Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:48, 20 Шілде 2022

Жалпыұлттық бірлік – Тағдыры бір, мақсаты ортақ халықтың мүддесі

None
None

Бұқар жыраудың:

Бақыт қайда барасың?

– Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі

Ұйымшыл елге барамын.

– Бақыт қайда барасың?

– Туысымен татулы,

Жаман сөз жоқ шатулы,

Ынтымақты үйге барамын – деген елді ынтымаққа, береке бірлікке шақырған тарихи өлеңі бар бізге жеткен. Демек, бақыт іздеген байырғы бабаларымыздың өзі бақытты береке-бірліктен тапқан екен. Қазір де солай. Бақыт береке тұнған, бірлігі тату елде. 

Береке-бірлік, ынтымақ болмаған жерде бақыт болмайды. Бұл пафос емес. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биыл Ақордада бейнебайланыс арқылы өткізген Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында жалпыұлттық бірлік туралы:

«Қастерлі Отанымызда әртүрлі мәдениеттердің үйлесім тапқаны – соның айқын көрінісі. Бұл – біртұтас ұлт болып ұйысуымыздың басты қағидаты әрі айнымас стратегиялық бағдарымыз...

Біз отаншылдықты, өзара сыйластық пен татулықты жан-жақты дәріптеуіміз керек. Бұл – мемлекеттің ғана емес, барша азаматтарымыздың ортақ міндеті. Жалпыұлттық бірлік – қуатты мемлекет болудың басты кепілі. Егемен еліміздің баға жетпес байлығын кейінгі ұрпақ үшін сақтай білуіміз керек» — деген еді.

Қазақстан Президенті атап айтқандай, жалпыұлттық бірлік – қуатты мемлекет болудың басты кепілі. Бірлік болмаған жерде тірліктің де болмайтыны ақиқат. Әсіресе, Қазақстан сияқты көпұлтты мемлекет үшін ұлттар ынтымағы, Жалпыұлттық бірлік аса маңызды. 130-дан астам ұлт өкіліне Отан болған Қазақ жерін кімдер паналамады? Кімдер осы жерге келіп тамыр тартып, тарихтың саналуан боранынан аман өтпеді? Қазақ жері жер ауып келген басқа халыққа да, айдалып келген өзге ұлтқа да Отан болды. Ешкімді жатсынған жоқ, ешкімді алалаған емес. Әлі де солай. Өзін осы Отанның бір мүшесімін, осы мемлекеттің бір азаматымын деген адамға құшағын ашып, шуағын шашып отыр.

Ұлттар ынтымағын қорғау, Жалпыұлттық бірлікті сақтау үшін Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ Қазақстан Халқы Ассамблеясы деген орталық құрылды. Ассамблея аясында осы уақытқа дейін талай шара атқарылды. Қазақстанның қазіргі береке-бірлігі жарасқан келбетінің артында осы Ассамблея қызметі тұр. Мұны ешкім жоққа шығармайды. ҚХА-ның қалаларда, облыстарда, аудандарда бөлімшелері бар. Бәрі тұрақты жұмыс істейді. Ұлттар арасындағы ынтымақты ту етіп, жалпыұлттық татулықтың мән-маңызын тұрақты түрде түсіндіріп отырады.

Мысалы, Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданының ардагері Худавәди Мансуров ұлтаралық татулықты сақтау жолында барын салып қызмет етуде. Ол біздің «Жалпыұлттық бірліктің мәнін қалай түсінесіз?» деген сұрағымызға былайша жауап берді:

«Жалпыұлттық бірлік дегеніміз – бір ауылда, не бір ауданда немесе бір облыста, үлкен жағынан айтсақ, бір Республикада өмір сүріп келе жатқан ұлт өкілдерінің өзара бір бірімен тату тәтті тұруы, ынтымақпен өмір сүруі. Бір мемлекетте өмір сүрген халықтардың бәрі бір ниетте, бір мақсатта болып, бірлікпен тіршілік еткенде ғана береке орнайды. Жалпыұлттық бірліктің мәні, қысқаша айтқанда, ұлтаралық ынтымақтан келіп шығатын дүние» — деп түсіндірді.

Ұйғыр ауданының құрметті азаматы Худайвәди ақсақалдан Ұйғыр ауданындағы этносаралық татулықтың қазіргі жағдайын сұрадық. Ол: «Ұйғыр ауданында алты-жеті ұлт өкілі тұрады. Басым көпшілігі – қазақ пен ұйғыр. Бұл екі халықтың ежелден төсекте басы, төскейде малы қосылған, бір бірімен құда-жекжат, бауыр-туыс болып кеткен. Халық болған соң, оның ішінде тентектері де болады. Кейде сондай бірлі-екілі бұзақылардың кесірінен ұрыс-керіс болып қалады. Оны ауыл арасындағы бұзақылықтан гөрі, ұлтаралық араздыққа телігісі келетін мысықтілеулер де шығып қалатыны рас. Ондай жағдайда аудандағы ақсақалдар мұны ауыл арасында ушықтырмай шешіп жатамыз» деді.

