Жалған ақпарат жарға жықпасын десек...
Дүниежүзі бойынша жылына 700 000мыңға жуық адам өз өмірін өлімге қияды екен. Мамандардың зерттеуі бойынша өзін өлімге қиятындардың жасы 15-29 аралығын құрап отыр.
Өз-өзіне қол жұмсаудың күрмеуін шешу денсаулық сақтау мамандарының бас қатыратын қиын мәселесі. Дегенмен суицидттің алдын алу үшін уақытылы профилактикалық жұмыстар үздіксіз жүргізіліп, мамандар түрлі іс-шаралар өткізіп келеді. Суицидке шалдыққан тұлғаларды барлық жағынан зерттеп, оған әр ұлт өзіне тән ұлттық нанымдарына, діни көзқарастарына қарай емдеудің түрлі тетіктерін тауып, нәтижелі жұмыс жасауда. Сондықтан еліміздегі балабақша, орта мектептердің барлығында психолог мамандары жұмысқа көптеп тартылған. Олар әр баланың мінез-құлқын, отбасындағы ахуалды терең зерттеп барып, әр баланың картасын әзірлеп, сол арқылы балаларды бақылауда ұстайды.
Психологиясы әлсіз адамдар арамызда бар екені анық. Өйткені әлемді әбігерге салған пандемия бар, жақын-алыс елдердегі саяси қақтығыстар, зілзала сияқты жайттар туралы жаңалықтарға қанып алған психикасы әлжуаз адамдарға ауыр соққы. Жалған ақпараттарды көріп, бойларын үрей билеп, психолог маманға жүгінетіндердің саны артқан. Сондай жағдайлардың алдын алу үшін елімізде былтыр қаңтар айынан бастап қос министрліктің нәтижелі жұмыстарының арқасында, нақтырақ айтсақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп, бірыңғай көмек беретін 1414 қоңырау желісіне қосымша жүктеме артып, ол орталық ішінен халыққа кеңес беретін өте білікті, тәжірибелі психолог маманның қызметін қосты. Желі арқылы көптеген сұрақтармен психолог маманға телефон соғып, кеңес алуға болады. Ашылған күндердің өзінде желіге 20 мыңға жуық адам хабарласып, психологтың көмегіне жүгінген.
Бірыңғай орталықтың ыстық желідегі кеңес беруші психологы В.Полякованың айтуынша, хабарласқандардың дені әлемде болып жатқан соғыс, зілзала болады-мыс деген сыңайдағы ақпаратты бойларына сіңіріп, жаңалықтарды теледидардан, түрлі ақпараттық желіден көргеннен кейін қорқатындарын, тіпті көшедегі айқай-шу, зорайтқыштардың дабылын ести қалса, бойларын үрей билейтінін айтып, кейбірі тіпті тұрмыстағы келеңсіз жағдайлары туралы, қаржылық қиындықтар, қарызға батып, күрмеуін шеше алмайтын болғандықтан, өмірін қиғысы келетінін айтып хабарласады екен. Мамандар хабарласқан азаматты тыныштандырып, оны райынан қайтарып, барлық жағдайдан шығуға болатынына көз жеткізіп, бойындағы үрейінің негізсіз екенін түсіндіріп, қолдан келген көмектерін береді.
Маманның айтуынша, психикалық күйзеліске ұшыраса біріншіден, өзін қоғамнан алыстатпай, көңілін көтеретін музыка, кітап оқу сынды нәрселермен жұбатып, ондай жайсыз кезде жалғыз қалмауын, жақындарынан оқшауланбай, кез келген уақытта 1414 нөміріне қоңырау шалып, психолог маманнан кеңес сұрап, іштегі мазасын алған түйткілді бүкпесіз айтуға кеңес береді. Тағы айтатын жайт телефон желісі тәулік бойы, яғни 24/7 жұмыс істейді.