Жалақысы жарты миллионнан асатын әкімдер ауылды көркейте ала ма?

Елімізде дамудың көшінен көп кейін қалып, жаңғыруды көксеп тұрған ауыл көп. Бүгінде әр ауылға креативті әкім қажет.
Бұған дейін ауыл әкімдерін сайлау жергілікті мәслихат пен аудан әкімінің ұсынысы бойынша тағайындалатын. Енді жанама жүйе жойылып, мүмкіндік халықтың қалауына беріліп отыр. Бұл жаhан үрдісімен келген демократиялық қадам. Осы ретте, таңдау мен талдау жасайтын халықтың танымы жаңа үдеріске дайын ба?
– Ауылдағы ағайын жаңашылдықты естігенде серпіліп қалды. Жергілікті халықтық кеңес мүшелері жиналып, тұрғындармен осы тақырыпта әңгіме өткіздік. Ел өздеріне жауапкершілік артылатынын түсінген сыңайлы. Ауылымызда дайын үміткеріміз де бар. Халық оның іс-әрекетіне риза. Бұрынғы «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген көзқарастың жанданып келе жатқаны қуантады, – дейді Қарқаралы ауданы Балқантау ауылдық округінің тұрғыны Берік Көшенов.
Бірер күн бұрын Қарағандыға президент кеңесшісі Ерлан Қарин мен Ұлттық кеңес мүшелері келіп кетті. Сапар барысында ресми өкілдер ауыл әкімдерімен кездесіп, олардан елдің жағдайын сұрап білді, әріптестерінен күнделікті жұмыс барысында килігетін кедергілерді естіп білді. Жергілікті әкімдердің жалақысы соңғы жылдары ауыз толтырып айтарлықтай өскен. Мәселен, ұзақ еңбек өтілі бар Абай ауданындағы бір ауыл әкімінің айлығы 500 мың теңгеден асады екен.
– Түрлі төлемдерді шегергенде қолыма 450 мың теңге аламын. Ауыл әкімі лауазымында жүргеніме үш жылдан асты. Жасым 31-де. Алдымен «Суық су» ауылдық округін басқардым. Қазіргі ауылға жетекшілік еткеніме екі жыл болды. Еңбекақыдан шағым жоқ. Ауылды көтеру әкімдердің өз қолында дер едім. Көзін тапсаң, мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржы да жеткілікті. Тек іскерлік қырыңды танытсаң, бағындырмайтын белес жоқ. Оның үстіне біздің ауыл 4-деңгейлі бюджетке енген. Соның арқасында ауызсу проблемасын шештік, былтыр тозығы жеткен 1,5 шақырымдық ішкі жолға жөндеу жұмысын жүргіздік.
Әкімдер сайлауына келсек, әр ауыл өз көшбасшысын таңдау арқылы мемлекетке деген сенімін арттырады деп ойлаймын. Мен әділ саяси жүйенің салтанат құрғанын қолдаймын, – дейді Бұқар жырау ауданы «Центральное» ауылдық округінің әкімі Самат Мейірманов.
Бәрі жалақыдан басталады. Өйткені нарықтық кезеңде қаржы адамдардың күнкөріс тетігіне айналды. К.Маркс айтқан капитализмнің алғышарты осыдан басталады. Жоғарыда ауылдағы әкімдік лауазымында жылдап отырғандардың еңбекақысы 500 мың теңге болса, осы лауазымға келгеніне бір жыл болғандар 350 мың теңге жалақы алып отыр. Сондықтан қазіргі таңда ел арасында әкім болуға дәмеленгендердің қатары артқанға ұқсайды.
– Рас, ауыл әкімінің жалақы мөлшерін білген кейбір пысықайлар қолдарын ысқылап жүр. Сайлау жақындаған сайын тамыр-таныстарын салып, додаға түсуге бел шешіп кірісіп кеткендер де жоқ емес. Тіпті маған да шығып, қол ұшымды созуды сұрап жатыр. Ілгеріде мен бірнеше жыл Қарқаралы, Ақтоғай, Нұра аудандарын басқарған едім. Сірә, ескі тамырлары қалған шығар деп ойласа керек. Қалтасын қампайтып, қанжығасын майлау үшін келуді жоспарлағандар елді құрдымға кетіреді. Есте ұстарлығы, ауыл әкімдерін сайлау барысында аудандағы бірінші басшының әділдігі де сынға түседі. Барлығымызға аян, мемлекет аудан әкімдеріне де үміткер шығаруға рұқсат беріп отыр. Егер аудан әкімі ұсынған азамат жеңіске жетіп, кейін үмітті ақтамаса, онда халық пен аудан әкімі арасында текетірес орын алады. Ол заңды. Бірақ түптің түбінде жұрт бәрібір қалаған қаhарманын таққа отырғызады. Сондықтан жалақысы жоғары әкім ауылын алға сүйрейтін қабілетке ие тұлға болуы керек, – дейді ауыл шаруашылығы саласының үздігі, тәжірибесі мол қарт әкім Ниқан Омарханов.