Ұзақ жыл мектепте сабақ берген қарт ұстаздан ұлттар арасындағы татулықты сақтауда Ұйғыр ауданында атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұрадық. Бұл сұрағымызға Х.Мансуров:

«Ұлттар арасындағы достық пен бірлікті аудан әкімі апараты, қоғамдық органдар, ұлттық қоғамдық ұйымдар, мәдениет орталықтары мен ауылдардағы жігіт басылары, жастар орталықтары, т.б мекеме қызметкерлері бірлік пен ынтымақтың мәнін, маңызын айтып, түсіндіріп, халыққа арнап қоғамдық кездесулер, кештер, тыңдаулар өткізіп тұрады. Сол арқылы жастарды береке-бірлікке, ынтықмаққа шақырып, басқосулар өткізіп жатады. Бұл игі шаруалардың басында міндетті түрде аудандық идеология бөлімдерінің жетекшілері болып, ел жұртты бірлікке шақырады. Міне, осындай жұмыстардың арқасында Ұйғыр ауданында береке мен бірлік салтанат құрып тұр» деп, сөзін аяқтады.           

Жалпыұлттық бірлікті үнемі халық арасында нәсихаттап жүретін сталиндік саясаттың әмірімен тарихи Отанынан Қазақстанға жер аударылып келген Асылы Османова әр жолғы сұхбатында Қазақстанға, қазақ халқына қарыздар екенін айтып отырады. Біз де қоғам қайраткері, қазақ тілінің жанашыры Асылы апамызды әңгімеге тарттық.

Асылы ханым біздің сұрағымызды күтпестен: «Ең алдымен Аллаға, содан кейін қазақ халқына қарыздармын! Менің Асылы болуыма қазақ деген халықтың қосқан еңбегі ұшан теңіз. Біз Грузия топырағынан жер аударылғанда есімді білмейтін ойын баласы едім. Ауыр азаппен қазақ жеріне жеттік. Осында келіп қазақ деген халықтың меймандос құшағына ендік те, мейіріміне қандық. Сөйтіп жүріп адам болдық. Сол үшін қазаққа, қазақ жеріне міңгі қарыздармын. Бұрын 1-мамыр еңбек күні еді. Қазір бұл күн бірлік күні болып өзгерді. Бұл күн жай ғана мереке емес, бұл күн Жалпыхалықтың бірлік күні. Қазаққа басқа халықтардың алғыс айта отырып, жерін, елін, мемлекетін құрметтейтін қастерлі де, қасиетті дата. Бұл күннің мән маңызын түсіну үшін адам Жалпыұлттық бірлік деген сөздің түпкі мәнін білуі керек» — деді бірден.

Біз Асылы апамыздан Жалпыұлттық бірліктің мәнін ашып түсіндіріп беруін сұрадық. Асылы Әлиқызы: «Жалпыұлттық бірлік дегеніміз – бір мемлекетте өмір сүрген адамдардың тағдыр-талайы, арман-мақсаты да бір дегенді білдіреді. Тағдыр мен мақсаты бір адамдардың Отаны мен Елі бір болуы керек! Олар не ойласа да, бір Елдің, бір Мемлекеттің ғана мүддесін ойлауы тиіс. Сонда ғана Жалпыұлттық бірлік сөзінің мәні өздігінен айқындалады. Жалпыұлттық бірлікті сақтау үшін басқа этнос өкілдері қазақ халқының айналасына топтасуы керек. Қазақ басқа ұлт өкілдерін қалай құрметтеп, төріне шығарса, басқа халықтар да қазаққа сондай құрмет көрсетіп, оның тілін, дәстүрін, салтын, мәдениетін, жерін, мемлекетін, заңын сыйлауы қажет! Қазақ халқының айналасына топтасу деген – осы. Қазақ халқын құрметтеймін, тілін білемін, дәстүріне құрметпен қараймын дейтіндер көп шығар. Бірақ бұл аздық етеді. Бір-екі адамның құрметі жалпыұлттық бірліктің көрсеткіші бола алмайды. Бүкіл қоғам бір ниетке шоғырлануы керек. Жалпыұлттық бірлік деген сөз жалғыз қазақтың бірлігі емес. Бұл Қазақстанды мекендеген барша этнос өкілдерінің бірлігі. Мысалы, Қазақстанның мүддесі немесе қазақ ұлтының мүддесі деген сөзді естісек, жалғыз қазақ халқының мақсат-мүддесі деп түсінбеуіміз керек. Ол – бүкіл Қазақстан деген алып мемлекеттің мүддесі. Өйткені, Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз. Отаны ортақ ұлттардың не үшін Оты бөлек, мақсаты басқа болуы керек? Сондықтан барша этнос өкілдері қазақтың мүддесі үшін қызмет етіп, қазақтың мақсаты жолында топтасуы керек! Бұл жердегі қазақтың мүддесі, қазақтың мақсаты дегеніміз – Қазақстанның мүддесі, Қазақстанның мақсаты деген сөз. Шонжыдағы ұйғырлар, Қордайдағы дүңгендер, Сайрамдағы өзбектер, Қызылордадағы кәрістер – бәрі Жалпұлттық бірліктің мәнін тура осы мағынасында түсінгенде ғана Қазақстанға шынайы құрметпен, шынайы махабатпен қарар еді» деп, сөзін түйіндеді.

Жалпыұлттық бірліктің тағы бір мәні – Мемлекеттік тілге деген құрмет. Асылы Османның бүкіл ғұмыры қазақ тілінің тағдыры жолындағы күреске арналғанын барша Қазақстан біледі. Демек, тіл жанашырының ғұмырнамасын Жалпыұлттық бірлікті сақтауға арналған шежірелі ғұмыр деп түсінуіміз керек шығар.

Тегтер: