Жалғыз автопортрет
(Әбдіғани Ташбаевтың шығармашылығы туралы)
Әбдіғани Ташбаевтуралы біз оның өнер музейінде сақталған жалғыз автопортреті арқылы ғана білеміз. Академиялық дәлдік және нәзік шеберлікпен орындалған бұл портретке қараған сайын, өмірі ерте үзілген дарынға еріксіз қайран қаласың. Ташбаевтың тұлғасы тұрған жұмбақ. Өзбек жерінде дүниеге келіп, қазақ мәдениет кеңістігінде суретші ретінде қалыптасып, қырғыз топырағын басып, ақыры майдан даласында небәрі 26 жасында көз жұмды. Егер ол соғыстан оралғанда, оның есімі бүгінде өз буынының ірі шеберлерімен қатар тұруы мүмкін ба еді, бәлкім... Бірақ бізде бары – тек жалғыз ғана автопортрет...
Әбдіғани Ташбаев 1915 жылы Өзбек КСР-інің Төменгі Шыршық ауданындағы Ташаул ауылында қазақ отбасында дүниеге келді. Әкесі орман шаруашылығымен айналысып, революция жылдары қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан. 1918-1919 жылдары және одан кейінгі кезеңде де түрлі жауапты қызметтер атқарып, 1925-1926 жылдары Көкемақа (қазіргі әкімшілік бірлігі өзгерген болуы мүмкін) өңірінде прокурор болып жұмыс істеген.
Ә.Ташбаевтың балалық шағы дәл тарихи бетбұрыс кезеңімен тұспа-тұс келді. Себебі 1922 жылы құрылған Кеңес Одағы қоғамды түбегейлі өзгертуге бағытталған идеология алаңына айналды. Мемлекет жекеменшіктен бас тартуды, теңдік идеясын, жаңа «еңбек адамы» бейнесін қалыптастыруды басты құндылық ретінде жариялады. 1920-1930 жылдардағы алғашқы бесжылдықтар, индустрияландыру курсы және социалистік құрылыс елдің әлеуметтік-экономикалық құрылымын түбірімен өзгертті. Сталин бастаған большевистік билік қысқа мерзім ішінде мемлекеттің өнеркәсіптік қуатын күшейтуді мақсат етті. Бұл өзгерістер тек экономикаға емес, мәдениет пен өнердегі жаңа кадр саясатына да ықпалын тигізді: жас таланттарды іздеп тауып, оларды кәсіби білімге тарту жүйесі қалыптаса бастады.
Суретшінің жастық шағы мен шығармашылық жолы туралы кесіп айту қиын, себебі ол туралы ақпарат ешбір ғылыми басылымдарда, топтық каталогтарда немесе мерзімді басылымдарда сақталмаған. Тіпті оның фотосы да жоқ. Бізде бары тек музей қорында сақталған, музей қызметкерлері жазып алған суретшінің автобиографиясындағы азды-көпті мәлімет. Оның алдағы ғұмырын осы автобиографиялық жазбаларға сүйене отырып тарқатып айтуға тырысайық. Өзі туралы ол: «1925-26 жылдары интернатта оқыдым, ал 1927 жылы Ташкенттегі жетіжылдық мектепті бітірдім. Сол жылы Ш.Д.М. (Школа дехканской молодежи) оқу орнына түсіп, оны 1930 жылы аяқтадым», – деп бастайды. Айта кетер жайт, мұндай мектептер сауатсыздықты жою және ауыл жастарын жалпы біліммен, сондай-ақ ауыл шаруашылығына қажетті қарапайым кәсіби біліммен қамтамасыз етуге арналған болатын. Негізінен бұл жерлерге кедей диқандардың (шаруалардың), батрақтардың (жалдамалы жұмысшылардың) және қолөнершілердің балалары қабылданды. Демек, оны бітіргеннен кейін Әбдіғани аудандық, облыстық партия, комсомол жұмыстарына немесе жоғары оқу орындарына (институттарға) баруға мүмкіндік алатын еді.
