Жамбыл облысы әкімі Астанада жүргенде бөлім басшысы тамырын кесті
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында брифинг өткізіп, есеп беріп жатқанда Қордай ауданы ветеринария бөлімінің басшысы суицид жасамақ болып, қолының тамырын кескен.
Кейіннен оның өзіне-өзі қол жұмсауына ауданға облыстық ветеринарлық станцияның қызметкерлерінің келуі себеп болғаны мәлім болды.
Бұған дейін барлық облыстық ветеринарлық басқармаларында кешенді тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, Ғалым Сабыралы желтоқсан айының басында бірнеше рет сөгіс алған. Жақында тағы да құқықбұзушылықтардың жойылуын тексеру мақсатында ауданға облыстық ветеринарлық станцияның мамандары келген. Ғалым Сабыралының айтуынша, бұл жолы негізсіз тексеруге шыдамай, қолының тамырын кескен. Оқиға орнына келген жедел жәрдем оны бірден емханаға апарған. Қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл іс бойынша аудандық полиция «өзіне қол жұмсау» бабымен қылмыстық іс қозғаған.
Аудандағы басқарма басшысы неге суицид жасамақ болды?
«Жас Алаш» аудандық бөлім басшысының не үшін өзіне-өзі қол жұмсамақ болғанын, облыс тарапынан қандай тексерістер болып жатқанын анықтап көрді. Ғалым Сабыралымен сөйлесіп білгеніміз, бұл бүгін не кеше болған жағдай емес екен. Тамыз айында Жамбыл облысы ветеринария басқармасының басшысы болып Бақыт Бетбаев тағайындалған. Алдымен ол Ғалым Сабыралыға облыс орталығына келіп жұмыс істе деп ұсыныс білдірген, аудан басшысы отбасылық жағдайына байланысты облысқа барудан бас тартқан. Себебі Ғалым Сабыралының төрт баласының бірінің мүмкіндігі шектеулі.
«Таразда пәтерім де жоқ. Екі ортада шапқылап жүргенде жұмыс бітпейтін еді. Соның барлығын адамгершілікпен түсіндіріп айтсам, олар түсінбей қойды. Содан кейін «сен біздің айтқанымызға көнбедің» деп осындай шешімге келді, яғни негізсіз тексерістер көбейіп кетті. Ақыр аяғы осындай болып жатыр. Алдымен облыстан адамдар жіберді. Өзі де екі рет келді. Ауылдарды аралап тексерді. Тырнақ астынан кір іздейді. Бір сөзбен айтқанда, заңсыз тексерістер. Бұған дейін облыста ветеринария саласында Қордай ауданы үздіктердің бірі еді. Бірақ сонда да «добить» етіп отырды. Үш ай бойы «жұмысты ұйымдастырмады, өзінің міндетін дұрыс атқармады» деген сынды болар-болмас сөгіс алдым. Соның артынша өткен аптадағы бейсенбі күні тағы да тексеруге келіпті. Ветстанциядан адамдар жіберіпті. Ол кісілерге «жұмысқа қандай да бір күмәндеріңіз болса, екі ортада тұрақтылық жағдайы сақталмай тұрса, неге ақша аударасыздар? Неге бюджеттің ақшасын жұмсайсыздар? Күмән болса, алдымен тексеріп, содан кейін ақша аудармайсыздар ма? Жоқ, сіздер ақша аударасыздар, «жұмыс жүріп жатыр» деп актіге қол қоясыздар. Содан кейін тырнақ астынан кір іздейсіздер» деп айттым. Мұның аяғы кабинетте облыстық ветстанцияның басшысы Серік Бердібаевпен сөзге келдік. Ол Бетпаевтың тапсырмасы бойынша тексеруге келіпті. Мен жылды аяқтап жатқанымызды, сол жоспар бойынша іс жүріп жатқанын айтсам, сөзге түсінбейді. Ақыр аяғы менің өзіме қол жұмсауыма апарды. Былайша айтқанда, олар мені суицид жасауға дейін жеткізді. Міне, төрт ай болды, олардың қысым жасап келе жатқанына. Енді қылмыстық іс қозғалды. Қорғаушы жалдадым. Өзіме қысым көрсетілгенін айтып, арыз жаздым. Қылмыстық істің 105-бабы бойынша іс ашылды», – дейді Ғалым Сабыралы.
