Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:12, 29 Мамыр 2021

Жалған жарнаманы насихаттағандарға жауапкершілік неге жоқ?

None
None

Ілгеріде  жұрт  сөзі сұйықтау, жылпос адамдарды «әй, дәу де болса, алаяқсың-ау», деп шамалап отыратын.

Ал қазір аңқауларды  тапа тал түсте алдап, ауыздарын теріс қаратып кететіндерді   түстеп тану құм ішінен алтын іздегенмен пара-пар, машақаты көп  шаруа болып қалды. Қысқасы, мына заман  қу дүние үшін әкесі  баласын, қызы анасын,   бір ананың шаранасынан шығып тұрып,  туған бауырын  қанқақсатып алдап кететін  алаяқтардың асығын алшысынан түсіріп тұр.  Ортасын қанша жерден мұрын шіркін  бөліп тұр деп, өз-өзіңді жұбатқаныңмен, бір көзің бір көзіңе жау болған уақыт… Алаяқтықтың тамырын тереңге  жайып кеткені соншалықты – оны  қолына Құран ұстап,  ант етіп қарғанатын  адамның сәттік көз алдайтын иманына қарап  отырып та   ажырату мүмкін болмай қалды.

       Алаяқ кейпіндегі пенденің   басына қоқырайтып бөрік киіп, қылғындыра галстук байлаған  зиялы қауымның өкілі  немесе  өнеріне  жұрт құдайдай табынып,  құлап жататын өнер адамы да    болуы мүмкін. Сол   өзгелердің тапқан-таянғанын жамбастарына басып, әп-сәтте ғайып болатындардың   ішінде әлі  ар-ұяты өліп бітпегендері болмаса, басым көпшілігі  обал-сауапты аттап өтіп, өзгелерге қиянат жасағанын  мойындай бермейді, «адалмын», «ақпын»,  деп  ант-су ішіп, қарғанып отырып алады.   Соңғы жылдары мұндай санаттағы қылмыстардың   шапшаң өсіп, көбейіп кеткеніне байланысты   заң шығарушы орган да   алаяқтарға тағайындалатын жаза түрлерін барынша қатайтты. Ұрлық-қарлықты айтпаған күннің өзінде, қазіргі   Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» деп аталатын  190-бабындағы  жазалар  екі жылдан басталып,   бес жыл мен он жыл аралығындағы  бас бостандығынан айыру мерзімдерін  қарастырады. Алайда онымен  алдап, арбау қылмысының айыл жиятын түрі көрінбейді.

         Өмірдің ағымы солай болып кетті ме, әлде тәртіпті босаңсытып алдық па, кез келген саланың бетін бүркеген пердесін  сыпырып қалсаң, ар жағынан   алаяқтықтың құлағы қылтиып көрініп тұрады. Біздің бір  есімізде қалғаны  Қазақстандағы  алаяқтық қылмысының алғашқы өмірбаяны  «үй салып береміз» деп, үлескерлердің  ақшасын алдап  алып, шетелдерге қашып кеткен  құрылыс компаниялары басшыларынан басталған тәрізді. Қайбір жылы  Алматы облысы Қарасай ауданының аумағынан  жер телімін алып,  «қатырып  үй салып   береміз» деп,  баспасөзге  бас айналдыратын  жайлы пәтерлердің суретін салып, қызықтырып,  жарнама берген  компания елдің жиған-терген    қаражатын қалталарына басып алғаннан кейін  «ауыздарыңа маңғыт» деп   тайып отырған. Олардың қолдарында   мөрлері мен кеңселері, тіпті, әділет органдарында  тіркелгенін айғақтайтын  құжаттары да болған.      Қалай сенбейсің…  Қызығы, дәл тұмсықтарының астындағы  көрікті жерлердің ағаштарын отап,   ен даланың шаңын аспанға шығарған құрылыс компаниясының  жұмысын   бақылаушы органдардың «байқамай қалыппыз» деген өтірігіне  қалай сенесің… Ақыры,  алаяқтарға ақшаларын өз қолымен санап бергендер зар еңіреп қалды.  Шетел асып кеткендерді қайдан табасың?! «Қап, әттеген-ай, ақшаға  ықтият   болу керек еді,  қалай алданып қалып жүрсіңдер»  деп,  құзырлы органдардың басшылары  өтірік өкінген болған. 

          Қазіргі өмір тәжірибесіне  сүйенсең, алаяқтықпен кез келген адам айналыса алмайды. Ол  топ болып  ұйымдасып, атқаратын  қызметтерін алдын ала саралап, өзара бөлісіп алуымен  жоспарлы түрде жүзеге асырылатын    әрекет. Жаныңа бататыны – соңғы кездері  бұл «кесел» сүйікті әншілерге де жұға бастады. Тісқаққан алаяқтар  жұртты айрандай ұйытып,  иландыратын ескі   айла-тәсілдерінің күні өткенін біліп, енді  қулық-сұмдыққа  өнер адамдарын тартып,   пайдалана бастады.  Нәтижесі жаман емес.   Ел-жұртты ақша тігіп,  лотерея ойындарына қатысуға  үгіттеп, жарнамалаған  Ақбота Керімбекова, Бүркіт пен Айша, Роза Әлқожа, Ернар Айдар  сияқты жамандыққа қимайтын  әншілердің  осы   оқиғалардан  кейін жылдар бойына қасықтап жинаған абыройлары айрандай төгіліп қалды. Жиған-тергенінен заматында айырылып қалған  қарапайым адамдарға  жоғарыдағы әншілерді  соттың шешімі шықпай жатып  кінәлап, қара есекке теріс мінгізудің   күнә екенін   түсіндіру қиын.  Бір есептен жұртты да  түсінуге болады, олар  әншілердің насихаты мен уағыздарына   сеніп  қалғандарын  айтады. Өнер адамдары  кінәларын мойындап,  барынан айырылып қалған  халыққа жұбату айтудың орнына өздерінің де  алаяқтарға  алданып  қалғандарын айтып ақталады.

