Жалғыз кандидатқа қарсы жалғыз дауыс (Газет бетінен репортаж)

1990 жылы 25 қазан күні «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы» қабылданды.
Осыдан соң Қазақстан әне-міне тәуелсіздік жариялайды, Совет үкіметінен бөлініп шығып жатқан өзге республикалар сияқты Қазақстан да егеменді ел атанады деген үміт біраз қазақтың көкірегінде оянғаны шүбәсіз. Алайда Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитеті тәуелсіздік жариялауға асыға қойған жоқ, дәл осы егемендік туралы Декларация жарияланған соң арада бір жылдан астам уақыт өткенде ғана Қазақстан Тәуелсіздігін жариялады. Сонымен осы уақыт аралығында Қазақстанда қандай өзекті оқиғалар болды. Сол тұстағы мерзімді басылымдарда нендей маңызды мәселелер талқыланды, біз бүгін осыған шолу жасап көрмекшіміз.
Қазан революциясына арналған ұрандар
Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация талқыланып жатқан қарсаңда қазақ баспасөзі бұл жөнінде көп пікір білдірмеген. Әсіресе «Социалистік Қазақстан» газетінен мұндай сарындағы материалдарды көп кездестіре алмайсыз. Есесіне, басқа бір тараптағы жазбалардан көзіңіз қарлығады. Мысалы, «Социалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылы 21 қазан күні (егемендік декларациясының жариялануына 4 күн қалғанда) М.С.Горбачевтің ССРО Жоғары Советінің сессиясында сөйлеген сөзі көлдей бір бет болып жарияланады. Ал басылымның 24 қазан күнгі (егемендік декларациясының жариялануына бір-ақ күн қалғанда) санында «СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының Ұлы Қазан социалистік революциясының 73 жылдығына арналған ұрандары» жарияланады. Бұл ұрандар «Ұлы қазан социалистік революцияның 73 жылдығы жасасын!» деп басталып: «Дүниежүзінің адамдары! Жалпы адамзаттық, ғаламдық проблемаларды шешуде күш-жігерді біріктірейік!» деп түйінделеді. («Лениншіл жас» газетінде де бұл ұрандар өзгеріссіз жарияланады). Газеттің бұдан кейінгі сандарында да осы тұрғыдағы материалдар үзбей басылып отырады, тек 26 қазан күні газеттің оң жақ үстіне «Кеше, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ ССР Жоғарғы Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Егемендігің құтты болсын, елім!» деп жазылады. Сондай-ақ басылымның бірінші бетіне декларация туралы бірнеше депутаттардың пікірі беріледі. Онда декларацияны дайындау барысы, оны талқылаудың қиындығы, кейбір қарама-қарсы пікірлердің неден пайда болғаны туралы айтылады. Мысалы, Алтыншаш Жағанова декларацияның маңыздылығы туралы сөз ете келіп: «Алайда «Демократиялық Қазақстан» депутаттар тобының Декларацияның негізгі жобасындағы ойларды тек қана қазақ ұлтының мүддесін көздеу деп түсінуі жанымызға батады» дейді. Ал Сұлтан Сартаев та дәл осы «Демократиялық Қазақстан» депутаттарының кейбір пікірлерін терістей келе: «Демократиялық Қазақстан» тобындағы депутаттар, сондай-ақ республикамыздың кейбір жұртшылығы «ұлттық республика дегенді жойып, азаматтық қоғам құрайық» деген пікір айтады. Ал оларға мен әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, мынаны айтқым келеді: сіздер ойлағандай ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни праволық қоғамға қайшы келмейді. Мәселен, Англия – праволық мемлекет. Алайда ол ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ Франция, Испания, Жапония, тағы да басқа көптеген ұлттық негіздегі праволық мемлекеттерді мысалға келтіруге болады. Біз де осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық республикамызды дамытамыз, гүлдендіреміз» дейді. Ал Қадыр Мырзалиев: «1990 жылдың 25 қазан күнгі 18 сағат 55 минөтті есімізге сақтайық. Қазақстан парламенті осы сәтте республика көп ұлтты халқының мүддесіне қызмет ететін егемендік туралы тарихи Декларацияны қабылдады» дейді. Осыдан-ақ, егемендік Декларациясын қабылдауда біраз кедергілердің болғанын, әсіресе ұлттық мемлекеттікке, қазақ ұлтының мүддесіне қатысты мәселелердің қызу талқыланғанын аңғару қиын емес. Тіпті ұлттық негіздегі мемлекет құрсақ Жапония, Франция секілді ел болсақ деген арманымыз да көкірегімізде маздағаны анық.