«Алдымен мақтайды, артынан даттайды»
Аудандық бөлім басшысының айтуынша, өзі осы ауданның тумасы. Әкесі де 40 жыл бойы ветеринария саласында жұмыс істеген. Ол әкесінің айтуымен осы мамандықты таңдаған. 2017 жылдан бастап Қордай аудандық ветеринария бөлім басшысы болып жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін қызметіне күмән туатындай төтенше жағдай болмапты. Тіпті бұған дейін басшылық тарапынан ауданның ветеринария саласы бүкіл елге үлгі болып отыр деген мақтау да естіпті.
«Біздің басты міндетіміз – малдағы аса қауіпті аурулардың алдын алу және оны болдырмау. Малдан адамға ауру жұқпауы керек. Басшылық субсидия туралы айтып жатыр екен, оның бізге қатысы жоқ. Мысалы, бізде ауыл шаруашылығы басқармасы бар, соған шаруа қожалықтары ЭЦҚ арқылы өтініш береді. Мен, біріншіден, өтініш қабылдамаймын, екіншіден, ақша да бөлмеймін. Біз бар малды тіркейміз, жоқ малды есептен шығарамыз. Біздің жұмыс – осы. Естуімше, ауыл шаруашылығы басқармасынан да бірталай адамды жұмыстан қуып жіберіпті. Қордай ауданында малдан қауіпті аурулар тіркелген жоқ. Егер сондай жағдай болса, онда маған сөгіс берсін. Бұл жерде ең бірінші мәселе, біздің тілімізді алмады, облысқа келіп жұмыс істемеді деген болып тұр. Себебі мен маманмын, тәжірибем бар. Өйткені ол кісі тағайындала сала бізге келді. Жұмысымды да көрді. Бәріне жақсы баға берді. Сол кезде тіпті «Қордай ауданының жұмысын жоғары бағалаймын. Бәріңізге осы ауданның жұмысын үлгі етемін. Тәжірибе алсақ, осылардан алайық» деп те айтты. Сонымен, алдымен өзі мақтап, артынан даттап кетті ғой. Бір облысқа бармадың деп, осындай қысым көрсеткеніне қатты қапаландым», – дейді аудан қызметкері.
Ғ.Сабыралының айтуынша, олардың жұмысы ауданға ғана емес, Қазақстанға үлгі болуға лайық. 2022 жылы Қарашөкеев ауыл шаруашылығы министрі кезінде Қордайға келіп, жергілікті ветеринария басқармасының жұмысын көріп, бүкіл елге үлгі еткен екен. Біз Сабыралыдан «егер таныс болсаңыздар, әкімнің бұл мәселеден хабары бар шығар?» деп сұрадық.
«Мен сол кезде Қарашөкеевке өз жобамды ұсынған едім. Қатты мақтаған болатын. Бәріне үлгі етті. Қазір мына жағдай бойынша жеке қабылдауына кірген жоқпын. Бірақ әлеуметтік желіден хабар тарап кетті. Сондықтан хабары бар шығар. Көрді деп ойлаймын. Жергілікті жерде болып жатқан оқиғаларды алдымен әкімнен сұрайды емес пе? Меніңше, сырттай біліп отыр. Ал өзім барып айтуға үлгермей жатырмын. Әкем жеке қабылдауына жазылды. Енді адамды өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізген іс аяқсыз қалмайтын шығар. Қазақта «өкпеге қиса да, өлімге қимайды» деген де сөз бар. Мына жағдайдан кейін Бердібаев бір рет болсын хабарласып, хал-жағдайымды білген жоқ. Бетбаевтың алдына әкем барған екен, ол: ммен ары қарай тексерісті жалғастырамын, соттататын адамды соттатамын» деп айтыпты. Ол тексерсе тексере берсін, кінәлі адамды жазаға тартсын. Бірақ бұл кісінің позициясы дұрыс емес. Бізге тексеріс жүргізетіні туралы айтпайды. Ақырын келіп, аяқ астынан тексереді. Сыртынан аңдып отырады. Демек, оның алдын ала жоспарлаған ойы боп тұр ғой», – дейді аудандық ветеринария басшысы.
