Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:19, 08 Қараша 2022

Жалған атақ жарға жығады

None
None

Бақытбек Смағұлдың «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін»

медалін алғаны рас па?

Қазір қоғамда өтіріктердің үлкен-кішісі де пайда болған. Бұрынғы өтіріктердің арасында қоғамға зиянсызы, салмақсызы көптеу болушы еді. Қазір зияндысының саны басымдау. Мысалы, фейзбукте Серік Әбдібеков деген автор Ауған соғысының ардагері, мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлға қатысты даулы мәселе көтеріпті. Нақтырақ айтқанда, Смағұлдың атан түйе көтере алмас зіл-батпан өтіріктері туралы жазған.

Әбдібековтың сөзіне сенсек, бірнеше жыл бұрын Ауған соғысының ардагерлері Бақытбек Смағұлдың омырауынан «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін» медалін байқайды. Бұл екі марапат анау-мынау адамға берілмейтін дүние екені баршаға аян. Ал майдандастары Бақытбектің хас батырға, нағыз ерлікке берілетін наградаларды алғаны туралы мүлдем естімеген екен. Тіпті бәрі аң-таң болыпты.   

Жасыратыны жоқ, Бақытбек Смағұлды депутаттық мандатқа жеткізген «еңбегі» – осы ордені мен төсбелгілері. Жүрген жерінде, кездесулері мен сұхбаттарында әлгі «Қызыл Жұлдыз» бен «Ерлігі үшін» еңбектері қоса айтылып жүретін. Кейін Бақытбек батырымыз әлгі атақ-даңқтарының арқасында «Құрмет» пен «Айбынданып» шыға келсін. Серік Әбдібековтың жазуынша, Бақытбек Смағұл «Кескілескен шайқаста бір ротадан бір өзім аман қалдым. Мынау соған берілген наградаларым» деп мақтанатын көрінеді. Сонда орден, медель беретін мемлекеттік комиссия үміткердің өткенін, өмір тарихын, қырылып қалған рота туралы тексермеген бе?  

Автордың жазуынша, Смағұлдың «сойқандары» шыққан уақытта Ауған соғысының бір топ ардагері Ресейдің Подольск қаласында орналасқан əскери архивке сұрау салыпты. Содан не керек, бұлар қандай да бір Бақытбек Смағұл деген адамның ресми түрде «Қызыл жұлдыз» орденін жəне «Ерлігі үшін» медалін алмағаны туралы жауап хат алады. Сонда өзін Ауған соғысының батырымын дейтін Бақытбек ағай әлгі атақты наградаларды қайдан тағып жүр? Қызық! Әлде қарабазарларда орыс кемпірлер сатып тұратын жаймалардан тауып алды ма екен?

Автор келтірген суреттегі екінші хатта Бақытбек Смағұл мəжілістегі фракциясын басқаратын əріптестерінің алдында айыбын мойындаған көрінеді. Сөйтіп, наградаларды тағып жүруден жария түрде бас тартыпты. Шын батырға лайықты берілген марапат болса, ерлігі үшін адал жолмен берілген орден болса, ол не үшін әлгі төсбелгілерді тағып жүруден бас тартты? Демек, мұның арты шикі. Бақытбек Смағұлдың «Қызыл Жұлдыз», «Ерлігі үшін» медальдарды алғаны өтіріп болып тұр. Ресейден келген хатта депутатымыздың тегі Бөлебаев деп көрсетіліпті. Мұның да астарында бір сыр жатқан болуы бек, мүмкін? Ол енді уақыт еншісіндегі шаруа. Бақытбектің өткені мен өтіріктеріне қызығушылық танытқан журналистер болса, бұл да зерттелетін тақырып. 

Ауған соғысының бір топ ардагері Тоқаевтың атына Смағұлдың ерсі, əдепсіз қылықтарына байланысты хат жазғанын да қыстыра кетейік. Серік Әбдібеков: «Өзгенің наградасын тағып жүрудің моральдық жауапкершілігін айтпағанда, қылмыстық жазаның болуы керек еді» деп, қынжылысын білдіріпті. Әрине, екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінен бері жалғасып келе жатқан «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін» медалі – көзсіз батырлық пен ерен ерлікке берілетін марапаттар. Ал оны еңбегі сіңбеген адамның тағып жүруі, шынында ұят! Ұят қана емес, бұл қылмыс.

Тегтер: