ЖАЛЫҚТЫҚ!
«Нұр Отан» кешегі күннің партиясы. Мен президент Тоқаевты оған төраға болудан бас тартуға шақырамын, – дейді ЖСДП партиясы төрағасының орынбасары Айдар Әлібаев.
Саясаткер бұл пікірін «ZonaKZ» интернет газетіне берген сұхбатында жеткізген екен. Былай деді:
– Біріншіден, «Нұр Отанның» ауыз толтырып айтатындай елге жасаған жақсылығы жоқ. Ол партияға халықтың титтей де сенімі жоқ, көзге күйік, экс-президенттің ресурстарын пайдаланып, әділетсіз сайлау өткізу, нәтижесіз нәрселерге ақша шашумен ғана айналысады. Ал Тоқаевтың алдында онсыз да саяси-экономикалық және әлеуметтік жағынан күрделі міндеттер тұрғанын ескерсек, мына «Нұр Отан» деген пәлені мойнына алуға болмайды. Ол артық жүк, ешқайда апармайтын жол. Бұл партия әкімшілік ресурссыз, өз күшімен күн көре алмайды, сол үшін президент бізге «крыша» болсын деп отыр.
Бірінші президенттің арқасында талай жыл құр ақша шығындап келген паразит. Қазақстандағы әкімдердің бәрін, министрлер мен шенеуніктердің бәрін «Нұр Отанға» мүше етіп қойды, мұғалімдерді мәжбүрлеп, әділетсіз сайлау ұйымдастыруға күш салды. Тоқаев мұндай саяси қателік жібермейді деп үміттенемін.
Ал «Нұр Отанның» өзіне айтарым, жұрт сияқты әділ бәсекелесіп көріңдерші. Кез келген әлеуметтік желідегі партия туралы комментті қараңызшы, елдің бар айтатыны «партияны тарқату керек, құрту керек» деген пікір. Бұл – халықтың үні. Отыз жыл бойы бүкіл ұжымдарды, мектеп пен емханаларды, шарасыз бюджет қызметкерлерін мәжбүрлеп мүше қылғаны өтірік пе? Небір жағымпаз, қу-арамзалардың мансабы үшін, билікке жету үшін жаппай «Нұр Отан» жағалап кеткені өтірік пе? Көшеге шыққандар Талдықорғанда Назарбаевтың ескерткішін неге құлатты, «Нұр Отанның» Алматыдағы кеңсесін неге талқандап тастады? Қазір «Нұр Отанның» мүшелігінен бас тартып, жаппай мәслихаттардан қашып жатқандарды қараңыз, бұл да партияға өңшең екіжүзді, сапасыз, пасық адамдар жиналғанын көрсетеді, – деген екен Айдар Әлібаев.