«Абсолютті бостандық пен демократия жоқ»
Декларация депутаттар арасында талқыланып жатқан тұста Қазақ ССР президенті Н.Назарбаев та бұған қатысты өз пікірін баспасөз арқылы білдіреді. Мысалы, «Лениншіл жас» газетінің 1990 жылғы 20 қазан күнгі санында «Егемендік туралы президент пікірі» деген мақала жарияланады. Онда 16 қазан күні республика Жоғарғы Советінің кешкі мәжілісінде Қазақ ССР президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация жөнінде пікірі жарияланады. Мұнда Н.Назарбаев сөзін: «Егемендік жөніндегі баламалы нұсқаның пайда болуын дұрыс деп есептеген жөн. Егер ол болмаса әдеттегідей бір ғана жобаны талқылауға тура келер еді. Осы нұсқаны әзірлеуге қатысқан әртүрлі ұлттарға жататын депутаттар ең алдымен тұрақтылықтың сақталуына және көп ұлттық қоғамымызды топтастыруға алаңдаушылық білдіреді» деп бастап, ары қарай: «Менің көп ұлтты Қазақстанның барлық халықтарының праволарына тең қарайтын айқындамамды сіздер білесіздер. Мұны өзім үшін принципті мәселе деп есептеймін. Халықтар достығын нығайту қажеттілігін әрқашан есте ұстау керек» деп сөзін сабақтайды. Н.Назарбаев егемендік туралы пікірінде өздеріңіз көріп отырғандай, халықтар достығын баса айтады, соған салмақ салып, мән береді. Сондай-ақ ол демократия туралы сөз қозғап, былай дейді: «...Біз егемендік пен демократия туралы айтқанда абсолютті егемендік, абсолютті бостандық пен демократияның жоқ екенін әрқашан да есте ұстау қажет. Дүниежүзінің барлық мемлекеттері бір-біріне тәуелді, қарызға ақша алады, сауда-саттық жасалады, сөйтіп реттейтін тұтқаларды қолданады. Сондықтан тәтті қиялға берілмейік. Бәрінде де өзара байланыс бар. Сіздерді барлық істе де байсалдылық пен жолдастыққа тағы да шақыру үшін осыны еске ала кетпекпін. Жоғарғы Советте онсыз күн көре алмайсың». Н.Назарбаевтың бұл пікірі жоғарыда Декларацияны дайындаған депутаттардың ой, пікіріне сәйкес келіңкіремейді. Тіпті қарама-қайшылық та байқалады. Әсіресе демократия туралы айтқандары оның бұдан кейінгі ұстанымы мен істерінен дерек беретіндей.
Сонымен, Декларация қабылданды. Қағаз жүзінде Тәуелсіздікке бір қадам жақындадық. Бірақ іс жүзінде мүлде басқаша, бар тараптағы шаруалар бұдан соң да өгіз аяңынан жаңылған жоқ. Тіпті сол тұстағы баспасөзді шолып қарасаңыз, үлкен өзгеріс, алда келе жатқан тәуелсіздіктің лебі, жылуы байқалмайды. Сол баяғы ескі сүрдек, ұран мен айғай. Ең қызығы, бас газет «Социалистік Қазақстан» газетінде егемендік Декларациясы жарияланбайды (Біз тек «Лениншіл жас» және «Қазақ әдебиеті», «Халық кеңесі» газеттері жариялаған Декларацияны тігіндіден таптық). Есесіне, бұрынғы сүрлеуінен жаңылмайды. Мысалы қараңыз, «Социалистік Қазақстанның» 1990 жыл 6 қараша күнгі нөмірінің беташар сөзі: «Ертең Ұлы Қазан революциясына 75 жыл» деп басталады. Ал газеттің бас мақаласы «Ұлы Қазан ұрпақтары» деп аталады. Дәл осы Қазан революциясына арналған материалдар «Социалистік Қазақстан» және «Лениншіл жас» газеттерінің бетін біраз уақытқа дейін босатпайды. Тіпті «Алматыда Лениннің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды» деген материал «Социалистік Қазақстан» газетінің бірінші бетіне басылады.
