – мойындау болып көрінетін. Ақырында жалған намыс жарға жығып, ел алдында абыройдан жұрдай болып жататын зиялылар көп болды. Тіпті қажет болса, бірін-бірі қуғындап, жік-жікке бөлініп, қызмет пен руханияттан шеттеткісі келетін әрекеттер де кездесті. Әсіресе Мұхтар Мағауин тарапына жасалған көп қысым мен тоқтаусыз қарсылық, қуғындау бүгінге дейін көптің есінде болса керек. Автор соңғы жылдары жазған мақала-сұхбаттарында сол кездегі жайттардың анық-қанығын жиі айтып жүрді. Қоғам «зиялыларының» таусылмайтын жалақор ғарызнамалары қаламгердің ой-пікіріне шектеу сап, қаламын тежеуге деген талпыныс еді. 

Хош. Ең әуелі Мұхтар Шахановтың 2005 жылдың 30 маусымында «Ана тілі» газетіне «Неге кәсіби мамандарды шетелден шақыртамыз?» атауымен жарияланған депутаттық мәлімдемесінде елдегі әлеуметтік мәселені аз ғана қозғай кетіп, қалған мәлімдеменің бас-аяғын «Жұлдыз» журналына, журналды сол кезде басқарған Мағауинге арнайды. Айналдырған бір күннің ішінде 5-6 басылымға донос жариялап, үкімет пен президентке бірнеше қайтара ашық хат жолдаған топтың басым бөлігі депутаттар мен ғалымдар. Мәлімдемеде: «Мемлекет есебінен қаржыланатын «Жұлдыз» журналында бірнеше мәрте, жоспарлы түрде, қазақ халқы дегенде ішкен асын жерге қоятын ұлы қаламгердің ар-намысын қорлайтын кішігірім роман-повестердің көлеміндей ұзын сонар төпелеулер мен айыптаулардың толассыз жариялануы қалай?» деп журналдың идеологиясы ұлт мүддесіне мүлде сай емес екенін, бұл ары жалғаса берсе, күллі қазақ руханиятына қауіп төнерін алға тартады. Басылым беттерінде оқтын-оқтын өршумен, мың қайтара қайталанумен әдеби ортаны ғана емес, қалың жұртшылықтың қызығушылығын оятқан даудың басы әуелде Шыңғыс хан төңірегіндегі талас еді.

Осы жылдары, байқасақ, «Жұлдыз» журналында ұлттық әдебиеттің бүгіні мен өткенін, көркемдік құндылықтарын заман талабына сай жаңаша зерделеуге тырысқан талай мақала жарияланған. Олардың қай-қайсысы да бүгінге дейін оқушыны бейтарап қалдырмай, даулы пікірталастар тудырған еді. Әдебиеттің мақсаты да сол, талдау, талқылау, оқырман көкейіне сілкініс тастап, сұрақ тудырғаны болса керек. Кей мақалалардың артық-кем кеткен тұстары болғанымен, әдебиетті талдаудағы жаңашыл тәсілі, батыл ой, тосым тұжырымдарымен қай мақаланың да құны арта берді. Осы жылдары Мағауинді руханияттан жаппай шеттетіп, қызметін шектеу басталып-ақ кеткендей еді. Және қаламгер оны өзі де сезді. Мәлімдемеге қайыра жауап ретінде жазылған «Ғажайып бір мәлімдеме туралы» («Жұлдыз» журналы, №8, 2005 ж) мақаласында қаламгер доносқа қол қойған 26 депутаттың ісін аяусыз сынға алады. Тіпті әдебиеттің иісі мұрнына бармайтын кейбіреудің өзіне қарсы арызға қол қойып, келісім бергенін көріп күлкісі келді. Республиканың әр саласында шешілмей жатқан сан мың мәселені былай қойып, бір журналдың бүгінімен алысу күлкілі болмағанда немене? Бірақ автор өзі айтпақшы, «қазақтың жерін сатып, байлығын талапайға салған» адамдарға әлдебір Алаш азаматының намысы түкке тұрғысыз шаруа еді. Ең қызығы, осы оқиғадан соң 2-3 депутат өзінің келісімін терістеп, әуелгі мәлімдемеге жалғас, қарама-қарсы, терістеу-мәлімдеме жолдаған. Екі депутат та әуелгі мәлімдеменің шетелдік мамандарға қатысты бөлігіне қол қойғанын, әдеби дау-дамайда шатағы жоқ екенін алға тартады.