        Анығында, олар кінәсіз бе? Егер Қылмыстық кодекстің «Қылмыстық құқық бұзушылыққа  сыбайлас қатысушылардың түрлері» деп аталатын 28-бабының талаптарына сүйенсек,  жарнама жүргізген  әншілердің әрекеттері 2-бөліктегі «Қылмыстық құқық бұзушылықты  тікелей жасаған не оны жасауға  басқа адамдармен (бірге орындаушылармен) бірлесіп, тікелей қатысқан адам, сондай-ақ жасына, есінің дұрыс еместігіне  немесе осы кодексте көзделген басқа да мән-жайларға байланысты  қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын   басқа адамдарды пайдалану арқылы, сол сияқты  іс-әрекетті абайсызда жасаған адамдарды пайдалану  арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады» деген анықтама жақындау тұр. Халықтың ақшасын алдап алғандардың үстінен қылмыстық іс қозғайтын  тергеу органдары, сөз жоқ, олардың әрекетіне, ең алдымен,  ұйымдасқан қылмыстың сипатын беріп, әрі қарай Қылмыстық кодекстің  «Алаяқтық» деп аталатын 190-бабымен дәрежелеуі мүмкін.  Ал жарнама жасап, жұртты сендіргендер «өзіміз де алданып қалдық» деп ақталады.

        Сонымен, былтырғы  айқайдың соңы не болды?  Кейбір мамандар сиырқұйымшақтанып кеткен істің соңы  құмға сіңген судай болып кете ме деп  қауіптенеді. Расында да,   заңдарымызда  жарнама берушілерді  шетінен  қозыдай көгендеп, жауапқа тарта салатын тетіктер жоқтың қасы.   Қолданыстағы  «Жарнама туралы»  заңында да  бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарнама жасап, жұртты адастырған  адамдарды тікелей  жауапқа тартатындай  тетіктер   көрсетілмеген.  Мәселен,  «Жарнама туралы» заңының  «Жарнама туралы заңдарды бұзғаны үшін жауаптылық» деп аталатын 19-бабының 2-бөлігі «Жарнама беруші жарнама туралы заңдарды бұзғаны үшін  егер ол жарнама жасаушының және жарнама таратушының  кінәсінен болғаны  дәлелденбесе, оның мазмұнына қатысты  жауаптылық көтереді» деп тұжырым жасайды. Жаңылтпаш  анықтаманың мазмұнына  заң шығарушы орган түсінбесе, біз түсінбедік.  Әлде аудармашы қателесті ме екен?! Бір ұққанымыз – заңда жарнаманы  жүргізген адамның  топ болып қылмыс жасаған адамның құрамына  қосақтап қоса салатындай    жауапкершіліктің жоқтығы.  Ол  жөнінде   «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңында да нақты еш нәрсе жазылмаған.  Тек заңда жөнсіз жарнама түрлеріне анықтама беріліп, олар заңсыз жарнамаланған  жағдайда  бұқаралық ақпарат құралдарының теріске шығаруға міндетті екені  көрсетілген.

        Рас, еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің  455-бабының  3,4 бөліктерінде жарнама беру тәртібін бұзғандарға жауапкершіліктер қарастырылған.  Алайда  онда да жалған жарнама жасап, жұртты адастырғандарды жауапқа тартатындай негіздер  көрсетілмеген.   Заңда  бар болғаны  жарнама берудегі  бұқаралық ақпарат құралдарының  жауапкершілігі ғана көзделген. Заңның осы тұжырымы рас болса, онда  жарнама жасаушылардың  қылмысынан оны насихаттаған   бұқаралық ақпарат құралдары неге тыс қалып  кеткен деген ой келеді. Бір сөзбен айтқанда,  заңнамаларымызда  жалған жарнама  жасаушылардың нақты  қандай жағдайда  жазаға тартылатыны туралы тұжырым    жоқ. Сол себептен де олардың әрекеттері  көбінесе Қылмыстық кодекстің 190-бабымен дәрежеленеді. Ал жарнаманы  түрлі тәсілдермен  насихаттайтын  телеарналар мен  басылымдар  «оның  мазмұнына жарнама беруші жауапты деген сілтемемен құтылып кетеді.  Ал  оның залал-зардабын,   айналып келгенде, қарапайым адамдар тартады. Біздің ойымызша, жарнама беретін  мекеме  оның дұрыстығын заң жүзінде дәлелдейтін  (тұрғын үй салатындар бастапқы капиталының мөлшерін) тағы да басқа құжаттарын  бұқаралық ақпарат құралдары мен телеарналарға  қоса жариялауы қажет.

       Заңға да  бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде   жалған жарнаманы насихаттайтын адамдарды жауапқа тартатындай баптарды енгізсек, алаяқтық  қылмысы  азаяр ма екен деп үміттенеміз.   Таяуда  әлеуметтік  желіде  жүлдеге  көліктер мен пәтерлер, тағы да басқа құнды сыйлықтар тіккен ұтыс лотереясы тағы да ойнатылды.  Әдетте,  болары болып, бояуы сіңгеннен кейін ғана  аттандап, атқа қонатын  құзырлы органдар,  әзірге, үнсіз. Олар   алаяқтар мен аңқаулардың арасындағы   ойын  қай жақтың пайдасына шешілер екен деп,  сырттай тамашалап отырған тәрізді...

Тегтер: