Жалған ажырасу. Әлеуметтік көмек пе әлде әлеуметтік қақпан ба?

Бүгінде ажырасу бойынша әлем елдерінің арасында Қазақстан көш бастап тұр. Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, 2024 жылы әлемде ажырасу деңгейі ең жоғары 5 елдің бірі Қазақстан болды.
Деректерге сүйенсек, ажырасу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 2,3 адамды құрайды екен. 2023 жылғы Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 120,8 мың неке тіркелсе, оның 40,2 мыңы ажырасып кеткен. Тіпті кей жылдары Қазақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталған. Ең қызығы, осы ажырасқан отбасылардың басым көпшілігі қала тұрғындары екен. Пайыздық өлшеммен алғанда 73,1 пайызын қалада тұратын отбасылар құрайды. Бірақ бұл мәліметтерге де толық сенудің қажеті жоқ сияқты. Себебі қазір «жалған ажырасудың» өршіп тұрған заманы.
Бұрын шетел киноларынан жеке мүдде үшін «жалған отбасы» құратын жастарды көрсек, бүгінгі қоғамда одан да сорақы құбылыс пайда болды. Қазір өз мүддесін көксеген көптеген жұп «жалған ажырасуды» сәнге айналдырып алған. «Жалған некемен» салыстырғанда бұл термин біздің заңнамада «аса танымал» емес. Өйткені ерлі-зайыптылардың өтірік ажырасқандарын дәлелдеу де оңай емес. Түптеп келгенде, «жалған неке» де, «жалған ажырасу» да іс-әрекеттің табиғатына қарай алаяқтықпен тең. Мәселен, «Неке және отбасы туралы» заңда «жалған некеге», «отбасын құру ниетінсіз заңда белгіленген тәртіппен жасалған және ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін туғызбайтын неке» деген анықтама берілген. Ал еліміздің заңнамасында өтірік ажырасуға қатысты жауапкершілікті реттейтін жеке бап та, норма да жоқ. Хош. Әуелі «жалған ажырасудың» не екенін ұғып алайық. Саясаттанушы Айдос Әділхан бұл некені заңды түрде бұзу процесі дейді.
«Жалған ажырасудың ең әуелгі себептерінің бірі – әлеуметтік және экономикалық факторлар. Қоғамда түрлі әлеуметтік жеңілдіктерді алу, мемлекеттік көмекке қол жеткізу, немесе заңдық тұрғыда белгілі бір мүліктік, тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында ажырасу формальды түрде жүзеге асады. Мысалы, тұрғын үй кезегіне тұру үшін жалғызбасты ата-аналарға берілетін жеңілдіктер кей отбасыларды «ажырасып кеткен» болып көрінуге мәжбүрлейді. Бұл жерде отбасы сырттай заң жүзінде ажырасып кеткенімен, шын мәнінде бірге тұрып, қалыпты отбасылық өмірін жалғастыра береді. Мұндай құбылыс тек экономикалық тиімділікті көздеуден гөрі, сонымен бірге, қоғамдағы жүйелік қайшылықтардың көрінісі десек те болады. Егер әлеуметтік саясат отбасылық институтты қолдауды шынайы деңгейде жүзеге асырса, жалған ажырасуға мұқтаж болатындар саны да азаяр еді. Әдетте біз отбасыны тек ішкі қарым-қатынастарға, ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншілікке, өзара сыйластыққа негізделген шағын орта деп қабылдаймыз. Бірақ шын мәнінде отбасы – мемлекетпен, қоғаммен, құқықтық нормалармен тығыз тоғысқан құрылым. Әрбір әлеуметтік жоба, әрбір мемлекеттік бағдарлама азаматтардың отбасылық мәртебесіне қарай шартталады. Мәселен, «толық емес отбасы», «көпбалалы отбасы», «мүгедек баласы бар отбасы» секілді санаттар мемлекет тарапынан түрлі деңгейде жеңілдіктер мен көмектерге ие болады. Осындай жүйелік бөліністердің барлығы шын мәнінде адамдарды формальды мәртебеге тәуелді етіп қояды. Нәтижесінде қоғамда заңдық рәсімдер мен әлеуметтік шындық арасындағы алшақтық пайда болып, адамдар амалсыздан жасанды жолдарға, яғни жалған ажырасуға барады. Мысалы, тұрғын үй мәселесін алайық. Қазақстандағы немесе посткеңестік кеңістіктегі көптеген қалаларда баспанаға мұқтаж азаматтарға арналған мемлекеттік бағдарламаларда «толық емес отбасы» ұғымына ерекше мән беріледі. Бұл дегеніміз – егер әйел немесе ер адам заң жүзінде ажырасқан болса, жалғызбасты ата-ана мәртебесіне ие болып, тұрғын үй кезегіне жылдамырақ тұра алады. Мұндай жағдайда талай отбасы баспаналы болуды тездету үшін «жалған ажырасып» кетеді. Ал шын мәнінде олар бірге тұрады, балаларын бірлесе тәрбиелейді, тұрмыстық тіршілігін жалғастыра береді. Мұның сырттай қарағанда пайдасы бардай көрінгенімен, қоғамда сенімге селкеу түсіретіні рас. Заңды айналып өту тәжірибесі қалыптыға айналады, ал адамдардың құқықтық мәдениеті біртіндеп төмендейді. Оның үстіне жыл сайын мемлекет қомақты қаржы бөліп, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетеді. Бірақ бұл көмектің кімге берілетіні отбасының әлеуметтік мәртебесіне тікелей байланысты. Мәселен, табысы орташа, бірақ шығыны көп отбасылар кейде мұндай көмектен шет қалады. Олар ресми түрде ажырасып, жалғызбасты ата-аналарға тиесілі жәрдемақыны алу арқылы өмір сүру деңгейін сақтап қалуға тырысады. Бұл құбылыс қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті, бай мен кедейдің арасындағы алшақтықты тереңдете түседі. Өйткені шын мәнінде мұқтаж болған отбасылар ғана емес, заңды формальді түрде өзгертіп алғандар да көмекке қол жеткізеді. Бұл – әлеуметтік әділеттіліктің бұзылуы», – дейді маман.
Жалған ажырасу тек экономикалық есептің нәтижесі ғана емес, ол адамдардың мемлекетке деген сенім деңгейін де айқын көрсетеді. Егер азаматтар заңды айналып өтуді қалыпты жағдай ретінде қабылдаса, онда олар мемлекеттің әлеуметтік жүйесін әділ деп сенбейді деген сөз. Яғни жалған ажырасу мемлекет пен қоғам арасындағы сенім дағдарысының көрінісі болса керек. Жалған ажырасудың тағы бір салдары – қоғамдағы моральдық құндылықтардың өзгеруі. Ал бүгінгі қоғамда ажырасу тіпті «жасанды» болса да, қалыпты құбылысқа айналып барады. Осы екіұштылық ұрпақ тәрбиесінде де, қоғамдағы сенім жүйесінде де күрделі мәселелерге әкеліп соғары анық.
С.Бақберген