Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:06

«Жалған стоматология» ісі бойынша ҚМА үш күдіктіні іздеп жатыр

Дүйсенов
Фото: HALYQSTAN телеграм арнасы

Қаржы мониторинг агенттігі  «жалған стоматология» ісі бойынша үш адамға халықаралық іздеу жариялады.

Тергеу деректеріне сәйкес, Атырау мен Ақтауда тіркелген жеті жалған стоматологиялық клиника арқылы зейнетақы қорының ондаған миллиард теңгесі шығарылған.

Іздеуде жүргендер: Ғаббас Имамбаяев, Есімхан Елешев және Аслан Дүйсенов. Егер алғашқы екеуі туралы тек туған күні ғана белгілі болса, үшінші есім – Атырау жұртшылығына бұрыннан таныс.

Полициядан түрмеге, одан – бизнеске

Аслан Дүйсеновтің аты алғаш рет 2015 жылы аталған. Ол кезде ол Атырау облыстық ІІД-нің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының (УБОП) сержанты болатын. Сол жазда 23 жастағы Антон Марковты ол және оның бастығы, аға лейтенант Дощанов ұстап, тергеуге алған.

Куәгерлердің айтуынша, есірткіге тәуелді ретінде есепте тұрған Марковқа қысым көрсетілген, соның ішінде физикалық күш қолданылып, «полицияға көмектесуге» мәжбүрлеу әрекеттері болған. Кейін адвокаттар Марковтан 400 мың теңге талап етілгенін мәлімдеді.

Бірнеше күннен соң Антон Марков қала орталығында  бағанаға асылған күйінде табылды.

2016 жылы сот Дүйсенов пен Дощановты «адамды өзін-өзі өлтіруге жеткізу» және «қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» баптары бойынша кінәлі деп тапты. Дүйсенов 5 жылға, бастығы 6 жылға сотталды. Екеуі де шендерінен айырылып, өмір бойына мемлекеттік қызметтен шеттетілді.

Алайда Дүйсенов түрмеде толық жазасын өтеген жоқ, шамамен екі жыл отырған соң, 2018 жылы оның есімі қайтадан бизнесте пайда болды. Ол алғашында «SMILE 2024» ЖШС-нің құрылтайшысы, кейіннен «Smile Hub Atyrau» компаниясының директоры атанды.

«Стоматологтан» – қаржылық қылмысқа дейін

Қазір 33 жастағы Аслан Дүйсенов жалған стоматология ісінің басты фигуранттарының бірі ретінде іздеуде жүр. Бұл жолы мәселе бір адамның қазасы емес, зейнетақы қорынан шығарылған 46 миллиард теңге жайлы болып отыр.