Биографиясын оқи отырып, біз оның оқып жүріп ауыр сынаққа тап болғанын байқаймыз. Себебі 1929 жылы оның әкесі үш бала мен анасын жалғыз қалдырып, отбасынан кетіп қалғандығы туралы айтады. Райсуд (аудандық сот) олардың иелігіне үй, бау-бақша және көлемі 1 гектар жер бөліп береді. Бұл туралы жазбасында «1930 жылдың көктемінен бастап осы жерді өзіміз өңдеп, мақта ектік, зауытпен келісімшарт жасадық» – деп, ары қарай: «1932-33 жылдары тұрмыс жағдайына байланысты жұмыс істеуге мәжбүр болдым. Сол кезден бастап көптен армандағаным – мұғалімдік қызметті атқардым», – дейді.
1920-шы жылдардан тартып Өзбекстанда бейнелеу өнерін оқыту дәстүрі дами бастайды. 1920-34 жылдар аралығында Ташкент, Самарқанд, Әндижан қалаларында өнер студиялары мен мектептер ашылып, жас буын суретшілерін оқытты. «Түркістан халық сурет мектебі» секілді оқу орындары 1919-1920 жылдары толыққанды жұмыс істей бастаған еді. Демек, сурет салуға бейімі бар жас Әбдіғани бұл жаңалықтардан тыс қалмағаны анық. Осындай көркемдік орта мен жаңа мүмкіндіктердің ықпалымен ол білімге ұмтылып, 1934 жылы Ташкент көркемсурет училищесіне қабылданады. Сол жылдан бастап Әбдіғани шығармашылық ортаға белсенді араласып, Рабис (Кәсіби суретшілер одағы) ұйымының мүшесі болады. Көркем ортадағы қоғамдық жұмыстарға да қатысып, оқу орнында кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін атқарады. 1937 жылы оқуын аяқтап, кәсіби суретшілік жолын бастады. Бұдан кейінгі өмірі Алматыда жалғасады. «Соңғы оқу жылында туберкулезге шалдықтым да, санаторийге барып емделдім. Дипломдық жұмысымды аяқтап, санаторийден қайтқан соң өз қалауыма байланысты Алма-Атаға жол тарттым. Негізгісі осы... 06.02.1939 ж.», – дейді Ташбаев жазбасында.
1938 жылы Ташбаев Алматыға көшіп келіп, шығармашылық өмір мен ортаға етене араласып кетті. 1938-1939 жылдары Суретшілер одағының қолдауымен бірнеше жұмыстарын жазды және Қазақстандағы талантты жас суретші ретінде таныла бастады.
1939 жылы ол КСРО Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданды. Алайда 1939 жылдың соңына қарай ол Фрунзеге (қазіргі Бішкек) қоныстанады. Бұның нақты себебі архивтік деректерде көрсетілмеген, дегенмен денсаулық жағдайы немесе арнайы шақырту болуы мүмкін.
1940 жылдан бастап Әбдіғани Фрунзе қаласында өмір сүріп, ондағы суретшілер ортасымен араласа бастайды. Оның Қырғызстанда өткен көрмеге қатысып, «Тоқтағұлдың махаббаты» атты туындысын жазғаны белгілі (1940 ж., кенеп, майлы бояу, 102×45 см). Шығарма 1941 жылдың 19 ақпанында музей қорына қабылданғаны туралы дерек те жазып алыныпты (инв. №1187, шифр 117-ж). Бұл бізге жеткен оның соңғы еңбектерінің бірі болуы мүмкін. Осыдан кейін тарих парақтары күрт үзілгендей болады.
1941 жылы соғыс басталды. Орыс-неміс соғысы КСРО-дағы барлық шығармашылық жолды түбегейлі өзгертті. Өнер иелері де майданға шақырылып, талай талант соғыстан оралмады. Әбдіғани Ташбаев та майдан даласынан оралған жоқ. Соғыстың алғашқы жылдарында ақ қаза тапты.

Жалғыз автопортрет
«Суретшінің ең басты міндеті – бояуды, қарындаштың ізін, тіпті мәрмәр мен қоланы да жандандырып, тірі образға айналдыру…» – дейді өнертанушы Б. Барманқұлова. Ал егер бұл автопортрет болса ше? Онда суретші өзгені емес, ең алдымен өзін – өзінің болмысын, ішкі үнін, характерін тануға талпынып, соны суретке айналдырады. Яғни, «образ» сырттан емес, жан дүниенің ең терең қатпарларынан өрбиді. Автопортрет дегенде – суретшінің айнаға қарағандағы сыртқы бейнесін ғана емес, шығармашылық рефлексиясын, өз-өзіне бағытталған сұрағын, ішкі диалогын айтсақ жөн болар.
Осы тұста Ә.Ташбаевтың бүгінге жеткен жалғыз ғана автопортреті есімізге түседі. Ә.Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің қорында сақталған осы бір туынды – суретшінің тірі куәсі. Оның кім екенін, қандай болғанын, ең бастысы, өзін қалай көріп, қалай сезінгендігін дәлелдейтін жалғыз айғақ.
Автопортрет туралы нақты білетініміз, бұл туынды 1938 жылы кенепте майлы бояумен орындалған. Көлемі – 63×54 см. Жұмыс ҚазКСР Көркемсурет көрмелері және ескерткіштерді жобалау дирекциясынан Ұлттық өнер музейі қорына 1961 жылы қабылданған.
Ал енді суреттің тарихы емес, өзі бізге не айтатынын ойлап көрейік. 1935-40 жылдары, портрет жанрымен жүйелі түрде айналысқан Әбілхан Қастеев пен Әубәкір Ысмайылов секілді санаулы ғана қазақ суретшілері болғанын ескерсек, портрет сала білген суретшінің бейнелеу өнерінде өзіндік орнын анық байқаймыз.
Автопортрет – жас суретшінің өзін, өз әлемін кескіндеме арқылы тануға деген батыл қадамы. Ол бұл жерде модель де, бақылаушы да, автор да. Автопортреттің көркемдік құрылымы классикалық жүйеге негізделген: дене – ¾ бұрылыста, басы – сәл бұрылған, ал көзқарас көрерменге бағытталғанымен, тым қасаң емес, табиғи. Басты назар – жүзде. Артқы фонның нейтралды болуы тұлғаның мінезін алға шығарады. Беттегі жарық-сәуле шешімі жұмсақ. Сол жақ жоғарыдан түскен жарық маңдай, бет сүйектері мен көз қуыстарын айқындай түсіп, көлемділік әсерін күшейтеді. Палитра да ұстамды – жылы охра мен суықтау көгілдір реңктердің қақтығысы тыныш контраст жасайды. Маңдайы, мұрны, жақ сызығы аса идеалданбай, табиғи қалпы сақталған. Психологиялық шынайылық – жұмыстың ең мықты тұсы.
Осы орайда, бұл суретшіні қазақ кескіндемесінің «шеберлері» қатарына қосуға бола ма деген сұрақ туындайды. Әрине, академиялық тұрғыдан алғанда, жалғыз ғана картинаны мысалға алып, суретшінің шеберлігі туралы кесіп айту қиын. Алайда бір ғана жұмыстың өзі суретшінің бойында шеберліктің бар екенін көрсете алатыны рас. Себебі суретте өзіндік қолтаңба бар, реалистік техника бар, бейнелеу мәдениеті бар және ең бастысы – адам жанын тану қабілеті бар.
Сондықтан да, егерде тағдыр оған ұзақ ғұмыр сыйлаған болса, ол қазақ кескіндемесінің алдыңғы шебіне шыққан дара тұлғалардың бірі болар еді деп біз батыл түрде айта аламыз. Бұған біз ғана емес, суретшінің замандастары, әріптестері де сенген. Солардың бірі – майдангер, өнертанушы әрі суретші Н.Б.Нұрмұхаммедов былай депті: «Өмірден ерте кеткен, әттең, түр мен мазмұнды шебер қабыстыратын Әбдіғани Ташбаев қазір тірі болса, қаншама шаруа тындырған болар еді! Оның аяулы есімі ұрпақтар жадында сақталуға тиіс».
Суретшінің жары
Ә.Ташбаев жас күнінде-ақ шаңырақ көтеріп, өмірлік серігін тапқан екен. Бұл дерек ұзақ жылдар бойы белгісіз болып келді. Тек Ұлттық музей қызметкерлерінің суретші жайлы ақпарат жинау мақсатында оның таныстарымен алмасқан хаттарымен таныса отырып, біз суретшінің отбасылық өміріне қатысты тың мәліметтерге кезіктік.
Картотекадан табылған алғашқы хат 1989 жылғы 23 тамызда жазылған. Онда Ташбаевты көзі тірісінде таныған замандасы былай деп жазады:
«...ол менің курстасым, өзбек қызы – Абдуллаеваға үйленген болатын».
Осы бір қысқа ғана сөйлемнің өзінен біз оның жұбайы да өнер адамы, өзімен тағдырлас, шығармашылық ортадан шыққан суретші болғанын аңғарамыз.
Келесі дерек – Суретшілер одағымен жазысқан хаттар. Бұл хаттардан жас отбасының қиындықтарға қарамастан, өнерге деген адалдығын байқаймыз. Кезекті хатында суретші былай деп жазған: «Мен және әйелім таңнан кешке дейін шығармашылықпен айналысамыз... Әйелім өз картинасын жаза бастады, ал мен – қырғыздың халық ақыны Тоқтағұлдың мерейтойына арналған картинаны салып жатырмын...» (15 шілде, 1940 жыл).
Келесі хатта Ташбаев жұбайының еңбегіне үлкен сүйіспеншілікпен және құрметпен қарап: «Қазір әйелім картинасын өңдеудің соңғы кезеңінде... Менің ойымша, оның картинасы өз мүмкіндігінің шегінде орындалған. Бұл оның оқу бітіргеннен кейінгі алғашқы үлкен композициясы. Ол бұл еңбекті ешкімнің көмегінсіз, өз бетімен орындады», – дейді.
Осы үзік-үзік жазбалардан біз олардың қарым-қатынасы рухани және шығармашылық серіктестікте құрылғандығын сеземіз. Екеуін тоғыстырған ортақ мұрат – өнер болған. Олар бір-біріне сүйеніш болып, өмір мен өнерді қатар сүрді.
Енді мақаланың басында айтылған «ол үлгермеді» деген түйінге қайта оралу орынды. Иә, ғұмыры қысқа болды, бірақ ол сүйіп те, сүйікті болып та өмір сүрді, өнер үшін барын салды, рухтас жарымен бірге шығармашылық жолдың жарығын іздеді. Бұл да – оның тағдырындағы ең жылы, ең адамдық тарауы болса керек.
Қорыта айтқанда, Әбдіғани Ташбаевтың өмірі мен шығармашылығы әлі де толық ашылмаған, іздеуді қажет ететін әлем. Оның беймәлім қалған туындылары Өзбекстан мен Қырғызстан архивтерінде, бәлкім, шаң басқан музей қорларында үнсіз күтіп жатқан шығар. Бұл болашақ зерттеушілердің, жас өнертанушылардың еншісіндегі іс. Біз бүгін тек соның алғашқы қадамын жасап, ұмыт бола бастаған есімнің ізін қайта жаңғырттық.
Санжар СЫРҒАБАЕВ
суретші-өнертанушы