Бұл оқиға Мұхтар Мағауинге қарсы ұйымдастырылған донос, арыз-шағым, жаппай қуғындаудың басы ғана еді. Осы мәлімдемеден соң әртүрлі басылымда жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай басы қылтиып арыз-мақалалар көбейе бергенін байқауға болады. Көп мақаланың ұйымдастырушысы, негізгі ой тастаушысы Мұхтар Шаханов екені де жасырын емес. Бірақ Шахановтың әуелгі депутаттық мәлімдемесінен соң қазақ қаламгерлері де әдеби дау-дамайдан қалыс қалмады. Әзілхан Нұршайықов, Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ бастаған 16 қазақ ақын-жазушылары мәлімдемеге қарсы шығып, Шахановтың «шала бүлінуін» сынға алған еді. «Рух-Дария» газетінің 2005 жылы №3 санында жарияланған сол кездегі Мәдениет, Ақпарат және спорт министрі Е.М.Қосыбаевқа жолданған ашық хатты, әрі әуелгі мәлімдемеге жазылған қайыра жауабында: «Әдебиет – творчествалық процесс, онда әрқилы пікірталас болып тұруы – табиғи құбылыс. Бүгінгідей плюрализм заманында демократияның басты принципін белден басып, шалағай шығармалары сыналғаны үшін өш алу мақсатында Шахановтың шала бүлінуі, депутаттық мандатын жеке бастың мүддесіне пайдаланып, Парламент арқылы әдеби сынға тыйым салдырамын, М.Мағауинді қызметтен қудырамын деп мәселе көтеруі – күлкілі нәрсе. Әдебиет мәселесі күшпен, әкімшілік тұрғыдан шешілмейді. Сондықтан мұндай оспадарлыққа, орынсыз байбаламға жол берілмейді деп сенеміз», – деп аяқтайды.

Осы тұста қазақ зиялылары қос Мұхтардың позициясына сай өзара жақтасып, екі топқа бөлініп шыға келді. Тоқтаусыз талас-тартыс көзі қарақты қазақ оқырманы арасында да талас тудырды. Және газеттің дәл осы санына жарияланған «Рухани басбұзарлыққа тоқтау бола ма?» деген атаумен президентке жолданған ашық хатында он бес «зиялы» Мағауиннің сол кезде өзі басқарып отырған «Жұлдыз» журналын жеке бас мүддесі үшін пайдаланып, Шыңғыс Айтматов пен қазақтың бір шоғыр қаламгерін орынсыз ғайбаттады, әдеби ортада дүрдараздық тудырды деп тағы кінә тағады. Тағы да тұңғыш президентке Мағауинге қарсы бір топ «зиялы» ашық хат жолдайды. Көлемді хат-мақаланың тұла бойы Мағауиннің позициясы мен зерттеулеріне наразылық қана емес, осыған дейін Шыңғыс хан туралы зерттеулеріне ашық қарсылықтан тұрады десек те болады. Мағауинше айтсақ, «он бес оқымыстының» «Жұлдыз» журналын қаламгер «жеке мүддесі үшін қолшоқпар етіп келеді» деп байбалам салып, қазақша әліпті таяқ деп білмейтін депутаттардан қол жиып, даңғара қағуын түсіну шынымен қиын.

Мағауин соңғы жылдары берген сұхбаттары мен мақалаларында өзіне қарсы жасалған қудалаудың 2005-2006 жылдары әлдеқайда асқынып кеткені туралы жиі айтқан. Әсіресе «Жалын», «Рух-Дария» сынды басылымдар қаламгердің позициясына ашық қарсылық танытты. Сол кезде бас редакторы Гүлзира Серғазы болған газет редакциясы «Тарихқа гуманистік көзбен қарауға қабілетсіздердің дауасыз дерті» атауымен көлемді мақала жариялап, Шахановтың позициясына жақтасады. Мағауин тұжырымын «тарихқа гуманистік көзбен қарай алмайтын дауасыз дерт» санап, Шахановқа күйе жақты деп көрсетеді. Алдымен, жиырма алты депутат, кейін он бес оқымысты мен жеті «дін жанашырларына» қарсы күресті жалғыз жүргізген тұлғаның қайраткерлігіне осындайда еріксіз таңдай қағасың. Бәлкім, шетелге қоныс аударып, қайтпауының басты себебі де – осы, елдегі «зиялылардың» жаппай қарсылығы мен руханияттан ашық шеттетуі ме еді…

Архив ақтара отырып, Мағауиннің тұлғасына қарсы жазылған ашық хат, мәлімдемелердің кейбірі оның жеке тұлғасынан тыс, «Жұлдыз» журналына жарияланған материалдар төңірегінде болғанын байқадық. Мәселен, жеті «дін жанашыры» 2006 жылы 28 қыркүйек күні шыққан «Ана тілі» газетіне «Мұсылман әлеміне жабылған жала» атауымен хат-мақала жариялап, «Жұлдыз» журналының басшылығын «қаскүнем бейбастықпен» айналысты деп айыптайды. 2006 жылы «Жұлдыз» журналының 9-санына жарияланған Дүкенбай Досжанның «Жан тәтті» хикаятында Пайғамбарымыздың сүйікті жары Айша анамызға тіл тигізер тұстары бар екенін алға тартады. Оны оқымай, зерделемей жариялаған Мұхтар Мағауиннің қызметіне көп айып тағады. Бірақ байқасақ, шығарманың басты тақырыбы – тарих та, дін де емес, қазіргі заман. Шығармада «Пайғамбардың да, оның сүйікті жарының да» көлеңкесі жоқ. Хикаяттың бас кейіпкері – Айтуар есімді астрофизик пен оның нақсүйері – Әсемнің тағдыры турасында. Жалалы өсекті сонша дауылдатқанмен, істің мәнісі басқа еді. Жалақорлардың тілегі қалай да болсын Мағауинді республикалық басылымнан ары ұстау, қызметтен кетіру еді. Тіпті заманы туса, түрмеге тоғытып әлде «ұлт сатқыны» деп атқызып тастауға ғұзыры жетер ме екен? Қызметін, құзыретін шектегенмен, шын таланттың қабілеті мен «Тәңір сыйға тартқан болат қаламын» ешкім тартып алмасы анық. Мағауин «Ғайбат пен былық» жауап-мақаласында: «Сіздерге Д.Досжан емес, Мағауин керек болып отыр» дегені сөзімізге анық мысал. Ал Мұхтар Шахановтың 2005 жылы басылымдарға жариялаған «Пенделік адасулардан – адами тазаруларға» мемлекет басшысы мен қоғам қайраткерлеріне ашық хатында Мағауинге қатысты тікелей тіл тигізбегенімен, Шыңғыс ханға қатысты зерттеулердің бұрмаланып жатқанын, осы салдардан жосынсыз дәріптеле бастаған рухсыздық басқыншылығына ұшырап жатқанымызды алға тартады. Ең қызығы, ашық хатқа қол қойып, келісім берген түрлі ұлт зиялыларының арасында 2003 жылы күз айында дүниеден озған Расул Ғамзатовтың да қолы кездеседі. Бұл түсініксіз жайтқа Мағауин де таңданысын жасыра алмайды. Тіпті күлкісі де келген шығар. «О дүниеден жеткен дабыл» мақаласында о дүниеден дабыл естіп, келісім алып келген замандасының «ерлігіне» тәнті болады. Олар бір топ болды, бәлкім, жүз әлде екі жүз адам. Сол «көптің» ешбірі жеке келе алмады, себебі жекелеп келуге жүректері дауаламайтын.

Мағауиннің тиянағы берік, сүйеніші мықты еді. Өлшеулі ғұмырын ұлтына қалтқысыз қызмет жолында аямай жұмсаған Мағауиннің алапасы бәрінен асып, десі бәрін басып тұрған.

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