Біз әңгімеге тартқан ауыл әкімдерінің біразы «қолға алған істі орындауда күрделі проблемалар жоқ» дейді. Сөйте тұра, ауылда әлі күнге дейін жұмыссыздық түбімен жойылмай отыр, инженерлік инфрақұрылым ескірген, ауыр еңбекке төленетін ақы төмен. Осынау қиындықтар қырдағы жұртты титықтатқалы қашан. Бір жерде нарық талабына сай ойлайтын мықты менеджер әкімдер жетіспейді, ал қайсыбір елді мекендерде қабілетті көшбасшы болғанымен, елдің мұң-мұқтажын жеткізуге батылы жетпей жатады. Көбіне-көп жұмысқа кедергі келтіретін қиындықтардың шешілмеуі – оларды жоғарыдағылардың назарына жеткізе алмай жататын осындай жалтақтықтың салдары.
– Менің білуімше, бүгінде ауыл әкімдерінің құзырында бірде-бір ауылшаруашылық техникасы жоқ. Сондықтан әкімдер қыста ауылдың қарын аршып, күл-қоқысын шығаруға, көктемде су тасқынына қамдануға шаруа қожалықтарының көмегіне жүгініп, солардың техникасын пайдаланады. «Кісідегінің кілті – аспанда» екені айтпаса да түсінікті. Ауыл әкімін сол жердегі кәсіпкерге, шаруашылық иесіне кіріптар етуден арылтатын уақыт жетті. Осындай жоқшылық әкімдердің қадірін кетіріп тұр. Басым көпшілігі моральдық тұрғыдан қиналса да, жалақысы үшін шыдас білдіретіні жасырын емес. Аталған тауқыметтен шығудың тетігі – ауыл әкімдігі жанынан ауылшаруашылық жұмысына арналған, кем дегенде 3-4 дана техникасы бар коммуналдық мекеме ашу. Осындай қызметті қажет ететін жеке тұлғалар мен жекеменшік субъектілерге сол техниканы жалға берсе, қосымша қаржы түседі. Ең дұрысы, жиналған қаражатты ауыл бюджетіне құйып отырса, көп нәрсенің кем-кетігін түгендеуге болады, – дейді Ниқан Омарханов.
«Қазақ тұтыну одағы» Қарағанды экономикалық университеті Экономикалық теория, мемлекеттік және жергілікті басқару кафедрасының профессоры, экономика ғылымының докторы Аяпберген Таукеновтің пайымдауынша, кейінгі буындағы ауыл әкімдеріне алаңдайтын негіз жоқ. Жергілікті жердің төл бюджеті қалыптасып жатыр. Оның сыртында, түрлі бағдарламаларға бөлінетін ақша да бар. Ел қазынасынан берілетін қаржылық көмекті мақсатты игеру әр әкімнің іскерлігі мен қабілетіне байланысты. Ауыл жетекшісінің өз өлкесіндегі өзекті мәселені қалай тоқайластыратынына келешекте жоғары сатыдағы билік пен министрлік килікпейді.
– Бұл өркениетке тән қадам. Заман талабы бізді де осы соқпаққа түсірді. Бұрынғыдай жоғарыдан тағайындаумен келген ауыл әкімдері халық алдындағы жауапкершілігін жіті сезінбеді әрі жеке бюджеті болмады. Осыдан соң жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі дамымай қалды. Бастысы, халық енді өздеріне шынайы жаны ашитын үміткерді дұрыс таңдауы керек. Олай болмаған жағдайда мұқым ауыл зардап шегеді, – дейді Аяпберген Алданайұлы.
Сайып келгенде, мемлекет ауыл әкімдерін сайлауға дайын ба? Саяси жаңғыруға бастайтын тұңғыш тәжірибені іске асыру бастамасы мемлекеттік жүйені дағдарысқа соқтырмай ма? Осыған орай, заң ғылымының кандидаты Болат Сыздықов ілгеріде журналистерге төмендегідей уәж айтқан еді:
– Саяси науқанды бастауға қоғам дайын. Әкімдер институты аяқтан тұрды. Мемлекеттік қызметкерлердің білімін көтеру, тәрбиелеу жүйесі дамудың белгілі бір деңгейіне жетті деуге негіз бар. Демек, заңнама да, тәжірибе де толысты. Жағдайлары да шешілді. Түптеп келгенде, бүгін ауыл шаруақор әкімді күтіп тұр. Ауылсыз – қала жоқ. Бұл – классикалық аксиома. Халықтың жағдайын жасаудың жасампаз тәсілін тапқан тарлан тұлға қаланы қатар асырап, қалың қарашаны қарық қылары хақ.