Осылайша, егемендік Декларациясы жарияланған тұста баспасөзде аз-кем өзгерістің белгісі байқалғандай болғанымен, 1990 жылы тұтастай алып қарағанда Қазақстан үшін ауыз толтырып айтатындай өзгеріс бола қоймады. Қазақ баспасөзі жаңа 1991 жылдың есігін «ССРО Президентінің совет халқына жаңа жылдық үндеуімен» ашты. Горбачев өз сөзінде 1990 жылдың аса ауыр жыл болғанын, алайда совет халқы мұны да еңсергенін, ең бастысы, осындай қиын-қыстау сәтте де мемлекеттің өнімі еш кемімегенін, халықтың ішер астан, киер киімнен тарықпағанын, тіпті жылу мен жарықтан да таршылық көрмегенін айта келіп: «1991 жыл әр шаңыраққа тыныштық, келісім мен игілік әкелсін! Біздің Отанымыз жаңа өмірге қарай батыл қадам бассын! Жаңа жыл құтты болсын, қадірлі Отандастар!» деп түйіндейді.
Ескі басылымдардың жаңа атауы
Сонымен жаңа 1991 жыл да басталды. Бірақ Қазақстанда әлі де өзгерістің белгісі байқалмайды. Тіпті сірескен Советтік сеңнің шеті де бұзылатын түрі жоқ. Газет-журналдар, мерзімді басылымдар сол баяғысынша. Арагідік қазақ тарихына, қазақ тіліне қатысты кішігірім жазбалар болмаса, тұтас ұлттық, елдік, егемендік жөнінде көп сөз айтылмайды. Тіпті өткен жылы күзде, 25 қазанда қабылданған егемендік Декларациясы да ұмыт бола бастады. Ал бұрынғы ұран мен айғай сол баяғы қалпында, үдемесе, еш бәсеңдемеген күйі. Мысалы, «Социалистік Қазақстан» газетінің 1991 жылы 4 маусым санынан Горбачевтің Алматыдағы сапары кезінде сөйлеген сөзі «Уақыт өзара түсіністік пен келісілген іс-қимылдарды талап етеді» деген тақырыппен басылымның бас мақаласы есебінде Горбачевтің көрнекі суретімен қоса жарияланады. Онда Горбачев совет халқының өсіп-өркендеп, өзара ынтымақты, тату өмір сүріп жатқанын айтады. Сондай-ақ Қазақстандағы әр ұлт халқының бірлігіне сүйсінгенін былай жеткізеді: «Мынадай бір әсерлі жайт: көшеде келе жатырмыз, жаңбыр жауып тұр. Қараймын, бір қолшатырды бірден үш-төрт ұлттың адамдары паналапты. Олар жауын-шашында да осынау үлкен қолшатырдың астында бірге тұрып та өздерін жақсы сезінеді, міне, Қазақстан дегеніміз – осы».
Бірсыдырғы қазақ басылымына осыдан кейін серпін әкелген, көңілдерге қайтадан болмашы үміт ұялатқан оқиға газеттердің атауының өзгеруі болды. Әуелі «Социалистік Қазақстан» газеті 1991 жылы 18 маусым күні «Егеменді Қазақстан» деп атын өзгертті. Бұрын газет шекесінде тұратын «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранның орнына: «Азаттық, теңдік, туыстық!» деп өзгертіледі.
Көп кешікпей «Лениншіл жас» газеті де атауын «Жас Алаш» деп өзгертеді. 1991 жылы 28 тамыз күні газет жаңа атаумен жарық көреді. Басылым бұл жөнінде: «Ендігі жерде газетті өзінің алғашқы тарихи атауы бойынша «Жас Алаш» деп шығаруды ұйғарып отырмыз. «Жас Алаш» газетінің тұңғыш ұйымдастырушысы әрі редакторы, Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың ұсынысымен қойылған атауы» деп оқырманнан сүйінші сұрайды. Әрине, өзге республикалар тәуелсіздігін алып, Совет үкіметінен іргесін бөліп жатқан тұста қазақ басылымдарының атауының өзгеруін үлкен жаңалық деп айту қиын болар. Не дегенмен де, мұның өзі баспасөздің жаңарып, 70 жылдық идеологиядан сәл де болса сейіле бастаған кезі еді. Әсіресе осыдан соң Алаш арыстарына қатысты, қазақ тарихы жөнінде тың, беймәлім деректер баспасөз бетінде жиі жариялана бастады. Бірақ бұрынғы негізгі жолдан да ауытқып кетпеді. Мәскеу жақтан жеткен хабарлар, әртүрлі жаңалықтар үзбей, тоқтаусыз жарияланып тұрды. Тек күзге қарай басылымдардың бет алысы, ұстанымы сәл өзгере бастайды. Дәл осы 1991 жылдың күзінен бастап қазақ басылымдарында Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі жиі айтылады. Оған қатысты жаңалықтар да жиі жарияланады. Мұның ақыры – жалғыз кандидат ретінде президенттік сайлауға қатысуға ұласады. Н.Назарбаев жалғыз өзі сайлауға қатысқан кезде қазақ басылымдары өзгеше бір бұрын-сонды байқалмаған тебінмен оған қызмет етеді.
«Президентті халық сайлайды»
«Егеменді Қазақстан» газетінің 1991 жылы 18 қазан күнгі санында «Президентті халық сайлайды» деген мақала жарияланады, онда Республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс (алтыншы) сессиясында «Қазақ КСР Президентін сайлау туралы» заң қабылданғаны туралы айтылады. Негізі бұған дейін президентті парламент сайлап келген, енді жаңа заңға сәйкес президентті халық сайлауы қажет. Оның себептерін аталмыш мақалада былай түсіндіреді: «Мемлекеттерді басқарудың президенттік жүйесін республикалар арасында алғашқылардың бірі болып іске қосқан Қазақстан енді көршілерден кешеуілдеп қалғандай көрінеді. Бізде президентті парламент сайласа, Ресей бастап, күні кеше Қырғызстан қоштап дегендей, президенттерін таққа отырғызды». Демек, біз де осы үрдістен қалыс қалмай, президентті сайлаудың тәртібін өзгертуіміз тиіс екен. Сонымен, Жоғарғы Кеңестің кезектен тыс сессиясында бұл мәселе қаралады. Алдымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Асанбаев жиналысты ашып сөз сөйлеп, президентті халық сайлаудың маңыздылығын түсіндіреді. Осыдан кейін «35 жасқа толған, 65 жастан аспаған, ұлты қазақ, Қазақстанда туылған, қазақ тілін білетін» деген секілді тармақтары бар заң қабылданады. Енді алда сайлау.
«Президент сайлау туралы заң» қабылданып, көп өтпей, 1991 жылы 1 желтоқсан президент сайлауы болып белгіленеді. Әрі 26 қазан күні Қазақстан Президентін сайлау жөніндегі орталық сайлау комиссиясы Н.Назарбаевты Қазақ КСР Президентіне және оның ұсынысы бойынша Ерік Асанбаевты Қазақстан КСР вице-президенттігіне кандидаттар етіп тіркейді. Осы «сүйіншілі жаңалықты» «Егеменді Қазақстан» газеті (29 қазан 1991 жыл) «Халық қалауы бойынша» деп жариялайды. Бұл мақалада президенттікке кандидат Н.Назарбаевтың еңбегі, ерлігі жан-жақтылы айтылады. Ең қызығы, бұл жолғы президенттік сайлауға Н.Назарбаев жалғыз кандидат болып тіркеледі. Сайлауға тіркеу мерзімі 1991 жылы 19 қараша аяқталады. Алайда осы уақыт аралығында ешбір тараптан өзге кандидат ұсынылмайды. Бұл жөнінде «Егеменді Қазақстан» газетінде (12 қараша 1991 жыл) «Президенттікке жалғыз кандидат – Н.Ә.Назарбаев» деген материал жарияланады. Онда басқа кандидат ұсынылмағаны айтыла келіп: «Осыны негізге ала отырып, Орталық сайлау комиссиясы Қазақ КСР Президентін сайлау жөніндегі сайлау бюллетень үлгісін жариялайды. Округтік сайлау комиссияларына сайлау бюллетеньдерін дайындауға кірісу ұсынылды» делінеді. Бұған дейін сайлау туралы заң қабылданды, сайлау күні нақтыланды. Енді, міне, сайлауға ұсынылған жалғыз кандидат Н.Назарбаев белгілі. Алда сайлау науқаны күтіп тұр.
