Жалақысы аз, жұмысы көп «Жастар практикасы»

Ел жастарының жұмыссыздығы – қоғам дамуын тежейтін негізгі фактор. Елдің ертеңі саналатын буынның екі қолға бір күрек таппай бос жүруі кім-кімді болса да ойлантса керек.
Осы орайда 2022 жылы 26 желтоқсанда мемлекет басшысы «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Жастар саясаты заңының күшіне енген екі жыл ішінде ел жастарының әлеуметтік, мәдени, қоғамдық белсенділігі артып, жұмыссыздық деңгейі төмендей бастағаны қуантады. Бұл, бірақ, мәселені толық шешпейтінін көріп жүрміз. Жасыратыны жоқ, елімізде жастарды жұмыспен қамтуды мақсат еткен мемлекеттік бағдарламалар жетіп жатыр. Дегенмен түпкі мақсаты тиімділіктен бұрын индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткізуді, бюджеттен бөлінген қаржыны толық игеруді ғана көздейтін мұндай бағдарламалардың нәтижесі бүгінде көңіл көншітпей тұрғаны тағы бар.
Жаңадан диплом алған жастар үшін жұмыссыздық – ең өзекті мәселелердің бірі. Еңбек нарығындағы тәжірибе талаптары мен сұранысқа сай мамандықтардың аздығы түлектердің жұмыс табуын қиындатады. Былтыр 25 мыңнан аса мектеп оқушысы, студент және жұмыссыз жастар кәсіби бағдарлау бағдарламаларына қатысып, тәжірибе алса, жоғары оқу орындарының түлектері «Жастар практикасы» жобасы арқылы еңбек жолына алғаш қадам басты. Қолына дипломын жаңадан алған жас маман жұмыссыз жүрсе, дәл осы бағдарламаның игілігін көре алады. Әсіресе университетті күні кеше тәмамдағандарды жұмысқа алуда еңбек өтілін сұрайтын жұмыс берушілердің «қатаң» сынынан тауы шағылатындар үшін таптырмас мүмкіндік бұл. Жас маман жергілікті жұмыспен қамту орталығынан жолдама алып, алғашқы жұмыс орнына аттанады. Осында 6 ай бойы ол өз мамандығының қыр-сырымен жақынырақ танысып, тәжірибе жинайды. «Жастар практикасының» игілігін көрген жандардың бірі – алматылық Мұрағат Бигелді. Алматы технологиялық университетін тәмамдаған жас маман осы бағдарлама арқылы қызметтік мансабын бастаған екен.
«Университетті тәмамдаған соң, мамандығым бойынша жұмыс таба алмай 2-3 ай сенделіп, көп жүрдім. Жеке компанияларға тәжірибесі мен еңбек өтілі бар дайын маман керек. Көбіне-көп жас мамандарға сенімсіздік танытады. Кейін әлеуметтік желілердің бірінен «Жастар практикасы» туралы хабарламаны көзім шалып қалды да, Еңбек мобильділігі орталығына барып, құжат тапсырдым. Кейін Алматыдағы Алмалы аудандық әкімдігіне жұмысқа орналастым. Мұнда жұмыс істеп жатқаныма шамамен 4 айға жуықтады. Мамандығым бойынша жұмыс тапқаныма қуанамын», – дейді.
Бірақ бағдарламаның кемшін тұстары да аз емес. Жастардың бағдарлама қатысушысы болуға асықпауына негізгі себеп – жалақының аздығы мен жұмыстың көптігі.
«Бағдарлама ұсынатын жалақы жоғары дей алмаймын, еліміздегі орташа жалақы мөлшерінен әлдеқайда төмен. «Жастар практикасымен» келген жастарға айлықты Жұмыспен қамту орталықтары төлейді. Оның үстіне, айлық төлеп, шығын шығармай, жас маманды тәжірибеге баулитын мекеменің есебі түгел. Олар жас мамандарға көбіне-көп тегін жұмыс күші ретінде қарайтыны жасырын емес. Замандастарым жалақысы аз, жұмысы көп бағдарламадан осы себепті де қашады», – дейді Мұрағат.
Өткен жылы Еңбек мобильділігі орталығына 69 мыңнан астам адам жүгініп, олардың 50 мыңы ресми түрде жұмыссыздар санатына енген. Кешенді жұмыстардың арқасында олардың 25,6 мыңнан астамы тұрақты және субсидияланған жұмыс орындарына орналастырылды. Соның ішінде «Жастар практикасы» бағдарламасының да үлесі жоғары.
Сәруар БАҚБЕРГЕН