Жамбыл облысы әкімiмен кездесу дауға ұласты
Жамбыл облысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің Сарысу ауданы тұрғындарымен өткен кездесуі төңірегінде дау туды.
Бұл туралы Жаңатас қаласының қоғамдық белсенділері хабарлап, іс-шараның ұйымдастырылуы ашық болмағанын мәлімдеді.
Белсенділердің айтуынша, облыс әкімінің сапары жөнінде қала тұрғындары алдын ала толық хабардар етілмеген. Олардың сөзінше, аудан әкімдігі қарасты мекемелерге қызметкерлердің «қатысуын қамтамасыз ету» туралы хат жолдаған. Атап айтқанда, білім беру мен денсаулық сақтау бөлімдеріне жұмыс уақыты кезінде әрқайсысынан 100 адамнан жіберу тапсырылған.
«Бұл уақытта олар жұмыс істемей ме?» - деп наразы болды Жаңатас тұрғындары.
Қоғам белсенділері мұндай формат басқарылатын аудитория қалыптастыруға және соңғы жылдары жиналған өткір мәселелердің қойылмауына әкеледі деп есептейді. Олардың пікірінше, бұл кездесуді «есеп үшін өтетін формальды шараға» айналдырады.
Қосымша сұрақтар кездесудің уақыты өзгергеніне байланысты туындады. Алғашында жиын 15:00-ге жоспарланғанымен, түнге қарай аудан әкімдігінің ресми парақшасында 10:00-ге ауыстырылғаны туралы хабарлама жарияланған.
Сондай-ақ жарияланымдарда облыс әкімі мұндай «артық сұрақсыз» форматқа өзі келісті ме деген сауал көтерілді. Бұл әсіресе өңірге жасаған соңғы сапарында әкімнің жұмысын Қазақстан Президенті көпшілік алдында атап өткеннен кейін қоғам назарын аударды.
Ал Жамбыл облысы әкімдігі тұрғындардың қатысуы шектелді деген айыптауларды негізсіз деп атады.
«Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің Сарысу ауданы тұрғындарымен кездесуі және жеке қабылдауы Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығы талаптарына сәйкес ұйымдастырылды. Кездесудің уақыты мен орны туралы ақпарат аудан әкімдігінің ресми интернет-ресурстарында 2025 жылғы 18 желтоқсанда жарияланды», - деп мәлімдеді әкімдік.
Әкімдік өкілдерінің түсіндіруінше, кездесудің 15:00-ден 10:00-ге ауысуы өңір басшысының жұмыс кестесіндегі өзгерістерге байланысты болған және бұл ақпарат 28 желтоқсанда қосымша жарияланған.