Жалған ақпаратқа жаза қатал
Қазіргі кезде ақпарат өте жылдам таралады. Тіпті жылт еткен бір ақпараттың тұтас әлемге тарауына бірер минут жеткілікті.
Жылдам интернет желісі ақпарат алмасуды өте тездетіп жіберді. Мұндай технологиялық жетістік адамзат өмірін жеңілдетіп, тұрмыс өресін көтерді. Бұрын өте қиын сезілетін көп жұмыс қазір бір тетікті басумен шешіледі.
Бірақ заманауи техниканың теріс әсері де бар. Тиынның екі беті болатыны сияқты ғылыми жетістік те екі жүзді қанжардай қиындық туғызып отыр. Технологияны дұрыс бағытта қолданғандар пайдасын көріп, теріс жолға қолданғандар опық жеп жатыр.
Кейбір ниеті түзу емес адамдар әдейі жалған ақпарат таратып, адамдарды әуре-сарсаңға салатын жағдайлар да кездесіп тұрады. Кейбір жалған ақпараттың соңы ауыр салдарға ұласып, көп адам зардап шеккен оқиғалар да бар. Құқық қорғау органдары мұның алдын алу үшін үнемі түсіндіру жұмысын жүргізіп келеді.
Кейінгі кезде әлеуметтік желіде Қазақстанда «коронавирус қайта өршіп, ауруханаларда науқастарға орын жетпей жатыр, ауырған адамдар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды» деген жалған ақпарат тарады. Мұндай ақпарат бір қарағанда еш залалы жоқ сияқты көрінуі мүмкін, бірақ ол тұрғындар арасында дүрбелең туғызып, тыныштықты бұзуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі коронавирус тарағаны жайлы ақпаратқа түсініктеме беріп, оның жалған екенін хабарлады. Министрлік халықты ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырып, елдегі инфекциялық жағдай жіті бақылауда екенін мәлімдеді.
«Биыл жыл басталғалы бері республика бойынша 1356 адамнан COVID-19 анықталған. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8 есе аз. Алматыда да жағдай тұрақты. Қаланың жұқпалы аурулар ауруханаларында қазір төрт ересек науқас емделіп жатыр. Балалар арасында ауру тіркелген жоқ», – деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.
Кей адам мұндай ақпаратқа ешкім сенбейді деп ойлауы мүмкін. Бірақ интернет желісінде кездесетін әрбір сөзге сенетін аңғал отандастарымыз бар екенін естен шығармаған жөн. Тіпті кейде алыс шетелде болған оқиғаның фото немесе видеосын жариялап, Қазақстанда болды десе, соған көзсіз иланып, шу шығаратын адамдар болады. Сол үшін әрбір жалған ақпараттың алдын алып, сақтық шарасын жасау қажет.
ҚР ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, былтыр елде жалған ақпарат тарату фактілері бойынша 118 қылмыстық іс тіркелген. 21 қылмыстық іс бойынша күдіктілер анықталып, ұсталған. Сондай-ақ 11 адам түрлі қылмыстық жазаға тартылып, үкім шығарылды.
Ең өкініштісі, мұндай қылмыс жасаған адамдар арасында кәмелетке толмағандар саны артып келеді. Мысалы, 2022 жылы көпе-көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кәмелетке толмаған 12 жасөспірім ұсталған. Олардың үшеуі бас бостандығын шектеу жазасына тартылды. Ал 2023 жылы дәл осындай әрекеті үшін 11 жасөспірім жауапкершілікке тартылды.
ҚР әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы үшінші бөлігінде «Онлайн-платформаны пайдаланушылар қоғамдық тәртіптің, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүддесін не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүддесін бұзатын жалған ақпаратты орналастыру, тарату, егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса: жеке тұлғаға – жиырма, лауазымды адамға, шағын кәсіпкерлік субъектісіне, коммерциялық емес ұйымға – отыз, орта кәсіпкерлік субъектісіне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектісіне – жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады» деп жазылған.
Дәл осы баптың бесінші бөлігінде «Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген әрекетті инфлюэнсерлер (блогерлер) жасаса: жеке тұлғаға – отыз, лауазымды адамға, шағын кәсіпкерлік субъектісіне, коммерциялық емес ұйымға – қырық, орта кәсіпкерлік субъектісіне – сексен, ірі кәсіпкерлік субъектісіне – жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады» деп жазылған.
Өздеріңіз көріп отырғандай, жалған ақпарат таратқандарға жаза жеңіл емес. Оның үстіне мұндай әрекетті бір жылда қайталап жасағандарға екі есе ауыр жаза тағайындалады. Сол үшін әрбір азамат сауатты болып, жалған ақпарат таратпағаны және жалған ақпаратқа сенбегені жөн.
Қуан Өмірхан