Жалаңтөс баһадүр қазақ па, өзбек пе?
Өзбекстан Республикасы президентінің бастамасы бойынша «EZGU FILM» студиясы Самарқанд облысы әкімдігі және мәдениет министрлігі жанындағы Кинематография агенттігімен бірлесіп «Баходир Ялангтош» атты тарихи-көркем фильм түсірді.
Кинотуынды ХVІІ ғасырда өмір сүрген Самарқанд әмірі, ұлы қолбасшы, Регистан алаңын құрушы Жалаңтөс баһадүрдің өмірін сипаттайды. Режиссері – Жаҳонгир Ахмедов. Фильм наурыз мейрамы қарсаңында жарыққа шығады. Кинокартинаның алғашқы тизері жариялана салысымен қазақтар мен өзбектер арасында Жалаңтөс баһадүрдің ұлтына талас қыза түсті. Өзбектер тарабы «бұл біздің батырымыз, ұлты өзбек» десе, қазақтар Жалаңтөстің алшын руынан шыққанын алға тартып жатыр. Тіпті өзбек тарихшылары тарихта екі Жалаңтөс болғанын, оның бірі би, ұлты қазақ, екіншісі өзбек, әскербасы болғанын деректермен әлеуметтік желіге таратты. «Жас Алаш» газеті Жалаңтөс баһадүрге байланысты сауалнама ұйымдастырды. Оған еліміздегі тарихшы-ғалымдар – Жарылқасын Жаппасов, Эльмира Телеуова, Рауан Байдалы қатысты.
Ж.А. Тарихта неше Жалаңтөс болған? Бұлай сұрайтын себебіміз, қазір өзбек тарихшылары Жалаңтөс Баһадүр екі адам дегенді айтып жүр. Олардың сөзін келтірейін: «Жалаңтөс баһадүрдің әкесінің аты даулы мәселе, өйткені қазақтың ауызша тарихы бойынша әкесінің аты Сейітқұл, ал жазбаша заң құжаттарында әкесінің аты Байқожа. Жалаңтөстің жеке мөрінде «Ялангтуш-бий Бай-хожи улы» деген жазу бар. Сонымен, бұл дерек екі түрлі тұлға туралы болып отыр. Жалаңтөс батыр көп ұрпақ қалдырса, Жалаңтөс биден бір-ақ ұл туып, одан ер ұрпақ қалмаған. Жалаңтөс тарихын мифологизациялау өткен ғасырдың 20-жылдарында, әскери дәрігер Х.Досмұхамедов екі түрлі тарихи тұлға: Жалаңтөс Бойқожаұлы мен Жалаңтөс Сейітқұлұлының тарихын біріктіріп, оларды бір тұлға ретінде көрсетуге тырысқан кезде орын алды» дейді.
Ж.Ж. Тарихта белгілі екі Жалаңтөс бар. Біріншісі – Жалаңтөс Сейітқұлұлы Самарқанд билеушісі. 1576-1656 жылдары өмір сүрген. Екіншісі – ХVII ғасыр аяғында ХVIIІ ғасырдың ортасында Қарағанды аумағында өмір сүрген. Өзбектердің айтқаны шындыққа жанаспайды. Жалаңтөс баһадүрдің туған жері Нұрата дейді. Қазір ол Өзбекстан аумағында болғасын, бұдан бөлек ол Самарқанд қаласын 44 жыл билегеннен кейін өздеріне тартып жатыр. 1580-82 жылдары Қазақ хандығын Шығай хан биледі. Ол сол кездегі Мәуреннахрды билеген Абдолла ханмен қарым-қатынасы жақсы болды. Сол кезеңдерде аштық кезінде Жалаңтөстің әкесі Нұрата аймағына бірқатар қазақтарды алып көшкен дейді. Жалаңтөс сол жерде өскен. Самарқандты биледі. 100-ге жуық ғимараттар салдырды. Оның азан шақырып қойған аты Әбдікәрім. Жалаңтөс деген аты 42 рет жекпе-жекке шығып бірде-бір рет жеңілмегендіктен шыққан. Сол кезде ол сауыт кимей, жалаң шығады екен. Осының өзі Жалаңтөстің қаншалықты жауынгер, ержүрек екенін көрсетеді. Сондықтан осындай батыр тұлғаны өзбектердің өзіне тартуы түсінікті.
Э.Т. Біз дерекке сүйенуіміз керек. Жалаңтөс баһадүр Самарқандтың билеушісі болған. Ал бұл қала Өзбекстанда орналасқан. Тұрсын хан қазақтың ханы десе де Ташкентті биледі ғой. Бұл жерде де сондай мәселелер бар. Әл-Фарабиді, Қожа Ахмет Ясауиді өзбек халқы өздерімен байланыстырады. Орта ғасырлық тарихта жеке тұлғаға немесе оқиғаларға қатысты осындай көзқарастың болуы қалыпты нәрсе. Одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Өкініштісі –өзіміз фильм түсірмегендігіміз. Фильмнің үзіндісін көріп, сапалық деңгейі ұнады, қазақтар деген тұстарын да естіп қалдым, оның мазмұны туралы талқылау фильмді толық көрген соң айтылған жөн. Мұнда біз назарға алатын мәселе идеялық жағынан тарихи фильмдері түсіру және оған сұраныстың жоғары екенін атап өту. Сонымен қатар Жалаңтөс тарихи тұлғаға қатысты талқылаулар да бар. Оның ішінде қазақ тарихындағы Орбұлақ шайқасына қатысты да тарихшылар ортақ пікірге келе алмай отыр. Әйтпесе, осы тарихи оқиғадан тамаша экшн түсіруге болады. Тарихта бірнеше рет тарихи тұлғалар есімі қайталанады, Жәнібек, Барақ, Жәңгір, Есет, тағы басқа. Олардың өмір сүрген кезеңдері бойынша ажыратуға болады. Әрине, өзбек елінің түсірген фильміндегі Жалаңтөс батыр, әрі билеуші бұл XVII ғасырдағы қазақ-өзбек саяси тарихына қатысты ортақ тұлға.
Р.Б. Қазақстан тарихының 5 томдық еңбегі бар. Академиялық басылым. Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты шығарды. Соның екінші томында Жалаңтөс мүлдем жоқ деп айтуға болады. Тек «Орбұлақ шайқасы кезінде ғана Жәңгір ханға 20 мың әскерімен көмекке келді» деген бір сөйлем ғана бар. Жалаңтөс баһадүрді жоғары оқу орнында жеке тұлға ретінде, бөлек сабақ ретінде өтпейді. Мектеп оқулығында да солай деп айтуға болады. Тек қана Орбұлақ шайқасында ғана есімі аталып өтіледі. Болды. Сосын Әмір Темірді біздің мектеп оқулығында жаулаушы етіп көрсетеді, өзбек оқулығында керісінше. Міне, осындай қарама-қайшылық бар. Әмір Темірдің өзі түркінің барлас деген руынан шыққан. Кейбір тарихшылар оны найман тайпасына жатқызады. Біздің тарихшылар Жалаңтөс батырды көп зерттемеген. Манас Қозыбаевтың, Мұхамеджан Тынышбаев еңбектерінде айтылады. Ал негізінде қарақалпақ тарихшыларында Жалаңтөс баһадүр туралы мәліметтер бар. Олардың еңбектерінде Байқажыұлы Абдулкерім, алшын Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы деген атпен белгілі дейді. Міне, Жалаңтөс екі есіммен айтылған. Кіші жүзді алшын дейді ғой. Ал өзбектерді былай қарастыру керек. Бірін, сарт деп алайық. Олар отырықшы халық. Екіншісі, сол жерде баяғыдан бері қоныстанған көшпенді тайпалар. Олар бар кезде тұтас өзбек ұлты қалыптасқан жоқ. Бұқара әмірлігі деп атады. Бұлар Кеңес Одағына дейін Хиуа, Бұқар, Қоқан хандығы болып бөлінетін. Біздің Қазақстан тарихында көп айтылмаған себепті өзбектер қолға алып, өзбектің тарихи санасына енгізіп жатыр. Сондай саясат ұстануда. Тағы бір айта кетерлігі – Кенесарының ұлы Сыздық сұлтан туралы да көп айтпаймыз. Болашақта өзбектер оны өзбек «Сыздық сұлтан» деп өздеріне тартып жатса таңғалмаймыз. Себебі Сыздық сұлтан Ташкентті қорғады.