Сайлау науқаны аса қызу өтеді. Басылым біткен Н.Назарбаевтың ел аралаған іссапарын жарыса жариялайды. Атырауда, Ақтөбеде, Алматыда халықпен кездеседі. Қара нөпір адам. Бәрі Назарбаевқа дауыс бермекші. Кен орындарына, шахталардан, алыс қиыр отарлардан түрлі хаттар редакцияларға ағылып жатыр, бәрінікі бір тілек – Назарбаевқа дауыс беру. Бірде президенттікке жалғыз кандидат Алматыдағы сайлаушылармен жүздеседі. Ел алдында сөз сөйлейді. Сөйтсе бір адам оны қолдауға қарсы қол көтереді. Масқара, бір адам қарсы. Көп кешікпей бұл жағдайға қатысты Қазақ КСР Халық ақыны Қосынбай «Қарсы қолдар ойлансын» деген өлең жазады. Оны «Егеменді Қазақстан» газетінің (26 қараша 1991 жыл) бірінші бетіне жариялайды. Әлгі өлеңде:
«Осы сайлау шешеді өшеріңді.
Өсеріңді немесе өшеріңді.
«Кім қолдайы бұл ойды» деген кезде,
Қарсы болып жалғыз қол көтерілді.
Бір қарасаң қылардай кеңес тегі,
Мән берердей оқиға емес те еді.
Бірақ сол қол жақсының жүрегіне,
Қадалатын қанжардай елестеді» деген жолдар бар.
Тура сайлауға бір күн қалғанда «Егеменді Қазақстан» газеті басылымның жоғары бөлігіне «Елдің егемендігін ойласақ, Нұрсұлтан Назарбаев үшін дауыс берейік!» деген ұран іспетті сөз жазады. Сөйтіп 1 желтоқсан жалғыз кандидатты президенттікке сайлау уақыты да жетеді. Ақыры Орталық сайлау комиссиясы «дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 98,78 пайыз дауысын алған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақ КСР Президенті болып сайланды деп таныды» деп мәлімдейді. Бұл жөнінде «Егеменді Қазақстан» газетінің 7 желтоқсан күнгі санында ақпарат беріледі. Ал 11 желтоқсан күні «Егеменді Қазақстан» және «Жас Алаш» газеттерінде президент Н.Назарбаевтың ант бергені туралы көлемді материалдар жарық көреді. Арада бес күн өткен соң Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланады.
Егемендік Декларациясы жарияланған 1990 жылы 25 қазаннан 1991 жылы 16 желтоқсан күні тәуелсіздік алғанға дейінгі баспасөздің қысқаша шежіресі, міне, осындай. Бастапқы кездері советтік қызыл идеологиядан арыла алмасақ, кейіннен Н.Назарбаев туралы мақтау мен мадақтан көз аша алмадық. Сөйтіп егемендік Декларациясы қызыл идеологияның қою тұманының, ал тәуелсіздік жариялаған сәтіміз Н.Назарбаевтың жалғыз кандидат атанып, президенттік сайлауда жеңіп шыққан «жеңіс» шаңының астында қалды. Сөйтіп алғашқы президенттік сайлауда Н.Назарбаев «жалғыз шауып бәйге алды». Ал егемендікке енді қолы жетіп, еңсеміз көтеріле ме, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілі ме деп ертеңінен үміт еткен қазақты алда дәл осындай сайлаулар мен 30 жылға созылған Н.Назарбаевтың билігі күтіп тұр еді.
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