Басқарма басшысы бөлім басшысының сөзін жоққа шығарды
«Жас Алаш» аталған мәселе бойынша облыстық ветеринария басшысы Бақыт Бетбаевқа да хабарласты. Алдымен облыстың басқарма басшысы тексерген солар деп бізді облыстық ветеринарлық станцияға сілтеді. Бірақ Ғалым Сабыралымен арадағы әңгімені айтқаннан соң ғана, сұрақтарымызға жауап берді. Бақыт Бетбаев Ғалым Сабыралының айтқан кейбір сөздерін жоққа шығарды. Мысалы, жұмысқа шақыру туралы ұсынысты шынында да бірнеше ай бұрын айтқан. Бірақ оған Ғалым келіспегесін, оны қайтадан облысқа жұмысқа шақырмаған көрінеді.
«Негізі бұл мәселе облыстық ветеринарлық станцияға жаңа басшы келгесін басталды. Содан кейін аудандарды тексеру бойынша аудит тағайындалды. Ал менің оны жұмысқа шақырғаным мүлде бөлек әңгіме. Мәселені ашып айтатын болсам, бұған дейін аудит жұмыс істеді. Қаржы және басқа құжаттарды тексерді. Тексеріс тек Қордай ауданы бойынша емес, басқа аудандарда да болды. Ғалымның жұмысына баға бере алмаймын. Өзінің тікелей басшысы бар. Ал жұмысқа шақырғанда өссін, облыс көлемінде жұмыс істесін деп қана шақырдым. Ол келіспеді, әңгіме сонымен бітті. Одан кейін де бірге жұмыс істеп жүрдік. Ал мен оған жаңа қызметке ұсыныс білдірген кезде әлі ветстанцияда аудит тағайындалмаған, тексеріс жүргізілмеген еді. Одан ары қарай не болғанын білмеймін. Айтып тұрғандары сенімсіздеу көрінеді. Мен оған қалай қысым жасай аламын. Дәлелдеп берсін. Жай айта салу дәлел емес қой. Ал аудит тексерістің нәтижесі құзырлы органдарға жолданды. Оның есебі алдағы уақыттарда жарияланады», – дейді басқарма басшысы.
Бақыт Бетбаев өзінің тікелей басшысы облыстық ветеринарлық станциясының басшысы міндетін атқарушы Серік Бердібаев дегеннен соң ветеринарлық басшысына да хабарластық. Ол осыған дейін облыс жүргізген тексерудің нәтижелерін білу мақсатында Қордайға барғанын айтты.
«Ғалым Сабыралы бұған дейін екі рет сөгіс алған еді. Облыс басшылығы кемшіліктерге байланысты шара қолданған. Мен сол жұмыстар қаншалықты орындалып жатқанын тексеруге ғана бардым. Ол кейбір кемшіліктер бойынша жұмыс істепті. Кеткен кемшіліктер бойынша екінші желтоқсанға дейін уақыт берілген. Мен оны орнынан алу немесе жазалау мақсатында барған жоқпын», – дейді ветстанция басшысы.
Алдағы бейсенбі күні облыста облыстық ветеринария жұмысы бойынша брифинг өтпекші. Сол жерде Ғалым Сабыралының мәселесі де айтылатын болады. Бұдан бөлек, Бақыт Бетбаев облыстағы ветеринария саласының жұмысы туралы баяндама жасайды. Бір қызығы, бұған Ғалым Сабыралының өзі шақырылмаған. Бірақ ол облысқа барамын деп бел буып отыр.
Айтпақшы, «Жас Алаш» облыс әкімі Қарашөкеев бұл оқиғадан хабардар ма, әлде Астанада жүріп білмей қалды ма деп әкімдікке хабарласты. Әкімдік тарапы бейсенбідегі брифингте толыққанды жауап болатынына сендірді. Бұдан бөлек, редакция Жамбыл облысы әкімдігіне ресми сауал жолдады.
Тұрсынбек БАШАР