Ж.А. Егер бір тұлға болса, Жалаңтөс баһадүрдің екіге бөлініп, екі тұлға болуы қай жерден басталды?
Э.Т. Жалаңтөс тарихи тұлға, оған қатысты өте көп деректер сақталған. Иә, Жалаңтөс би туралы да ауызша деректерде жиі кездеседі. Бірақ біз талқылып отырған тұлға қазақ-ойрат соғыстары кезінде қазақтың ханы Жәңгірдің одақтасы болған, шыңғыс ұрпақтарының аштарханидтер, жошылықтардың тимуридтер арасындағы билік үшін күрестегі ірі тұлға. Тағы бір айтып кететін тұсы – Шыңғыс ұрпақтарынан жоғары биліктің дала билігіне өту кезеңі деп атауға болады. Өзбек тарихы қала сипатындағы мемлекет тарихымен байланысты, ол көшпелі дәстүрлі биліктегі елден өзгеше болды. Хиуаның, Бұқараның әміршілерінің арасындағы тартыста да дала билеушілеріне арқа сүйегендері жетерлік. Сол сияқты дала билеушілерінің отырықшы әлемдегі, әскери ірі қолбасшыларының қолдауын тиімді пайдаланды. Орбұлақ шайқасы туралы жазған тарихшы В.Галиевтің кітабында Жалаңтөс әскерінің ықпалы және олардың өзбек немесе қазақтардан тұрды деген дерек келтірмейді. Олай болса, Самарқандтан алыс шалғайға әскери көмек берген бұл батыр тұлғаның қазақтармен туыстық байланысы болғанын көрсетсе керек.
Р.Б. Бізде шежіреде өзбек, ноғай, қазақ болып бөлінеді ғой. Оған дейін тарихымыз ортақ еді. Енді ол тұлғалардың өмір сүрген уақыты, жері Өзбекстан аумағында болып тұр ғой. Қазір сол жердегі барлық халықты олар «өзбек» деп атап жатыр.
Ж.А. Өзбектер «Өзбектің алшын руының өкілі Жалаңтөс Баһадүр 1576 жылы Нұротада дүниеге келген. Әкесі Бойқожа Нақшбанди тариқатының жетекшілерінің бірі Махдуми Азам Дахбедидің ұрпағы Ходжахошимнің шәкірті болған» деген дерекпен фильм түсіргенін әлеуметтік желіде таратып жатыр. Өзбектер ұлтын өзбек етіп көрсеткен бұл фильмнен кейін Жалаңтөс баһадүрдің тарихтағы орны өзгере ме? Көркемфильм бұған әсер ете ме?
Ж.Ж. Жалаңтөс баһадүрдің кім екенін, қайдан шыққанын, ата-бабасын бәрі біледі. Қоғамның көзі ашық. Интернетте Жалаңтөске қатысты мәлімет жетеді. Бір фильмнен халықтың көзқарасы өзгереді деп ойламаймын. Бұл кинотуынды Жалаңтөстің ұлтының өзгеруіне әсер ете қоймайды.
Э.Т. Міндетті түрде өзгереді. Бірақ Жалаңтөсті өзбектер иеленеміз десе де қазақтардың да өз уәжі айтылады. Мысалы, Ұлы жүздің биі – Төле би Ташкентте жерленген. Оған арналған кесене бар. Біз Төле бидің Ұлы жүздің ішінде дулат екенін білеміз. Тура сол сияқты Жалаңтөстің қазақтың құрамындағы ру-тайпадан шыққанына тарихшылар басымдық береді. Ал өзбектерде де ру-тайпалар болғанымен, олар мұны пысықтамаған. Тек ферғаналық, бұқаралық, хиуалық деп, жеріне қатысты бөлінген. Қысқаша айтқанда, өзбектер ұлттық тарихын жазған кезде біздегідей ру-тайпадан гөрі, жеріне қатысты көңіл бөледі. Бізде бір Қазақ ордасы болса, өзбектерде Бұқара, Хиуа, Самарқанд хандығы болды. Кейін барып Өзбекстан мемлекеті пайда болды.
Р.Б. Қатты әсер етеді. Өйткені ғылыми еңбектен гөрі, осындай көркем фильм немесе көркем тарихи шығармалар халықтың санасына көбірек әсер етеді. Бір ғалымның ғылыми еңбегін көп адам оқымайды, аз ғана топ біледі. Бірақ жазушы тарихи шығарма жазса, оны халық жаппай оқиды. Сондықтан фильмнің де аудиториясы кең. Көрерменнің бәрі тарихшы емес қой. Қарапайым адамдар кинокартинаны көріп «е, солай екен ғой» деп ойлайды. Болашақта Жалаңтөс баһадүр бұдан да терең өзбек ұлтына өзбек болып сіңіп кетуі мүмкін. Қазір сондай әрекет жасалып жатыр.
Ж.А. Өзбектер Жалаңтөс баһадүрді неге өзбек ұлтынан деп көрсетуге ұмтылып жатыр? Одан не ұтады? Біз неден ұтыламыз?
Ж.Ж. Өзбектер қаншалықты ұмтылғанымен, Жалаңтөс өзбек болып кетпейді. Олар кезінде Төле биді Қарлығаш би деп атап, өздеріне тартты. Бірақ одан ештеңе өзгерген жоқ. Басқа да тарихи тұлғаларды тартты. Ол кездегі тарихи тұлғалар ортақ қой. Жалаңтөс Самарқанды басқарғанымен де түптеп келгенде қазақ руынан шыққа тұлға. Жалаңтөс өзбектер мен қазақтардың арасында достық қарым-қатынастың орнауына да еңбек сіңірген. Оның жаугершілік қасиетінен бөлек, бітімгершілік қасиеті болды. Жазу-сызуды, әскери өнерді меңгерген тұлға болған ғой.
Э. Т. Кино – пропаганда құралы немесе идея құралы. Өзбекстан қазір Орталық Азияда идеялық жағынан көрші түркі халық арасында көшбасшылық жасау жағынан бұл фильм ықпал етеді. Фильмнің мақсаты – өзбек қоғамын біріктіру. Тарихи кино сол үшін түсіріледі, тарихи роман сол үшін жазылады. Тарихи тұлғалар – Қожа Ахмет Ясауи, әл-Фараби бәрімізге ортақ тұлға. Ол дұрыс. Түркі дәуірінде ұлттық мемлекеттер қалыптаспаған дәуір еді. Біз де Ибн Синаны, Әл-Хорезмиді айтамыз. Бірақ бүгіндегі түрік интеграциясы туралы айтқан кезде өзінің саны жағынан өзбектер көрші түрік халықтарының алдында тұр. Одан кейін идеялық жағынан көшбасшы болуға өздерін лайықтымыз деп есептейді. Өйткені біздің өзіміз XVIII-XX ғасырдағы қазақтарға қатысты деректерді Ташкенттен аламыз. Басым жазба деректерді Өзбекстан аумағындағы жазу мәдениетінен алып жатады. Енді ХХІ ғасырда мемлекеттік бәсекелестік бар. Біз қазір жылқыны қолға үйреткен өркениет мұрагері, Алтын адамы бар халық деген сияқты әлемге танылып қалдық. Өзбектерде де өздерін тарихи жаңаша репрезентация жасап жатыр. Сонымен қатар өзбек тарихшылары Кенесарының қазақ тарихы үшін маңызын, оның тұлғасының біріктіруші факторын жиі айтады. Содан болар, өзбектер фильм индустриясында махаббатқа толы фильмдерден тарихи жанрлық көркем фильмдерді түсіруде алда келеді.
Р.Б. Енді Жалаңтөс бәрімізге ортақ тұлға еді. Шығу тегінен бір халық едік. Ал мемлекеттің атауы кейін пайда болды. Біздің ұтылатынымыз – Жалаңтөс деген тарихи тұлғадан айырылғалы отырмыз. Тәуелсіздік алғалы 30 жыл болды, сол уақыт ішінде бұл тұлға оқулықтарда жазылмады, сабақ өтпедік. 30 жылдың ішінде Жалаңтөс баһадүрдің ізіне түсіп, оны зерттейтін, танытатын бір тарихшымыз болмай тұр. Қазақстанда ол туралы көлемді зерттеу болған жоқ. Тек шығармаларда, зерттеулерде есімі айтылады, жазылады.
Ж.А «Жалаңтөс баһадүр қазақтарға қарсы соғысқан» деп өзбек тарихшылары ақпарат таратып жүр. Бұл қаншалықты шындық?
Ж:Ж. Тарихтан белгілі Самарқанд Әмудария мен Сырдарияның арасындағы Мәуреннахрда орналасқан қала. Ол кезеңде Әмір Темір ұрпақтары билік етті. 1500 жылдан бастап Әбілқайыр ханның ұрпағы Мұхаммед Шайбани билікке келіп, оның династиясы бір ғасырға жуық билікте болды. 1600 жылы билік ауысады. Жошының Тоқа Темірден тараған ұрпақтары аштраханид әулеті таққа келеді. Ал Имамқули ханның билікке келуіне Жалаңтөс көмектеседі деген деректер де кездеседі. Имамқули Тұрсын ханды Ташкент билігіне алып келеді. Кейін Тұрсын хан оған қарсы шығады. Дербес хан болғысы келеді. Ол Имамқулиге ұнамайды. Ал Жалаңтөстің қазақтарға қарсы шықты дегенді айтатын болсақ, онда мынадай логикалық сұрақ туындайды: 1643 жылы Жәңгір ханға 20 мың әскерімен көмекке келе ме? Жәңгір ханның әкесі Есім ханмен жақсы қарым-қатынаста бола ма? Қысқаша айтқанда, өзбек көршілеріміздің келтіріп жатқан мәліметі шындыққа жанаспайды.
Э.Т. Бұл деректерді кім жазғанын білмеймін. Бір нәрсені анықтап алу керек. Бұқар ханы Имамқули аштарханидтік Шыңғыс ханның ұрпағы. Қазақстан аумағы 4 ұлысқа бөлінді. Жошы ұлысы, Шағатай ұлысында Моғолстан болды. Ақорда, Көкорда, Бозордалар болды ғой. Бұл жерде Шыңғыс ұрпақтарының арасында билік тартысы болып жатты. Тұрсын хан да, Есім хан да Орыс ханның ұрпақтары. Имамқули да Абдулазиз де Моғол ханы болған. Бұл жерде Шыңғыс хан мен Әмір Темір ұрпақтары арасында билік үшін талас. Сол кезде батырды пайдаланды. Әлемдік тарихта да мұндай жағдай жиі кездеседі. Жалаңтөс баһадүрдің тұсындағы кез келген деректерді атайтын болсақ, ол жерде қазақ және өзбек деген ұғымдардан гөрі, Бұқар ханы, Самарқанд әмірі, Хорезмнің билеушісі деген сөздер басым. Ол жерде қазақ немесе өзбек арасындағы соғыс деген ұғым жоқ. Соған көңіл аудару керек.
Р.Б. Ондай деректерді кездестірмедім. Керісінше, қазақтармен тізе қосып бірге соғысқан. Орбұлақ шайқасында Жалаңтөс тек алшынның жігіттерін апарған жоқ. Оның әскер құрамында қарақалпақ, үйсін, т.б қазақтар болды. Өзбек тарихшыларының келтірген деректері көп шындыққа жанаспайды.
Дайындаған Тұрсынбек БАШАР