Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:27, 13 Қазан 2020

Жалға алған жерді неге сатып жатырмыз?

None
None

2016 жылдың 1 шілдесінен бастап, Қазақстан азаматтарына 500 га жерді  жалға беру туралы шешім өзектілігін тапқан еді.

2014 жылы Жер кодексіне енгізілген заң  бойынша шетелдіктерге 10-25 жылға дейін, еліміздің шаруаларына 49 жылға дейін жерді уақытша үлестіру ұйғарылған. Халықтың қорасы малға, қырманы астыққа толсын деген ниет пе, әлде мемлекет бюджетінің сандығын көкқағазбен көмкеру үшін бе, әйтеуір қараусыз жатқан жер мұңының мәселесі осылайша, шешімін тапқан болатын. Тәуелсіздіктің туын көтергелі 25 жылдан соң қалауын тапқан қарекет бүгінге дейін іске асырылып келеді. Алайда бұл шешім де шикілік шеңберін аттап өте алмады.

Заңгер Сымбат Абдірәсілқызы мемлекеттен игеруге жер алу үшін не істеу керектігін айтады:

– Алдымен, жалға алушы азамат бизнес-жоспар әзірлеу керек. Сосын барып, сіздің сұранысыңыздың мемлекетке пайдасы бар екендігін көрсетуіңіз керек. Және мақсатыңызды анық баяндауға тиіссіз. Мысалы, фазенда ашасыз ба, бау-бақша егесіз бе, бәрін толық жазуыңыз міндетті. Содан кейін барып, мемлекет сізге жерді 49 жылға немесе 60 жылға беретіндігі айқындалады.

Жер кімге жалға беріліп жатыр?

Ұшса, құс қанаты талатын қазақ жерін шенділер алғаш рет халық игілігіне түгендей бастағанда жұрт жыртығы жамалғандай қуанған еді. Егін егіп, мал өсірем деген азаматтар үшін ауыл шаруашылығына жарамды 100 млн га жер бөлінген. Алайда үлестіруден ұтылып жатқан билік халық наразылығына тағы да тап болып отыр.

      Мұқтаждардың мұңын емес, мәртебелілердің мансабын түгендегендер жерді көлденең көк аттыға үлестіріп қойған. Халық бизнес-жоспар жазып, бас қатырып жүргенде шенділер оңды-солды таратылған жерді қайтару үшін сотқа арыз жазып әлек болған. Сөзімізге тұздық болсын, Нұр-Сұлтан қаласына қарасты ауданда «Нива 1» шаруа қожалығының басшысы Иван Адамович мал жаямын деген сұраныспен мемлекеттен 504 га жерді жалға алған. Тұрғынның меншігінде мал басы жоқ болғандықтан, жер телімдері бірнеше жыл бойы игерусіз бос жатқан. Жерді үлестіру кезінде мұқияттық танытпаған мәртебелілер мемлекетке жер телімдерін қайтару үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

      Шенеуніктер ерекше атап өтпеген тағы бір тың ақпарат – мемлекет құзырындағы жерді жалға алған азамат уақытша меншігін  баласына мұра ретінде қалдыра алады. Құлақ естіп, көз көргеніміз бойынша жекеменшікке өткен жер ғана мұрагерлікпен берілуі тиіс еді. Алайда Жер кодексіне сәйкес, қазақстандықтардың жалға алған жерлерін ұрпақтары ары қарай игеруіне рұқсат етілген. Егер әкесі жерді игруге қауқары келмей жатса, өз еркімен меншігіндегі уақытша жерді ұлына, немересіне беруге құқылы.

Осы ретте Алматы облысы Сарқан ауданының «Құрметті азаматы» Мырзахан Қабасов жерді игеруге шамасы келмесе, мемлекетке тапсыру керек дейді:

– Мемлекеттен жер телімін 49 жылға жалға алғандар ауылдан қалаға көшкенде, жерді сатып кетеді.  Сосын суб-аренда ретінде деп жазғызып, сол жерде егін егіп, мал баққан адамнан пайыздық үлесін алып отырады. Бұл заңға сәйкес келеді ме? Ауылдан көшкеннен кейін жалға алған жер телімдерін мемлекетке тапсырып кету керек қой. Ол жерді сатып алған жоқ, 49 жылға жалға алды. Кезекте тұрған адамдарға да жер телімдері бұйыру керек емес пе? Кім болса да, өз кезегімен жерді игеріп пайдаланғысы келеді.

      Заңгер Марғұлан Шыныбаев жалға алынған жерді жекеменшік ретінде сату заңға қайшы екенін айтады:

      – |ФФФЖерді жалға алған адам қандай жағдайда да жерді сатуға құқылы емес.  Мысалы, жерді уақытша игеруге алған шаруа қожалығы жерді кепілдікке қойып, белгілі бір компаниядан несие алды делік. Егер сол қарызын қайтара алмаған кезде, компания жерді тартып ала алады. Басқаша жерді өзгенің иеленуіне болмайды. Жерді игере алмаған адам міндетті түрде мемлекетке меншігін тапсыруы керек. 

      Жалдамалы жердің құны қандай?

Жерді жалға беру ақысы екі түрмен реттеледі. Алғашқысы – қысқа уақытқа алынған жер. Уақытша иесі тек жер салығын төлесе болғаны, телімді емір-еркін игере алады. Екіншісі – ұзақ мерзімге жалға берілген уақытша меншік. Иеленген шаруа қожалығы жер салығымен бірге, жалдау ақысын төлеуі керек. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 480-бабы бойынша, төлемақы көлемі жер салығынан кем болмауы керек деп көрсетілген.

Мемлекеттік жерді қазақстандықтарға жалға беру туралы заңнама күшіне енген жылы 14 млрд 873 млн 59 мың теңге жер салығы төленген. Халықтың өз жерін өзіне үлестіру арқылы мемлекет пайдасына алғашқы жылы-ақ 2 млрд 405 млн 232 мың теңге құйылған. Сондықтан бюджеттің қоржынын қалыңдатып отырған халық сұранысына мемлекет жауапкершілікпен қарауға міндетті.

Тегтер: