Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:56, 13 Тамыз 2021

Жалған дерекпен жұртты алдауға бола ма?

None
None

      Қазақстанда статистика комитеті деген бар. Алты айда, кейде екі, бір айда халықтың өмір сүру деңгейін таразыға салып, екшеп отырады.

Алайда аталған комитеттің қорытынды есебінің барлығы да шынайы деп айтуға бола ма?

       Бір ғана мысал, осыдан үш-төрт күн бұрын комитет «халықтың тұрмыс сапасы» бойынша ел арасында сауалнама жүргізген. Сауал: «Қазіргі жағдайда халық өзінің өмір сүру деңгейіне қанағаттана ма?» Жауап қорытындысы көрсеткендей, сауалнамаға қатысқан халықтың 61,3 пайызы

өміріне қанағаттанатынын атап айтқан. Бұл ретте қалаға (56,1 пайыз) қарағанда ауылдық жерде өз тұрмысына риза болатындардың үлесі  көбірек (70,7 пайыз) болып шыққан. Бұл ретте комитет мамандары «үй шаруашылығына байланысты халықтың тұрмыс сапасы айтарлықтай төмендеген жоқ» деген қорытынды шығарады. Атап өтсек, 2020 жылы өз өміріне қанағаттанатындардың үлесі 63,5 пайыз болып шыққан. Бірақ бұл дерекке сенгің келмейді. Соңғы бір жарым жылдан бері әлемді, оның ішінде елімізді пандемия жайлағаны белгілі. Соған қарамастан, халықтың денсаулығы жақсарған көрінеді. Өткен жылғы зерттеудің қорытындыларымен салыстырғанда респонденттердің өз денсаулығына қанағаттануы бар-жоғы 1,4 пайызға ғана төмендеген. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 50,1 пайыз шамасында болған көрінеді. Демек, бәрібір халықтың қалған 50 пайызының бұл есепке күмәні бар деген сауалдың тағы да қылаң беретіні ақиқат. 

      Өткен жылдың шілде айында елімізде індет көбейіп, шарықтау шегіне жеткені белгілі. Мұндай жағдайда халықтың медицина қызметіне көңілі тола ма? Бұл орайда, статистика комитеті жедел медициналық көмек көрсету орталықтарының көрсететін қызмет сапасына сауалнамаға қатысқандардың  50,9 пайызы қанағаттанарлық тұрғыда жауап берген. Бұл сене аларлық жағдай емес. Шын мәнінде биылға қарағанда өткен жылы медицина саласына халықтың көңілі тола қойған жоқ. Дәрі-дәрмек тапшы болды, қымбаттады, бағасы шарықтады. Дәріханалар алыпсатарлыққа көшті. Ал осы салаға жауапты «Фармация» кәсіпорнының басшысы Б.Шәріп осыдан екі-үш күн бұрын кінәсіз болып ақталып шықты. Демек, халыққа көз алдау болатын мұндай жүйе, мұндай дерек пен сот шешімі кімге керек? Ел ақымақ емес қой. Қазіргі жағдайдың бәрін көзбен көріп отыр.

       Статистика комитеті зерттеп көрсеткен мына бір дерекке қана сенуге болатын шығар. Сауалға жауап бергендердің  жартысынан астамы (60,5 пайызы) ең алдымен туыстары мен таныстарының моральдық қолдауына арқа сүйейтінін атап айтқан. Бұл ретте ерлер мен әйелдер моральдық қолдау тұрғысынан бірдей пікірде болған (тиісінше 60,9 және 60,1 пайыз). Әрине, қазақ қиын-қыстау кезеңде ағайын-туыс, бауырына қашанда қамқорлық танытып, қолдау көрсетіп келген. Оны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ...

          Соңғы бір айда қырыққабат – 12,6, қызылша – 9,1, пияз – 8,2, күнбағыс майы – 4,2, құс еті – 3, қарақұмық жармасы – 2,6, жылқы еті – 2,5, қой еті – 2,4, сиыр еті – 2,2, шай – 2, жұмыртқа – 1,3, құмшекер – 1, ұн – 0,9, темекі өнімдері – 4,1, минералды және ас су – 1,2, салқындатылған сусындар 0,7 пайызға қымбаттады. Мұндай жағдай қазір көзге көпе-көрінеу  көрініп отырған шақта «халықтың 61,3 пайызы өз өміріне қанағаттанады» деп қорытынды шығару мүлде күлкілі және ұят емес пе?

       Баға өссе, бұқараның көңілі көтерілмейді. Қоғамда халықтың өмір сүру сапасын зерттеген мамандар ең алдымен осыны ойласа нетті? Деректің де сенімдісі, нанымсызы болады. Сондықтан әсіресе «індет жайлаған соңғы бір жарым жылда ауылдағы халықтың өмір сүру сапасы жоғарылады» деп айту тіпті күлкілі.

       Жалпы, біздің биліктің дерегіне қарасақ, халықтың жағдайы өте жақсы. Статистика мамандары «2021 жылдың екінші тоқсанында бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 251 545 теңгені құрады. Ең төменгі атаулы жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығының қызметкерлеріне тиесілі. Олардың айлығы  – 145,6 мың теңге» деп көрсетеді. Шын мәнінде ауылда кез келген тұрғынның ең төменгі жалақысы 145,6 мың болса, онда еліміз баяғыда-ақ әлемнің дамыған 30 елінің қатарына еніп кеткен болды ғой. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам». Орташа жалақы – бұл қитұрқылық есеп. Шынайылық жоқ. Жалған дерекпен жұртты алдауға болмайды.

Тегтер: