Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
22:36, 18 Сәуір 2022

Жалақыны 10 емес 80 пайыз көтерсін

None
None

Өткен аптада республикалық маңыздағы «Меркі – Бурылбайтал» тас жолын салып жатқан қытайлық «Синь-Синь» компаниясыныңжүзге жуық жұмысшысы ереуілге шығып, еңбек қауіпсіздігін сақтау мен жалақы көтеру бойынша президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасаған еді.

«Қытайлық компанияға құл болдық» деген жергілікті жұмысшылардың талап-тілегін тыңдауға келген компания өкілі сол кезде:«Бұл наразылықты басшыларға жеткіздік. Үш күнде жауабын айтатын боламыз» деп мұрсат сұраған болатын. Уәделі үш күн өткеннен кейін қайта жиналған жұмысшылар компания басшылығы айлықты 10 пайызға көбейтіп, алдаусыратып қоймақшы деп налиды. Жергілікті жұмысшылар «жалақымызды 10 пайыз емес 80 пайызға көтерсін, болмаса жұмысқа шықпай, наразылық шарасын жалғастырамыз» деп отыр.

«Дүйсенбі күні жаңа жұмыс киімін береміз. Жалақыны жұмысшының разрядына қарай 10-15 пайызға көтереміз. Ол бойынша қосымша келісім-шарт жасаймыз. Осыған келіскендер 19-шы сәуірден бастап жұмысқа шығыңдар» дейді қытайлық басшылар (қытайлық «Синь-Синь» компаниясының басшылары). Сонда ол дегеніңіз 60 мың теңге айлыққа 6 мың теңге қосатын болғаны ғой. Үш жылдан бері осы айлықпен жұмыс істеп келеміз. Ол кезде ақшаның аз да болса құны бар еді. Қазіргі уақытта инфляция күннен күнге өршіп, баға бас бермей барады. Сондықтан нақты жұмыс беруші категориясына қарамай, барлық жұмысшылардың жалақысын 80 пайызға көтеруді талап етеміз» дейді жұмысшылар. 

Біз газетіміздің өткен нөмірінде «Жұмысшының жалақысын мандытпаған қытайлықтар жол салып жарыта ма?» атты мақала жарияладық.

«Осынау, 262 шақырымға созылған Мерке — Бурылбайтал (А-358) жолы Астана — Қарағанды — Балқаш — Алматы (М-36) тас жолының бір тармағы болып табылады. Сонау кеңес дәуірінен бері жөндеу көрмеген күре жол соңғы жылдары шұрық тесік, ойдым-ойдым болып, жергілікті тұрғындар мен екі ортаны жол қылған жүргізушілердің бас ауруына айналған болатын.

Сәтін салып, 2019-шы жылы осынау күре жолға жөндеу жұмыстары басталғанда, тиісті орындар:

«Мұнда тозуға төзімді қиыршықтасты-мастикалық асфальтты бетон төселеді. Қайта қалпына келтіру жұмыстары барысында тас жол төрт бөлікке бөлінеді: Меркеден Шуға дейінгі 86 шақырым 4 жолақты қозғалысқа ие I техникалық категорияда, ал Шудан Бурылбайталға дейінгі 176 шақырымды алып жатқан қалған үшеуі екі жолақты II техникалық категорияда болады. Сонымен қатар, мұнда 6 көпір, теміржол арқылы өтетін жол өткелі, 11 жарықтандырылатын жолайрық, 276 су жүргізу құбыры, демалыс алаңдары мен автопавильондар салынады. Жөндеу жұмыстары 2022 жылдың маусым айында толықтай аяқталады» деп ақпарат таратқаны ел есінде.

Бірақ, кеше, яғни 2022-ші жылы сәуірдің 12-сі күнінен бастап күре жолда жұмыс істеп жатқан жүзге жуық құрылысшы жалақымыз көтерілмесе, жұмысқа шықпаймыз деген талаптарын қойып, президентке үндеу жасады. Ал  жолды жөндеу бойынша жауапкершілікті мойнына алған Қытай компаниясы мына түрімен құрылысты қашан аяқтайтынын Құдай біледі...

Осы орайда «Жұмысшысының жалақысын мандытпаған бұл қытайлық компания жол салып жарыта ма?» деген ой келеді еріксіз» деп жазған едік.

Қазіргі таңда жұмысшылардың арызы негізінде еңбек қатынастары бойынша облыс әкімдігі мен еңбек инспекциясы тексеріс жүргізіп жатқаны белгілі болды.

Тегтер: